ҚАРАСАЙ БАТЫРҒА АРНАЛДЫ

Білім Қоғам
992 Views

Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толуына орай «Қазақ тарихындағы батырлардың рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қарасай Алтынайұлы 1598 жылы Алатау бөктерiндегi Суықтөбе тауының бауырында Қарасаз деген жерде дүниеге келген. Қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысқан батыр, қолбасшы. Ұлы жүздегі Шапырашты руының Есқожа тармағынан шыққан. И.Э. Фишердің «Сібір тарихы» атты кітабында Қарасайдың 1653 жылы Сібір-Тобыл ұрысына қатысқаны айтылады. Сондай-ақ, оның 1643 жылы Орбұлақ шайқасына қатысқаны туралы дерек бар. 1652 жылы Қарасай қазақ жасақтарын басқарып, жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ержүрек, көреген қолбасшы ретінде көзге түседі.

Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ғ. Мұтанов құттықтау сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда ҚР ҰҒА құрметті академигі, Орталық Азияның өркениеттерін зерделеу республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Т.Омарбеков, «Бәйдібек баба» республикалық қорының президенті, жазушы Н. Қапалбекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры З. Тайшыбай, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Х.Әбжанов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, Б.Еженханұлы, Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, тарих ғылымының докторы, профессор Г. Жүгенбаева, Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Б.Кәрібаев сынды ғалымдар баяндама жасап, қазақ тарихындағы батырлардың рөліне тоқталды.

Конференция аясында бірнеше секциялар жұмыс істеді. Соңында секция жетекшілерінің есебі тыңдалып, ұсыныстары қабылданды.

Салтанат ӘШІМОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *