«ҰЛТТЫҚ ОРТАҚТАСТЫҚ– БОЛАШАҚ КЕПІЛІ»

Сұхбат
631 Views

Сапарбек САХОВ, тарих ғылымдарының кандидаты: «ҰЛТТЫҚ ОРТАҚТАСТЫҚ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ»

Дәл осы кездегі біздің қоғамымызда қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және менталдық-психологиялық ахуалды қанағат тұтатын азаматтар кемде-кем сияқты. Әрине, барлық тұрғындарының төрт құбыласы түгел, «қарны тоқ, етігі көк» елдер әлемде онша көп те емес шығар? Бірақ, біз соңғы отыз жылдай уақытта атадан қалған жеріміз кең, әзірге санымыз аз да еліміз тәуелсіз, демек, алда бізді бақуат, бақытты өмір күтіп тұр дегенге құдайдай сендік. Әлі де сенеміз. Сенгіміз келеді! Тек, ондай шалқыған қоғамдық өмір үшін алдағы уақытта көптеген проблемаларды ескеруіміз керек екенін көпшілігіміз сезе бермейміз, біле бермейміз немесе мойындай бермейміз. Кейбір азаматтарымызға ондай өмір уақыттың «құдіретімен» өзінен-өзі келетіндей көрінеді. …Осындай салмақты ойларымен оқырман жүрегінен жол тапқан Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сапарбек Мұсаханұлы САХОВПЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Саламатсыз ба, құрметті Сапеке! Ауыл-ел, мал-жан, ат-көлік аман болар? Міне, ХХI ғасырдың да екі онжылдығы сырғып өтуде. Тәуелсіздік тізгінін ұстағанымызға 30 жылға жақындады. Ұлт дамуы үдерісінде қол жеткізген жетістіктеріміз де аз емес ойлаймын. Десек те, бүгінгі күнгі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және менталдық-психологиялық ахуалымыз көпшілікті қанағаттандыра қоймайтын сияқты…

– Келісемін. Сіз келтірген қоғамдық, оның негізіндегі ұлттық ахуалдың квинтэссенциясы дөп тұжырымдалған деп ойлаймын. Аспанымыз ашық, қарнымыз да аш емес. Оқып-үйренуге де, еңбектенуге де, жетістіктер жолымен алға жылжуға да, жалпы айтқанда потенциалдық мүмкіндігіміз көптеген елдер қызығатындай. Бірақ, бұрынғы қоғамдық-экономикалық тәртіптен халқымызды қанағаттандыратын, діттеген, заманауи ахуалға өтпелі кезең созылып кетті.

Мұндай жағдай объективті түрде алуан түрлі дағдарыстарға алып келіп соқтырады. Оның үстіне мемлекеттегі коррупцияның оның бүткіл ағзасына тарап, «кеткісі келмейтіндей» орын тебуі, жемқорлықтың есіріп, қоғамдық санаға да ене бастауы – айтылмыш дағдарысты тереңдете түсті. Ресми насихат пен «сымсыз телефон» әңгімелерінің арасы алшақтай түсті. Билік жүйесіне деген сенімге сызат түсе бастады. Нәтижесінде біреулеріміз күн көруден басқаны ойлаудан әрі кете алмай қалдық. Біреулеріміз сенетінге де, сенбейтінге де сенуден қала бастадық. Енді біреулеріміз қоғамдығы негативті құбылыстарды түгелімен билікке арта бастадық. Тағы да біреулеріміз әлі сол, өткен заман мен «орысты» кінәлаудан шыға алмаудамыз.

Арамыздағы ұлт мақтанышымыз, зиялыларымыз дегендердің арасында да қатаң заң арқылы, күшпен, азаматтарымыздың бәрін түгелдей, ұлтына, әлеуметтік орнына, ерекшелігіне қарамай, қазақша сөйлетіп жіберсек, барлық проблемамыз көп қиындықсыз шешіліп кетеді деп түсінетіндер аз болмай тұр. Осы секілді саналық, «идеологиялық» бытыраңқылық проблемаларын әрі қарай да шаша беруге болады…

– Арындап алға басып даму үшін, өткеннен қалған және бүгінгі қиындықтарымызды артқа тастау мақсатында қандай ірі-ірі проблемалар легін шешуіміз керек?

– Маркстік философияда «құбылыстардың жалпылама ортақ байланысы» деген түсінік бар. Сол айтқандай бүгінгі біздің қоғамымызда орын алып отырған проблемалардың бәрі бірі-бірімен жалпылама байланыста туындаған, шешілуі де бірі-біріне тығыз байланысты дүниенің толқуы. Десек те, қазақ үшін осы гамманың ішіндегі ең көңіл толқытатыны – ҰЛТТЫҚ ОРТАҚТАСТЫҚ. Мемлекет құраушы ұлттың өз арасында ортақтастығы, әсіресе, идеологиялық ортақтастығы талапқа сай болмағаны – өте қауіпті жәйт. Көзі қарақты азаматтардың бірі бұл қауіпті түсінеді, бірі сезеді, бірі біледі. Ал, күн көруден әріні ойлауға шамасы жоқтар ше? Өзінше өмірді білгішсінетін мақтаншақ надандар ше? Қолында «жегілігі жетерлік», осы статус-кво толық қанағаттандыратын, заман жаңғырған жағдайда барынан айырылу қаупі қатты алаңдататын әлеуметтік топтар ше? Осыған соңғы онжылдықтарда мектептер мен оқу орындарында сапасы сан соқтырған жәйттердің бел ортасында топастанған «мәмбеттер» мен бұрынғы метрополияның, Батыстың салқыны соғып, ұлттық түп-тамырдан аластап кеткен «мәңгүрттерді» қосыңыз. Тағы да жалғай берсе болатын сияқты…

Ұлттық ортақтастық белгілерінің оң түрлері бақытымызға қарай жоқ емес, бар! Болашаққа деген үмітіміздің негізі де осында. Сауатты да, жаны жайсаң ұлт өкілдері оны біледі. Бірақ оны ашып, талдап көрсету – бүгінгі әңгімеміздің арқауы емес. Бұл сұхбатымызда, керісінше, бүгінгі қазаққа әрі қарай даму, өркендеу жолына ауадай қажет ұлттық ортақтастықты аяқтан шалып отырған әлеуметтік-психологиялық факторлар туралы пікір алмасқанымыз дұрыс сияқты. Әрине, білетінімізді, өзімізше ойлағанымызды. Себебі мінімізді білмей, қандай ащы болса да оны мойындамай, әлеуметтік сырқаттарымызды сынамай, оны емдемей, бақытты болашаққа жетуіміз қиын деп ойлаймын. Себебі ұлттық ортақтастық мәселесіндегі әрбір кемістігіміз, солқылдақ тұсымыз, екінші жағынан ыдырау тенденциясының бір көрінісі сияқты.

– Ортақтасу тенденциясын дамыту, бүгіні таңдағы осы өте көкейтесті үдерістің негізгі факторларына тоқталсаңыз…

– Өз түсінігімше айтып көрейін. Мен философ, әлеуметтанушы, немесе әлеуметтік психология маманы емеспін. Қазіргі кезде біздің еліміз осы мамандардың жоқшылығын көріп отыр деп ойламаймын. Бірақ, халыққа қолжетімді ақпарат құралдарында осы көкейтесті проблемалардың орын алып отырғанын да көре бермейміз. Мүмкін, көпшілік жариялаған «заты» түгілі, атын да естімейтін «ғылыми» журналдарда жарияланып та жатқан шығар(?).

БІРІНШІДЕН, бүгінгі күнгі қазақ қоғамында ұлттық ОРТАҚТАСУ үдерісіне де, құқықтық қатынастардың тереңдеуіне де, идеологиялық әсердің әлсізденуіне де, ұлттық жаңғыру арқылы прагматистік өмір сүру образының сіңімді болмауына да, детрайбалистік сана мен ғұрыптардың қалыптасуы «шалажансар» дәрежеден аса алмауынан. Негізінен «ура-патриот» топтардың ұрандарынан аса алмауынан деп те ойлаймын. Ал, айналаға қарасаң да, тарихқа көз тастасаң да, ежелден келе жатқан ру-тайпалық сана-сезімді жоғалтпаған елдердің толыққанды ұлт болып қалыптасқанын көрмейсің!

Өткен замандардағы экономикамыздың – күн көру әдісіміздің – көшпелі мал шаруашылығының талабына сай мыңдаған жылдар бойы объективті түрде ру-тайпалық жүйемен күн кештік. Жаппай отырықшылыққа көшкенімізге (онда да зорлықпен) міне, 90 жыл болды. Бүткіл халықтық, ұлттық экономикалық, саяси-әлеуметтік ортақтасу тікелей күн тәртібіне енгеніне де (онда да мәжбүрлеп) сонша жыл болды.

Саналы түрде ортақтасу тенденциясы біздің ұлтымызда Ұлы Отан соғысы жылдарынан басталып, кеңестік кезеңнің соңына дейін жалғасты. Бірақ, алғашқы күшпен басталып, кейіннен белгілері саяси және экономикалық қажеттілікпен әрленгенімен, бәрібір, бодандық жағдайда қалыптасқан соң, оған толыққанды қол жеткізу мүмкін болмады. Түбірі сақталған «мұра» кейіннен саяси азаттық жағдайында, ұран бөлек, іс басқаша атмосферада аз уақытта-ақ күтпеген проблемаға айналып шыға келді. Қоғамның, бүткіл ұлттың саяси-экономикалық мүддесіне кереғар болғанымен, ру-тайпалық сана жекелеген көсемдердің, топтардың, «зиялылар мен сарай ақындарының» сакральды құндылықтарымен сабақтаса шыға келді. Әлеуметтің бұл сегменттеріне қазақ сөз жүзінде ұлт, ал іс жүзінде тайпалар одақтарының (жүздік құрылымдар), тайпалар мен рулардың конгломераты жағдайында тіршілік еткені қолайлы болды.

– Ұлттық ортақтастыққа қол жеткізу жолында ру-тайпалық жүйені, мейлі тек ру-тайпалық сезім-ақ бола қойсын, толық ысырып тастау мүмкін бе?

– Күдігіңізге толығымен ортақтаспын. Толық ысырып, басқаша айтқанда жойып жіберу мүмкін де емес. Күш қолданудың алуан түрін қолданған большевиктің қолынан келмеген, кімнің қолынан келуші еді! Онан соң, толық жоюдың қажеті де жоқ. Заман талабына сәйкес ру-тайпалық сезімнің экономикалық, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, тәлім-тәрбие салаларына әсерін төмендету тенденциясына қол жеткізгеннің өзі – үлкен прогресс. Қоғамдағы құқықтық қатынастардың қанат жайып, гүлденуіне бұл проблеманың тежеуіштік ролін ысырудың өзі – үлкен тірлік.

Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, ұлттың жағымды, заманға сәйкестенген моральды-психологиялық бетпердесін анықтайтын бұл генетикалық код жеті атаға дейін болса да жеткілікті сияқты. Негізі тұрмыстық деңгеймен шектелетін, қоғамдағы құқықтық қатынастармен ғана реттелуге тиісті мәселелерге қатысы жоқ, туысқандық, ағайындық араластық қазақта мәңгілік сақтала бергені ләзім.

Жеті атадан асса болды, ала арқанды кесіп, қыз алысуға да рұқсат беретін үрдісті бұрынғылар бекер бекітпеген. Бұл межеден асқан соң «пайдасынан зияны» деген. Бұл көшпенді феодалдық тәртіптің өзінде! Ал, бүгінгі ғаламдану дәуірінде, постиндустриалдық шаруашылықта, әлем қолданып отырған нарықтық экономика заманында 20-30 атадан асқан рулық, есепсіз атаны «біріктіретін» тайпалық қатынастың «пайдасы» айтпаса да түсінікті. Әрқайсысы жеке мемлекет болуға жарайтын «жүздік» құрылымдар бірыңғай мемлекеттік саясатқа араласпаса «өмір сүре» ала ма? Есесіне даму үдерісіне өте қажетті ұлттық ортақтастыққа, оның жан-жақты қырына тікелей кереғар! Ұлттық ортақтастықсыз, оның негізінде салтанат құруға тиісті қоғамдық ортақтастықсыз болашағымыз бұлыңғыр.

ЕКІНШІДЕН, ортақтастығы жарасатын елге заманауи даму үшін міндетті түрде ортақ ИДЕОЛОГИЯ қажет. Бізде, әсіресе соңғы он-он бес жылдар шамасында, кейбір азаматтар оны бар дейді. Біреулеріміз жоқ дейміз. Көп азаматтар, әсіресе жастар оның не екенін дұрыс түсінбейді де. Ол, ол ма, тіптен, мемлекеттік идеология саласында қызмет етеді деген «ішкі саясатшыларымыздың» өзі не бұқаралық ақпарат арқылы, не еңбек ұжымдарында кездесулер арқылы ол туралы ләм демейді. Таң қаласың. Тракторшылар техникасын баптап, жүргізіп, егінін егіп жатыр. Педагогтар жаман-жақсы сабағын береді. Аспаздар тамағын пісіреді. Зауыттағылар өнімін шығарады. Осылай кете береді. Сонда идеология саласының қызметкерлері не істейді? «Текучка» дей ме? Ағымдағы күнделікті (текучка) жұмыс әр сала өз негізгі міндетін атқарып отырған жағдайда ғана болады. Мүмкін, біздің елде онда деидеологизация үдерісі жүріп жатыр ма?

Менің ойымша, міне, осындай «идеологиялық жұмыс» атқарылып жатқаннан идеологиялық, одан туындайтын қоғамдық тәрбие салаларында «разброд и шатания» орын алуда. Абай атамыздың «бірлік (ортақтастық) жоқ, береке жоқ (дағдарыс), пейіл (ортақ идеология) жоқ…» дегені осы емес пе? Әйтпесе мемлекетімізде жаманды-жақсылы, орындалуы бірде былай, бірде олай болса да, ресми идеологияның конструкциясы бар. Мысалға алғанда: «Мәңгілік ел», «Унитарлы мемлекет», «Тәуелсіз ел», «Халық билігі», «Зайырлы қоғам»…, әрі қарай осылай кете береді. Орындалуы қандай дәрежеде, неге көпшілік «идеология» деген түсінікті «насихат», «үгіт» түсініктерімен шектеп қойған? Оны ашып көрсету бүгінгі сұхбатымыздың тақырыбына кірмейді. Сондықтан, бастапқы проблемамызға, «идеологиялық ортақтасу» проблемасына оралайық.

«Идеология» деген ғылыми және қоғамдық-саяси түсінікті алғаш рет ХIX ғасырдың басында, феодалдық тәртіп тоқырап, капиталистік өндіріс тәсілі өркендей бастаған дәуірде, ұлы француз ғалымы Дестюд де Трасси айналымға енгізген. Қоғамның негізі қолдап, мемлекет қабылдап, саяси күштер ұсынған болашақ мақсаттар, оларға қол жеткізу идеялары. Осы сакральды идеялардың квинтэссенциясы. Онан кейін бұл негізгі мақсаттардың туындылары болып табылатын осы идеялар жиынтығын дамыту, жетілдіру, уақыт талабына сәйкес жаңғырту, жаңарту, т.с.с. әрекеттер.

– Қоғамдық немесе ұлттық идеология деген құндылық қандай жағдайда түбегейлі өзгеріп тұрады?

– Негізгі бағыттары мен мәтіні қоғамдық-экономикалық формациялар өзгергенде ғана. Мысалы, жүз жылдай бұрын «социалистік идеология» орын тепкен кезде. Онан соң, отыз жылға жуық уақыт бұрын оны нарықтық экономикаға негізделген «тәуелсіздік идеологиясы» алмастырған кезде.

– Қазіргі уақыттағы үлгілі деп танылған елдерде билік құрылымын ауыстыруды көксеген сайлаулар кезінде алуан түрлі идеологиялар текетіресі орын алмай ма?

– Жоқ. Үлгілі елдерде идеологиялық текетірес орын алмайды. Себебі, бұл мемлекеттерде «идеологиялық ортақтастық» тұрақты. Билік сайлауындағы тартыс сол мезгілдегі, сол ортақ идеологиялық құндылықтарды, мейлінше тиімді, мейлінше сайлаушыға сүйкімді мазмұнда жүзеге асырудың стратегиясы мен тактикасы төңірегінде өрбиді. Мысалы, қазіргі уақытта АҚШ-та сайлау додасы қызып тұр. «Идеологияны ауыстырам, соған байланысты конституцияны ауыстырам, экономикалық жүйені сондықтанда алмастырам» деген үміткер сайлауға жақындай ала ма екен? Не елдің жауы, немесе есуас деп түсінсін!

Қысқасы: бізге қазір идеологиялық ортақтастық керек. Идеология бар деп түсінсек те, ондай құндылық қоржыны жоқ деп ойласақ та, халқымыздың басым бөлігінің оның бар екеніне, онсыз халықтың ортақтастығы, ұлттың тұтастығы болмайтынына көзін жеткізуіміз керек.

Қоғамдық, ұлттық идеологияның және мемлекеттік конституцияның екеуі екі дүние болғанымен арақатынасы органикалық, бірі бірінсіз өз функционалды міндеттерін елге қажетті ракурста атқара алмайды. Деспоттық, монархиялық, диктаторлық мемлекеттерде қоғамдық идеологияның да, конституцияның да, қажеттілігі шамалы. Ондайда идеологияны дін, конституцияны жоғарғы билік иесінің түсінігі мен қалауы атқарады. Өзін «демократиялықпыз» деп жариялаған ел (ал біз де сондай елміз) халыққа жағымды идеологиясыз және әділетті конституциясыз толыққанды, әлеуметтік проблемаларсыз өмір сүре алмайды. Егер бізде «идеология жоқ» дейтіндер, конституцияға сенімсіз қарайтындар аз болмаса, онда ішкі проблемаларымыздың да аз болмағаны.

ҮШІНШІДЕН, ХХ ғасырдың басында да, кейіннен большевиктердің дәстүрлі дінімізге көрсеткен құқайынан соң да, ғасырдың аяқталу тұсында да, қазақтың менталитетінде, психологиялық топтамасында діни сенімнің орны салмақты болып тұрды. Сүйте тұра 90-ы жылдары «жетпегені осы еді» дегендей діни кеңістігімізді басқаларға айқара аштық. Нәтижесінде бір қазақтар «дінімізді қайтардық» деп масаттанып жүрсе, басқа бір қазақтар «осылай кете берсек, алдымызда қандай жағдай күтіп тұр» деп күдіктенетін діни ахуалға алып келгендей болды. Ұлттық ортақтасуымызға сезінетіндей соққы беріп жүрген факторлардың біріне айналды.

Мәселе діннің, бұрыннан қазақтың сезімінен орын алған Ата дінімізде, біржарым жүз жылдан бері қатар көрінген православиеде емес. Менің өте діндар өз атамның әр намазынан соң «алдымен еліме, тағы да ұлтыма, кейін дініме аманшылық бер» деп тебіренетін тілеуінде емес. Мәселе бар дейтін мемлекеттік идеологиямыздың, оның құқықтық кепілі Ата заңымыздың «зайырлы» деген талабының парасатты жұртшылықтың көңіліндегідей орындалмауында!

Зайырлы мемлекет деген дін мен мемлекет екеуі екі бөлек деген түсінік емес пе? Діннің экономикалық, әлеуметтік, тәрбие, білім саясатына араласпауы заң талабымен қамтамасыз етіледі деген сөз емес пе? Ендеше, неге онда небір ағымдағы «жүнбеттердің» теледидардан бастап, небір тіршіліктерге араласуы жиілеп барады? Рухына, менталдық қасиетіне басынан аяғына дейін діни көзқарас терең сіңген, Алланы шақырып, ұнамағанына қарғыс жаудыратын азаматтар да мемлекеттік билік органында мемлекеттік шешімдерге белшесінен араласып отырған жоқ па? Осы және басқа да көптеген Ата заңымыздың зайырлылық талабына сәйкес келмейтін тұстары – ұлтымыздың саяси-әлеуметтік, ғұрыптық-психологиялық, рухани-идеологиялық ортақтасу үдерісіне қарсылық мазмұнында көрініп тұрғанында.

– Осы айтылған ұлттық ортақтасуға зиянды құбылыстарға қарсы не істеу керек деп санайсыз?

– Өркениетті елдердегідей құқықтық талап қатаң сақталу керек. Заң бойынша ресми рұқсат берілген дәстүрлі қауымдастықтардан басқасы атымен болмауы керек. Ағымдар мен секталардың бәріне тыйым шараларын қолданып, олардың бүлдірумен аты шыққанын күтпеу керек. Мысалы, түбіміздегі өзбек елін алайықшы. Олардың діндарлығы бізден әлдеқайда жоғары. Бірақ, тиісті құқықтық талап арқылы, астыртын болмаса, легалды түрде проблема жоқ. Тіптен, көрдіңіз бе, Өзбекстанда «ешкі сақалдыларды»?

ТӨРТІНШІДЕН, ұлттың да, қоғамның да, біздің өмір сүріп отырған заманымызда тыныштықпен, берекелі, ертеңгі күнге деген сеніммен тіршілік етуінің ең шешуші факторларының бірі – ӘЛЕУМЕТТІК ортақтастық.

Мұндай ортақтастықтың болмауы адамзат тарихында бір мемлекеттің ішкі өмірінің өзінде сансыз рет қанды текетірестерге алып келетін. Өткен ғасырдың басында жер жүзін дүр сілкіндірген әлеуметтік төңкеріс («Октябрь революциясы») аталмыш ортақтастықтың атымен жоқтығынан, езуші және езілуші тап деп ат қойып, айдар таққан әлеуметтік топтардың қанды қырғынынан орын алды. Бұл күндері, қуанышымызға орай, адамзаттың саналы бөлігі мұндай қырғынды өткеннің еншісіне ұзатты. Қазіргі кезде азаматтарының әлеуметтік ортақтастығы үлгілі елдерде (Швеция, Дания, Жапония, Норвегия, Оңтүстік Корея т.с.с) бұл тұрғыдан ешқандай проблема жоқ екенін көрсетуде.

Ал, біздің елімізде бұл мәселеден де кенжелеп қалғандықтан шешілуге тиісті, шара қолдану қажетті істер баршылық болып тұр. Әлеуметтік желілердегі статистикалық сандар рас болса, халықтың басым көпшілігінің күнкөріс деңгейі өздерін қанағаттандырмайды. «Қарны тоқ, киімі ақ, етігі көктер» саны 20 пайыздың төңірегінде білем. Есесіне аз уақыттың ішінде тапқан дүниесі көптігі соншалық, елдегі «хранилищелерге» сыймай шетелдерде сақтайтындар да бар дейді. Қаншалықты рас. Немесе, қаншалықты рас емес. Оны айта алмадым. Мені айтатыным: мұндай моральдық-психологиялық жағдайда ӘЛЕУМЕТТІК ОРТАҚТАСТЫҚ мәселесі шаралар легін қолдануды, «емдеуді» талап етеді.

– Сіздің пікіріңізше бұл мәселені оңалту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Менің пікірімше, осындай күрделі, ұлттық деңгейдегі проблема – мен сияқты кішігірім тарихшының емес, ірі саясаткерлер мен ірі ғалымдардың, әлеуметтанушылар мен саясаттаушылардың зерттеу объектісі болуы керек. Десек те, сұрақ туындаған соң, мүмкіндігіме қарай әрекеттеніп көрейін.

Алдымен мемлекеттік идеологиямыз, соған байланысты Конституциямыз елімізді өзінің алғашқы бабында «әлеуметтік» деп жариялаған соң, барлық саясатымыз, В.Ленинше айтқанда «саясатымыздың жиынтықталған көрінісі» — экономикамыз, осы конституциялық талапқа сай болуы керек. Еуропа жаққа көз тіксек Норвегия, Дания, Азияға мойын бұрсақ, Оңтүстік Кореяның, мұсылман елдері еске түссе, Малайзияның тәжірибесін терең зерттеп, мүмкін болған тұстарын алғанымыз дұрыс сияқты. Өтпелі деп бағалап жүрген отызға жуық жылымыздың орта тұсына дейін бірінші Президентіміз өзі жиі айтатын осы елдер тәжірибесі соңғы жылдарда есімізге көп түспейтін сияқты.

Түрлі сайлаулар кезінде билікке таласқан саяси партияларымыздың, сайлаушыларымыздың есіне конституциялық «әлеуметтік ел» үрдісін жиі естеріне түсіріп тұру қажеттілігі айқынданып тұр. Саяси мәдениеттің толыққанды болмауынан болса керек, өткендегі билік партиясының атынан барлық деңгейдегі депутаттық мандатқа таласу құқығына ұмтылғандар арасында өз басым құлақ қойып тыңдап, көңіл сейілтетіндей бірде-бір бағдарлама көрмедім. Сайлаушылардың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәдениеті осындай бәсекелерде қалыптасып, өсіп жетілмегенде енді қалай шешілмек?! Негізінен өкілді биліктің міндетіне кірмейтін, әрі кетсе қоғам белсенділерінің әрекетінен аспайтын, «майда-шүйде» уәделер! Сайлаушылар мен олардың қалаулыларының өз құқықтары мен заңды міндеттерін бұлжытпай орындаулары ортақтасу үдерісінің құрамдас бір бөлігі.

Онан басқа болашаққа адымдап жылжудың бір жолы болып өткендегі тоталитарлық тәртіптің, феодалдық тәртіптің, әдеттік тәртіптің қалдықтарынан біржола құтылып, толыққанды құқықтық қатаң тәртіпке көшу табылады. Әйтпесе «баяғы жартас, сол жартас». Өркениетті елдердің азаматтары сияқты қазақтың да санасында, сезімінде, мәдениетінде, түсінігінде, әдеті мен ғұрпында құқықтық қатынастардың мазмұны сөзсіз гүлденбесе болмайды.

Нарықтық қатынас, төмен жалақы мен жоғарының еселік айырмасында шексіздіктің орын алмауы керек. Прогрессивті салық жүйесі, мемлекеттік табысты әлеуметтік қайта бөлу (социальное перераспределение) тәртібі, әлеуметтік-экономикалық үдерістерде коррупцияның, жемқорлықтың, алаяқтық пен ұрлықтың атымен болмауы – сөзсіз қажеттілік. Міне, осындай құндылықтар негізі – алдағы дамуымыздың кепілі болады деп ойлаймын.

Бір кезде, сол уақыттағы Президентіміз жариялаған, кейін естен шыға бастаған «Жаппай еңбек қоғамы» деген ұранды жанды түрде қайта тірілтуіміз керек. Мемлекеттен «қайыр-садақа» дәмету, бай-манаптардың өздеріне пиар керек сәттегі «жомарттығынан» дәмету сияқты ертеден қалған бейшаралық фактілерді естен шығару керек. «Жер менің де ата-бабамнан қалған, табиғи байлықтан түскен табыстан үлесімді әкел!» дейтін жатыпішерлікті меңзейтін сорлылық та ешқашан есітілмеу керек.

ЖЕР ортақ, ел де ортақ. Әркімге тіршіліктегі алатын орны, сіңірген еңбегінің бағасына қарай. Ол үшін ӘДІЛ САЯСАТ пен ҰЛТТЫҚ ОРТАҚТАСУ ауадай қажет!!!

– Құрметті Сапарбек МҰСАХАНҰЛЫ, пікіріңізді бүкпей бөліскеніңізге ризалығымды білдіремін. Қоғамдық ортақтасу, ұлттық бірлік алдағы тіршілігіміздің ең басты мақсатқа жеткізер жолы деген ой-түйініңізді көзі қарақты қандастарымыздың негізі түгел қолдайтынына мен де сенемін.

Сұхбаттасқан

Қуанышбек БОТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *