ӨЛЕҢГЕ «ӨКТЕМДІК»

Әдебиет
721 Views

ӨЛЕҢГЕ «ӨКТЕМДІК»

Өмір – өзен,

Кейде өлең,

Бұрылмасаң,

Жыр болып

Толқып келіп жаныма

ұрынбасаң,

Білемін мекеніңді.

Жаралған

Нәркес теңеулерден екеніңді.

Бұлттардың арасынан,

Гүлдер,

Түндер,

Қазақтың даласынан

Мен сені суырып алам.

Апшыңды

Бір уыс етіп қуырып алам!

Өлең шырақ,

Сен шыдап бақ.

Бүгін мен

Есігіңнен,

Тесігіңнен

Рұқсатсыз бұзып кірем.

Себебі мен

Көптің қолы жетпейтін

сұлулықты

Жалпақ жұртқа жайғанды

қызық көрем.

Неге үнсіз күбірлейсің,

Қорқасың ба шабытымнан?

Қалтырап дірілдейсің,

Аямаймын!

Ғашықтарды табыстырған

Беделіңе де қараймын.

Ұйқасыңды,

Буындарыңды да санамаймын.

Шашып жазамын,

Сүйем еркіндікті,

Ұлы даладай кеңдікті.

Ешкімге жүрмесе де өктемдігім,

Көңілім көктем бүгін,

Саған шамам жетеді енді менің.

БАБАЛАРҒА САҒЫНЫШ

Қайран бабам,

Желде сенің үнің бар,

Шыңда сенің рухың бар

Асқақтаған.

Есіту сенің даусыңды

Қымбат маған.

Күзгі қамыс шуылында,

Көктемде

Келген құстар дуылында

Сен барсың.

Ұрпағыңа

Бақидың

Құпиясына айта алмаған,

О, уақыт,

Мен бабаммен тілдесейін

Қорқынышсыз.

Бір сәтке

Жас шағымды қайтар маған.

Тірілермен

Ұрпағыңның біріменен

Тілдесудің жолын таппай

Күрсінесің,

Үнсіз сен,

Маған оңай дейсің бе?!

Екі айыр жол. Екеуі –

Тірілер мен өлілер,

Қайран баба, түсін сен

Ақ жауын,

Ол жауын емес,

Сенің көз жасың жерге тамған!

Біз-дағы кінәліміз

Әрдайым,

Қарапайым

Емеурініңді аңғармаған.

Ей, баба,

Айта алмасаң айта алма,

Тіріліп кеп,

Кіндік қаның тамған жерге аялда.

Нұр болып,

Сен екеніңді сезейін,

Жүгіріп кеп,

Қан ойнасын жанымда

лүпілдеген!

МҮСІРКЕМЕ

Сен мені мүсіркеме,

Аспан айырылып,

Жер жарылып,

Табиғат

Тағы бір мінез танытып жатса да.

Тағдыр талқыға салып,

Өмір – өзен,

Кейінге қарай ақса да.

Соңғы сағатым соқса да

Сен мені мүсіркеме,

Есіркеме!

Мінезім сол,

Қарсы жүрем дауылдарға,

Күзгі қара жуандарға.

Ей, досым,

Енді маған дауың бар ма?

Білетінім,

Мүсіркеулер бар жерде

Бейшаралық басталған.

Ерік-жігер, ар-намыс

Алысқа апарылып тасталған.

Ол маған керек дейсің бе,

Сен мені мүсіркеме.

Өмір – кеме,

Мынау алыс сапарларда

Кеудемде ыстық қан,

Жаным барда,

Қайта мен

Дүниенің

Күл-қоқысынан шыға алмаған,

Бір күндік атақ үшін

Әділеттің ақ жолын қия алмаған

Адамдарды мүсіркеймін.

Ей, досым,

Сен мені мүсіркеме.

Есіркеме!

БОРАН

Борайсың сен, Ұлисың,

Тереземді тырмалайсың.

Сақ-сақ күліп,

Есікті ұрып,

Адам боп кімді алдайсың?

Менің де бар ермегім.

Қыстың ұзақ түнінде

Жетсін деп оқырманға

аппақ күйінде

Боранменен

Жаңа туған жырымды

орадым мен.

Ақ түтек

Жер-Ана, көк аспанмен

қосылған ба,

Түсініксіз осы арасы,

Білінбейді шекарасы,

Мың жыл ирелендеп жосылғанда,

Әурелігі «бұзықтың»

таусылған ба?

Аяз шебер!

Шатырымда мөлдіреген сүңгілер.

Тұрып қалған,

Тұнып қалған үшкір жебелер.

Бірақ мені

Отыр деме дәрменсіз, әрекетсіз.

Жүрегімнің жылуы

Адам түгіл қаңтарың да

жылытуға жетеді.

Сенің немең кетеді,

Жылыт оны

Гуілдеген

Уілдеген суық жел!

Ысқырады,

Ышқынады.

Боран деген немене,

Әлсіздер мен күштілердің

арпалысқан күйі ме?

Әлде,

Ызаланған қыс айының

Мінезінің бірі ме?

Звондама,

Мазамды алма осы сәт.

Мен тыңдайын боран әнін

Оңашада

Тыныш қана үйімде.

КОРОНАВИРУС ҚАЙТ, ҚАЙТ!

Коронавирус қайт, қайт,

Басқа да бәле ойлаған,

Вирустарыңа сәлем айт!

Қытайың бар, Шыңысың,

Еуропаны қоймадың.

Америкаға жұқтырып,

Одан әрі бойладың.

Адамзатты қыратын

Сен кімсің?!

Ей, міскін,

Сабаңа түскін!

Жүдә,

Үндемегенге үйге кіріп,

Төрлетіп,

Төрімізге шығып барасың.

Беріспейді Алашым,

Жазаңды әлі-ақ аларсың.

Қазақ – қасиетті халық.

Даламыз

Алтын адам табылған дала.

Қаламыз

Үш бірдей мегаполис болған қала.

Тезірек қайт,

Қайтпасаң,

Қазақтың қаны қызады.

Түгел атқа қонып

Аузы-мұрныңды бұзады.

Өй, әкеңнің!..

Ей, «коронабала»

Маған қара,

Түшкіретін,

Үшкіретін

Ауру қазақта о баста бар,

«Ауруың тұмау болсын

Қысың тұман болсын»

деген мақал да бар.

Сен де аурусың ба?

Коронавирус ініңе қайт.

Қайтпасаң,

Құпияңды айтпасаң,

Қазақ – батыр халық.

Вакцинаңды тауып,

Көкпарымызды шауып,

Той-тойлап жүре береміз.

Өй, кесір,

Таралуыңды өшір!

Сен Алашпен ойнама,

Жеңемін деп те ойлама.

Қайт, Қайт!

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *