ҚОР БОЛДЫ ҚАЙРАН СӨЗІМ БОСҚА ДЕМЕ

Көзқарас Қоғам
1 054 Views

«Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. Абайда қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек».

Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ.

Абай өз заманының теңдесі жоқ ойшылы болғандықтан, оның адам болу туралы ойларының рухани өзекті желісін жетерліктей танып, білу қастерлі міндеттеріміздің бірі болып саналмақ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдығына арналған шаралардың халқымызға ой салатынын айта келе, ұрпағымыздың санасының көкжиегін кеңейтіп, тəрбие-тағылым алатындай маңызды мағыналы істер атқаруымыз керек деуі Абай іліміне ғылыми тұрғыдан мемлекеттік деңгейде өте жоғары мән берілетіндігінің белгісі. Ұлы тұлға Абайдың шығармаларымен, өмір жолымен етене таныс болған сайын көз жетпес көкжиектей кең, теңіздей терең ойларын, алтындай асыл, қорғасындай салмақты сөздерін əрбір қазақ баласы, халқымыз оқып санамен, жүрекпен қабылдап өмірде рухани бағдаршамдай пайдалану керектігін сезінесің.

Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің «Атақты ақын – сөзі алтын хәкім Абайға» атты өлеңінде:

Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,

«Қор болды қайран сөзім босқа!» деме.

Артыңда қазақтың жас балалары

Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!

Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,

Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар, – деп айтқандай, көзі ашық халқымыз қай жерде болмасын өз данасының қанатты сөздерін, мол мұрасын түсініп, түйсінеді, қадірлейді, қастерлейді. Елімізде хакім Абайдың 175 жылдығына орай түрлі игі шаралар өткізілуде. Қара сөздің қасиетін ұғына білу де, оны дәріптей білу де – адам бойындағы аса құнды қасиет. Мұндай қасиет жас-кәрі, үлкен-кіші, мамандық, сала таңдамасы анық. Бұған мысал, Шымкент қаласының тұрғыны, «Самал» әмбебап сауда кешенінің қарапайым алтын зергерлік бұйымдарын сатушысы азаматша Жанат Әбдіғаппарқызы Төреқұлова халыққа, барша тұтынушыларға, жастарға үлгі-өнеге, насихат болсын деген ниетте Ұлы Абайдың шығармаларын өзі қызмет ететін орынның қабырғасына жаздырғаны. Бұл қуантарлық, мақтан тұтарлық ізгі, игі іс. Мұндай ой екінің біріне келмес, сірә. Өнегелі іс жасаған оны теріс түсініп, балағаттағандар да болыпты. Тіпті осы ісі үшін құқық қорғау орындарына арыз да жазғандар бар көрінеді. Сіздің ойыңызша бұл сондай жағдайға дейін жетерлік іс пе? Қалай ойлайсыз? «Апыр-ай, қабырғада ілінген қанатты сөзде тұрған не бар?, Ол кімнің титығына тиді екен?», – деп ойлап отырған боларсыз. Бізді де алаңдатқаны сол сұрақ. Өткір де ұтқыр сөздің киесі мен қасиетін сезінбеген, ұғынбаған жандардан қандай жауап күтесіз? Кезінде Абайды да бағаламай, жаралағандар табылған еді. Өкініштісі сол, бұл жолы да балақтан тартып, саусағын сермеп жүрген тағы өз қандасымыз, қазағымыз.

Біз осы орайда, ешқандай қарсылыққа, тосқауылға дес бермей, қазағыма, халқыма, елімнің болашақ ұрпақтарының санасына Абай өлеңдері, шығармалары арқылы нұр, сәуле құяйын деген ізгі ниеттің иесі, үлгілі, өнегесі мол іс жасаған – Жанат Әбдіғаппарқызына зор алғысымызды білдіреміз.

«Біріңді қазақ, біріңді дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп Абайша айта кетейін. Түсінгеннің түйсігіне жетер, намысын қайрар. Әрине, қазақты қазақ көтермесе, өзгеден нені дәметеміз?

Мұнымен айта кетеріміз, жақсы істе бір-бірімізге демеу, жамандықта арашашы болайық. Қазақ біріне-бірі жау болмауы қажет. Қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол – оқу-білім екені анық емес пе? Абай мұрасының өзінен кейінгі ұрпаққа берер пайдасы туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалып­тастырамыз десек, Абайдың шығар­маларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы»,– демеп пе еді.

Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы болып саналады. Абай – халықтың үлгі тұтар қайраткер тұлғасы, данышпандық пен даналықтың қайнар көзі. Ендеше, неге парасаттылыққа ұмтылмасқа?!

А.СӘКЕНҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *