«ӘР ШАҢЫРАҚ БЕРІК БОЛЫП, БАҚЫТТЫ ҒҰМЫР КЕШКЕНІН ҚАЛАЙМЫН»

Қоғам
713 Views

Туған жерге, Отанға деген құрмет ең алдымен отбасынан басталады. Төрт келін түсіріп, ұл-қыздарынан немере, шөбере өрбіткен өнегелі, әрі өнерлі жандардың бірі – Шымкент қаласында тұратын Әлиевтер отбасы. Жақында «Мерейлі отбасы» байқауында республика бойынша ең үздік атанған, құт қонған осындай берекелі қара шаңырақта мейман болып, әулеттің тірегі, асқар тауы Бачак Әлиев Маханбетұлымен жылышырай әңгіме-дүкен құрдық.

Бачак Әлиев ағамыздың ардақты ата-анасы сонау 1944 жылдары аласапыран заманда Солтүстік Кавказ елінен үдере көшіп келген. Бір жағы соғыс өрті жалмап, бір жағы солақай саясаттың салдарынан Қазақстанға депортацияланған бір қауым ел небір зұлматты бастан кешкен.

– Түрік пен қазақ халқы тамырымыз да, түбіміз де бір түркі тектес бауырласпыз. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен шақта екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО мен Түркияның арасында ала мысық жүгіріп, түріктердің көбін құжатта азербайжан деп жазып жіберген. Біздің түбіміз түрік ұлты, – дейді бүгінде жетпістің желкелеген Бачак ақсақал.

…Бачак Әлиев 1948 жылы 8 маусымда қазіргі Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Көмешбұлақ ауылында өмірге келеді. Әкесі Маханбет мұның алты айлығында көз жұмды. Десе де, анасы мен ағаларының арқасында жетімдіктің дәмін тата қойған жоқ. Әкесі Маханбет те, атасы Ілияс та суырып салма ақын, атақты шайыр, ел арасында әу деп ән айтатын өнері болған. Арғы ата-бабаларынан бері жалғасып келе жатқан осы қасиетті өнер Бачакқа қонған. Бала кезінен саз аспабымен әуелете ән айтуды Бачакқа үлкен ағасы Пилош бар ынты-шынтысымен үйреткен екен. Содан бері қанша қызметте жүрсе де қарттық ғұмырына дейін саз аспабын өзіне серік етіп келеді, өнерді де қызметті де қатар алып жүрді, кейде көңілі тартқанда күні бүгінге дейін қолына байырғы аспабын алып, кең тынысты дауысымен сарната ән сала жөнелетіні бар.

– Қазақстан қаншама ұлтқа пана болды. Қиын-қыстау кездері атақонысты тастап кетуге мәжбүр болған аға ұрпақты кеудеден қағып шеттеткен жоқ, керісінше басынан сипап, бір атаның балаларындай бауырына басты. Үйі тар болса да, баспанасын бөліп берді, бір нанды үзіп жеді. Таулы өңір Кавказдан адамдарды мал тиегендей эшелонмен тасыды… 1944 жылы 14 қарашада Сталиннің бұйрығымен жүк пойызына адамдарды артты. Мал-мүлік, дүние бәрі қалды. Бір күн уақыт берді, халық тек қолына ілінген бір көрпешесін ғана алды. Басқа түгі болмады. Ағаш вагон ішінде қалжыраған қария да бар, аяғы ауыр ана да бар, шикі өкпе бала да болды. Жер аударылғандар бір айдай жол жүрді. Аш-жалаңаш, ауру-сырқаудан жолда талықсып жаны үзіліп кеткендерді жүріп бара жатқан пойыздан лақтыруға тура келді. Келте құран оқып, «біссміллә» деп лаж жоқ жөнелтті. Сол бауырларымыздың сүйегі қайда қалды? Басында зираты не бірде-бір белгісі жоқ, белгі түгілі мүрдесі жоқ! Не деген қасірет!

Бачак ағаның көпті көрген көзіне жас іркілді. Тұңғиық қос жанарында ата-баба тартқан тауқыметтің табы тұрып қалғандай… Тарих беттерінен өшпейтін оқиғалар әлгі жүйткіген жүк пойызы секілді тізбектеліп өтіп жатыр.

– Шүкір, сол босқыннан аман жеткен ағайын-туыстар, әкеміз Қазақстанның оңтүстік өңіріне келіп орнықты. Қызылсай деген стансаға келіп тұрақтады. Тамыры кеңге жайылып өсіп-өнді. Бұл күндері татулығымызға тәубе етемін, қазақ халқының жасаған жақсылығы бұл дүниенің емес, о дүниеде де естен шықпайды, – дейді Бачак аға.

Бачак Маханбетұлы – ішкі істер саласында ұзақ жылдар еңбек етті, бұл күнде сол саланың құрметті ардагері, зейнеткер. Қызметте абыройлы болды. Ауыр атлетикадан «Спорт шебері», «Полиция үздігі» төс белгісінің, сонымен бірге Қазақстан халқы ассамблеясы «Бірлік» медалінің иегері.

Асыл жары Шайзар Қасымқызы екеуі ұл-қызын ешкімнен кем қылмай жақсы тәрбиемен өсірді. Елу жыл бойы шәй деспей отандасқан қосағы Шайзар апамен бірге он шақты немере, 14 шөбере сүйіп отыр. Үлкен ұлының аты Маханбет, әкесі Маханбеттің құрметіне орай есімін солай деп қойды. Маханбет Әлиев қазір Шымкент қаласындағы қазақ-түрік ер балалар лицейінде музыкадан сабақ береді. Маханбет атасына ұқсап өнер жолын таңдады. Отбасылық «АБО» атты ансамбль құрып, өнердің желкенін кеңге жайып келеді. «АБО»-да Бачак ағаның өзі, ұлы Маханбет, немерелері Нұрсұлтан, Ерсұлтан, Бексұлтан, Шахсұлтан ән айтады, түрлі ұлттық аспаптарда шебер ойнайды.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, өнер әлемінде жүрсе де, ержеткен немерелері қосымша кәсіппен шұғылданады. Бүгінде осы үш ұрпақтан тараған 5 жанұя бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде.

Ұл-қыздары мен немерелері қазақ тілінде білім алып, ұлттық дәстүрлерді құрметтеп, ұстанып келеді. Қазақтай дархан елдің кеңдігін көріп өскен отбасының тірегі Б.Әлиев перзенттерін туып өскен жеріне аянбай қызмет етуге тәрбиелеп келеді.

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Жарасымды жұптар мен береке-бірлік қонған отбасылар қашан да көпке үлгі. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтауда Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мерейлі отбасы» конкурсының маңызы ерекше. Әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.

Отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен онлайн форматта «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.

Мемлекеттік хатшы салтанатты рәсімді ашып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Онда конкурстың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және отбасылық құндылықтарды нығайтудағы маңызды рөлі айтылған.

«Мен Қазақстандағы әр шаңырақ берік болып, әрбір әулет бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Сол үшін отбасы саясатына баса мән беремін. Ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен мейірімділік, ұлтжандылық пен отаншылдық сияқты асыл қасиеттердің бәрі, ең алдымен, отбасында қалыптасады», – делінген Президент құттықтауында.

Айта кетейік, биыл конкурсты өткізудің жаңа тәсілдері енгізілді. Соған сәйкес енді жыл сайын республика бойынша 17 үздік отбасы анықталатын болады.

«Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы Шымкент қаласы бойынша «Әлиевтер отбасы» болып анықталған еді.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов «Әлиевтер» отбасына Президенттің атынан қаржылай сертификат пен дипломды салтанатты түрде табыстап, туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың табысты болашағының кепілі екенін айтты.

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *