ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУҒА БЕЛСЕНДІ АТСАЛЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

Саясат Экономика
597 Views

Елбасы кітапханасында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы атты» халықаралық бейнеконференция өтті. Жиынға қазақстандық және шетелдік мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Конференцияда сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Түркістанды түлету, Түркі халықтарына ортақ рухани орталық дәрежесіне лайықты ету – Елбасының арманы әрі мақсаты болғанын айтты.

«Елбасының Түркістанға тарихи мәртебесін қайтару ісіне баса назар аударуында үлкен мән жатыр. Себебі, Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған киелі қала. Түркі жұртының Орта Азия мен Қазақстандағы теңдессіз тарихи жәдігер Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен жер. Осылайша түбі бір Түркі елдері рухани орталығы ретінде қастерлейтін Түркістан қаласы қазір алып құрылыс алаңына айналып, дамудың жаңа сатысына көтерілді», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысының әкімі Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасы болып жариялануын тарихи әділдік деп бағалайтынын айтып, барша қатысушыларды Түркістанның жаңа тарихи кезеңінің басталуымен құттықтады.

«31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында өткен түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өте табысты аяқталды. Әрі тарихи әділдік орнап, Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітілді», – деді облыс әкімі.

Түркістан қаласы Бас жоспарының жобасына сәйкес, қала айналасынан 8 мыңға жуық гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспары жыл соңына дейін толық жүзеге асады. Бұл жазы ыстық Түркістанның жасыл желекке орануына сеп болмақ.

«Бұл жұмыстардың барлығы тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қадағалауымен жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда Түркістан қаласы – халықаралық шаралар мен саяси-экономикалық маңызды басқосулар өткізуге толық дайын. Мен түркітілдес елдермен бірге өткізетін айтулы жобаларды күллі түркі жұртының астанасы – Түркістанда өткізуге шақырамын!», – деді облыс әкімі өз сөзінде.

2017 жылы Түркістан қаласы «Түрксой» Халықаралық ұйымының ұйғарымымен «Түркі елдерінің мәдени астанасы» болып жарияланғанын атап өткен Өмірзақ Естайұлы пандемия толықтай аяқталған соң «Түрксой» ұйымымен бірлесіп, Халықаралық деңгейдегі іс-шараларды рухани шаһарда өткізу туралы жоспарымен бөлісті. Сөз соңында Түркістан облысының әкімі Түркістанды барлық бағытта дамыту жұмыстарына белсене атсалысуға шақырды.

«Түркістан – қазақ жұртына ғана емес, күллі Түркі елдеріне ортақ қасиетті ұғым, рухани орталық. Демек, оның тарихы да, рухани дамуы да бауырлас елдерді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бағдар болуы тиіс. Осы мақсатта өтіп жатқан жиынның Түркістанның ашылмаған тарихи құпиялары мен терең тарихын кеңінен тануға мүмкіндік береді деп сенемін. Баршаңызды Түркі жұртының рухани шаһары Түркістанды барлық бағытта дамыту жұмыстарына белсене атсалысуға шақырамын!», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Елбасы кітапханасында өткен «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» халықаралық онлайн-конференциясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Мәдениет және спорт министрлігі және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр.

Конференция барысында 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бейресми саммитінің тарихи қорытындылары сараптамалық деңгейде талқылануда. Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат жүргізді.

Конференцияға қазақстандық және шетелдік мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Олардың қатарында Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш. Нұрышев, Түркия Республикасы Президентінің кеңесшісі Я.Топчу, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Б.Әміреев, Әзербайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Әзербайжандағы Ататүрік орталығының төрағасы Н.Джафаров, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д. Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Б. Чакыджи, археолог З.Самашев, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің «Философия және руханият негіздері» кафедрасының меңгерушісі Н.Шермухамедова және басқалар бар.

ТҮРКІСТАННЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІК БЕЛДЕУІ ҚАЛЫПТАСУДА

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы азық-түлік белдеуінде іске асырылып жатқан жобалармен танысты. Облыс басшысы «Түркістан Агро ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «1 200 басқа арналған заманауи тауарлы-сүт фермасын құру» жобасының құрылыс алаңында болды. Заманауи тауарлы сүт фермасының құрылыс жобасы италияндық «Rota Guido Srl» компаниясымен әзірленген. Жалпы құны 6,4 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда «Fortebank» арқылы қаржыландыру күтіліп отыр. Серіктестік өз қаржысы есебінен құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Ферманың мал ұстау орнының қабырғасы тұрғызылды. Жоба толық іске қосылғанда, жылына 10 мың тонна сүт өндірілетін болады. Жұмыстың баяу жүріп жатқанын айтқан облыс әкімі құрылысты ширатуды тапсырды.

Аталған серіктестікте сүт фермасын мал азықтық дақылдарымен қамтамасыз ету үшін 2019 жылы 733 гектарға АҚШ-тың «T-L» компаниясының 18 бірлік жаңбырлатып суару машиналары орнатылып, жылына бір алқаптан 2 рет өнім алынып отыр. Бұдан бөлек 26 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Өткен жылы егілген күздік бидайдың шығымдылығы жақсы. Аталған егістікті шілде айының ортасында орып алып, екінші өнімге жүгері дақылын егу күтілуде. «Ынтымақ Агро XXI» ЖШС-нің – қазіргі таңда, австриялық «Bauer» компаниясының 8 бірлік жаңбырлатып суару машиналарын орнатты. Оның ішінде 3 бірлігіне күздік бидай егіп қойған қалған бөлігіне жүгері мен жоңышқа егу күтілуде. Сонымен қатар, облыс басшысы «SPK-Sauran» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «829 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, мал азықтық дақылдар өсіру» жобасымен танысты. 2019 жылы АҚШ-тың «Valley» компаниясының 3 бірлік және 2021 жылы австриялық «Bauer» компаниясынан 4 бірлік жаңбырлатып суару машиналары 371 гектарға орнатылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін АҚШ-тың «Valley» компаниясының 5 бірлік жаңбырлатып суару машиналарын 265 гектарға орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда, 800 гектарға итальяндық жоңышқа тұқымын себу жұмыстары жүргізілуде. Жаңбырлатып суару технологиясы толық іске қосылған жағдайда жоңышқадан 2000 тн. өнім алу жоспарланған.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан халықаралық әуежайына барар жолдағы «400 га жерге қара өрік отырғызу» жобасымен танысты. «Turkistan Fruit» ЖШС-нің қолға алған ерекше жобасының құны 3,5 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта, қара өріктің бірнеше түрлерінен құралған 200 мың дана көшет отырғызылды. Нысан толығымен қоршалып, 7 дана су сақтайтын резервуар, 21 бірлік ұңғыма құдық қазылып, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Көшеттер отырғызған жылдан бастап үшінші жылы гектарынан 1-2 тоннадан өнім бере бастайды. 5-6 жылда толық құжаттылыққа кіріп, әр гектарынан 25-30 тоннадан өнім беретін болады. Оған дейін 50 га жерге қарбыз егілді.

ТҮРКІСТАНДА СУАРУ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

Климаты құрғақ, шөлді, жаз мезгілі ұзақ болатын Түркістанды көгалдандыру үшін ең алдымен суландыру жүйесін жетілдіру керек. Мәселені шешу – басты назарда. Осы мақсатта облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауымен, Түркістанда жан-жақты зерттеліп, зерделенген кешенді жоба бойынша ауқымды істер атқарылып келеді.

Ең алдымен, қаланың бірнеше бағытынан келетін кіші каналдар күрделі жөндеуден өткізіліп, қалаға су тартылды. Түркістан аумағында жүздеген су арналары пайда болды. Рухани-мәдени орталық пен Әкімшілік-іскерлік орталықта және іргелес жатқан аумақтағы көшелерде салынатын жолдардың бойына жобамен 100 шақырым арықшалар орнатылды. Бұл – Түркістанның экологиясын оңалтып, климатын жақсарту үшін жасалатын оң қадамдар.

«Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы, «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу, «Машиналық әдіспен су беру», «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жұмыстары басталды. Түркістан қаласы Бас жоспарының жобасына сәйкес, қала айналасынан 8 мыңға жуық гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспары жыл соңына дейін толық жүзеге асады. Бұл жазы ыстық Түркістанның жасыл желекке орануына сеп болады.

Суландыру жұмыстарын жүргізу арқылы қала ішіндегі және айналма жол бойында отырғызылған ағаш көшеттері мен жасыл желекті суғаруға толық мүмкіндіктер болады. Және осы арықшалардан келген су Кесене аумағында орналасқан Тұңғыш Президент саябағындағы жасанды көлге келіп құятын болады. Түркістан әуежайының аумағында 140 мың жасыл желек, 200 мың қара өрік отырғызылды. Бұл да шаһардың жасыл желекке орануына сеп болмақ.

Қаладағы құрылыс алаңдарын аралаған Өмірзақ Естайұлы жаңадан бой көтерген «Дендро саябақ» пен ондағы жасанды көлдің құрылыс барысымен танысты. Жасанды су айдынының құрылысы аяқталуға жақын. Жақын күндері мұнда су келеді.

Түркістан сәулетшілері облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа су арнасының жобасын дайындады. Жоба жүзеге асқан жағдайда, ұзындығы 9 шақырымды құрайтын жаңа канал пайда болады. Осылайша «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасынан келетін ағын су Ясауи кесенесінің аумағындағы Тұңғыш Президент саябағы мен қала іргесінде орналасқан аттракциондар паркіне дейін созылады.

Айта кетейік, Түркістан қаласын сумен қамтамасыз етуде жер беті суларымен қатар, жер асты суларының да маңызы зор. Жарамсыз болып қалған 150 тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру арқылы жылына қосымша 190 млн. м3 ағын су тапшылығын шешуге қол жеткізіледі.

ҚАРИЯЛАР ЖАҢАРҒАН ТҮРКІСТАНДЫ ТАМАШАЛАЙДЫ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданындағы ардагерлер үйінде болды. Ардақты ақсақалдармен кездесіп, үстел басына жиналғандарды ашық сұхбат құруға шақырды. Жиналғандар тосырқаған жоқ, жоспарларымен бөліскендер де болды. Түркістанда бұрын болғанмен, тап қазіргі көркейген келбетін көрмеген ақсақалдар аз уақыт ішінде шаһардың жаңа кейіпке еніп, адам танымастай өзгеріп кеткендігіне өздерінің таңданыстарын білдірді. Күллі түркі әлемінің рухани астанасындағы жаңалықтардан хабардар болған қариялардың құлшынысын қолданған облыс басшысы аудан ақсақалдарын көне Түркістанның жаңа кейпін көзбен көріп қайтуды ұсынды.

«Пандемияның кері әсерінен кездесулер сап тыйылды. Расында, халықпен тиімді кері байланыс орнату – қашан да алғы мақсаттардың бірі. Ауданның тыныс – тіршілігімен өздеріңіздей етене таныс ешкім жоқ. Сондықтан мен өздеріңізбен кездесуді асыға күтемін. Орнымен қартаю да жақсы қасиет. Қарттықтың бақытты, шуақты, айтулы асыл қасиеттері көп. Оны өздеріңізден көріп отырмын. Түркістан тіршілігін келіп, көзбен көріп қайтуларыңыз қажет», – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі жауапты басшыларға барлық аудан, қалалардағы ниет еткен қарияларды жаңарған Түркістанды тамашалатуды тапсырды. Жаңарған Түркістанға қонақ болып келетін ардагерлер – аймақтың, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан білім, мәдениет, ғылым, өндіріс және басқа да түрлі салаларда жетекшілік еткен білікті ақсақалдар. Оларды карантин талаптарын қатаң сақтай отырып,

Түркістанға алып келіп, қаланы аралатуға аудан, қала басшылары жауапты.

Өрелі ой мен салмақты пікір айтылған кездесуде облыс басшысы мұндай отырыстардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Кездесу барысында облыс басшысы аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіріп, үлкенді сыйлау, ардагерлерге қамқорлық көрсету – кейінгі ұрпақтың міндеті және парызы екенін атап өтті. Ауданның әлеуметтік мәселелері талқыланып, оның шешу жолдары бойынша аймақ басшысы өмірден түйгені мол ел ағаларының пікірін тыңдады. Зиялы қауым өкілдері мен қазыналы қариялар әкімнің облысты басқарудағы жұмысына сәттілік тіледі.

АВТОТҰРАҚ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛУДЕ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласындағы паркинг мәселесін шешу бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесі айналасында 2 мыңға жуық көлікке арналған автотұрақ бар. Қазіргі уақытта бұл бағытта полициямен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Облыс басшысы қала аумағындағы атқарылған жұмыстарды пысықтады.

Түркістан қаласында автотұрақтардың аз болуы бірқатар қиындықтар тудыруда. Атап айтқанда, туристер рухани-мәдени орталық аумағында орналасқан автотұрақтарды таппай, кез-келген орындарға автокөліктерін қойып, көлік кептелістері орын алуда. Осыған орай, аймақ басшысына «Түркістан тұрағы» жобасы таныстырылды. Ақылы автотұрақтар – «ретсіз тұрақ» мәселесін шешуге және жаяу жүргіншілердің, қоғамдық көліктің және автомобильдердің жайлы қозғалысы үшін мүмкіндік жасайды.

Қаладағы құрылыс алаңдарын аралап шыққан өңір басшысы Түркістанға кіреберіс жолда салынып жатқан 5 мың орындық зәулім мешіттің құрылыс барысымен танысты. Бұл – күллі түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласына Өзбекстан мемлекеті тарапынан жасалған сый. Шығыс үлгісіндегі Ислам орталығының аумағы 20 мың шаршы метр, айналасында 400 орындық медресе, кітапхана, асхана, неке сарайы және басқа да қосымша нысандар салынады.

Облыс басшысы Түркістанда жаңадан салынып жатқан Назарбаев зияткерлік мектебінде болды. Құрылысы жүріп жатқан білім ұясында 720 бала білім алады. Мұнда 120 орынға арналған жатақхана салынуда. 6 гектар аумаққа орналасқан 3 қабатты жаңа білім ордасының жалпы аумағы – 22 мың м2.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолынан Майкотов көшесіне дейінгі автожолдың жалпы ұзындығы 6,5 шақырым құрайды. Бұл – Шәуілдірден тікелей Шымкент бағытына шығатын және Түркістан әуежайын Әкімшілік-іскерлік орталық арқылы жаңа Темір жол вокзалына кедергісіз қосатын күре жол. Жолдың 5,5 шақырымына асфальт төселіп, жарықтандыру жүйесінің бағаналары орнатылған. Суағар науа (лоток) және аяқ жол мен веложолдар салынуда. Ал, жобаның 1 шақырым аумағына яғни, М32 Самара-Шымкент автодәлізі мен №9 көше аралығына өзгеріс енгізіліп, 4 жолақты жолдан 6 жолаққа ауыстырылды. Осы аумақта да түнгі жарықтандыру жүйесі орнатылған.

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫН АБАТТАНДЫРУ 32 СЕКТОРҒА БӨЛІНГЕН

Түркістанның табиғи тынысына айналған қаланы қоршаған жасыл аумақта бүгінде миллионнан астам көпжылдық ағаш көшеттері жайқалып өсіп тұр. Қала аумағында терек, қайың, қарағаш, шаған, арша, үйеңкі секілді көпжылдық ағаштар егілді. Түркістан қаласында қызу жүріп жатқан көркейту және абаттандыру жұмыстарының барысы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауында.

Осы мақсатта Түркістан қаласы 32 секторға бөлінген. Әр аумаққа аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты. Облыс орталығымен бірге қалыптасып, бірге бой көтерген «жасыл белдеуді» аралаған сайын Өмірзақ Естайұлы егілген көшеттердің суарылуына аса мән беруді міндеттейді. Ол үшін сектор аумағында ұңғымалар қазылып, жер асты сулары пайдалануда. Әр секторда 10 мыңға жуық көшеттер отырғызылып, әр талдың түбіне су жеткізілуде. Тамшылатып суару жүйесі жүргізілді. Кей секторлар қажетті суды Арыс-Түркістан каналынан тартуда. Сонымен қатар, ағаштарды отырғызу барысында тиісті тыңайтқыштар қолданылған.

Көшелерде жарық шамдар, қоқыс жәшіктері мен тұрғындардың демалуына арналған орындықтар орнатылды. Сондай-ақ, демалыс орындары мен көшелердің бойына субұрқақтар қойылды. Қаланы көркейту бір үлгіде жүзеге асуда. Қала аумағында веложолдар төселіп, газон шөптері егілген. Апта сайын 32 сектор аумағында аудан, ауылдардан келген азаматтардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылуда.

Түркістан шаһарын көркейту, экологиялық жағдайды жақсарту үшін кешенді жұмыс жүріп жатқаны белгілі. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, жасыл көшеттерді желден, суықтан және басқа да сыртқы факторлардан қорғау үшін ағаштар қорғаныш жіппен байланып, тіреулермен қоршалуда. Бірқатар жобаларды жүзеге асыруға түркістандықтар тікелей атсалысқандықтан, олар «Халықтық жоба» аталды.

12 ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАНЫ ЖҮРГІЗУГЕ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСАДЫ

Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының мәжілісі өтті. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев төрағалық етіп, жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Оның біріншісі – бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстары және аймақтық, аумақтық партия филиалдарының есеп беру-сайлау конференцияларын өткізу кестелерін бекіту. Екінші мәселе бойынша Партияның сайлауалды бағдарламасының бағыттары бойынша өңірлік Қоғамдық кеңестердің төрағалары мен құрамдарын, ережелерін бекітудің жай-жапсары сарапталды. Сонымен бірге «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезекті XLI есеп беру-сайлау конференциясын шақыру мәселесі де талқыланды. Бюро мүшелері аталған жоспарларды бекітіп, қаулы қабылданды. Осыған сәйкес, 19-23 сәуір аралығында бастауыш партия ұйымдарының кезекті есеп беру-сайлау жиналыстары, 26-30 сәуір аралығында партияның аумақтық филиалдарында кезекті есеп беру-сайлау конференциялары онлайн режимде өтетін болды.

Облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар күшейетінін айтты. Осыған байланысты партия филиалы жанындағы Коғамдық кеңестердің саны артып, құрамына өңірге беделді азаматтар енгізілгенін жеткізді.

«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанынан 12 қоғамдық кеңес құрылып отыр. Олардың құрамына өңірге, республикаға танымал, іскер, отаншыл 128 азамат енгізіліп отыр. Жаңадан құрылған қоғамдық кеңестер облыс бойынша сайлауалды бағдарламасының орындалуын қадағалап, өзекті мәселелердің мерзімінде шешілуіне өз үлестерін қосады деп сенеміз», – деді Өмірзақ Естайұлы.

«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев партия алдында елге берген уәделерді орындап, сайлаушылардың сенімін ақтау – басты міндет екеніне тоқталды.

«Партия жанынан құрылған қоғамдық кеңестер идеялар мен пікірлер тоғысатын, өзекті мәселелер көтерілетін алаңға айнала білді. Бағдарламалар мен жоспарлардың сапалы орындалуын бақылап, керек кезінде атқарушы органдарға маңызды ұсыныстарын бере білетін мұндай кеңестер азаматтық қоғамды дамытуға да ықпалын тигізіп келеді», – деген ол облыстық филиал жанындағы қоғамдық кеңес төрағаларымен таныстырды.

Қоғамдық кеңестер облыстық мәслихаттың депутаттары, партиялық кадрлық резервте тұрған кандидаттар, қоғам және партия белсенділері, зиялы қауым, қоғамдық пікір көшбасшылары, табиғат жанашырлары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ, білім, медицина және өзге де сала өкілдерінен құралған.

Түркістан облысы бойынша партия филиалдары жанынан 146 қоғамдық кеңес құрылған. Оның 12-сі облыстық партия филиалы жанынан құрылса, қалған 134-і аумақтық филиалдарда жұмыс істейді.

​Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев өңірде партияның Жол картасы бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылып жатқанын, сайлауалды бағдарламаны орындау партия бақылауында екенін жеткізді.

​Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысын дамыту бағытындағы жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырып, мәжілісті қорытындылады.

«БАСТАУ БИЗНЕС» ЖОБАСЫМЕН ОҚЫТУ БАСТАЛАДЫ

Түркістан облысында «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыту жұмыстары сәуір айының 26-нан басталады. Биыл кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытудан өңірдің 3 650 тұрғыны өте алады. Курс өткен жылдағыдай «Atameken Academy» онлайн-платформасы арқылы қашықтықтан оқытылады.

Жобада оқу үшін қатысушылар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, халықты жұмыспен қамту орталықтарына оқуға өтініммен жүгінуі қажет. Орталық үміткер мәртебесі расталған кезде оқытуға жолдама береді. Үміткерлер қазірден https://atameken.co сайтында өз бетінше электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы тіркеуден өте алады немесе өңірлік палата жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен оның аудандық филиалдарына жүгіну керек.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбековтың айтуынша, оқыту курсы бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушыларға топтарда практикалық оқыту, бизнес-жобаны таныстыруға дайындық жүргізіледі. Биыл елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты курс өткен жылдағыдай онлайн-форматта өтеді. Оқуға жұмыссыздар, еңбекке жарамды мүгедектер, жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері, зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, қоныс аударғандар және қандастар қатыса алады.

Айта кету керек, мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, сәйкесінше курсқа қатыспайды. Сонымен қатар, бала күтімімен демалыста жүрген аналар мен орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттері де курсқа қатыса алмайды. Толық ақпарат алу үшін Түркістан облысы үшін +7 72533 5-98-98 байланыс нөмірі жұмыс істейді.

ОБЛЫСТА ЕКПЕ САЛАТЫН 80 ПУНКТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Түркістан облысы табиғи өсім бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бері өңірде бала туу көрсеткіші 6,5 пайызға өскен. Ал, сәби өлімі 27,7 пайызға азайған. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық басқармасының кеңейтілген алқа отырысында мәлімденді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың төрағалығымен өткен отырыста саланың жыл басынан бергі жұмыс нәтижелері туралы облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов баяндады.

Былтыр өңірдің денсаулық сақтау саласына 13,7 млрд. теңге бағытталды. Басқарма басшысының айтуынша, бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау және жедел жәрдем қызметін күшейтуге мақсат қойылған. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жабдықтау мақсатында 2,5 млрд. теңгеге 205 дана медициналық техника сатып алынып, жабдықтау 79.2 пайызды көрсетті. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 9 фельдшерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, оның 5-еуі пайдалануға берілсе, биыл төртеуі ашылады.

Сонымен қатар, жедел медициналық көмек қызметі 122 бірлік автокөлік сатып алу арқылы күшейтілді. Бұл көліктер жедел жәрдем паркін жаңартуға мүмкіндік берді. Аймақта дәрігерлердің біліктілігін арттыруға үздіксіз ерекше көңіл бөлініп келеді. Жалпы 2000 медицина қызметкері біліктілігін жоғарылатты. Облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов COVID-19 індетіне қарсы вакцинация мәселесіне тоқталды. Вакцинаның жетіспеушілігі байқалмауы тиістігін ескертіп, осыған байланысты облыстың бас дәрігеріне нақты тапсырмалар берді.

Жалпы елімізде вакцина алу бойынша Түркістан облысы Алматы, Қарағанды облыстарынан кейін үшінші орында тұр. Өңірде екпе салатын 80 пункт ұйымдастырылған. 43 мыңнан астам адам қатерлі індетке қарсы екпені қабылдады.

АРЫСТЫҚТАР ПАРТИЯ ЖҰМЫСЫН ОҢ БАҒАЛАДЫ

2021 жылдың 19 сәуір күні санитарлық талаптарды сақтай отырып, «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиал жанынан құрылған бастауыш партия ұйымдарының есеп беру және сайлау жиналыстары өтті. Жиында бастауыш партия ұйымдарының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары сараланып, бастауыш партия ұйымының төрағалары сайланып, Арыс қалалық партия филиалының ХLI (41) конференциясына делегаттар сайланды.

Жиналыстар «Шөгірлі», «Байырқұм», «С.Қожанов», «Б.Момышұлы» бастауыш партия ұйымдарында өтті. «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Саяси кеңесі Бюро мүшесі Б.Ділдабеков «Биыл сайлауда партиямыз лайықты жеңіске қол жеткізді. Сайлауалды бағдарлама қабылданып, жол картасы бекітілді. Бүгінде партия фракциясының депутаттары тұрақты түрде қоғамдық қабылдау өткізіп, елдің талап-тілектері мен өтініштерін орындауға күш салып жатыр. Сайлауалды бағдарламаны орындау бойынша жұмыс жалғаса береді. Бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар қалалық конференцияға қатысады» – деді.

Бастауыш партия ұйымының төрағалары, Елбасы тапсырмасымен партияда болған өзгерістермен тың бастамаларды жоғары бағалап, бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізілгенін айтып өтті.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда «Nur Otan» партиясы аз қамтылған отбасыларға да баса назар аударып, демеушілер тауып, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырды.

Жарыс сөзге шыққан И. Журба мектебінің партиялық топ жетекшісі Ә. Жүніс еліміздегі игі істер партияның басшылығымен жүзеге асып жатқанын, партияның сайлауалды бағдарламасын қолдайтынын айтты. Б.Момышұлы мектебінің партия белсендісі А.Нұрғалиева «Арыс қаласында жарылыс болып, төтенше жағдай орын алғанда «Nur Otan» партияның қолдауын ерекше сезіндік. Пандемия кезінде «Birgemiz» қоры Арыс халқына қаржылай және азық-түлікпен көмек көрсетті», — деді. Бүгінде Арыс қаласы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» бағдарламасын орындау бағытында жұмыстар қарқынды жүзеге асырылуда. Әрбір бағыттың орындалуы партияның бақылауына алынған.

Сонымен бірге Арыс қаласындағы «Стадион» бастауыш партия ұйымында да жиналыс өткізіліп, күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Оған Арыс қалалық мәслихатының хатшысы Амантай Байтанаев пен «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Арыс қалалық Саяси кеңесінің мүшесі Бақтығали Ділдәбеков қатысты. «Стадион» бастауыш партия ұйымының 2019-2020 жылдары атқарған жұмысының есебі тыңдалып, БПҰ бюросы мен төрағасы сайланды. Сондай-ақ аумақтық партия филиалының конференциясына делегаттар іріктелді.

БАСПАНАСЫН ӨРТ ШАЛҒАН ТҰРҒЫННЫҢ ҮЙІН ЖӨНДЕП БЕРДІ

Түркістан облысында «Nur Otan» фракциясының депутаттары тұрақты түрде қоғамдық қабылдау өткізуді жалғастырып келеді. Жуырда кезекті қабылдаудың бірі «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтті.

Қабылдауға келген жалғыз басты ана П.Келесбаева басына түскен қиын жағдайды жеткізді. Қазығұрт ауылының тұрғынының үйін өрт шалып, тұруға жарамсыз болып қалған. Біраз жиһазы жарамсыз күйге түскен. «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Е.Исақұлов аталған жағдай бойынша жедел әрекет етіп, өтініш айта келген анаға көмек көрсетуге депутаттарды жұмылдырды. Нәтижесінде облыстық, аудандық мәслихаттардың бір топ депутаты қаржылай көмек көрсетіп, үй толық жөндеуден өткізілді. Сонымен бірге жергілікті депутат Марат Нұранұлының көмегімен аталған тұрғынның үйінің құжаттары реттеліп берілді.

Нұротандықтарға, халық қалаулыларына алғысын білдірген П.Келесбаева филиалға арнайы келіп, «Nur Otan» партиясына өтуге өтініш білдірді.

Қазығұрт ауданындағы депутаттардың сауапты ісі бір бұл емес. «Nur Otan» фракциясының өкілі, аудандық мәслихат депутаты Айкүл Ақынғазиева қоғамдық қабылдауда Қарабау ауылының тұрғыны Қ.Жұматаевтың өтінішін тыңдады. Тұрғын 2 жылдан бері денсаулығына байланысты мүгедектікке шыға алмай жүргенін, дәрі-дәрмекке қаражаты жетпей қалатындығын айтып шағымданды. Депутат Айкүл Күзенбайқызы Қ.Жұматаевты толық тегін медициналық тексеруден өткізуге көмек көрсетіп қана қоймай, мүгедектік жәрдемақы алуына да ықпал етті. Екі жылдан бері шешімін таппаған мәселесі шешілген тұрғын партия филиалына арнайы келіп, депутатқа және жетекші партияға алғысын айтты.

Түркістан облысында «Nur Otan» фракциясының 263 депутаты бар. Олар бекітілген кестеге сәйкес, қоғамдық қабылдаулар өткізіп жатыр.

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 50 ОТБАСЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысы, Сайрам ауданында қасиетті Рамазан айында қайырымдылық акциясы өтті. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында қолға алынған игі іс-шараны «Қарамұрт» бастауыш партия ұйымы ұйымдастырды.

«Шүкір» қоры мен зағиптар қоғамының қолдауымен өткен акцияда Қарамұрт ауылдық округі бойынша аз қамтылған, көпбалалы, мүгедек асырап отырған 50 отбасына «Ауызашар қоржыны» таратылды. Сонымен бірге Қарабұлақ ауылындағы аз қамтылған 10 отбасына азық-түлік қоржыны үлестірілді.

Ораза айында ас беруге тыйым салынуына байланысты ауызашар беруге ниет білдірген азаматтар аз қамтылған отбасыларға, туған-туыстарына, бауырларына ораза қоржынын жеткізіп беруіне болады. Айта кетейік, «Ауызашар қоржыны» акциясы 30 күн бойы Сайрам ауданының барлық мешіттерінде жалғасады.

Беттерді дайындаған Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *