ӨМІРЗАҚҰЛЫНЫҢ ӨНЕГЕСІ

Тұлға Өмір-өзен
1 142 Views

ОН ЕКІ АТА БИЛІГІ ҮЗІЛМЕГЕН ТЕКТІ ӘУЛЕТ

Қазақтың Дулат тайпасының Жаныс руынан өрбитін Құдайберді би әулетін кезінде ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы «Он екі ата билігі үзілмеген текті әулет» деп дәріптеген екен. Сол Құдайберді қарияның бәйбішесінен тарайтын Түгелбай, Данай есімдері ұлдары болған. Олар – Жәңгір хан кезеңінің хас батырлары. Түгелбайдың бәйбішесінен Әбдірахман, Қараман, Сарыбатыр, Бозбатыр деген балалары болған. Әбдірахманды айналасындағылар Әбді деп атап кеткен. Зауалды заманның бір тұлғасы Тоқабай Бисарыұлы – сол Әбдінің төртінші ұрпағы болып келеді. Тоқабай Қоқан хандығының кезеңінде алдын Әлім ханның, кейіннен Омар ханның тұсында батырбасы болып қызмет еткен. Қоқандықтардың елге көрсеткен зұлымдықтарына, жасап отырған ауыртпалықтарына, жөнсіз салып отырған алым-салықтарына төзбеген батырбасы олардан қол үзіп, Тентек төренің сарбаздарына келіп қосылады. Сөйтіп, қара халыққа жөн-жосықсыз салынып отырған алым-салықтарын төлеуден бас тартады. Қоқаңдаған қоқандықтарға қарсы бірнеше рет қиян-кескі ұрыс жүргізеді. Біздің бүгінгі әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз Қозыбақ Өмірзақұлы міне, осындай текті әулеттен, Тоқабай тәрізді батырбасыдан тараған танымал тұлға болатын.

 

СҰРАПЫЛ СОҒЫСТА ДА, БЕЙБІТ ӨМІРДЕ ДЕ ЕРЛІК КӨРСЕТКЕН

Қозыбақ Өмірзақұлы 1901 жылы қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылдық округінің Кеңесарық ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл бұрын Қарасора (Қарашора) деп аталған екен. Әкесінен ерте айырылған ол ағасының тәрбиесінде болады. Оның жақсылығы мен қолдауын көп көреді. Алдымен төртжылдық мектепті бітіріп шығады. Кейіннен Сайрам ауданындағы алты айлық малдәрігерлік курсты да тәуір тәмамдайды. Сөйтіп ауыл шаруашылығы жұмыстарына етене араласады. Жас та болса жігерлі, адамдармен тез тіл табысып кететін жігіт ел-жұрттың көзіне түсе бастайды. Леңгір (қазіргі Төлеби) және Сайрам аудандарының бірқатар шаруашылықтарында, Майбұлақ, Төңкеріс ауылында еңбек етеді.

Сан ғасырлар бойы көшіп-қонып жүріп мал шаруашылығымен шұғылданған қазақтар үшін малдәрігерлік мәртебелі мамандық болып табылады. Олар төрт түлік малдың сыр-сипаты мен жай-күйіне әбден қанық еді. Қазақ малшылары қоралы қойды түсінен айырады. Бір көрген жылқысын неше жылдан кейін жазбай таниды. Үнемі мал сойып, ет жеп отырғандықтан, малдың барлық денесінің анатомиялық құрылысы жөнінде мол білімге ие болды. Малдың барлық үлкенді-кішілі сүйектері мен өкпе-бауыр, ішек-қарын, ет, сіңір, тамыр, жүйке, тарамыс, бездеріне дейін бәрінің атын, тұрған орнын анық біледі. Малдарда болатын түрлі ауруларға да әбден қанық еді.

Қазақ малдәрігерлерінің білімі – халқының сан ғасырлар бойы жинаған тәжірибе негізінде қалыптасты. Малдәрігерлік көбінесе атадан балаға мұра болып қалып отырды. Олар ауырған малды түрлі дәрі-дәрмек арқылы емдеген. Асқынған аурулар мен жараларды емдеуде пышақпен сылып тастау әдісі жиі қолданылды. Жылқыдағы алақарақ, шеміршек, ботадағы қоскіндік, қойдағы түйнек ауруларын ота жасау арқылы емдеген. Жылқының маңқасын тамақ безін сылып тастап, кеңсірігін кесіп, алмас салу арқылы жазған. Мертікті, сынған сүйектерді таңуға өте шебер келеді. Еркек малдарды пішу жұмыстарын да істеп отырған.

Кеңес дәуіріндегі ұжымдастыру кезеңі Қарасора ауылының тұрғындарына да оңай соққан жоқ. Орынсыз зобалаң ала келді. Бұл аласапыраннан Өмірзақ атай және оның перзенттері мен ағайын-туыстары да көп зардап, қайғы-қасірет шекті.

Тағы да тарихи оқиғаларға назар аударсақ дейміз. 1928 жылы 27 тамызда кеңес өкіметінің «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» декреті жарияланады. Осындай бір нәубеттің басталатынын алдын ала сезген Айнабек сенімді серігі Атай Байтеліұлы екеуі қулыққа барған. Олардың негізгі мақсаты – тосыннан басталған науқанның елге, халыққа тиетін залалын барынша жеңілдету болған. Содан Атай көршілес Өзбекстанның Ангрен қаласының аумағына көшіп кетеді. Бара сала сол жақта ауылдық кеңестің төрағасы лауазымын иеленген. Кейіннен Бадам ауданындағы кәмпескелеуге ілінуге тиісті бай-қуатты, бақуат жандардың көпшілігі Атайды сағалап сол жаққа қоныс аударған. Арасында балдыберектік Сиқым тайпасының байлары – Нұржан, Құлажан да болған. Өкінішке орай, шамамен 1936 жылы Атай сол жақта қастандықпен өлтіріледі. Оның артында қалған отбасын немере інісін Қозыбақ Өмірзақұлы елге көшіріп әкелген екен.

Қазақ тарихында ХІХ ғасырдың өте күрделі кезеңі айрықша есте қалған. Әсіресе Оңтүстік өлкесінің тағдыр-талайы үшін ел мен жерді қорғаған ата-бабаларымыздың, билер мен батырларымыздың ерен еңбегі соның дәлелі. Олар жарты ғасырға жуық қоқандық басқыншылардың қорлығын көрді. Өз ағайындарымыз қырғыздардың шауып кетер бассыздықтарынан да зығыр болды.

Қозыбақтың арғы атасы Тоқабай Бисарыұлы Қоқан хандығы кезеңінде алғаш Омар хан әскерінің сапында қызмет етеді. Кейіннен олардың елге жасап отырған озбырлықтары мен бассыздықтарына шыдамай өздеріне қарсы шығады. Тентек төре бастаған көтеріліске қатысады. Сөйтіп ерен ерлігімен елге танылады. Тоқабай, Түгелбай, Данабай ағайындарын Қарасора өңіріне қоныстандыруға мол үлес қосады.

Мұрағат деректеріне үңілетін болсақ, Түгелбай – Данай атасынан ешкім де кәмпескеге ілікпеген. Соған ілінуге тиісті бақуатты жандардың бәрі Атай Байтеліұлын сағалап Өзбекстанның Ангрен қаласына қоныс аударған. Онда Атай ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған екен. Кәмпеске науқанының басталғанын негізінен Елтай Ерназаров елге ертерек жеткізген болу керек. Тарихи құжаттарға көз жүгіртетін болсақ, жер аудару туралы Жарлықтың бәріне ол Қазақ Автономды Социалистік Республикасы Орталық Атқару Комитетінің сол кездегі төрағасы ретінде қол қойған. Алайда, кәмпескеге ілінгендердің арасында Түгелбай – Данай әулетінен ешкім жоқ. (Өмірбек Шыныбекұлы, «Ауыл тарихы – ел тарихы» кітабы, 156-бет, Шымкент қаласы, 2015 жыл).

Ел басына ауыр күн туып, Ұлы Отан соғысы тұтанған тұста өзге де ауылдастарымен бірге Қозыбақ та майданға аттануға қамданады. 1941 жылғы 10 желтоқсанда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан соғысқа жіберіледі. Кеңесарық және Оңтүстік ауылдарынан 120 адам қанды майданға аттанады. Солардың елуі қан майданда ерлікпен қаза табады.

Қозыбақ Өмірзақұлы 1942 жылдың қыркүйек айынан 1943 жылдың желтоқсан айына дейін Калинин майданындағы 361-саперлер полкының құрамында ұрысқа араласады. Арғы бабасы Тоқабай батыр тәрізді талай рет ерен ерлігімен көзге түседі. Қатерлі жаумен болған кескілескен шайқастардың бірінде жауырынына оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Госпитальға түседі. Алайда, әскери-медициналық комиссияның шешімімен оған майдандағы соғыс қимылдарына қайта араласуға рұқсат берілмейді. Содан мүгедектік салдарынан елге қайтады.

Туған жерге оралғаннан кейін емделіп, жарақатынан біршама айыққаннан кейін қайтадан ерен еңбекке араласады. Бұрынғы малдәрігерлік жұмысын одан әрмен қарай жалғастырады. Алдымен Жамбыл атындағы, кейіннен «Кеңес», Абай атындағы ұжымдық шаруашылықтарында тынымсыз еңбек етіп, білгір маман ретінде мал шаруашылығын өркендетуге өзінің сүбелі үлесін қосады. Қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді.

Тұрғындарды жұмылдырып, ауылдағы атқарылған көптеген ізгілікті де игілікті іс-шаралардың ұйытқысы бола біледі. Атап айтқанда, Кеңесарық ауылының топырақ жолдарын жөндеп, оған алғаш рет шағал тас, кейіннен асфальт төсеуге тікелей ықпал етеді. Сол кездегі аудан орталығы – Георгиевка селосы мен Кеңесарықтың арасына автобус қатынасын жолға қояды. Ауылға кіреберістегі Сайрамсу өзеніне көпір салу мәселесін көтереді. Сөйтіп ауыл мен ауданның арасында шапқылап жүріп бұл игілікті жұмысты да жүзеге асырады. Өзі мал дәрігері болғаннан кейін мал шаруашылығын дамытуға барынша зор үлес қосады. Ауылдың абаттандырылып, гүлденуі мен мәдени деңгейінің көтерілуі жолында көптеген тірліктер істейді. Мектеп пен клубтың өскелең уақыт талабына сай жұмыс істеуіне де қолғабыс жасайды.

Соғыс және еңбек ардагері Қозыбақ Өмірзақұлы Ұлы Отан соғысындағы ерен ерлігі үшін Үшінші дәрежелі «Даңқ», Екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және «Ерен ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Елеулі еңбегі үшін» медальдарымен, сондай-ақ «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына – 20 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне – 50 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне – 60 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Елі мен халқы үшін жасаған осынау игілікті істерін ескеріп, Кеңесарық ауылының жұртшылығы оның атына берілген көшені ұзартуды жөн көріп отыр. Ауыл тұрғындарының бұл өтініш ұсынысын, талап тілегін Төлеби ауданының әкімдігі мен ономастика бөлімі қолдауларын сұранады.

 

ЕНДІ БІР СӘТ КӨЗКӨРГЕНДЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРСЕК…

Жолдасбек Өтебекұлы (1926 жылы дүниеге келген):

– Қозыбақ көке бастапқыда Сайрамда малдәрігерлік оқуын бітірген болатын. Оның майданнан жаралы болып оралғаны жадымда. Туған жерге келгеннен кейін бірнеше ұжымшарда мамандығына сай жұмыс істеді. Тынымсыз жан еді. Ауылдың көкейкесті мәселелерін шешуге аянбай атсалысатын. Алғаш шағал тас жолдың төселуіне, автобустың келуіне араласты. Әсіресе қазақтың кеңінен тараған ұлттық спорты – көкпарға қатты қызығатын. Шабандоздарға өзінің астындағы атын беріп, жеңіп алған бәйгесін де жұртқа үлестіріп жүретін.

Ауған Рахметуллаев (1936 жылы дүниеге келген), Кеңесарық ауылының тұрғыны:

– Әкем Рахматулла да соғыс ардагері. Ол кісі де Қозыбақ қариядан кейін майданда жараланып, елге оралған. Жас болсақ та Қозыбақ ақсақалдың елге, ауылға жасаған ізгілікті де игілікті шаруаларын жақсы білеміз. Қоғамдық жұмыстарда да асқан белсенділік танытатын. Ауылымызда көпір салуға, жолға шағал тас, асфальт төсетуге ықпал еткен. Ауыл мен ауданның арасында шапқылап жүріп автобус қатынасын ретке келтірген. Өзі ақкөңіл, ақжарқын, мінезі жайдары кісі болатын

Қанатбек Пошатаев (1938 жылы дүниеге келген):

– Ауылымыздың ең үлкен қариясы – менің әкем еді. Қозыбақ, тағы басқа да қариялар туған ауылымызға қатысты мәселелерді әкеммен ақылдасып, кеңесіп барып, шешім қабылдайтын. Пошатай, Қозыбақ, Қамытбек, Жолдыбай сияқты қариялар ауыл-аймаққа қатысты проблемалардың барынша оң шешілуіне ықпал ететін. Сөз жәрдемін, қажет болса қол жәрдемін де беретін. Қозыбақ қарияның ауылымызға қосқан үлесі сүбелі екені даусыз.

Әбділда Сапарәлиев:

– Ұзақ жылдардың бедерінде ұжымдық шаруашылықта еңбек еттім. Ұжымшарды басқарғандардың талайымен бірге жұмыс істедім. Сол кезеңде Қозыбақ көкемнің қандай шаруа болсын солардың бәріне мығым екенін көріп өстік. Ол кісі тыным таппайтын. Ауылымыздың көшелеріне алдымен шағал тас төселген, кейіннен асфальт жолға айналуына айрықша еңбек сіңірді десек, әсте жаңылыса қоймаспыз. Автобусты әкелген де сол кісі. Ол үлкен өнегелі жанұяның отағасы болатын. Ортай жеңгей екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары халық шаруашылығының сан түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүр. Бұл кісіге көше түгілі ауылымыздың атын берсек те әбден жарасады деген ойдамыз.

Назарбек Намазбаев:

– Қозыбақ көкем туралы көп нәрсе айтуға болады. Ол мал дәрігері, ал өзім фельдшер болып жұмыс істейтінбіз. Қашан көрсең ұжымдық шаруашылықтың, ауылдың ахуалын сөз етіп отыратын. Туындаған өткір де өзекті мәселелерді ақылдасып, кеңесіп, ойласып барып шешетін. Өте қарапайым жан болатын. Ауылымыздың абаттандырылып, көркейіп, көріктенуі жолында көп еңбек сіңірді. Жол жөндеу, асфальт төсеу, жолаушыларды автобуспен тасымалдау шараларында ол кісінің үлесі зор. Қозыбақ көкемнің еңбегін елеп, оның атына берілген көшені ұзартсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Қозыбақ Өмірзақұлы білікті маман ретінде өзінің барлық қарым-қабілеті мен күш жігерін туған жерінің гүлденіп, өркендеуі жолына жұмсаған атпал азамат болатын. Ол қашанда айналасындағы адамдарға қамқорлық танытып, ынтымақ пен татулыққа, берекелі бірлік пен тындырымды тірлікке шақырып тұратын адамгершілігі мол жан еді. Қарапайымдылық қасиеттері көп тұғын. Ел ағасы ретінде халықтың қамын көп ойлайтын. Қиналғанға қол ұшын беруден, жығылғанға жәрдемдесуден әсте жалықпайтын, – дейді.

Біздіңше, «Ауылына қарап, азаматын таны», «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөздер осы Қозыбақ қарияға арнап айтылғандай болады да тұрады. Сол себепті ол кісінің есімін көшеге беру былай тұрсын, ауылдың атын берсек те әбден жарасымды деген ой түюімізге болады.

Ә. ҚАҢТАРБЕК.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *