ҚАРА ТАСҚА ТІЛ БІТІРГЕН ХАС ТҰЛҒА

Тұлға
932 Views

Л.Гуми­лев атындағы Еуразияұлттық универ­ситеті Түркітану және алтайтану орталығының директоры, филологияғылымының докторы, профессор, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі, Халық­аралық Кемал Ататүрік атын­дағы Түрік тарих құрылтайының (академия)мүшесі, түркітанушы ғалым, «Күлтегін» сыйлығының иегері ҚаржаубайСартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты еңбегініңтұсаукесерінде тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкен жасаған баяндамаастаналық зиялы қауым көңілінен шыққан еді. Газетімізде ғалымның осы жазбасын өзгеріссіз беруді жөн көрдік.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Бізді мың жылғы көне құндылықтарымызбен, киелі ұстынымызбен, түпкі қағанатымызбен, қара жұртымызбен қауыштырған, бөрілі байрақ түбінде табыстырған осынау алқалы жиынға хош келдіңіздер!

Игі-жақсы бас қосқан бұл жиын еліміздің рухани-мәдени өмірінде күнде бола бермейтін айрықша оқиғаға арналып отыр. Ендеше, бұл біздің ортамыздағы бүкіл ғұмырын, күш-қуатын, тіпті, денсаулығын да ғылымға – ата-бабамыздың мың жылдық төл сөзін, ұрпаққа аманатын әліптеуге арнаған, сол жолда қарайып, сол жолда ағарған, нағыз ғылым адамына деген құрмет болмақ! Ол міне, алдарыңызда отырған Қаржаубай Сартқожаұлы!

Ендеше, бүгінгі айтылар сөздер мен толғақты ойлар тарихи құндылықтар мен елдік тақырыбына, Қаржекеңнің ғылыми жетістіктеріне арналады. Сондықтан, ең әуелі Қаржаубай ағама әрі ұстазыма осынау алқалы жұрттың атынан «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты іргелі зерттеу еңбегіңіз құтты болсын дегім келеді!

Құтты болсын ұлттың тарихи санасына сәуле түсірер, рухын оятар ұлық бітік, киелі көк кесене! Мұндай еңбек оңай-оспақ тумайды, оны тудырған Қаржаубай да дүниеге екі қайтара келмейді.

Иә, Қаржекеңді бұған дейінгі бүкіл ғұмырын мәнді де мағыналы іске арналды деуге болады. Ол өмір бойы өзінің жақсы көрген ісімен айналысты. Олай болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол бақытты! Ол осы шығармашылық ғұмыры арқылы Отанына, еліне қалтқысыз қызмет етті. Оның осынау инемен құдық қазғандай тірлігі айналып келіп, қазіргі таңда ең қат болып тұрған ұлттық идеологияға, тарихи санаға қызмет етеді.

Ағайындар, бүгінгі таңда, егер біздің тәуелсіз еліміздің екі үлкен рухани негізі бар десек, оның бірі қасиетті «Құран», енді бірі «Күлтегін ескерткіші» дер едім. «Құран» имандылығымыздың негізі, ал, Күлтегін ескерткіші елдігіміздің негізі. Өйткені біздің барлық рухани мұрамыз, әдебиетіміз бен тіл-жазуымыз, тарихымыз, елдік мұратымыз көне түрік ескерткіштерінде жазылған. Олар біздің төл ата-бабамыз. Олардың тілі біздің өз тіліміз. Олардың иеленген жерінің бір қанаты біздің бүгінгі отанымыз. Мұның бәрі Қаржекеңнің алдарыңыздағы «Орхон ескерткіштерінің толық атласы атты» еңбегінде және басқа да кітаптарында толық дәлелденген.

Тәуелсіздік алғалы бері біз өзіміздің тарихи құндылықтарымызды түгендей бастадық. Енді біртіндеп таяздан тереңге бара жатырмыз. Бұдан алдын Қазақ хандығының 550 жылдығын тойласақ, биыл Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеудеміз. Келешекте Түркі қағанатын да тойлайтын боламыз.

2022 жылы сол ұлы қағанатқа 1470 жыл толады. Онсыз да Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі бөлімі, «ЮНЕСКО» 2020 жылды Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арнап отыр. Ол біз үшін үлкен қуаныш, мереке! Бұл өте-мөте қажет!

Өйткені, Түркі қағанаты біздің мемлекеттілік тарихымыздың асыл арнасы. Түркі қағанаты арқылы біз өзіміздің ерте — ортағасырлық тарихымызды түгендей аламыз. Олар өз кезінде, батыста Византиямен, шығыста Таң империясымен тайталасып, тарих сахнасына көтерілді. Сол кезде Бумын, Істеми қағандар мемлекет құра отырып, қағанат шеңберінде әскери-әкімшілік реформа жүргізді, өздерінен бұрынғы ғұндардың мемлекет басқару тәжірибесін бұлжытпай қабылдады:

1) Мемлекетті оң-сол екі қанатқа және орталық бөлікке бөлді;

2) Ордада «тұрғақ» деп аталатын тұрақты әскер ұстады.

3) Мемлекеттің ортақ жазуын және оның емлесін қалыптастырды.

Әрине, мемлекетті құруын құрса да, оны тұғырлы ету, туын жықпау оңайға соқпады. Сол кездегі Табғаш мемлекеті, яғни Таң империясы оларды алтынмен аптап, жібегімен жібітті, сұлу мекіре бикелерімен арбады. Күлтегін ескерткішінде жазылғандай, уақыт өте келе, олардың баласы әкесіндей болмады, інісі ағасындай болмады, ағалы-інілінің кектескендігінен, Табғаш қағанның алдауына түскендіктен, арбауына көнгендіктен түркі халқы қағандық құрып отырған қағанын жойды. Елдік құрып отырған елінен айырылды. Бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды. 50 жыл Табғаш қағанның боданы болды. Осы елу жылдан соң Елтеріс Құтлық қаған Шұғай құзында көтеріліс жасап, Түрік қағанатын қайта құрды. Ел-жұртын Табғаш бодандығынан құтқарды. Оның інісі Қапаған және ұлдары Күлтегін мен Білге қағанның кезінде Түркі қағанаты қайта дәуірледі. Сол кезде Қытайда оқып, жоғары лауазымға жеткен Білге Тоныкөк те еліме пайдам тисін деп Елтеріс қағанның қасынан табылды. Қағанмен ақылдасып елдің саяси орталығын Өтүкенге көшірді. Бұл сол кез үшін айрықша дұрыс шешім еді. Міне, осылайша Түркі қағанатының мемлекеттік элитасы ел тағдыры туралы жиі ойланатын. Сондықтан, олар Алтай мен Ханғайдың көк гранит тастарына өз ойларын ─ өкініші мен өксігін, өсиетін, мұңлы мұраттарын ұрпағының ұрпағына, мың көнелікке жетсін деп ойып отырып жазып қалдырды. Осы ескерткішті орнату үшін бүкіл қағанат тайлы-тұяғымен атсалысты. Олардың Орхон бойындағы мәңгітасқа жазған ойлары бүгінгі күн тұрғысынан тым қарапайым болып көрінуі мүмкін, бірақ ол тұтас тарих үшін аса үлкен тағдырлы жазу еді. Сол кезде мемлекеттік, ұлттық мәселені осынша тереңнен толғап, тасқа басып, жазып кеткен халық кемде кем, тіпті жоқ десек те болады. Осынау киелі бітік, ата-бабамыздың төл сөзі еш өзгеріске түспей, қаз-қалпында біздің дәуірімізге жетті. Оның түркі халқының мұрасы екенін әлемнің мүйізі қарағайдай ғалымдарының барлығы дерлік мойындады.

Ең әуелі ескерткіштердің тілдік ерекшеліктерін талдады. ескерткіштеріндегі «ж», «ш» фонемасын анықтап, оның таңбасына дейін тұрақтандырды. Ескерткіштерінің сөз-сөйлемдерін кагнитивті әдіспен қарай отырып, көне түркілердің дәстүр салтына, дүниетанымына, этнопсихикиясына анализ жасап, бұл мұраның қазақтың төл мұрасы екенін дәлелдеп шықты. Осы бағытта ол тілмен археологияны, этнографияны, этнопсихологияны, дүниетанымды бірлестіре зерттеді. Ендеше, біз осы төл мұрамызбен мақтануымыз керек. Тарихында осындай ұлы бітік тас, қасиетті кесене қалдырған халықтың бүгінгі ұрпағы мұрттары көкке шаншылып отырып кеңес құруға, елдігін еңселі етуге құқылы.

Түркі халқы Өтүкеннен, Орхоннан Шыңғыс ханның кезінде ғана ірге көтерді. Бір қарағанда, ол күні кеше ғана болған тарих.

Шыңғыс хан және оның ұлдары Түркі қағанаттарынан кейінгі қазақтың тайпалық мемлекеттерін бір орталыққа бағындырды. Ендеше, оны «ол да біздің бабамыз» десек лайықты. Бұл ретте ол өзінен бұрынғы Түркі қағанатының тәжірибесін, мемлекеттік дәстүрін шебер пайдаланды. Осы жағын біз зерттеуіміз керек. Өкінішке орай, біздің қазіргі Шыңғыс хан туралы зерттеулеріміз ол қазақ па, моңғол ма, қазақ болса қай рудан деген сұрақтардың төңірегінен аспай қалды. Сөйтіп, Шыңғысхан 20 жыл бойы қоғамдағы басты тақырып болып келеді.

Дегенмен, тарих деген ұлы оқулық тек Шыңғысханнан басталмайды, немесе Шыңғыс ханмен аяқталмайды. Бұл ұлы далада Шыңғыс ханға дейін де талай келелі кеңестер, тарихи құндылықтар болған, ол – Түрік қағанаты, ол оның тарихы, ол оның баға жетпес ескерткіштері! Бірақ біз бұл құндылықты ескермей келдік. Құндылықты сырттан іздедік. Осы жағы өкінішті.

Шыңғысхан туралы даудың өршуіне кәсіби тарихшылардың нақ кесімді, қатаң ғылыми ұстанымының болмауы да әсер етіп келеді.

Осындай дау-дамайға біздің қазақтан басқа Алтайлық ареалдағы түркі-моңғол халықтарының тарихын, тілі мен этно-мәдениетін жете зерттемеуіміз де себеп болып отыр. Сондықтан, келешекте Еуразия университеті Шығыстану кафедрасының жанынан моңғолтану бөлімін ашу қарастырылуда. Бұл өз кезегінде отандық шығыстану ғылымының көкжиегін кеңейтеді деп сенеміз.

Осыларды бағамдай келе, бүгінде түркология және алтайтану ғылымының алдында ауыр міндеттер тұрғанын көреміз. Қаржекең Орхон ескерткіштерін бір кісідей зерттеді. Бірақ осымен мәселе түбегейлі шешілді деуге келмейді. Қазір Қаржекеңнің жанында жүрген, оның рухани мұрасын қабылдап алар, жапалы ісін жалғастырар жалғыз Жантегіннен басқа ешкімді көріп тұрған жоқпын. Орхон мұралары зерттелудей-ақ зерттелді десек те, Дұнхуан-Тұрфан ескерткіштерінің әлі күнге мұрты ойылмай жатыр. Отандық түркологияда онымен арнайы айналысқан бірде бір ғалым жоқ. ХІХ ғасырда М.Стейн, П.Пельо қатарлы ғалымдар тарапынан алып кетілген аса мол түпнұсқа материалдар бүгінде Германия, Франция, Швейцария, Англия, Финландия қатарлы елдердің мұрағаттарында жатыр. Сондықтан Қаржекеңнің жолымен зерттеулер жасайтын ғалымдар керек. Бұл түркология ғылымының ең түпкі, іргелі мәселесі.

Көне түркі ескерткіштерінде көне қытай тіліндегі мәтіндер де кездеседі. Сіздер бұл қалай деп ойлап қалмаңыздар. Көне түркілер мен Табғаштардың арасы ылғи да жаугершіліктен тұрмаған. Арасында бейбіт қарым-қатынас орнаған кездері де болған. Сондай кездерде Таң императоры қайтыс болған түрік қағандарына, қолбасшыларына қытай тілінде қазанама жазып оны арнайы делегациядан беріп жіберген және оны мәңгітас бетіне қашап жазуды өтінген. Бұдан өзге, түріктердің бодандық кезінде Таң империясы үшін ісін, күшін берген түрік сардарлары болды. Таң императоры оларға да арнап ескерткіш орнатты.

Бірнеше жылдан бері Қаржекеңнің бағыт-бағдар беруімен, біз осындай ескерткіштердегі қытайша мәтіндерге іргелі зерттеулер жүргізіп, «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары» және «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық талдау» деп аталатын екі бірдей монографиямызды жазып шыққан едік. Бұл ретте біздің осы еңбектеріміздің жекелеген бөлімдері жаңалық ретінде қолдарыңыздағы «Орхон ескерткіштерінің толық атласына» енгенін мақтанышпен айта кеткім келеді.

Сөзімнің соңында Қаржекеңе мол денсаулық, отбасына амандық, шығармашылық табыс әрі өмірлік сүйікті ісінің игілігін көруді тілеймін!

Тұрсынхан ЗӘКЕН,

Тарих ғылымдарының докторы,

Еуразия Ұлттық университеті

Шығыстану кафедрасының профессоры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *