ӨЗГЕНІҢ МІНІН КӨРГЕНШЕ, ЖАМАНДЫҒЫН ТЕРГЕНШЕ…

Білім Қоғам
30 507 Views

Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен күрес өлгенше!

Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ.

«Бiткен iске сыншы кɵп, пiскен асқа жеушi кɵп» демекшi, ештеңе iстемеген адам ғана қателеспейдi. Кез келген iстiң ɵз кемшiлiгi болады. Бiрақ оны шұқып, сынап айту ешкiмнiң абыройын асқақтатпайды. Қытайдың ұлы ойшылы Лао Цзыдан бір патша:

— Елімді түзу жолға салғым келеді, ол үшін не істеу қажет? — деп сұрайды.

Сонда ғұлама:

— Еліңді түзеу үшін, алдымен өзіңді түзе, — деп жауап беріпті.

Әр адам бақытты, бақуатты, денсаулығы жақсы болып, ұзақ ғұмыр сүруі үшін «Ең алдымен өзін түзеуі қажет!» дейді шығыс даналығы. Өзгенің бойындағы кемшілікті көргіш және сынағыш адамдар өз бойларындағы кемшілікті көруден, сезуден қалады. Ондай сынағыштар әдетте, өзінің бақытсыздығы үшін әрдайым өзгелерді кінəлəп, бір жасаған қателігін мың жасаумен болады. Өзгені сынағыштар ешқашан дамымайды, өмірде жолы болмайды және өз олқылықтарын ешқашан жоюға талпынбайды екен. Біреуді сынауға құмарлық адамның бойындағы қызғаншақтық, іштарлық, өкпешілдік сияқты жаман қасиеттерді дамытуға әсерін тигізеді. Айналасындағыларды сынағыш адамдардың бойында әдетте қызғаншақтық, іштарлық сияқты қасиеттер берік орнығады. Ал ол адамдармен қарым-қатынасын қиындатып, айналасындағыларға сүйкімсіз етеді.

Ауру тек денеде ғана болмайды, мінезде де бар. Егер біреуден жаман мінез көрсең, оған шипа сұрап, дұға жаса. Оған жабысқан кеселден сені сау еткен Аллаға мақтау айт.

Сырды сақтау шеберлігі жан дүниенің байлығын көрсетеді. Ішінде су тұрмайтын ыдыстың зияны секілді сырды сақтай алмайтын адамның пайдасы кем.

Егер əр адам қасындағы кісінің жүрегіндегін көре алса, оған жаны қатты ашитын еді. Ішкі таразының əділдігіне көзі жетер еді. Сыртқы өлшемдердің алдамшы екенін терең түсінер еді. Іштарлық, қызғаныш, көрсеқызарлыққа ұрынбас еді.

Құдыққа тас тастаған адам ол түбіне жетіп даусы естілгенше қарап тұрады. Сол секілді сені сөккен адамның көбісі жауабыңды күтеді. Ұстамдылықпен көркем мінез таныт. Өткізіп жібер. Құдық түпсіз екен деп ойласын.

Бəрін дұрыс жасауға қанша әрекет етсең де сені қате түсінетін адамдардың табылары хақ. Əркімге бір жауап қайтарып, өзіңді құр шаршатпағаның дұрыс. Дана ғұламаларымыздың бірі өзін сөккен кісіге былай деген екен: “Егер айтқаның рас болса, Алла мені кешірсін. Ал, өтірікші болсаң, Алла сені кешірсін”.

“Кейде бір адам бір мəселе жайлы айтады. Оны ол тумастан бұрын естіп қойсам да оған құлақ саламын. Кейде, бірінші рет естіп тұрғандай күй көрсетемін”. (Имам Шәфиғи) Өзің онсыз да жақсы білетін нəрсе жайлы біреу əңгімелеп тұрса, оның сөзін бөлмей, білетініңді білдіріп жүрегін жараламай, көңіл бөліп, құлақ салуың мінез-құлықтың аса көркемдігіне жатады.

Адамдар саған таңданып жатса, оған масаттанып мақтанба. Себебі, олар сенің Алла жарыққа шығарған жақсы жақтарыңды ғана көріп жатыр. Ал, олар сенің Алла жасырған жаман жақтарыңнан хабарсыз болғанына шүкір де.

Егер сөз шынымен жүректен шыққан болса, онда ол міндетті түрде жүрекке жетеді. Ал, ол тек тілден шыққан болса, құлақтан ары аспайды.

Н. С. ЕШЕТОВА,

Шымкент политехникалық колледжі, «Радиоэлектроника және байланыс» ПБК арнайы пән оқытушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *