ҚАСИЕТТІ ӘУЛЕТТІҢ ҰРПАҒЫ-ТҰҒЫН…

Руханият
890 Views

Өте шығар шектеулі өмір қас-қағым,

Бұлт торласа шектеледі аспаның.

Қуаныштың, қайғының да шегі бар,

Шегі болар мәңгіліктен басқаның…

Өмір деген – алдамшы. Көзімізді салып байқап, зер салып қарар болсақ, жалпағынан кешіп жүрген ғұмырымыз қу түлкідей арбаған өлім мен өмір арасы. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін, таусылмайтын сынақтан тұратын жұмбағы көп жалған дүние. Ұзақ ғұмыр сүргіміз келгенімен, өмір атты көшкіннің толқынында мәңгі тұрақтамасымыз анық.

«Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,

Және жылап өледі, өзгені де жылатып.

Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын», – деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, бір ғұмырға татитын саналы өмір сүрген, ел, туған-туыс арасында орны ерек, жақсылардың қимасына айналған, үлгі етерлік өнегесі мол тау тұлғалар бар. Сондай асыл азаматтардың Көкке самғап кете барғаны қабырғаға бататыны сөзсіз. Иә, әрине өмір – қырдағы сайран емес. Аждаһадай төніп ажалымыз жетсе, бір күн де тұрақтауға құдіретіміз жетпей, мәңгілікке аттанып кетеріміз хақ. Осындай өтпелі, соқпаққа толы өмір жолынан қас-қағым сәтте асығыстау оқылған кітап сынды жүйткіп өте шыққан елден ерек азаматымыз Жұмабек Әбдібекұлы МАЙМАҚОВ. Жаратқанның өзі өлшеп беретін өмірі – теп-тегіс даңғыл емес. Әрбір пенденің бағасын бағамдай білген халықтың алдында ол кісінің кешіп өткен өмірі үлгі-өнеге екені ақиқат.

Ақылы мен парасаты, тынымсыз еңбекқорлығымен елге, халыққа сыйлы болған ел ағасы өткен аптада, жаздың жайма-шуақ кешінде дүниеден озды. Ол 1953 жылы қазіргі Түркістан облысының – Түлкібас ауданындағы Дәубаба елді мекенінде дүниеге келген. 1961 жылы сол ауылдағы бастауыш мектепке барып, одан кейін Келтемасат ауылындағы мектеп-интернатта орта білім алды. Қоралас руынан шыққан әйгілі Қойбек би Мыңбасұлының шөбересі, Маймақ болыстың немересі. Жұмекең 1971 жылы Алматы қаласындағы теміржол қатынасы техникумына оқуға түседі.Осы техникумда оқып жүріп 1974 жылы әскер қатарына шақырылып, Благовещенск қаласында әскери борышын өтейді.Өзінің еңбек жолын 1977 жылы №43 жол дистанциясының жол бригадирі болып жұмыс істеуден бастайды. 1980 жылы Қармақшы станциясына кезекші (дежурный) болып ауысады. Осы жылы Қармақшы станциясының бастығы болып тағайындалады. 1993 жылы Састөбе станциясына бастық болып ауысады. Осы станцияда 2016 жылы зейнетке шыққанша қызмет атқарады. Барлық саналы ғұмыры теміржол саласында өтті. 2011 жылы Қазақ қатынас жолдары университетінің мемлекеттік аттестациялау комиссиясының шешімімен «050901 Тасымалдауды, жол қозғалысын ұйымдастыру және көлікті пайдалану» мамандығы бойынша бакалавр академиялық дәрежесі беріледі. Еңбегімен елге сыйлы болған ел ағасы 1977 жылдан бері Түлкібас ауданының «Састөбе» станциясының басшысы қызметін асқақ абыроймен атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан. Ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы Жұмабек Әбдібекұлы ел алдында еткен елеулі еңбегі елеусіз қалмай, ҚР ҚТЖ мекемесінің арнайы марапаттарымен, Түлкібас аудан әкімдігі мен мәслихатының Алғыс хаттары және төсбелгілерінің иегері болды. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін халыққа қадірлі, сыйлы азамат атанды.

Жұмекең Құдай қосқан жары Зауал апаймен бірге екі ұл – Нұрғали мен Ерғалиды өсіріп, тәрбиелеп, оқытып елдің елеулі азаматтары қатарына қосты. «Әке көрген оқ жонар», – демекші, бүгінде олар ата жолын қуып теміржол саласының білгір мамандары атанып, бірі Састөбеде, бірі Алматыда басшылық қызметтер атқарып жүр. Адам ұрпағымен – ардақты екені айқын. Ал сол ұрпағын адамгершілігі мол қарапайым, ақылды, саналы етіп тәрбиелеу ата-ананың басты парызы. Бұл тұрғыда елге сыйлы болған арғы атасы Қойбек би мен Маймақ болыстардың тектілігін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнегелі тәрбиесіне қарап айқын аңғаруымызға болады. Сол қасиетті сақтай білген Жұмабек Әбдібекұлының өмірі – көпке өнеге. Алланың ісіне амал бар ма?! Жарқ еткен шырағы сөніп, тарлан ғұмыр кете барды. Қимастықпен қоштасып, сағынып еске аламыз!

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болып, жәннаттан орын бұйырсын демекпіз.

Республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *