«ҚАЛА МЕН АУЫЛДЫ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗІ – КӘСІП АШУ»

Экономика Қоғам
604 Views

Расын айту керек, 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел болашағын айқындайтын «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауының негізгі ерекшелігі – мемлекеттің экономикаға көзқарасының түбегейлі өзгеруі дер едік. Соның ішінде мемлекеттік секторлардың бәсекелестік нарыққа көңіл бөлуі, холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін талдау бойынша компаниялардың санын азайту туралы берген тапсырмалары – инклюзивті экономикаға апаратын айқын жол.

Бұл қадамдар – мемлекетте бәсекелестік нарығын дамытып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына зор үлес қосуына, болашақта ел экономикасын жаңа белестерге жеткізетін сенімді бағыт. Осы орайда Президент шағын және орта бизнеске жасалатын жеңілдіктер мемлекет тарапынан одан әрі қолдау табатынын нық сеніммен айтты. Аталмыш мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл шаралар атап айтқанда, ең алдымен мемлекет тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Жолдауда шағын бизнесті дамыту, салық механизмдері арқылы салаға түсетін салмақты жеңілдету және отбасылық кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне жеке тарау арналған. Ел экономикасының негізін құрайтын салаға көбірек көңіл бөліп, кәсіпкерлерге барынша жағдай жасау қажеттігі туралы бұл жаңалықты Түркістан облысының кәсіпкерлері қуанышпен қабылдады.

Мәселен, Президент айтқандай, шағын бизнеспен айналысушыларды үш жылға дейін салықтан босату – кәсіп ашып, жұмысын дамытқысы келетіндер үшін үлкен көмек әрі қолдау. Әсіресе, бұл шешім бизнесін енді ғана бастаған, яғни аяққа тұрып келе жатқан кәсіпкерлер үшін оңтайлы болмақ. Осы мерзім ішінде олар кәсібін бір жолға қойып, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосары анық. Ал «Тиімді шағын және орта бизнес — қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Әсіресе, шағын, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады». Осындай мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде бүгінде өзім Түркістан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған Сарыағаш пен Қазығұрт аудандарында шағын және орта бизнеспен айналысушылардың саны күн өткен сайын артуда. Елімізде өзім секілді бизнестегі әріптестеріме ерекше қолдау барда ісімізден берекет табарымыз аян. Өйткені, кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Мұның үстіне қазірде кәсіпкерлер жұмысына бұрынғыдай әкімшілік кедергілер де жоқ. Тың идея, жаңа жобаларды бизнестегілер еркін жүзеге асыруға мол мүмкіндік қарастырылған.

Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстанда қазіргі уақытта азаматтарға шағын, отбасылық кәсіп ашуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырған жалғыз бағдарлама бар. Ол – «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы. Әсіресе, ауыл-аймақта кәсіп ашу үшін аталмыш бағдарламаның маңызы зор әрі кәсіп ашуға қажет несиені жеңілдетілген түрде алудың бірден-бір жолы. Мемлекет басшысы: «Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», – деген-тұғын. Демек, кәсіп ашуға берілетін жыл сайынғы бюджет келесі жылы көбейеді деген сөз. Демек, қазақстандықтардың кәсіп ашуға деген мүмкіндігі артпақ.

Шағын несие алып, кәсіп бастағысы келгендер жергілікті «Даму» қорына немесе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгінуі керек. Мамандар жүгінген жандарға қандай құжаттар тапсырып, қандай мекемелерге жүгіну керектігін егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Азаматтарға несие берілердің алдында кәсіп жүргізудің қыр-сыры үйретілетін бір айлық курс оқытылады. Жақында сайлаушыларыммен кездескенде «Еңбек» бағдарламасымен бес миллион теңге несие алып, кәсіп бастаған азаматпен жолықтым. Ол несиеге тоғыз сиыр сатып алып, сүт сатумен айналыса бастаған екен. Енді жер сатып алғысы келеді. Бұл – мемлекеттік бағдарламаға қатысушының өз ісін дамытып, басқаларға жұмыс ұсынуының жарқын мысалы. Жұмыссыздарды мемлекет беретін мүмкіндіктерді пайдалануға шақырғым келеді. Әр адам өз бизнес бастай алады. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға несие алуда басымдық берілмек. «Әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек», – деді Президент. Сондықтан, жұмыс таба алмай жүрген немесе кәсіп ашуды неден бастарын білмей жүрген азаматтар болса, «Еңбек» бағдарламасына қатысып, несие алуға асыққаны жөн.

Түйіндей айтқанда, мемлекеттің дамуы халықтың табысына тікелей әсер етеді. Табыстың көтерілуі мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсартатынын ескерсек, бұл Жолдау үлкен үміт пен болашаққа деген нық сенімді оятып отырғаны айқын.

Алмас САЛИМОВ,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *