«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ БАТЫРЛАРЫ – ҰЛТТЫҢ РУХЫ»

Тұлға
2 149 Views

Ақ тулы Сіргелі Жабай батырдың туғанына – 290 жыл

Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Бәйдібек баба» республикалық қоры (Алматы қаласы) және «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» ғылыми-зерттеу орталығымен бірігіп «Ұлы даланың тұлғасы – «Ақ тулы Сіргелі Жабай батырдың туғанына 290 жыл толуына орай «Ұлы даланың батырлары – ұлттың рухы» атты Халықаралық ғылыми конференция өткізді.

Басқосудың негізгі идеясы мен мақсатына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын іске асыру аясында «Ұлы дала тұлғалары» ғылыми-көпшілік іс-шараларын жүйелеу, еліміздің белгілі тұлғаларының өткен тарихи кезеңдерін және қызметін көрсету; Қазақ Елінің тұлғасы – Сіргелі Жабай батырдың рөлін зерттеулерді белсендіру және жүйелендіру кірген.

Аталмыш іс-шараның міндеті Қазақстанның тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіру ретінде терең зерттеулерді жүргізу; 1728-1810 жылдары Қазақ даласында өмір сүрген Сіргелі Жабай батырдың қоғамдық-саяси өмірін зерттеу; атақты тарихи тұлғаларымыздың және қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жайлы мағлұматты жандандыру және зерттеу жұмыстарын жүйелендіру; қазіргі тарих, әдебиет, музыка, театр, бейнелеу өнеріндегі тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу. Қазақстан мен Еуразия кеңістігіндегі перспективалық ғылыми-зерттеулерді қолдау, жаңа бағыттарын талқылау болатын.

Халықаралық ғылыми конференция мына бағыттар бойынша жұмыс жасады:

1. Ұлы даланың тұлғасы – Ақ тулы Сіргелі Жабай батырдың рөлі;

2. «Архив 2025» – жаңа деректер, Қазақстандағы гуманитарлық білімдегі өзекті мәселелер;

3. Еуразиялық кеңістіктегі жаңа бағыттардағы зерттеулер: «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламаларының іске асуы.

Конференцияға Ресейден (Татарстан), Өзбекстаннан, Қырғызстаннан тарихшы ғалымдар қатысты. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Түркістан қалаларының, республикалық жоғары оқу орындарының ғалымдары, «Рухани жаңғыру», «Қазақтану – Ұлт Академиясы»,«Археология және этнология», «Сұраншы батыр атындағы тарихи тұлғаларды зерттеу орталығы, «Түркітану», «Тарих және этнология», «Әдебиет және өнер» ғылыми институттары мен ғылыми орталықтардың қызметкерлері, Түркістан өлкетану мұражайы мен Шымкенттегі «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкерлері белсенділік танытты. Конференция бағыттары бойынша ғылыми зерттеулердің тақырыптық тұсаукесерлері ғылымдар жетістіктерінің көрмесі өткізілді.

Қадірменді қонақтарға қазақ халқы батырлар институтының және қаһармандарының ұлттық рухын қайта жандандыруда зор маңызға ие Жабай батырдың ғылыми зерделеуіне зор үлес қосатын жазушы, профессор, Қазақстан Республикасы Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, «Бәйдібек баба» республикалық қорының президенті (Алматы қаласы), М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің Құрметті профессоры, Алматы облысының Құрметті азаматы Нағашыбек Қапалбекұлының құрастыруымен жарық көрген ғылыми-танымдық «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» (Алматы қаласы, «Жамбыл» баспасы, 2019 жыл) кітабы ұсынылды. Бұл туынды Жабай Қазыбекұлының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі жайлы жүйелеу және мақалалардың жинағы болып табылады.

Айтулы басқосудың жұмысына Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдіктері қолдау көрсетті. Мемлекеттік қайраткерлер, жас ғалымдар, республикалық қоғамдық қорлардың, жастар саясаты бөлімдерінің, Шымкент қаласы білім басқармасының өкілдері қатысты. Халықаралық ғылыми конференцияға жүзден астам мақала мен өлең түсті. Пленарлық және секциялық мәжілісте 54 баяндама тыңдалды. Конференция материалдары «Ұлы даланың батырлары – ұлттың рухы» атты Халықаралық ғылыми конференцияның ғылыми жинағында», ал үздік мақалалар М. Әуезов атындағы ОҚМУдің «Qazaqtany» республикалық ғылыми журналының №3 санында жарияланды.

* * *

Конференцияны М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректоры Марат Исақұлы Сатаев кіріспе сөзбен ашты. Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдері – Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымов пен Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің конференцияға жолдаған құттықтауларын тиісінше, Қазақстан халқы Ассамблеясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары — хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов пен Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Еркінұлы Исабек оқып таныстырды.

Жазушы, профессор, Қазақстан Республикасы Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, «Бәйдібек баба» республикалық қорының (Алматы қаласы) президенті, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің Құрметті профессоры, Алматы облысының Құрметті азаматы Нағашыбек Қапалбекұлы «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» деп аталатын баяндамасынан кейін конференцияның атына келіп түскен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері, ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменов, ғарышкер, Ресей Федерациясының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының авиация генерал-лейтенанты, техника ғылымының докторы, профессор Талғат Мұсабаевтың жеделхаттары мәтінімен таныстырып шықты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз құттықтау сөз сөйледі.

Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Халықаралық Жоғары мектептер академиясының академигі Қалдыбек Сәбденұлы «Жабай атаның рухы мені жебейтін», «Тектіден текті туады»; Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері – Құрметті судьясы, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараев «Есімі ел есіндегі дара тұлға» тақырыптарында баяндама жасады.

Пленарлық мәжілісте «Су ресурстары – Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бақылау кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері, техника ғылымының кандидаты, Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент, Түркістан қалаларының, Түркістан облысындағы Бәйдібек, Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан, Тарбағатай аудандарының Құрметті азаматы Анарбек Орманов «Жабай ата әруағы бәрімізді жебейді», «Тарихтан – тағылым, өткеннен – өнеге»; Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, тарих ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ханкелді Әбжанов «Батырлар заманының ақ тулы тұлғасы»; Қазан федеральды университеті Халықаралық қатынастар институтындағы «Тарих ғылымдары мен әлемдік мәдени мұра» мектебі, «Аймақтану және Еуразиялық зерттеулер» кафедрасының профессоры, тарих ғылымының докторы Раиль Фахрутдинов (Ресей Федерациясы, Татарстан) «Алтай және Орталық Азия: түркілердің бесігі»; Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Берекет Кәрібаев «Сіргелі Жабай батырдың тұлғалық қасиеттері туралы»; И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры, мемлекеттік басқару ғылымының докторы Досаалы Иманбердиев «Элдик курултай институтун мыйзамдаштыруу жана аны онүктүрүү маселелери»; Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Тарих институты кеңес кезеңіндегі Өзбекстан тарихы (1917-1991) бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Қахрамон Раджабов «Жабай тоқсаба әулие»; Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының профессоры, «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев «Жабай батыр – қазақтың ерлік дәуірінің сарқыты»; Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті тарих кафедрасының профессоры, тарих ғылымының докторы Мұхтар Қожа «Алтын орданың беклербегі – Ойсыл»; Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай «Жабай баба ғасырлармен тілдессе»; И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымының кандидаты Абдырахман Алымбаев «Эпикалық ақынның шамандық миссиясы»; Қазақстан Республикасының тұңғыш мүфтиі, хазіреті, профессор Рәтбек қажы Нысанбайұлы «Өткеннен – өнеге, бабадан –тағылым»; Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы «Сіргелі Жабай батыр дәуірі және оның тұлғалық келбеті»; тарихшы-этнолог, «Қазақтану» ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры, «Қазақтану – Ұлт Академиясы» консорциумының президенті Мұхитхан Миразов «Төле би және Жабай батыр. Шындыққа жаңа көзқарас»; шымкенттік кәсіпкер Талғат Айтбаев «Сіргелі Жабай батыр ұлттық және тарихи тұлға» тақырыптарында баяндама жасады.

«Ұлы даладағы Ақ тулы Сіргелі Жабай батырдың рөлі» атты бірінші секцияда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Серік Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Темірхан Тебегенов «Ұлы дала батырларының әдеби көркем тарихнамасы және ақ тулы Сіргелі Жабай батыр тағылымы»; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің философия, саясаттану және дінтану институты дінтану бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан дінтанушылар конгресінің төрағасы Бақытжан Сатершинов «Қасиетті құндылықтар және киелі Жабай батыр»; Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты (Ph-D), доцент (ассоцирленген профессор) Нұрлан Атығаев «Жабай атының кіші Отаны – Сырдария өзені жайлы біршама тарихи мәліметтер»; жазушы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Нұрдәулет Ақыш «Зерттеудің нысаны, киелі сөздің кейіпкері»; алматылық жазушы, журналист Нұрғали Ораз «Жабай бабаның басынан кешкендері мен оның киелі белгісінің керемет қасиеттері туралы хикаялар»; Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымының докторы Зейінәбіл Айдарбеков «Рухани жаңғыру»: жастардың болмысындағы ұлттық сана мен өскелең ұрпақтың болмысындағы тарихи сананы қалыптастыру»; Абай атындағы ҚҰПУ әлем тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымының докторы Айткүл Махаева «Ташкент және оның төңірегіндегі қазақтар (Сіргелі Жабай тоқсаба өмірінен)»; ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының ғылыми хатшысы Салтанат Әшімова «Ұлы даланың мәлім де беймәлім тұлғалары: әулиелік болмыс пен шипагерлік қасиет»; алматылық жабайтанушы Асқар Сәбитов «Жабай батыр ақиқаты қашан анықталады?», «Жабайлардың аражігін ажырату не үшін қажет?»; алматылық ақын Талғат Қадырұлы «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр»; алматылық ақын, Мағиза Құнапияқызы «Ақ тулы Жабай батыр рухына»; жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының директоры Шойбек Орынбай «Түбі текті батыр Жабай», «Ерен ер, қасиетті кемеңгер»; ақын Әмзе Қалмырзаұлы «Баба қасиеті дарыған ақын»; сарыағаштық журналист Зухра Қамбарова «Бабаның құдіреті шексіз»; тарихшы-этнолог, «Қазақтану» ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры, «Қазақтану – Ұлт Академиясы» консорциумының президенті Мұхитхан Миразов «Абыз әулие, айтулы батыр»; М. Әуезов атындағы ОҚМУ «Абайтану» ғылыми оқу орталығының аға қызметкері, филология ғылымының кандидаты, доцент Сейдалы Оразалиев «Сіргелі Жабай батыр және Қоқан хандығы»; жазушы, тарихшы, шежіреші, Қазақстан педагогика академиясының профессоры Момбек Әбдәкімұлы «Жабай атаның танылмаған қырлары», «Жабай батырға Абылай ханның ақ туы қалай берілді?» тақырыптарында баяндама жасады.

Тарихшы, Сұраншы батыр атындағы тарихи тұлғаларды зерттеу жөніндегі ғылыми орталықтың қызметкері, ғылыми-зерттеу бас басқармасының бас маманы, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дегі кіші академияның жас зерттеушілер мен мұра жасаушылар ғылыми-зерттеу басқармасының басшысы Шолпан Торғауытоваға Халықаралық ғылыми конференцияны ұйымдастыру комитетінің атынан Алғыс хат табыс етілді.

Шымкент қаласындағы №33 жалпы орта мектебінің сынып оқушысы Аружан Якуда «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» өлеңін оқыды.

* * *

Екінші күні Сарыағаш ауданындағы Әлімтау ауылдық округіндегі Сіргелі Жабай батыр кесенесінде ұлы бабаның рухына арнап ас берілді. Алыс-жақыннан ат арытып келген қадірменді қонақтар қаһарман да данагөй баба зиратына тәу етіп, Құран бағыштады. Хас батырдың өмір жолынан сыр шертетін сахналық көрініс қойылды. Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, ақын-жазушылар – Әмзе Қалмырзаұлы, Момбек Әбдәкімұлы, тағы басқалар сөз сөйледі.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Шымкент – Сарыағаш – Шымкент.

ЖЫР ШАШУ

АҚ ТУЛЫ СІРГЕЛІ ЖАБАЙ БАТЫР

Қазақ деген текті ұлы ғажабы көп,

Жерінің де кең-байтақ тарабы көп.

Ақын да, батыр да көп сол байтақта,

Ақынның, батырдың да талабы көп.

Бірі көсем, шешен де орақ тілді,

Мың бір түрмен жеткізер әрбір мінді.

«Білімді мыңды жығар» деген сөз бар,

Ендеше жығады ғой білекті бірді.

Мыңды-дағы бірді де жығатұғын,

Сөзден де інжу-маржан құратұғын.

Ұлы жүз Сіргеліден шыққан ұл бар,

Бәрі де әділ, адал мұратының.

Сіргеліден шыққан ғой талай батыр,

Ұлы жүз ұлы емес пе қарай да тұр.

Абылайдан ту алған ұлылықпен,

Ақ тулы да Сіргелі Жабай батыр!

Том тарихты «батырым» деп ақтардық,

Батылдыққа, ерлікке бір аттандық.

Сөзге ада жан жоқ-ау қазағымда,

Тауып айтар сөзімен қанаттандық.

Киесі бар бойында көрегендік,

Ерекше қасиетті және көрдік.

Тұла бойында бірнеше қасиет бар,

Сөзінің әр әрпінде өсиет бар.

Ер Жабайға арналды шумақтарым,

Біз болайық өр батыр шын мақтаның.

Бүгінде ұлықтауда ұрпақтарың,

Нұрлы болғай жұмақтық тұрақтарың!

Аружан ЯКУДА,

Шымкент қаласындағы №33 жалпы орта мектебі

11-сынып оқушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *