ҰЛЫЛАРДЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ

Руханият Қоғам
1 663 Views

«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» – деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, ұлттық құндылықтарды ұлықтау – ұрпаққа парыз екені ақиқат.

Елім, жерім деп елдің тыныштығын, халықтың келешегін ойлаған бабалардың болашақ ұрпақ алдында алатын орны ерек. Осыған байланысты Ұлы дала даналарының бірі Әйтеке би Байбекұлының 375 жылдық мерейтойына орай белгілі қоғам қайраткері, заңгер, «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараевтың бастамасымен Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Сарапхана елді мекенінің «Бабалар рухына тағзым» кешенінде үш жүздің бірлігін сақтауға шақырған ұлттың Ұлы билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерге арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы болып өтті.

Тәңірдің жебеуінен бе, бабалар рухының қолдауымен бе, әйтеуір бір тылсым күштің әсерінен елді әбігерге салып, он күн толассыз жауған жауынның беті қайтып, күн жайма-шуақ нұрға бөленді. Табиғат-Ана да оң істің жүзеге асуына дәнекер болғандай, жер бетінің әсем көріністеріне куә етіп, жасыл желекке толы сұлу баурайымен шараға қатысушы барша жұртты тәнті етті. Бұл да бір Қазақ елін Жаратқанның жарылқағаны іспетті.

«Ағаң келсе – ардақтап атын байлағандай, қонағың келсе – құрметтеп, көңілін жайлағандай тындырымды ісің болғанға не жетсін»,– деген Әйтеке биіміздің мағынаға толы сөзіне қолға алынған шара дәлел жауап болғандай ма дерсіз.

Аталмыш шараға Түркістан облысының әкімі, Мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары, жалпы білім беретін мектептің мұғалімдері, мұрағаттар мен өлкетану мұражайларының қызметкерлері, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ертеде билер өздерінің қанжардай тіліп түсер өткір сөздерімен ел ішіндегі даулы мәселелердің ушығуының, елге төнген қауіп-қатердің алдын алып, оң шешімін тауып отырған. Өз әділдіктерімен елге сыйлы, қоғамға әйгілі болған. Осындай Ұлыларды бүгінгі ұрпақ ұмытпайтыны белгілі. Сондықтан да бұл үлкен жиынның Қазақ халқы үшін маңызы зор.

Шараға қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Асанәлі Әшімов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов пен мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, “Ардагерлер ұйымы” РҚБ төрағасы, қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетов сынды зиялы қауым өкілдері еңселі ескерткіштің лентасын қиып, гүл шоқтарын қойды.

Еліміз өсіп, өркендей берсін, ұлтымыздың, мемлекетіміздің ғұмыры бітпесін, тіршілігі толастамасын деген ниетте қонақтар Мәңгіліктің ағашын отырғызды.

Шарада сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев:

– Құрметті халайық, қадірлі зиялы қауым! Біз киелі Қазығұрт тауының етегінде ұлттың Ұлы билерін құрметтеп, көкке көтеріп, еңселі ескерткіштің ашылуына арнайы жиналып отырмыз. Бүгінгі өткізіліп отырған шараның маңызы орасан зор. Өйткені, тарих беттеріндегі алқа билердің есімдерін қайта жаңғыртып, өнегелі өмірлерін өскелең ұрпаққа үлгі етудің өзі үлкен тәрбие екені анық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тәуелсіздігін нығайту бағытындағы қажырлы еңбегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары қазақстандықтар арасында зор серпіліс тудырып, ауқымды жұмыстардың жүргізілуіне жол ашты. Білім, ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер салаларында бұрын-соңды болмаған бастамалар жүзеге асырылуда.

1993 жылы Ордабасы тауында өткен ауқымды жиында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел басына туған ауыр күндерде қазақ халқының басын қосып, ортақ жауға қарсы күш біріктіріп, елдің тұтастығын сақтауға атсалысқан Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерге ерекше тоқталып өткен болатын. Оларды әрдайым дәріптеп, есімдерін асқақтатып, болашақ ұрпаққа өнеге етуді тапсырғаны есімізде. Өткен жылы Түркістан өңірінің жұртшылығы тарихта өзіндік орны бар «Орбұлақ» шайқасының 375 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті. Қасиетті Қазығұрт тауының етегінде «Бабалар рухына тағзым» кешеніне Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүрдің ескерткіштерін орнатуды орынды деп білді. Ал бүгін Ұлы даланың ұлыларының бірі – Әйтеке би Байбекұлының 375 жылдық мерейтойына орай ұлттың ұлы билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерге арнайы орнатылған ескерткіш елдігіміз бен бірлігіміздің айғағы екендігін көрсетті.

Құрметті қауым, қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш биді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Олардың басты мақсаты – ел тәуелсіздігіне қол жеткізу, қазақ халқының ынтымағы мен бірлігін нығайтуға бағытталған. «Бабалар рухына тағзым» кешеніндегі бұл ескерткіш тоғыз жолдың тоғысында орналасқан. Осында келуші туристердің де назарын бірден өзіне аударары сөзсіз. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің көрінісі деп айтқан болатын. Осы тұрғыда игілікті істің ұйытқысы болған «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білікті заңгер Бекет Тұрғараұлына ризашылығымды білдіремін. Елдің бірлігі, халықтың тірлігі үшін жаңа жобалар, оң бастамалар көтеріп, туған өлкесінің өркендеп, дамуына ниет білдірген азаматтар болса, біз әрқашан қолдайтын боламыз,– деп Мәңгілік елде мақсат тұтқан ізгілікті ісіміз жалғаса берсін деген ниетте сөзін қорытындылады.

Құттықтау сөз кезегін Республикалық ардагерлер ұйымының Орталық кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов жалғастырды:

– Қайырлы күн, құрметті ағайын! “Елге бай құт емес, би құт”, – деген ұлағатты сөз бар және де “Тобықты Әнет бидей баталы бол, Кіші жүз Әйтекедей аталы бол”, – деп атақты Сегіз серінің батасында айтылғандай, аталы тұқымнан шыққан Әйтеке би қазақтың үш биінің жасы үлкені. Әйтеке би әйгілі Самарқанның әмірі Жалаңтөс Баһадүрдің немересі. Ұлықбек медресесінде оқып, тәлім алған. Тәуке ханның кеңесшісі әрі биі болған. Жоңғарлармен болған ұрыстарда қол бастаған батыр. 1698 – 1699 жылдары Түркістанда өткен екі үлкен жиында аса құнды, тарихи ұсыныстар енгізген. Өкінішке орай, бұл ұсыныстарды Төле би, Қазыбек билер қолдағанымен, рулар билігі бұрынғыша қалып, жергілікті хандар мен сұлтандар ескі саясатын жалғастыра берді. Осы жиыннан кейін Әйтеке би қатты науқастанып, 1700 жылы 56 жасында дүниеден өтті. Денесі Өзбекстандағы Науаи облысында жерленген.

Кезінде елге белгілі билер әулетінен шыққан Қазыбек би 1665 жылы дүниеге келген. 1659 жылы дүниеге келді деушілер де бар. Өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, қара қылды қақ жарған қаз дауысты Қазыбек би «Алты Алаштың ардағы» деген атаққа ие болған. Қазыбек би Тәуке ханның кезінде Орта жүздің биі болып тағайындалып, Жоңғар басқыншылығына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі ретінде танылған. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Жоңғар шапқыншылығы күшейіп, жан-жақтан қыспаққа түсіп, ел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қаупіне ұшыраған кездегі Қазыбек бидің еңбегі бүтін бір тарих іспетті. Өнегелі өсиет сөздері халық қазынасының қорынан лайықты орын алған. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген.

Қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлесін қосқан атақты үш бидің бірі – Төле би. 1663 жылы дүниеге келген. Кейбір деректер 1657 жылды көрсетеді. Жастайынан арабша, парсыша сауатын ашқан. Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билермен бірге Тәуке ханмен үш жүздің басын қосып, қазақтың бірлігін нығайтуды, Жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, өзбек, қарақалпақ халықтарының жауынгерлік одағын құруды ұйымдастырған. Абылай ханды азамат қатарына қосуда Төле бидің еңбегі орасан. Төле би халық арасында “Қарлығаш әулие”, “Қарлығаш би” деген атпен де танымал. Бұл атаулар жайында аңыздар да бар. Төле би Ташкент қаласында жерленген.

Қазақтың аты аталған әйгілі үш биі «Жеті жарғы» атты заң жобасын жасаған. Тәуке ханның тұсында жасалып, халық кеңесімен сарапталып, қабылданған көшпелі халықтың ел билеу заңы. Сол замандағы маңызды жеті ереже аса құнды құжат болды. Ұлы үш биіміз тарих төрінен ойып тұрып орын алады. Әсіресе еліміздің егемендігінен кейін аймақтарға, елді мекендерге, көшелерге билеріміздің аты беріліп, ескерткіштер орнатылды. Бүгінгі Түркістан облысы Қазығұрт ауданы, Сарапхана елді мекені «Бабалар рухына тағзым» кешенінде қазақтың үш биіне арналған ескерткіштің ашылуы 2018 жылы 21 қарашада жария етілген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған мәселелердің бір көрінісі. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та еліміздің аймақтарына іссапарын осы тарих тұнған Түркістан өңірінен бастады. Өткенімізді білмей, бүгінімізді бағаламай, ертеңімізді болжай алмайтынымызды түсініп, ұлт тарихын санаға сіңіру – біздің негізгі міндетіміз. Осы үлкен іс-шараны ұйымдастырушыларға, Бекет Тұрғараев мырзаға ризашылығымызды білдіреміз. Сөзімді Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың сөзімен тәмамдаймын. Біз халқымыздың кешегі көсемдері, бүгінге дейін рухани ұйытқысы болып келе жатқан ардақты арыстарымыздың атын ұлықтап, даңқын асыруға перзенттік қызмет көрсетуге құлықтанып жатқан қай бауырымызға да, қай ұжымға да ақ пейілмен алғыс айтып, істеріне сәт тілейміз! – деген Бақтықожа Ізмұхамбетов атақты билердің өмір тарихына шолу жасап, тындырымды істің ұйытқысы болған азаматтарға шексіз алғысын білдірді.

Өнерпаздар Құрманғазының күйі – “Адайды” домбырамен күмбірлете шертіп, қонақтарды дала әуезіне бөледі.

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов сөз алды. Ол өз сөзін:

– Қазақ болып туғаныма қуанам,

Әсіресе оның өнерін қуғаныма қуанам.

Театрда, сахнада үлкен кейіпкерлер жасап,

Өмірге келіп, қайта туа алам.

Қазақтың байтақ жеріне қуанам,

Әр түскен көңілімді таза ауамен жуа алам.

Қаншама қиындық болмасын,

Белімді бекем буа алам, – деп елге, жерге деген зор ілтипатпен, қуанышпен бастап, Керей мен Жәнібектен Абылай ханға дейінгі қазақтың хандық, мемлекеттік тарихы – ұлы тарих. Әр уақытта біз осылармен мақтанамыз. Елдің өсіп-өркендеп, қанат жайып келе жатқандығына қуанамыз. Осы кезеңге дейін қаншама ұлыстар мен ұлттар жойылып кетіп жатыр. Ал, бізге мұрағат етіп қалдырған сол ата-бабалардың жерін біз сақтап отырғанымызға қуанамын. Еліміз кең, ұлы әрі байтақ. Жеріміз қандай кең болса, көңіліміз де сондай кең. Бүкіл әлемде қазақ халқының жайдары мінезіндей, кең пейіліндей ел жоқ. Сол еліммен, тарихыммен мақтанамыз. Осыншама еліміз бен жерімізді, табиғаттың сұлулығын, жердің үстіндегі, астындағы байлығымызды айтып мақтанатын кездер көп болады. Бүгін сол елдің кеңдігі, байлығы, ақылдылығы арқасында осындай игі шара қолға алынып отыр. Осы іске мұрындық болған Бекет Тұрғараев бауырымызға рақмет. Үнемі халықтың қамын ойлап, оңтайлы қызметтер жасап, ізгілікті істермен бас көтеріп жүрген азаматтардың бірі екені баршамызға аян. Осындай тұлғалардың саны елімізде арта берсін. Жақсылық болып, мемлекетіміз мәңгілік сақталып, Мәңгі ел болайық!– деп ағынан жарылып, барша жиылған қауымды құттықтады.

Думанды, салтанатты жиын Республикаға еңбегі сіңген танымал әншілердің концерттік бағдарламасымен, спорт ойындарымен жалғасты.

Дүбірлі, дүйім елді тамсандырған үлкен шараның іске асуына бірден-бір себепкер тұлға Бекет Тұрғараұлы Тұрғараев жиынның соңында:

– Ардақты халқым, құрметті Отандастар, жерлестер! Бүгін Ұлы бабаларымызды құрметтеп, әруағын тірілтіп жатқанымыз ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты ұлтты ұйқысынан оятқан ұлы бастамасына біздің жасап отырған перзенттік парызымыз, бабалар әруағына деген елдік қарыз тірлігіміз болғаны. Сондықтан да біздің шақыруымызды қабыл алып, алтын уақыттарыңызды бөліп осында келіп, елдің, халықтың ортасында болғандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Еліміз жаңа кезеңге, жаңа бастамаларға көшуде. Осы ретте Тұңғыш Елбасымыз көтерген «Мәңгілік ел болу» қағидаттарын іске асыру үшін әрбір Отаным деген перзент өзінің еліне, туған жеріне, Отанына ерінбей қызмет етсе, ешқашан артықтық етпейді. Бұл шара да елге, жерге деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі ғана. Сондықтан алдағы уақытта да ұрпағымыз, болашақ жастар осындай істерден үлгі, өнеге алып өссін, ұлы бабаларын құрметтеп жүрсін, біз жоқ жерден пайда болмаған халық екенімізді, тарихымызды білсін деген ниетте ұлылардың ескерткішін орнатып отырмыз. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, өткенін білмеген ел өрге қарай баса алмайды. Сол себепті тарихымызды қадірлеп жүрсек ісіміз алға басады. Ел басқарып отырған азаматтардың  осы іске көңіл бөліп, уақытын сарп етіп келіп отырғандарына тағы да рахметімді айтамын. Барлықтарыңызға жақсылық, отбасыларыңызға амандық, ойға алған асыл мұрат, арман, тілектеріңіз орындала берсін. Қазақстанның түкпір-түкпірінен  келген қонақтарымызға және осы игі іске деген ойымызды қолдап-қолпаштап, қолтықтан демеген ағаларымызға да ризашылығымды білдіремін. Енді осында бабаларға арналған шаңырақ бар сол ұлы шаңыраққа кіріп, астан дәм татып, бабалар рухына құран бағыштайық. Түгейболат бабаның төрт баласынан тараған «Мәңгілік ел», «Тәуелсіздік», «Бірлік», «Асыл ана» деген төрт киіз үй тігілген. Сол үйлерге бас сұғып, дәмнен ауыз тиіңіздер, ағайын, – деп Ұлы билерге арналған үлкен асқа шақырды.

Саналы да салиқалы бабалардың ізін жалғап, көрегендігін үлгі еткен, қадірлі сөздің қасиетін түсінген ұрпақ көпшілікке өнегелі іс ретінде келген қонақтардың баршасына кітап, газет-журналдарды сыйға үлестірді.

Үлкен жиын үшінші ірі мегаполис атанған Шымкент қаласындағы «Отырар» кітапханасында билер қауымының маңызын талқылау мақсатындағы конференцияға ұласты. Мәжілісте алғаш сөз алған заңгер, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев іс-шараның негізгі арқауын түсіндіріп, маңызына тоқталып өтті.

Бұл конференцияда заң өкілдері, ардагерлер төрағасының мүшелері қазіргі сот саласында қолға алынып, басты назарда жүрген мәселелердің бірі де бірегейі – сотқа дейінгі татуластыру мәселесі жөнінде және медиация төңірегінде өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды.

Ұлы билердің ізін жалғап, ел ішіндегі ішінара кішігірім даулы мәселелердің алдын алу негізіндегі осындай шаралардың халыққа тигізер пайдасы мол екені анық.

Осы орайда елге үлгі боларлық осындай игі шаралар көбейе берсін деген ниетте «Әділет.Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы атынан:

Киелі Қазығұрттың төрінде,

Кереметтей Сарапхана елінде

Бой көтерді еңселі биік ескерткіш,

Дүйім жұртым, көрдің бе?!

Ықпал етіп Тұрғараев көкеміз,

Үш биге арнап тұрғызды алып ескерткіш.

Туған жерін қадірлеген өр ұрпақ

Даңқын жырлап өлеңмен сыр шертеміз.

Өмір мынау көрсеткенмен паң қылық,

Ұрпақтар жүр бабалар рухын жаңғыртып.

Алғыс айтып, риза елің қашан да,

Өнегесі бабалардың еленуі – заңдылық.

Өзге жұрттар бізге қарап таңырқасын, таң қалсын,

Бабалар ізін әрқашан рухты ұрпақ жалғасын.

Ғибраты мол билерінің үш жүзімнің

Ұлылығын дәріптеуден ешбір қазақ талмасын,

Жаратқан қолдап елімді, түспесін еш арға сын! – дегіміз келеді.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА,

арнаулы тілшіміз.

Шымкент – Қазығұрт – Шымкент.

ҮШ БИДІҢ ҰШАН ТЕҢІЗ ҚАСИЕТІ

Қазығұрттың қақ төрін дүр еткізіп,

Қамшы жырды сілтеу де жүректілік.

Бабалар рухына тағзым еттім,

Алла деп, табанымды тіреп тұрып.

Куә боп, шыққан Күні, Айлы аспаны,

Қазақтың қайта оралды бай дастаны.

Мәртөбеге жиғандай мұқым жұртын,

Малдас құрып үш Бидің жайғасқаны.

Билер, Билер сасқанда ой табатын,

Кесіп, кесіп керегін айта алатын.

Уықты елдің намысын атам қазақ,

Уытты ердің тілімен қайтаратын.

Артық көрген билерін бек, төреден,

Тауып айтқан балаға тек демеген.

Сөздің інжу маржанын асылдар-ай,

Көмейлері бүлкілдеп төкпелеген.

Адамзаттық ар-ұят қорғалар деп,

«Мәңгілік ел» билерден қалған өрнек.

Билер жазып таратқан жеті жарғы,

Жеті қат, көкке бастар жоя бояр ма еді.

Қия аямай қорқауларды көсем дейміз,

Ұялмай сақауларды шешен дейміз.

Езілген көлеңкеде су тезектей,

Бықсимыз, түтіндейміз, бәсеңдейміз.

Байлар көп шыбынын да шығын көрген,

Тағдырдың дауылы емес ығын көрген.

Бауырын Қазығұрттың байытсын деп,

Тұлға етіп Тұрғараның ұлын берген.

Жаманның өлісі не, тірісі не?

Халқының жарамаса бір ісіне.

Мансаптың буыменен секіргендер,

Жетпейді бір Бекеттің сірісіне.

Еске алып ел қорғаған шейттерді,

Көтерді жер боп кеткен бейіттерді.

Заңғар ұлың елдікті ұқсатқан соң,

Ұлы далаң, керемет кейіпке енді.

Ұлтым дейтін үзілмей ізгі жетек,

Арғы бергі тарихты сүзді көсеп.

Ақын, жырау, әулие, батырлардың,

Рухтары жебесін сізді Бекет.

Қазақты кеміткен кім, кекеткен кім,

Түйедей мұрындықты жетектелдің.

Шонжар емес, қанжар тіл қақ айырып,

Қысылғанда парызын өтепті елдің.

Адамзат қолындағы барды жасар,

Бірігіп бітпес дауды малдыға сал.

Құз демей, қия демей, қуа бермей,

Жол тапқан жақсыларды алдыңа сал.

Не керек жалған намыс қау көкірек,

Кірмесең үзеңгіңді дауға шіреп.

Алдыңдағы дұшпан да қауіпсіздеу,

Арқаңды тура қалсаң тауға тіреп.

Бабаларым қазынам бас иетін

Жүрекке жаз, тастағы өсиетін.

Қаршадай жастарыма жұқтыра гөр,

Ұшан теңіз, Үш бидің, қасиетін!

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА,

Қазақстанның халық ақыны,

Парасат орденінің иегері,

Оңтүстік Қазақстан облысының,

Отырар ауданының құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *