ҚАҚПА АЛДЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Қоғам Құқық
870 Views

Егемен елімізде адам құқықтарын қорғау жолында көптеген игілікті істер жүзеге асырылуда. Соның бірі де бірегейі – ізгілендіру шаралары дер едік. Түзеу мекемелерінде де өмір бар. Өйткені, аяғын шалыс басып, темір тордың арғы жағына тоғытылғандар да өзіміз секілді пенделер. Онда үлгілі тәртібімен, еңбекқорлығымен ерекшеленгендер ертерек бостандыққа шығады. Отбасымен қайта қауышып, жаңа өмір бастайды. Өткенінен сабақ алып, енді ондай жаман жолға түспеуге талпынады. Екі қолға бір жұмыс тауып, өзінің нәпақасымен отбасын, бала-шағасын асыраудың қамына кіріседі. Ал түзеу мекемесінен босап шыққандарды жұмысқа орналастыру бүгінде басты мәселеге айналғанын жұрттың бәрі жақсы біледі. Бұған қоса-қабат баспана мәселесі де аса маңызға ие. Осы орайда пробация қызметінің рөлі бөлекше екені белгілі.

Шымкенттегі Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/3 мекемесіндегі тәлім-тәрбие жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Жақында мұнда «Қақпа алдындағы кездесу» деп аталатын әлеуметтік жобасының аясында ізгілікті де игілікті шара өткізілді. Оған Шымкент қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің маманы – психолог А. Сағынбекова, ұтқыр әлеуметтік патруль қызметінің маманы Г.Қасымханқызы, әлеуметтік маман Ү. Қысмұратов, Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы тобының бас маманы, әділет майоры Б.Қуандықов, Шымкент қаласындағы Абай аудандық пробация бөлімінің инспекторы, әділет аға лейтенанты А. Тілеуқұлов және ИЧ-167/3 мекемесі бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет майоры Н. Сандыбаев пен жеке құрам қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында А. Сағынбекова, Г. Қасымханқызы, Ү. Қысмұратов өз сөздерінде түзеу мекемелерінен босап шыққан азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында құжаттарды рәсімдеп, адамдардың сұранысына байланысты оқу курстарына жіберілетінін, «Жұмыспен қамту—2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмыс орындарына орналастыруға көмек көрсетілетінін түсіндіре келе көмекке мұқтаж бостандыққа шыққан бір топ азаматтарға жұмысқа және тұрмыстық орналастыру бойынша кеңестер берді. Мекемеден босатылған көмекке мұқтаж Е.Айдар-беков, М.Мамытов, П.Насибуллин, С.Петров, Т.Смайылов, Д. Есполған, Н.Дауренбеков, С.Кудияров тарапынан қойылған «Қайта даярлау курсын оқу үшін қандай құжаттар тапсыру керек?», «Денсаулық жағдайымызға қандай көмек бере аласыздар?», «Тұрақты мекен-жайы жоқ бостандыққа шыққандарды қайда орналастырасыздар және оларға арналған жатақхана бар ма?» деген сұрақтарға орай жауап берді. Сонымен қатар әлеуметтік және тағы басқа да көмек түрлері жайлы айта келе атаулы әлеуметтік көмек жөнінде түсіндіру жұмыстарына тоқталып өтті. Ал А.Тілеуқұлов пробация қызметі есебіндегі істі болғандармен жүргізілетін шаралар және олардың міндеттемелерімен қоса бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа және тұрмыстық орналастыруды қолдайтын «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасының талаптарын таныстырып, түсіндіріп шықты.

Қатысушылар күн тәртібіне қойылған сұрақтар бойынша жұртшылық пікірін тыңдаған ИЧ-167/3 мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары жанындағы жұмыс кеңесі мына төмендегідей шешім қабылдады. Шымкент қаласында орналасқан түзеу мекемелерінде және пробация қызметі есебінде тұратын азаматтарды – түзеу мекемесінен босап шыққандарды жұмысқа және тұрмыстық орналасуға, әлеуметтік және тағы басқа да түрлерін ұйымдастыруға көмек көрсету бағытындағы жұмыстар ұтымды үйлестіріліп, жүйелі түрде жүргізіле беретін болады.

Қанат АХМЕТОВ,

ҚР ҚАЖД Шымкент қаласы ИЧ-167/3 мекемесінің

ЕТҚ инспекторы, әділет капитаны.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *