ҚАЛА ӘКІМІМ.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Білім
836 Views

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстануниверситетінің ұжымымен кездесті.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – дамыған білім беру және зерттеу инфрақұрылымы бар көп профильді жоғары оқу орны. Мұнда бакалавриатта – 135, магистратурада – 143 және докторантурада 19 мамандық бойынша кадрлар әзірленеді.

Университет ұжымына шақыртуы үшін алғыс айтқан қала әкімі қазір терең логикалық ойлау қабілетіне ие, тың идеялар ұсынып, жаңа тұрпатты техника мен технология жасай алатын, жаһандану жағдайындағы сан құбылған еңбек нарығының талаптарына тез бейімделе білетін кәсіби кадрлар даярлаудың қай кездегіден де маңызды екенін атап өтті.

«Биыл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындарын академиялық лигаларға бөлу жөніндегі бастамаға қолдау білдірді. Бірінші санатқа ғылыми зерттеу жүргізу әлеуеті жоғары, Халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті және өңір экономикасына ықпал ете алатын университеттер енеді. Сіздердің ғылыми инновацияларыңыз қаладағы әлеуметтік ортаның тартымдылығын арттырады және өңірдегі өмір сүрудің сапасын жақсартады. Біз Сіздердің экономиканың драйверіне айналатын кәсіптік университет ретінде даму мен жаңа технологиялық элитаны қалыптастыруға бағытталған стратегияларыңызды қолдаймыз. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін, – деді әкім.

Кездесу барысында әкім Боллон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық серіктес университеттермен халықаралық байланыс орнату, студенттер мен оқытушыларды шет мемлекеттерге оқу мен біліктілігін арттыруға жолдау және оқу бағдарламасына Боллон процесі қағидаларын енгізу мақсатында құрылған. 2019-2020 оқу жылында сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасына 74 студент, ал, ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасына 60 студент қатысқан.

Шәкірттер дамыған елдердің үздік университеттеріне жолданған. Атап айтқанда, олардың қатарында Германиядағы Хоф қолданбалы ғылымдар университеті, Испаниядағы Кадиса, Польшадағы Лодзин, Оңтүстік Кореядағы Сангмёнг және басқа да университеттер бар.

Орталықтың директоры короновирусты инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында студенттерді академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша өзге оқу орындарына жіберу тоқтатылғанын айтты. Пандемия басталардан бұрын кеткен студенттер де кері шақыртылыпты. Бүгінде шет мемлекеттерде университеттің студенттері жоқ. Пандемия аяқталғанға дейін академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқыту онлайн форматта жүргізіледі.

Мұнан кейін қала әкімі «Парасат» құқықтық мәдениетті қалыптастыру орталығының жұмысымен танысты.

Университеттің миссиясы сапалы, бәсекеге қабілетті маман дайындау. Ол үшін студенттерге білімімен қоса тәрбие берілуі керек. Сондықтан «Парасат» орталығы университет қабырғасында адалдық, парасаттылық, жауапкершілік, ізгілік сияқты қасиеттерді дамыту мақсатында жұмыс істейді.

Сондай-ақ, әкім «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының және «Smart Square» студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысып шықты.

«SMART SQUARE» студенттерге қызмет көрсету орталығы – бұл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қызмет көрсетудің ашықтығы мен қолжетімділігі үшін жағдай жасау, қызмет көрсетудің жоғарғы стандарттарын енгізу, сыбайлас жемқорлық қауіптерінің алдын алу, білім беру сапасын арттыру және академиялық адалдық қағидаларын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған сервис орталығы.

Сонымен қатар қала әкімі «Университет ғылымын қала экономикасымен интеграциялау бағыттары» ғылыми жетістіктер көрмесін аралап, университеттің ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларының жұмысымен танысты.

Айта кетейік, бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде 22 мыңнан астам студент, 532 магистрант және 142 PhD докторант білім алуда.

3 500-ГЕ ЖУЫҚ КЕЗЕКШІ СЫНЫП АШЫЛДЫ

Пандемияға байланысты елімізде оқу жүйесі қашықтан оқыту форматында жүріп жатыр. Бүгінде үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласында жеңілдетілген карантин режиміне сәйкес, 1-4 сынып оқушылары мектеп қабырғасында білім алып жатыр. 49 640 бастауыш сынып оқушысы үшін ата-аналардың өтініші негізінде 3 344 кезекші топ ашылды. Яғни білім алушылардың 22 пайызы мектепке барып жатса, қалған 78 пайызы қашықтан білім алуда.

Барлық мектептерде «Bilim Iand – Onlinemektep.org» интернет платформасында қашықтан оқыту ұйымдастырылған. Сонымен қатар барлық мектептер ҚР БҒМ тарапынан ендірілген «Күнделік.kz» электронды журналдар ақпараттық жүйесінде жұмыс жүргізіп жатыр.

Балалар мектепке кірмес бұрын күнделікті дезинфекциялық өткелден өтуі тиіс. Әрі қарай олардың қызуы өлшеніп, антисептик құралымен қолдарын залалсыздандырады. Сондай-ақ, өзімен бірге медициналық бетпердесі жоқ оқушыға жаңа маска беріледі. Әр кабинеттегі бала саны 15-тен аспайды. Өзара 1,5 метр арақашықтықта қойылған әр партада тек бір ғана оқушы отырады. Кезекші сыныптардағы сабақтар әр уақытқа қойылған. Үзіліс те әртүрлі уақытта болып жатыр.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Дарын орталығының ұйымдастыруымен іс-шара өтті. Оған Шымкент қаласының әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және Дарын орталығының директоры Раушан Джеренова, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымов қатысты.

Шараның мақсаты – дарынды балаларды анықтауға, ынталандыруға, қолдауға, теориялық және практикалық біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік ашу. Іс-шара барысында қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «Дарын орталығы» КММ-нің жұмысымен танысып, халықаралық ғылыми жобалардың және республикалық олимпиадалар жүлдегерлерін марапаттады. Олардың қатарында Дарын орталығының ұйымдастыруымен өткен онлайн форматтағы іс-шараларда бірінші орын алған 134 оқу орнының оқушылары бар. Сондай-ақ, іс-шара кезінде жеткіншектер өз өнерлерін көрсетіп, концерттік нөмір ұйымдастырды.

«МИНДАЛЬ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ» ПЛАТФОРМАСЫ АРҚЫЛЫ 700-ГЕ ЖУЫҚ ӨТІНІМ БЕРІЛГЕН

Шымкент қаласында ерекше маңызды деп танылатын білім саласы толығымен автоматтандырылған. Балабақшаға кезекке қоюдан бастап техникалық және кәсіптік білім беру саласына дейінгі қызмет көрсету түрлері электронды жүйеге көшкен. Солардың бірі – қосымша білім беру ұйымдарында енгізілген «МИНДАЛЬ қосымша білім беру» платформасы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі «Шымкент — адалдық алаңы» жобасы ANTIKOR LIVE тікелей эфирінде айтты.

«МИНДАЛЬ қосымша білім беру» платформасы арқылы ата-аналар балаларын ән-би, көркем-сурет секілді түрлі қосымша үйірмелерге жазу үшін өтінім бере алады. Осыған дейін бұл қызмет бес жұмыс күнінің ішінде қаралып келген. Ал қазір 30 минуттың көлемінде үйірмеге қабылдануға мүмкіндігі бар», – деді әкім.

Аталған платформа арқылы былтыр 142 өтінім берілген, биыл 633 өтініш келіп түскен.

Сонымен қатар дәл осы тікелей эфирде әкім «МАЛАХИТ арнайы білім беру ұйымдарының қызметтері» платформасының іске қосылғаны жайлы мәлімдеді қала басшысы. Бұл платформаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың кедергісіз білім алуын қамтамасыз ету.

А. КӨРКЕМ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *