ҚАЛАМГЕРЛІК ПЕН ҚАЙРАТКЕРЛІКТІ ТЕҢ ҰСТАҒАН

Мерей
662 Views

Жазушы, тіпті әр зиялы қауымның еліне, қоғамға, әлемдік үрдіске деген өз көзқарасы болуы керек. Өзім туып-өскен еліме не бердім, қандай еңбегім сіңді деген сұрақ көкейінде тұруы қажет. Ал, елі сол сіңірген еңбегіне орай құрмет көрсете алды ма, оны да ойдан шығармаған абзал. Өйткені жазушы, ғалым ылғи ой үстінде, шығармашылық жұмыс жүйесінде үздіксіз еңбек етіп жүреді. Олардың жетістіктері мен шығармалары, айтқан ой-пікірлері, жазған, зерттеген дүниелері қоғамды алға жылжытуға, елді жаңаша серпілтіп ойлауға жұмылдырады. Озық ойлы зиялы қауым өкілдері ел мен жері үшін сан түрлі істер атқарып, шаралар ұйымдастырып, өз ой-пікірін ортаға салып, жаңашыл ой-пікірімен, идеясымен рухани дүниемізді байытады, санамызға жаңа серпін береді.

Міне, мұндай өткір ойлы, идеясын ұсынып, тәуелсіз еліміздің береке-құты үшін алға дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жандардың қайраткерлігі қашанда ескерілуі тиіс.

Сондай қайраткер қаламгер Нағашыбек Қапалбекұлы ғұмырына көз жүгіртсек негізінде еңбек кітапшасы бойынша ол үш қана жерде жұмыс істепті. Он бес жыл – газетте, он бес жыл «Отан» атты қоғамдық ұйымда, он бес жыл – республикалық кітап музейінде директор болды. Соңғы жылдары ЮНЕСКО-ның Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығында бас ғылыми қызметкер. Міне, 52 жыл бойы үздіксіз жұмыс істей жүріп түрлі қоғамдық, елдік, ұлттық мақсатта қаншама қыруар шаруалар ұйымдастырып, атқарды.

Жетпіс деген мерейлі елағасы жасына келіп отырған ол сондай сан-салалы қоғамдық, ел-жұрты үшін істеген шараларымен бірге, 46 кітап шығарған үлкен жазушы. Осыншама сүбелі еңбек қайдан келді? Өйткені Нағашыбек жастайынан шыңдалып өскен табанды, ыждаһатты қайраткер-қаламгер. Оның осынау игі істерін бағалап, шетелдіктер мойындап, түрлі марапаттар ұсынуда. Мәселен, жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі атағын алып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық жоғары наградасы «БҰҰ-ға – 20 жыл» орденімен марапатталды. Чувашияның әдебиет жөніндегі 2019 жылғы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. ТҮРКСОЙ-дың Т. Сатылғанов атындағы сыйлығын иемденді. Бұл баға – біздің еліміздің, еліміздегі қайраткер-жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының Халықаралық дәрежедегі беделін көрсетеді.

Нағашыбек Қапалбекұлы — ғалым ретінде көптеген тың жаңалықтар ашқан зерттеушілігімен де танылып жүр. Мүлде зерттелмеген, бұрын еш дерегі жарияланбаған тарихи тұлғаларды терең зерттеп, зерделеп, бар өмірін осыған арнаған жазушы. Бір ғана тарихи тұлғаны зерттеп, елімізге оралтудың өзі қандай ауыр да машақаты көп екені белгілі. Ал, Нағашыбек зерттеп, тұңғыш жазып жариялаған Кәшке батыр, Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр, Мақыш балуан, Құртқа тәуіп, Андас датқа, Медеу Пұсырманұлы, Байсерке болыс, тағы басқа да айтулы тұлғалар жайлы ғылыми еңбектерін ерекше айтуға болады.

Оның ізденімпаздығы мен қаламгерлік шеберлігіне, тынымсыз еңбекқорлығына сүйсінеміз. Бүгінге дейін 200-ден астам сан түрлі тарихи-танымдық мақалалар жазып, жариялады.

Нағашыбек Қапалбекұлы – қазіргі қазақ әдебиетіндегі көрнекті қаламгер. Оның қаламынан туған повестер мен әңгімелер – өмір шындығы. «Жерошақтың түтіні», «Таудан түскен тұман», «Мақыш балуан» «Бала Жамбыл», «Өрік ерте гүлдеген жыл» атты повестері мен, «Махаббатсыз өмір жоқ», «Үрей», «Бір тілім нан», «Ақ шымылдық», «Соғыстың соңғы құрбаны», «Періште көңіл», «Қайран тау гүлі-ай», «Жұлдыз ғұмыр», «Шырайлы жыл», тағы басқа әңгімелері көрнекті тақырып, ұлттық сипат, ауыл өмірі, өткен тарих тұрғысынан тақырып пен сюжет, композиция мәселелері айқындалу бағдарымен жан-жақты жазылған.

Жазушы шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктер (авторлық баяндау, көркемдік жинақтау, психологиялық меңзеулер, стильдік қолданыстар, бейнелілік мағыналарды қолдану) де мәтіндік талдаулармен байыпталған.

Көркем әдебиет тәжірибесіне үңілер болсақ, әртүрлі тарихи дәуірлерде өмір сүрген суреткерлердің шығармаларында өздері өмір сүріп отырған қоғамының, заманның шындығын көркем шындық арқылы ашық түрде де астарлы түрде де суреттейтін тұстар жиі көзімізге ұшырасады. Бұл қазақ жазушыларының, қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерлерінің бәріне дерлік ортақ қасиет, айырықша ерекшелік деп айта аламыз.

Әркімге өзі туып-өскен жері, елі, оның тарихы, шежіресі бала жасынан құлаққа сіңіп, жүрекке жатталады. Олай дейтініміз Нағашыбек те тарихи тақырыптар, тарихтағы ірі тұлғалар жайлы танымдық тағылымы мол дүниелер, кесек-кесек туындыларды дүниеге әкелді.

Нағашыбек Қапалбекұлы тарихи тақырыптарға жиі барады. Атақты Жамбыл ақын және оның ақындық төңірегі жөнінде ізденіп зерттеп, ел мен жер, өткен мен бүгін жайлы сабақтастыра отырып, танымдық тағылымы мол дүниелер жазды. Оның кейіпкерлері – қазақ елінің біртуар перзенттері: Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Өтеген, Райымбек, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Бекболат, Кәшке, Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр секілді дулығалы батырлар, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Әбдіғали, Есдәулет, Молдабай секілді дуалы ауыз ақындар, Төле би, Балуан Шолақ, Сарыбай би, Андас датқа, Медеу Пұсырманұлы, Мақыш балуан, Құртқа тәуіп, Түктібай қобызшы, Сәт болыс, Қырбай сал, тағы басқа тарихи тұлғалар. Қарасай батыр жайлы «Қарасай, Қарасай», «Қарасай батыр» атты спектаклі, Жамбыл жайлы «Жамбыл ата», «Жамбыл толғау», Сарыбай би Айдосұлы жайында «Киесі – қызыл жолбарыс», Мақыш балуан Райымбекұлы туралы жеке кітаптары оқырмандарынан өз бағасын ала білді.

«Жамбыл әлемі» атты үш тілдегі фотоальбом, «Ата тағылымы», «Оспанханнан қалған сөз», «Іңкәр сезім – сырлы әуен», «Кітап әлеміне саяхат», «Батаменен ел көгерер», Үмбетәлі Кәрібаевтың қостомдығы, тағы басқа да жинақтар құрастырды. Бірнеше телефильм мен бейнефильмдерге сценарий жазды. Міне, Нағашыбек Қапалбекұлы – осындай сан-салалы ғылыми, танымдық шаралар ұйымдастырып, игі істерге ұйытқы болып жүрген белгілі қоғам қайраткері.

Әр жазушы өзінің стильдік, тілдік ерекшелігімен және өмірдегі шындықты, әлеуметтік теңсіздікті және қоғамдағы өзгерістерді, сондай-ақ халықтың күткен тақырыптары мен жайларын жазуы арқылы бір-бірінен ерекшелене түсетіні белгілі. Нағашыбек Қапалбекұлы шығармалары осы айтылғандардың бәрінен де кенде емес. Оның шығармалары көбінесе тілінің жеңілдігімен, шығармасының нақтылығымен және өмір шындығын ерекше етіп көрсетеді. Сол себепті, оның әңгімелері мен повестері адам жанына жақын, оқырман қауымын өзіне тез тартып ала кетеді. Себебі, шығармадағы шиеленісті, негізгі автордың, қаламгердің ойын көркем бейне, кейіпкер тілі арқылы ғана толығымен, нақышына келтіре отырып жеткізе алады. Міне, осындай ерекшеліктер мен көркем әдебиеттің барлық принциптері мен негізгі ережелері жазушы Нағашыбек шығармаларының бәріне ортақ ескертілген, қамтылған деуге болады. Оның әңгімелер тақырыбы алуан түрлі. Ешкім аттап өте алмайтын махаббаттан бастап, отбасындағы психологиялық ахуал – жұбайлардың ара-қатынасы, балалы болу, ұрпақ өсіру, әке мен бала арасы, салауатты өмір салты өзекті тақырыптарды қамти отырып, қазіргі қазақ ауылының жай-күйі, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның әлеуметтік тынысы туралы да тереңнен сыр шертеді. Шығармаларының ұтымды тұсы – олар ел арасында кең тараған нақыл сөздерге, мақал-мәтелдерге өте бай.

Нағашыбек Қапалбекұлы шығармаларының тартымды, көркем, қызықты болып келетін сыры – оның қайраткерлік қасиетінде жатқан сияқты. Ол қоғамдық құбылыстарға терең түсіністікпен, кейіпкерлеріне үлкен махаббатпен қарайды. Өйткені өзі де осы қоғамның белсенді азаматы, белді қайраткері. Мысалы, Қарасай батырдың 400 жылдық, Төле бидің 350 жылдық, ақ тулы Сіргелі Жабай батырдың 290, Жамбылдың 150 жылдық мерейтойлары, тағы басқа іс-шараларды өткізуге ерекше белсенді атсалысты. Мәдени-көпшілік шараларға ұйытқы болып жүрген Нағашыбекті қоғам қайраткері ретінде жұрт жақсы біледі. Қонаев атындағы университеттің, Экономика және статистика академиясының, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры.

Бірнеше қоғамдық ғылымдар академияларының академигі.

Нағашыбектің зерттеуші ретінде де «Абай мен Әл-Фараби», «Түркі әлемі және Түркістан», «Абай мен Жамбыл», «Ұлылар үндестігі», тағы басқа да көптеген зерттеу мақалалары ойлылығымен құнды.

Жазушының әдебиет пен мәдениет қайраткері, өнер иелері туралы жазған «Өнер биігінде» атты жинағында Жетісу өңірінде өнерімен аты шыққан халық ақындары, сал-серілер, атақты өнерпаздар жайлы, өнерімен ел жүрегін тебіренткен өнерлілер – Үмбетәлі Кәрібаев, Қырбай сал, Досмайыл бақсы, Кененбай Қожабеков, Қасым Жәкібаев, Абдолла Қарсақбаев, Нұрғиса Тілендиев, Тұманбай Молдағалиев, Хамза Екейбаев, Әлімқұл Жамбылов, Ақан Әбдуәлиев, Тәйіп Бейсенбеков, тағы басқалар туралы тебірене жазды.

Он сегіз жасынан осы мерейлі жетпіс жасына дейін шығармалары халықтың көңілінен шығып, оқырмандарын тәнті етіп, қазақ әдебиетіндегі проза саласынан көрнекті орын алды. Еңбегі ескеріліп Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атанды. «Құрмет» орденді жазушы – Даманск оқиғасына қатысқан ардагер. Ресей Федерациясының «100 лет Вооруженных сил Россий» орденімен, бірнеше медальдармен арнайы марапатталған.

Халықаралық деңгейдегі жазушы ретінде кітаптары бірнеше шетелдерде сол елдің тілдеріне – орыс, өзбек, қырғыз, түрік тілдерінде басылды. Ал, аудармашы-жазушы Амантай Ахетовтың орыс тіліне аударған «Туман спустившийся с гор» кітабы оқырмандардың ыстық ықыласына ие болды.

Республикалық кітап музейінің басшысы қызметін атқарған 2000-2013 жылдарда көптеген тарихи деректерді, әдеби, мәдени мұрамызды зерттеп-зерделеді. Қазір ЮНЕСКО Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері.

Бүгінде нағыз кемел шағына келген жазушы «Қарасай батыр» және «Банды атанған батыр» атты екі роман жазып бітірді, оқырманына сиясы әлі кеппеген бірнеше әңгімелерін ұсынды. Бір сөзбен айтсақ, оның бергенінен әлі берері көп.

Танымал жазушы, қажырлы қоғам қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлына әрқашан да абырой биігіне көтеріле бер демекпін!

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,

ЮНЕСКО Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру

орталығының директоры,

Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *