ҚЫРЫҚ ҚЫЗ, КӨКТЕН АТА БҰЛАҒЫ және ЕСЕНАМАН ҚАЛПЕ КЕСЕНЕСІ

Руханият
2 336 Views

Оңтүстік өңірі – ауа райы шаруаға қолайлы, табиғаты тамаша, тарихи орындары мен қасиетті, киелі, әулиелі жерлері мол болғандықтан жер жәннаты деуге тұрарлық өлке десек, артық айтқандық емес. Өйткені, Қазығұрт, Сайрам, Төлеби, Түркібасы (Түлкібас), Бәйдібек және Созақ аудандарының тау бөктерлерінде құлазыған жанның көңілін көтеретін, сусаған жанның шөлін басатын мөлдіреп аққан бұлақтары мен жағасында желмен майыса ойнаған жасыл құрақтары бар, жанына шипа іздеген адамның дертіне дауа боларлық қаншама қасиетті, киелі орындар баршылық.

Қазіргі уақытта рухани жаңғыруға байланысты әр облыста «Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңселер» құрылып, кең-байтақ Қазақ жерінің аясында қасиетті, киелі деген жерлер есепке алынып, оны халыққа насихаттау жұмыстары қызу қолға алынуда. Бұл жерлердің барлығы халық игілігіне қалтқысыз қызмет ету үшін заманауи инфрақұрылым жүйесімен (жол, су, электр энергиясы, қонақ үй, асхана, тағы басқа) қамтамасыз ету жоспарланып, алғашқылары іске аса бастады.

Солардың бірі – мақаламызға арқау болып отырған Қазығұрт ауданының, Жігерген ауыл әкімдігінде орналасқан «Көктен ата бұлағы мен Есенаман қалпе кесенесі» деп айтуға болады. Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары тізіміне енген бұл жердің жолдары тегістеліп, кесене басына дейін асфальт төселіп, зиярат етушілерге жағдай жасалуда. Келешекте заманауи инфрақұрылымдық жүйемен толық қамтамасыз етілетін болады. Сонымен бірге сөз реті келгенде айта кетейік, бұл маңға жақын жерде Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары тізіміне енген «Қырық қыз» көне тарихи-табиғи ескерткіші де орналасқан. Одан өзге «Үкілі тас», «Шайқұман үңгірі», «Тастағы таңбалар», яғни петроглифтер табиғаты көркем, ауасы жанға дауа, неше түрлі емдік өсімдіктер өскен өлкеде қатар жайғасқан. Ендеше, бұлардың үш-төртеуінің тарихына қысқаша тоқталып өтейін.

Қырық қыз – көне тарихи-табиғи ескерткіш. Табиғаты ерекше Өгем асуында, төбеде, тау қойнауында, жол бойына жақын жерде орналасқан. Алыстан қараған адамға қазақ атамыздың етек-жеңі кең бүрмелі көйлек киген бойжеткендерін көз алдыңа елестетеді. Аңызға құлақ түрсек, «Ертеде бір байдың қызына құда түскен жігіт жағы бір топ жолдастарын ертіп тойға дейін қалыңдығын көріп кетуге келе жатады. Қыздар жағы күйеу баланың келе жатқанын естіген соң құрметпен қарсы алу үшін алдарынан қырық қызды атандырады. Екі жақ бір-біріне жақындап қалған сәтте тұтқиылдан жау тап болады. Көп жауға тойтарыс бере алмайтындығын, ар-намысының тапталғанын қаламаған періште қыздар Алладан тасқа айналдыруын сұрайды. Сол заматта Жаратқан ием қыздардың тілегін қабыл алып, сай ішінде топ-топ боп келе жатқан қыздарды және сай етегінде жақындап қалған күйеу баланы жолдастарымен бірге тасқа айналдырады» дейді. Аңыз түбінде шындық жатқаны ақиқат. Қаншама ғасырлар өткенін кім білген, әлі күнге табиғат дүлейіне төтеп берген тас мүсіндер, сол бір қасіретті күннің белгісіндей осы күндерге жеткені анық.

Қасиетті, киелі деген бір ғана жермен шектелмейтіндіктен, тау беткейінде киелі жер саналатын «Үкілі тас» жартасы орналасқан. Бұл жерде орналасқан жартастар «Ата, бала, ана тастар» деп те аталады. «Үкілі тас» атануы себебі бұрынырақта жартастарға қазақта киелі құс саналатын үкі мекен еткен екен. Жолының ашылуын және перзент сүюді ниет еткен жандар осы жерден үкінің қауырсындарын теріп алып, кәделеріне жаратыпты деген әңгімелер халық аузында айтылады.

Қазақстанның жергілікті маңызы бар қасиетті нысандары тізіміндегі бұлақтың «Көктен ата» аталуы туралы құрметті зейнеткер, Есенаман қалпе кесенесінің шырақшысы, өлкетанушы ғалым, ғылым мен техника саласы бойынша Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерген Сартаев аға былай баяндайды:

— Кезінде, асқан ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің талантты шәкірттерінің бірі болған, елде ислам дінін насихаттап әрі емшілікпен айналысқан, үнемі үстіне көк тон киіп жүруіне байланысты ел ішінде «Көк тонды ата» атанған, парсы ұлтының атақты перзенті Имам Марқозы (Марғузи) баба бұлақ басында біршама уақыт тұрақтаған екен. Керемет шипалық қасиетін байқаған баба, жүрген жерінде үнемі бұлақ суының көк жөтелге, әртүрлі бөртпе, жараларға, тағы басқа ауруларға ем болатынын дәріптеп, насихаттай жүреді. Кейіннен осы кісінің құрметіне «Көк тонды ата» сөздері кішкене өзгеріске еніп, «Көктен ата» бұлағы атанады. Қаншама ғасырлардан бері бұлақты киелі санап, суын ем үшін ішіп, халық басына ағылып келіп-кетіп жатады.

Енді бұлақ басында орналасқан Есенаман қалпе баба кесенесі жайына ойыссақ, бұл баба ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген. Шырақшы Ерген ағаның арғы аталары болып келеді. Ауыл молдасынан білім алып, зеректігімен көзге түскен жас бала діни ілімін толықтыра түсу үшін Бұқарадағы Көгелтас (Мир-Араб) медресесінде оқып, «қалпе» деген дәреже алған. Медреседен кейін туған жеріне оралып, балаларға діни сабақ бере жүріп дәрілік өсімдіктермен адамдарды емдеген өз заманының білгір емшілерінің бірі әрі аузы дуалы, сөзі уәлі ауылдың сөз ұстар азаматы болған. Сонымен қатар көріпкелдігі де болыпты. Үйдегілерге: «Пәлен жақтан бір науқас келе жатыр, күтіп алыңдар» деп алдын ала айтып, ескертіп отырады екен. Елдің бірлігін, татулығын ту еткен жандардың бірі болған екен.

Ескі қорымда жатқан Есенаман бабаның басына кесене салу үшін 2013 жылы «Көктен-ата» қайырымдылық қоғамдық қоры құрылып, қорға түскен қаржы есебінен құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2015 жылы ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл жұмыстардың басы-қасында мұрындық болып қордың президенті Ердібай Сейтбеков пен оның орынбасары Ерген Сартаев аға жүрді. Халық игілігіне беріліп, кесене мен бұлаққа алыс-жақын жерлерден жанына ем іздеген жандар келіп зиярат етіп, бір тылсым күштің әсерімен дерттеріне шипа тауып, Жаратқанға шүкірлік етіп, ризалықтарын білдіріп кетіп жатқан жандар қаншама.

«Ескі қорымды қоршау және кесене салуды жоспарлау мақсатында 2010 жылдан бастап жиі келе бастадым. Үш жыл қатарынан келген сайын мені қорымға жете беріс жерде төртбұрышты тас үстінде отырған ақ шапанды, басындағы сәлдесінің маңдайында жалтыраған жұлдыз таққан қарт адамның елесі қарсы алады. Әр келген сайын бейнесі әбден есімде жаттала берді. Сол есімде жатталып қалған бейнені қағазға түсірген сәттен бастап қарт ізім-қайым жоғалды. Бұл не құдірет екенін әлі күнге түсіне алмай далмын», – деп еске алады Ерген аға.

Ендігі жерде «Көктен ата бұлағы мен Есенаман қалпе кесенесінің» қасиетті, киелі жер екеніне қандай негіздер барлығына тоқталсақ. Осы жердің шырақшысы Ерген ағаның ұқыптылығы, сауаттылығы деп айтсақ болады. Зиярат етіп келген немесе осы маңда болған адамдардың көрген оқиғалары мен естеліктеріне кітапша арнап жазып отырады екен. Әртүрлі аурулармен келген адамдардың жазылып немесе өзін өте жеңіл сезінгені және қаншама отбасыға осы жердің шапағаты тиіп, перзентті болғаны жайлы кітапшаға тіркелген деректер бұл жердің қаншалықты қасиеті, киелі, әулиелі жер екенін ұқтырса керек.

Сөзіміз тұшымды болу үшін бірнеше мысалдар келтіре кетейік.

Бұрынғы Молотов атындағы кеңшардың озат шопаны Дүйсен Құрбанов ата: «Ауырып қалған малды қорымнан үш айналдырып өтсе, ауру сап тыйылатын еді» десе, кеңшардың аға шопаны болған Балабек қария басынан өткізген бір тылсым жайтты былайша өрбітеді. «Бағып жүрген малым аңдаусызда қорым ішіне кіріп кеткенін байқамай қалыппын. Бір кезде ысқырған дыбыс естілді, дыбыс шыққан жаққа жалт қарасам, ақ киім киген адам бейнесі ме, әлде жыланға ұқсас бір бейне ысқырып қойларымды айдап келе жатты. Анықтап қарауға шамам келмей, қорыққанымнан тілімді зорға кәлимаға келтіріп, ата-бабалар рухына дұға бағыштай беріппін», – дейді.

Бабаның кесенесін тұрғызған ұсталар да қорымдағы төбешіктен бірнеше рет ерекше дыбыс естігенін айтады.

Ауыл адамдарының айтуынша, Кеңес Одағы кезінде ұжым басшылары көнекөз қарттардың айтқанына құлақ қоймай, кеңшардың бір отар қойын дәрілеу үшін ескі қорымның жанынан бассейн қазып, губке түсіреді. Сол бассейнге түсірілген бір отар қой түгел қырылып қалады. Оған не себеп болғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ, көпшілік пікірі киелі жерді сыйламағандықтан болдыға саяды.

«Өз басымнан өткен жайтты да айта кетсем, артықтық етпес. Мектепте оқып жүргенімде екі құлағым тас боп бітеліп, түк естімей қалдым. Ол кезде коммунисттік идеологияның дінге ерік бермей, Құдайды мойындамай қызып тұрған кезі. Сондай бола тұрса да дәрігер ағалар – Рахым Рембаев пен Мият Зұлпықаров маған ескі қорымда жатқан баба басына барып зиярат етуіме құпия түрде кеңес берді. Анамды ертіп алып, баба басына барып шырақ жағып, бұлақ суын ішіп, дұға бағыштағаннан кейін дертіме ем қонып, Аллаға шүкіршілік әлі күнге дейін бірде-бір рет құлағым ауырған емес», – дейді Ерген аға.

Тағы бір айта кететін жағдай, ҚР Мәдениет және спорт министрінің тапсырмасымен қасиетті, киелі жерлер жайында материал дайындауға келген «Хабар» арнасы түсіру тобының мүшелері бұл жердің табиғатына таңдай қаға тамсана жүріп зиярат етушілерден, шырақшыдан сұхбат ала отырып, «Символы нашей Родины» атты деректі фильмі телеарналардан көрсетілуде.

Қорыта айтқанда, мақаламызда кітапшада жазып қалдырған пікірлердің бәрін көрсетуді жөн деп таппадық. Қасиетті, киелі орын деп атану үшін де ол жердің табиғатының өзгешелігі, адамдарға тигізер пайдасының болуы, адамдарға кереметтей әсер қалдыра алатындай нәрселерінің болуы шарт деп ойлаймын.

Құрметті оқырман! Айтпағым қасиетті, киелі жердің не екенін суын ішіп, ауасын жұтып, көзбен көріп қадір-қасиетін ұғынғаннан соң айтқанға не жетсін дегім келеді.

Еділбай КӨШЕРБАЙ,

Түркістан облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» МКҚК-ы қызметкері, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *