Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: БІЗДІҢ ҚАТЕЛЕСУГЕ ҚҰҚЫҒЫМЫЗ ЖОҚ

Билік
843 Views

Парламент Сенатында «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдаулар болды. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев тыңдауға қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Ол өз сөзінде елімізде минералдық ресурстарды өндіруге қарағанда, адамның бәсекеге қабілетті болуы ұлттың табысты дамуының негізгі факторы болып табылатынын, сондықтан қазақстандықтар, әсіресе өскелең ұрпақ ХХІ ғасырда қажет болатын талаптарды жан-жақты меңгерулері тиіс екенін атап өтті.

Төраға алдымызда стратегиялық маңызы бар міндет – латын графикасына көшу міндеті тұрғанын айта келіп, Мемлекет басшысының «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – жаһандық ғылым мен білім жүйесіне кірігуге, рухани тұтастығымызды қамтамасыз ететін бірегей қадам» – деген сөзін еске салды.

– Бұл жұмысты біз ойластыра отырып, сатылы және жинақы түрде жасауымыз керек. Бірақ ұзаққа созу да қажет емес. Ең бастысы – біздің қателесуге құқығымыз жоқ, – деді Қ.Тоқаев.

Парламент Жоғарғы Палатасының Төрағасы орта білім сапасына, мектептердегі оқыту жүйесі әлі күнге дейін жақсы нәтижелер көрсеткіштерге қол жеткізуге ғана арналуына, ал сапалы білім беру мәселесі екінші сатыда қалып келуіне қатысты бірқатар сын айтты.

– Мектепте, әсіресе оқу бітіретін сыныптардың оқушылары үшін Ұлттық бірыңғай тестілуді сәтті тапсыру басты мақсат ретінде қаралатыны ешкімге құпия емес. Оқыту процесіндегі мұндай үрдіс мектеп үшін жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуді ғана мақсат етеді, өйткені мектептің рейтингі тікелей осы көрсеткіштермен байланысты. Соңғы кездегі білім беру гранттарын тағайындауға байланысты ата-аналардың тарапынан орынды түсініспеушілік тудырған оқиғалар субстантивтік сипаттағы шұғыл өзгерістердің қажет екендігін көрсетіп отыр» – деді ол.

Сенат Төрағасы мектеп әдебиеттерін шығаруға көзқарасты қайта қарау маңызды деп санайды:

– Оқулықтардың сапасының төмен екендігі үнемі айтылуда. Жіберілген әртүрлі қателіктердің салдарынан оқу материалдары үнемі жаңартылып, қайта шығарылып отырады, бұл сараптау жұмыстарының сапасын жетілдіру аса қажет екені көрсетіп отыр. Бұл мәселелерге де ата-аналар мен жалпы қоғамның тарапынан көңіл толмауы орынды. Орыс тілі оқулықтарына байланысты кейінгі оқиға қоғамда кеңінен пікірталас туғызды. Басқа оқу материалдарына да қатысты жағдай осыған ұқсас.

Қ. Тоқаевтың айтуынша, салалық министрлікке Қазақстанның білім беру саласындағы беделіне нұқсан келтіріп отырған мұндай жүйелі түрдегі кемшіліктерді тез арада жою қажет.

Сенат басшысы әділетсіз бөлінген гранттар немесе сапасы төмен оқулықтар, жалпы білім беру саласындағы олқылықтар ішкі саясаттың маңызды факторларына айналып, еліміздің тұрақты дамуына теріс ықпал ететініне алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар Төраға елімізді сандық нұсқаға көшіру стратегиясының мақсаттарына сәйкес келетін «Күнделік» электрондық бағдарламасын іске асыруға қолдау білдірді. Сондай-ақ мұғалімдердің кәсіптік мәртебесін көтеру қажеттігі туралы да айтылды. Білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысы ең төменгі (республикалық орташа деңгейдің 66 пайызы) деңгейде тұр. Сенат басшысы экономикадағы шынайы қалыптасқан жағдайларды жан-жақты ескере отырып, Үкіметті мұғалімдердің табысын көтеру туралы мәселені қарастыруға шақырды.

– Кәсіби деңгейі жоғары және әлеуметтік тұрғыда жоғары қолдау тапқан мұғалім – орта білім беру жүйесінде табысқа жетудің басты кепілі. Мұғалімдерді мемлекеттік наградалармен және сыйлықақылармен мейлінше белсенді ынталандырып, олардың еңбегін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау қажет, – деді Сенат төрағасы.

Қ. Тоқаев мектеп түлектерінің 11 пайызы ғана таңдайтын техникалық және арнаулы орта білімнің беделін көтеруді маңызды деп санайды. Сонымен бірге мектеп түлектерінің 90 пайызы жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруды қалайды. Бұл ретте студенттердің үштен бірі мемлекеттік білім тапсырысы бойынша оқиды, қалғандары ақылық негізде жоғары білім алады.

– Мүмкін, бұл маңызды саладағы реформалардың үздіксіз жүргізілуін тоқтата тұру қажет шығар. Қандай жетістікке жеттік, қайда келдік, неге қол жеткіздік – алдымен осыларға баға беріп алу керек. Білім беру саласында терең, жан-жақты ойластырылмаған сынақтарды өткізуге жол беруге болмайды, – деп атап өтті ол.

Қ. Тоқаев Президент Н. Назарбаевтың жастардың білімді болуы басты құндылыққа айналуы керек екенін айтқанын және қазақстандықтарға рухани жаңғырудағы басты бағыттардың бірі ретінде «білімнің салтанат құруын» ерекше атап көрсеткенін еске салды. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2016-2019 жылдарға арналған білім беру және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы депутаттарды хабардар етті.

Parlam.kz

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *