ҰЛТТЫҚ КОД: ТАБЫСҚА ЖЕТУ МҮМКІНДІГІ

Рухани жаңғыру
1 418 Views

«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иықтүйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымынаикемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек».

Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ.

Туған жерді көркейтуге үлес қосу, ұлттық рухымызды, құндылығымызды сақтай отырып дамуға ұмтылу, заман ағымына сай өркендей білу – басты міндетіміз, мақсатымыз. Еліміздің әрбір азаматы туған жердің қадірін біліп, ұлттық рухты санасымен сезінгені абзал. Еліміз, жеріміз, отанымыз – біздің ең құнды, баға жетпес байлығымыз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде атқарылып отырған істер көз қуантады.

Елбасы аталған тарихи құжатта ұлттық құндылықтарымыз – ұлттық кодымызсыз ешқандай да жаңғыру болмайтындығын айтты. Рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды, ұлттық мәде­ниетімізді, тілімізді, дінімізді сақтай отырып, заманауи көзқараспен әлемдік деңгейге жаңаша ұмтылыс жасау.

Ұлттық кодты сақтау дегеніміз, тамыры тереңнен бастау алатын рухани әрі ұлттық болмысымызды нығайтып, жетілдіріп, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу.

Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, тарихымыздан, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, атадан балаға мирас болып келе жатқан сол құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, жетілдіріп, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын тәрбиелеп, келешегінің кемелденуіне үлесімізді қосатын боламыз.

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзін негізге ала отырып санамызды жаңғыртарлық қаламызда қандай елеулі шаралар жүзеге асырылып жатқандығына шолу жасап, көз жүгіртіп өтсек.

Шымкент қаласында әкімдіктің қолдауымен Елбасының сара жолы мен салиқалы саясатының бір көрінісі болған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шаралары жүйелі орындалып, жүргізілуде.

Бағдарламалық мақала аясында рухани кодымыздың басты тетігі болып табылатын қоғам үшін маңызды көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда өткен жылы «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша көптеген маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып, қаладағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштерге QR кодтар орнатылып, туристерді Шымкент қаласындағы киелі жерлер мен туристік нысандар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде арнайы роликтер әзірленіп, көрсетілімі өткізілген болатын.

Қала әкімдігі тарапынан тұрғындар мен жастарға кітап оқуды ұйымдастыру, танымдық әлеуетін арттыру негізінде «Отырар» кітапханасынан «Kovorking» орталығы ашылып, көпшілік игі істің куәсі болған еді.

Елбасы бағдарламасындағы «бәсекелестік», «білім», «ғылым», «тұтастық», «ұлттық код» сынды сөздердің халыққа әсіресе жастар үшін маңызы орасан. Білімді – мыңды жығатыны белгілі. Қазақстанның болашағы өсіп келе жатқан ұрпақтың қолында. ХХІ ғасырдың ұрпағы жан-жақты дамуы қажет. Олардың алдындағы басты талап – меңгеру, кез келген саланы жіті меңгере отырып жұмыс жасау. Ол үшін тіл үйрену, қабілетті болу, ел үшін тер төгу қажет. Елбасының бұған дейін де «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» деген сөзі әлі де ықпалын жоғалтқан жоқ. Әрбір қазақстандық жас осы мақаладағы көрсетілген міндеттер мен тапсырмалар негізінде жұмыс жасаса ұлттығымызды жоғалтпай, өркениетті дамыған елдер қатарына енуге оңай жол ашылары сөзсіз. Осы тұрғыда қаламызда тарихи-мәдени мұраларымызды танып, білерлік, бойымыздағы патриоттық, отансүйгіштік сезімімізді оятатын Шымкент қаласының киелі орындары, қаланың туристік әлеуеті, қала бренді секілді бейнероликтер де қоғам назарында қалып, есте сақтаулы.

Солардың бірі «ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ» арнайы жобасы бойынша өткен жылы төрт нысан қамтылса, биылғы жылы жеті нысан республикалық, сегіз нысан жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізіліп отыр. Шымкент қаласындағы киелі орындар – «Ибрагим ата», «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағында көріктендіру жұмыстары жалғасын табуда. «Қошқар ата» жобасы бойынша «Қошқар ата» өзенінің жағалауы абаттандырылып, қаланың тарихи даму кезеңін қазіргі уақытпен ұштастыратын заманауи қалашық және туристік аймақ ретінде дамыту жобасы жүзеге асырылуда.

«Өнерлінің – өресі кең» дегендей ұлттық өнерімізді жаһанға паш ету рухани құндылығымыздың бір сатысы іспетті. Таланттарды таныту арқылы еліміздің мәдениетінің әлемдік аренада қанат жаюына атсалысамыз. Қала әкімдігі ұйымдастырған 2018 жылдың сәуір айында Ресейдегі Смоленск қаласынан бастау алған орыс драма театрының гастрольдік сапары ағымдағы жылы Санкт-Петербург, Таганрог және Татарстан Республикасының Қазан қалаларында жалғасын таппақ. Сонымен қатар, 2019 жылы Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының, Шымкент орыс драма театрының, өзбек драма театрының, опера және балет театрының шетелдік шығармашылық ұжымдарымен келісімшарт түзіліп, шығармашылық ұжымдардың гастрольдік сапарының ұйымдастырылып, жоспарлануы осының бір айғағы.

Қала әкімдігі Шымкенттегі ескі қалашықты «Цитадель» ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізудің номинациялық деректемесін дайындады. Осыған орай, қалашықты ашық аспан астындағы мұражай ретінде құру бойынша 2019 жылға 582 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бағдарлама аясында атқарылып жатқан игі істер әсерін тигізіп, оң нәтижесін береді деген үлкен үміттеміз!

Айя АСЫЛЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *