Ө.ШӨКЕЕВ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНА ІССАПАРМЕН БАРДЫ

Саясат Экономика
406 Views

Бұл аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданына іс сапармен келді. Аудан келбеті күннен-күнге құлпырып дамып келеді. Қасиет қонған құт мекенде ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп саласы өркендеген. Қайбір жылдары Ордабасыға жан бітіріп, ауданды адам танымастай өзгерткен әкім Әліпбек Өсербаевтың бұл еңбегін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Жоқтан бар жасайтын, жүрген жерін гүлдендіріп жүретін марқұм Әлекең тірі болғанда әлі де талай істі атқарары сөзсіз еді. Ордабасылықтар Өсербаевты сол кездің өзінде-ақ мойындап, оның жұмыстарына шынайы разылықтарын, жоғары бағасын беріп қойған болатын. Одан кейін аудан тізгінін ұстаған Нұрбол Тұрашбеков жаман басқарды дей алмаймыз, Түлкібасты түлеткен Тұрашбеков өз тәжірибесін Ордабасыға оңды пайдалана білді. Таяуда Тұрашбеков Түркістанға кетіп, орнына су жаңа әкім Бағлан Батыршаев келді. Батыршаев батыл қадамдарға барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін арттыра ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Ал облыс әкімі бұл аптадағы сапарында нені көңілге түйді, қандай тапсырма берді, әзірге ауданда атқарылып жатқан ағымдағы жобалармен таныстырайық.

Алдағы күндері Ордабасы ауданы аумағынан Қызыл-Сеңгір мен Боралдай мекендерінің арасындағы Боралдай өзенінің бойынан сыйымдылығы 50-60 млн м3. болатын су қоймасы салынбақ.Жаңа нысанның ені 2 шақырым, ұзындығы 5 шақырым құрайды. Нәтижесінде Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан қаласынан жалпы 45 мың гектардан астам жер қосымша ағын сумен қамтамасыз етілетін болады.

Құрылыс нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр.

Аудандағы жаңа жобалар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке Ордабасы ауданына жасаған ресми іс-сапарында таныстырылды. Аудан әкімі Бағлан Батыршаев ауыл шаруашылығы саласында қолға алынатын жаңа жобаларды баяндады. Каналдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде суару маусымында су шығыны 25-35 пайызға дейін кеміп, егістік алқаптар толықтай мерзімінде ағын сумен қамтамасыз етіледі және өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемі артады.

Сондай-ақ, тік дренаждарды іске асыру нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мелиоративтік жағдайлары жақсарып, жер асты суларының деңгейі төмендейді. Қосымша егістік алқаптар ағын сумен қамтамасыз етіліп, өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артады.

Биыл тоғыз жолдың торабында орналасқан Төрткүл ауылдық округінде табиғи газ, орталықтандырылған ауыз су мәселесі түбегейлі шешілмек. Жолдар жөнделіп, ескірген жарық жүйелері жаңартылады. Ауыл орталығында бой көтерген ірі спорттық кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бадам ауылдық округінде салынып жатқан 200 орындық мектептің құрылыс алаңында болды. Келер жылы Ордабасы ауданында тағы 6 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Өңір басшысы жұмыс сапары барысында аудандағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Республикамызда алғаш рет қолға алынған химиялық талшықтар мен маталардың алуан түрін өндіруде қолданылатын әртүрлі жіптер шығаратын ең ірі «Green Technology Industries» зауыттың өндіріс алаңында болды. Мұнда халықаралық стандарттарға сай сапалы өнім шығарылады. Кәсіпорын талшық түрлері мен микро талшықты силикондалған микрофибр жобаның тиімділігі шетелдік инвесторлар мен капиталды тарту арқылы «Жасыл технологияларды» өндірісте кәдеге жарату. Полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеуге және өндірістік циклге қайтаруға мүмкіндік беретін қайта өңдеу жүйесі нарықтың полиэфир талшықтарына деген сұранысын орындау барысында 200 жаңа жұмыс орны ашылды.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «STANDARD PETROLEUM & CO» мұнай-химия комбинатында болды.

Бензин мен жанармай қайта өңделіп қана қоймай, мұнай-химия өнімдерін шығару үшін мұнайды терең өңдеумен айналысатын кәсіпорын саладағы ең соңғы технологияларды өндіріске тиімді пайдалана білген. Зауыт мамандары көмірден бензин өндіру технологиясын ойлап тапқан. Бүгінде кәсіпорынның өнімдері Қазақстан Республикасының аумағында өндіріліп, ТМД нарығына экспорттау көзделуде. Аталған өңдеу өнеркәсіп жылына 2 миллион тонна шикізат өндеуді көздеп отыр. Ресей және Қытай технологиясымен жабдықталған қондырғылар орнатылған жобаның жалпы құны 240 миллион АҚШ долларды (95,0 миллиард теңге) құрайды. Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 961 миллион теңгеге 14,2 шақырымға темір жол және 298 миллион теңге қаржыға су құбыры тартылуда.

Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы жаңадан жұмысын бастаған аудан әкіміне бастысы атқарылатын жұмыстың өнімділігі мен сапсына мән беруді тапсырды. Кезек күттірмей атқаруды қажет ететін бірқатар мәселелер міндеттеп, ауданда жаңа өндіріс орындарын ашуды, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуді жүктеді. Ауыл шаруашылығына инвестициялар мен озық технологиялар тартып, өндірілетін өнім көлемін арттыру бойынша жұмыстарды жүргізуді назардан тыс қалдырмады. Мемлекет басшысыныңы тапсырмасына сәйкес, аудан тұрғындарына барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасап, ауыл, елді мекендері жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті, инфрақұрылымы дамыған аумаққа айналдыру қажет екенін баса айтты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *