ҚЫРСЫЗДЫҚТЫҢ КЕСІРІ

Қоғам
854 Views

Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла ƏБДІРАХЫМОВ пен Шымкент қаласының прокуроры М. ҚОЖАБАЕВТЫҢ назарына!

Бес перзент өсірген көп балалы ана, медицина саласының қызметкері азаматша О. табиғат түлеп, гүлдей бастаған көктемде отбасының ықыласына бөленіп отырса болмас па еді?! Жер мен көк құлпырып, жанды-жансыздың барлығы жаңғырған кезеңдегі Халықаралық әйелдер мерекесінде туған-туысқандарының, қызметтестерінің, достарының құттықтауларынан бақыт құшағына бөленуге лайықты жан емес пе еді? Өкінішке орай, дәл осындай «бір қолымен бесікті тербетіп, бір қолымен әлемді тербеткен», шаттыққа бөленуге жаралған Ананың етегі жасқа толып, күннің жылуы мен сәулесі, ауаның тазасы жетпеуінен солғын тартқан гүлдей газет редакциясына келуі мүмкін екенін күтпеген едік. Бірақ, тағдыр, тағдыр емес-ау, қырсыздардың кесірінен алғашқы рет лайым енді қайталанбасын деп тілейік. Биыл соның барлығы басқаша болып тұрғандай. Себебі, әріптестері – Шымкент қаласының «Қайтпас – 1» шағынауданындағы №10 емхананың кейбір үстіне ақ халат кигенімен, соның ішіндегі көкейіне қараулықты түйген дәрігерлердің бойкүйездігі тәніне дақ түсіп, жанының жаралануына себеп болғандай.

Бірақ ол бір күнде – осы жылдың 6 наурыз күні бірден үш жерге – республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің редакциясына, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына және прокуратураға аталған емхананың кейбір қызметкерлерінің үстінен, өзінің өмірінің бір шеті опырылып қалған денсаулығы үшін шағымдануға мәжбүр болған.

Айтуына қарағанда, жасына байланысты скринингке қатысты жоспарлы түрде тексерілу үшін зертханалық қажеттілікті 2018 жылы 20 маусым күні жоғарыда аталған емханаға өткізген. Оны қабылдаған дәрігер-гинеколог Бейбіт Жолдасов тәртіп бойынша екі аптада дайын болуға тиісті зертханалық қорытындысынан күткен мерзімде хабардар етпеген. Оған мазасызданып, шілде-тамыз айларында емханаға және Бейбіт Жолдасовқа бірнеше рет қоңырау соққанымен, ешқандай жауап болмаған.

Дәрменсіздіктен әрі өзін мазасыздау сезінгендіктен, арада 5 ай мерзім өткен арызданушы О. амалсыздан қараша айында қайтадан ақылы зертханалық мекемеге қажеттіліктерді тапсырған. Оның қорытындысымен өзін қарап, тексеруде екінші деңгейдегі қатерлі ісік ауруына шалдыққаны анықталған. Атауын сау адам естігеннің өзінде жүрегі суылдап, денесі тітіркенетін ракқа шалдыққан О-ның еңсесінің қалай түсіп, қалай езілгенін түсінуге болатын шығар.

Егер, Жолдасов дәрігерлік міндетіне жауапкершілікпен қарап, тақуалық танытып, өз тарапынан дер кезінде тиісті емді қолданып, жанашырлықпен қарағанда кім біледі, Оразкүлге шипа қонып, денсаулығы жөнделіп те кетер ме еді?! Бірақ, олай болмағанына көзіміз жетті. О-ның наразылығын білдірген дәрігер-гинеколог пен №10 емхананың бас дәрігері М.Тургумбаева өздеріне тапсырған және келіп түскен зертханалық қорытындыны қолдарына ала тұра оның онкологиялық ауруханада екі-үш айдай емделіп, химиялық тәсілдерді қабылдағанына қарамай, бес айдай бір рет өз ынталарымен «хал-жағдайың қалай?» деп сұрамағандарын қалай түсінуге болады? Ең болмағанда өзі арттарынан іздеп барған кездерінде жылы қарсы алып, мән-жағдайды түсіндіріп, дәрігерлікті былай қойғанда, емделуші-пациент ретінде көңіл бөлсе болар еді ғой.

Денсаулығынан айырылып, қамқорлыққа мұқтаж болған әйел-ананың өзінен бұрын перзенттерінің ертеңін ойлап жүйкесінің жұқарып, тәнінің талмаусырап бара жатқанына кінәлілер анықталып, тиісті мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары тарапынан тиісті шара қолданылады деп сенеміз.

Арызданушы өзі сияқты аурудың “ауыр түріне” шалдыққан, бірақ оны білмегендіктен қайғы-қасіретке ұшырап қалмауын, ұл-қыздарының “анасы жетім тұл жетім” болып қалмауын ойлағаны өмір қадірін білетін барша жұртты толғандырса керек.

Сол себепті газет редакциясы өз тарапынан журналистік зерттеуді жалғастырып, оның нәтижелері жөнінде алдағы нөмірлерде міндетті түрде хабардар етіп тұратын болады.

Аманқұл КҮМІСБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *