ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АЛҒЫС ХАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Мерей Құттықтаймыз
1 122 Views

«Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің негізін қалаушы журналист Қуаныш Ботабек Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен өткен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің іс-қимыл Кеңесінің кезекті отырысында салтанатты түрде арнайы табысталды.

Алғыс хатта «Ұлттық журналистиканы дамытуға, мемлекетімізде жүргізіліп жатқан реформаларды насихаттауға және қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін» делінген.

Аталған Мәжіліске жергілікті баспасөз басылымдарының бас редакторлары мен телеарна басшылары, ақпараттық портал жетекшілері мен журналистер қатысты.

Жиында сондай-ақ өзге де бірқатар БАҚ саласындағы азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатымен, «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Кеңестің отырысы ашықтық, жариялық жағдайында өрбіді. Кез келген ұсыныс-пікір атқарушы биліктің талқысына түсті.

– Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, 2020 жылдың 9 қарашасы күні алғашқы отырысы өткізілген болатын. Сол кеңесте Шымкент қаласының Денсаулық сақтау, Энергетика және коммуналдық шаруашылық, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының есептері тыңдалды. Бүгінгі Кеңестің күн тәртібіне сәйкес, «Shymkentаqparat.kz» деп аталатын жаңа ақпараттық порталды таныстырмақпыз. Бұл сайт тұрғындарға ресми ақпарат таратумен қатар, мегаполиске қатысты мазмұнды, тарихи-танымдық, сараптамалық мақалаларды ұсынбақ. Ресми ақпараттық қолдау – Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі, «Шымкент келбеті» газетінің редакциясы және Шымкент қаласының «Ақпараттық коммуникациялық орталығы» тарапынан болады, – деді Шыңғыс Мұқан өз сөзінде.

Жиында Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Ақпараттық коммуникациялық орталығының» директоры Нұрбол Орымбай ақпараттық порталды іске қосудың негізгі мақсаты туралы баяндай келе, «Жалпы Шымкент қаласында 40 шақты түрлі бағыттағы жергілікті сайт тіркелген. Олардың ішінде Шымкент қаласы әкімдігінің «shymkent.gov.kz» сайты да бар. Ол сайт тек ресми ақпарат таратумен шектелсе, «shymkentaqparat.kz» порталының шығармашылық аясы кең, аудиториясы үлкен. Осы ретте сайттың барлық әлеуметтік желіде парақшалары мен жеке «youtube» арнасы ашылды», – деді.

Маңызды шарада құнды ұсыныс-пікірлер тыңдалып қойылмайды, жүзеге асуға толық мүмкіндік те бар. Президент айтқан «Халықтың үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасына ой айтып та осылай үлес қосуға әбден болады.

Осы БАҚ өкілдері бас қосқан Кеңес отырысынан әкімшілік-әміршілдік жүйенің де келмеске кетіп жатқанын байқауға болады.

БАҚ өкілдері айтқан көптеген ұсыныс-пікірлер тыңдалып, талқыланып, ескеріліп жатты.

Болашақта ел игілігіне пайдаланып жатса нұр үстіне нұр.

Кеңес барысында қатысушылар ұсыныстарын айтып, өзара пікір алмасты. Отырысты қорытындылаған Шыңғыс Мұқан қатысушылардың көтерген мәселелері ескерілетінін жеткізді.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *