ЕҢКУ, ЕҢКУ ЕСКІ ЖОЛ

Әдебиет
596 Views


(Соңы. Басы өткен сандарда).

– Махмуд, арқама кел! – деп Елубай қарсы алдындағыны өкпеден теуіп қалпақтай түсірді. Көптің аты көп, жігіттер жүгіріп келіп ауылдастарына жақтасып, сойқан төбелес басталды да кетті. Ырс-пырс, былш-былш, ашулы арыстандай арпалысып, шыркөбелек айналып, қарсы келгенін ұрып-жығып, жұлқынып жатқанда қызыл бет майор алқынып жетті.

– Тоқтат! Тоқтатыңдар қане! – деп айқайлап арашалап жүр. Анандай жерде қиралаңдап келе жатқан Манас бажасын көзі шалып қалып ішінен ыңқ еткізе періп өтіп еді, күлге аунаған түйедей изең етіп құлап түсті.

Ел-жұрт шырылдап, үйден Қаракемпір мен министерша жеңгесі жүгіріп келіп, Елубай мен Махмудты сүйрелегендей алып кетті.

– Әй, шешек, әлі тентек жының басылмаған ба? – деп татар жеңгесі шүлдірлеп ұрыса бастап еді, қызы:

– Мама, аналар өздері бұзық екен. Мені алып қашпақ болғанда, Елубай ағам алып қалды! – деп еді ауылдастар жым болды.

– Ой, ол басқарманың баласы ғой. Кімге тиіскенін білмей, өлер жерін байқамаған сорлы екен! – десті.

Мінәш шәугіммен су әкеп беттерін жуып жатқанда Махмуд:

– Мә, мынаны қара. Екі қасқа тісім тағы түсіп қапты! – деп аузын аңқита ашып көрсетіп мәз.

– Әй, досым-ай, қайран тісің қайда қалды екен? Енді алтыннан салдырып беремін!

– Елубай, жаным әшейін, жан досым болсаң олай айтпашы. Енді доғдырға апарсаң шын өліп қаламын. Үш жылда тіссіз үйреніп кетіп едім, сен ғой бой бермей салдырған!

Ертеңгі шәйден кейін бір кепенің басын жеген соң, алқақотан отырған құда, туыстары алдында Қаракемпір алдымен сөйледі.

– Құда-құдағилар! Шалым аяқ астынан қайтыс болып, ауыл алыс, жер шалғай ертерек келе алмадық. Мынау ат-шапан айыбымыз, – деп күрк-күрк жөтеліп отырған құдаға шапан, пысық қалдыбет құдағиына камзол кигізді. «Мынау келініміздің қалың малы» – деп ақша ұсынды, қоржынынан кездеме, мата алып бәріне жағалай үлестірді.

Министерша жеңгесі керіліп ортаға шығып, бәрінің аузын ашырды.

– Мынау құдама, мынау құдағиыма, – деп екеуіне қаракөлден тұтас тігілген өте қымбат пальто кигізді, сарыжалқын, күлгінкөк боп түрі құлпырып жайнап тұратын оны киген құда-құдағилар ыржаңдап мәз болып, ернін жия алмай қалды.

Мінәштің ата-аналары да киіт үлестіріп, ең соңында Махмудқа шолақ жең шатланка жейде бұйырды. Абыр-сабыр, қайтуға қамдана бастағанда Шаранның баласы айды аспанға шығарғаны бар емес пе?

– Тоқтаңдар, сәл сабыр етіңіздер. Мұстафа дадам алғаш Кавказдан жер аударылып көшіп келгенде Дос атамның үйінде тұрып, туыс-жекжат болды. Шаран деген әкем Елубайдың папасы Малдыбаймен түйдей құрдас, ақыреттік дос еді. Осы жерге кәртайып, құдалыққа келе алмады. Бірақ құдаға мінгізген жылқым бар деп мына пұлды беріп жіберді, – деп орамалға түйілген ақшаны ашып көрсетіп, күркілдек Мінәштің әкесінің алақанына салды. Махмуд қасқа тісінің орны опырылып, қызыл тілі жылтыңдап қолын көтеріп, әңгімесін әрі жалғады.

– Мына Елубай екеуміз жан жолдаспыз. Екеуміздің арамыз үш-ақ күн, құрдаспыз. Мені мына Қаракемпір анам, ал оны шешем екеуі кезек-кезек емізген. Жан жолдасыммен осында келіп үш жыл бұрын мына Мінәшті алып қашқан мен едім.

Есіктің босағасында көптің артында сығалап қана жасырына қарап тұрған Рәш осы кезде сырғып шығып, ары көрінбей кетті.

– Мына Мінәштің інісі жаңа үйленген құда бала болса Елубай екеумізге әлі күнге дейін бір ауыз қатты сөз айтпады ғой. «Әпкемді жалаң аяқ, жалаң бас алып қашқандарың қалай?» – деп ұрысса да, сабаса да арқаны тосып үндемес едік. Міне, нағыз молодец жігіт! Енді бұдан былай сен де менің туған інім боласың. «Айқасқа» деген бүкіл ауданда бәйгенің алдын бермей жүрген қасқа жүйрігім бар. Өзі асыл тұқым. Соны саған мінгіземін, келіп алып қайт! – дегенде Елубайдың өзі таң қалып:

«Айқасқаны» бермекпісің? – деп қайталап сұрады.

Осы өңірде бәйгенің бәрін алып, құда баланың атын аспанға шығарсын. Бұл Махмуд айтпайды, айтса айтқанынан қайтпайды. Оллә-биллә, шын сөзім! – дегенде бәрі алақандарын шапаттап, мәрттігіне разы болды.

– Тек мұның алдыңғы екі тісі осы қорада қалды. Тапсаңдар беріп жібересіздер, – деп Елубай әзіл шақырды.

Қос қасқа тісіңізді тауып берсек не бересіз? – деп жайтаңкөз құдаша қағытты.

– Мендегінің бәрі сенікі болады, – деп Махмуд ду күлгізді.

– Түнде бұл құда баладан үміттеніп едік, «Құдашадан құр қалғаны қалай?» – деп, қарасақ столға басын сүйеген күйі ұйықтап, қорылдап тұрмай қойды ғой, – деген құдашаның бірі және түйреп өтті.

– Келесі келгенде бәрі болады, – деп Махмуд шыдамай орнынан тұрып кетті.

Топырлап сыртқа шыққанда палатканың бұрышында состиып тұрған Рәш пен күйеуін көрді. Манас бажасы қисалаңдай басып кеп амандасқанда байқады кешегі едірейген қалың мұртын тып-типыл сыпырып алып тастапты. Оның орны түйеқұстың жұмыртқасындай ақтаңдақтанып, ал бір ұрты күйіп, қызара бөртіп тұр. Рәш басындағы қызыл беретін умаждаған күйі сол жерде тас мүсіндей қатып тұрды да қойды.

Майор арсалаңдап дөңгелеп кеп Елубайды қолтықтап қашадан алып шықты. Анандай жерден кеше төбелескен кертпе мұрын, түрік ерін жігіт құлдыраңдай келіп, қос қолдай амандасты. Беті домбығып, көз алды көгеріп, добалдай ісіп тұр.

– Аға, ағатай кешегіге кешіріңізші! – деді басқарма баласы мұның да қанталаған көзіне тік қарай алмай.

– Елеке, міне ат-шапан айыбымыз. Мынау саған мінгізген тұлпарымыз, – деп аудандағы милиция бастығы биік шарбақпен қоршалған машина қорабында тыпырлап тұрған айғырды көрсетті. – Осы машина үйіңе шейін апарып береді. Иегің қисық болса сақал түзу болмас деген ауыл балалары ғой. Кешіріңіз енді.

– Құр сөзді сылдырлатпай онда бірдеңе құймайсыңдар ма? – деп Елубай күліп жібергенде ана екеуі қапсыра құшақтай алды.

– Бәрі дап-дайын бауырым! – машина қалқасынан бөтелкені ала бергенде басы ауырған Махмуд та ентелей жетті.

– Әй мынаның мұрны күндік жердегіні сезеді. Өліп тұр ғой, оған да құй! – деді құрдасының аянышты түрін көріп. Төртеуіне бір құмыра аздау болып, екіншісін бітірер тұста Мінәш келіп:

– Министерша апам тез келсін, қайтамыз деп жатыр, – дегенде ғана бәрі жапатармағай құшақтасып, сілекейлерін жаға былш-былш сүйісіп, мәре-сәре күлісіп, реңдері кіріп, қызара бөртіп, маңдайлары терлеп балбырап шықты.

Басқарманың студент баласын көргенде топ ішінде тұрған министрдің кенже ерке қызы қылаң етіп қылт етіп бері шығып, сылаң етіп сыңқ етіп күліп кеп онымен қол беріп сәлемдесті.

«Әй, кеше түнде ғана мен үшін жан алып, жан беріп ағам төбелесті-ау» деген ойы да жоқ, екеуі шүлдірлесіп орысша сөйлесті де кетті.

Бәрі кезек-кезек қоштасып жатқанда да, дүр етіп жүріп кеткенде де Елубайдың көзіне Рәш мүлде көрінбей-ақ қойды. Иә, жара бет жазылар, қарабет жазылмас. Махаббат бүгін – ләззат, ертең – азап. Сан тарау өмір жолы қайда апарады?

Жаңа үйленген жас жұбайлар, майор мен басқарманың студент баласы аудан шекарасында бәрін тоқтатып қойып, ағаш көлеңкесіне тағы да дастархан жайды. Олардың бәрімен стақан соғыстырып, қасқа тісі опырылған Махмуд енді жеке шапты. Алау-далауы шығып тәлтіректеген майор тағы сүйіс бастады, басқарма баласы министрдің шашы желбіреген сары қызының жанында үйіріліп, ал машина қорабындағы тоқ айғыр пысқырынып, тықыршиды.

– Ал кеттік, бол-болыңдар. Досов қане тоқтат! – деген министерша жеңгесінің бұйрығынан кейін Махмудты сүйрегендей әкеліп, машинасына отырғызды. Бәрі ұбап-шұбап жүріп бергенде шешен досы көк аспан мен қара жерді қақырататындай айқай-сүреңді қаһарлы қорылға басты.

– Балаларды ұйқысынан оятып жіберді ғой, – деп Мінәш наздана күлді.

* * *

Көңілі бірлеген Елубай шырт-бырт еткізіп рацияны қосып еді:

– Алло, алло, бұл кім екен? – деген дауыс үзіліп-созылып естілді.

– Милиция страшинасы Досов тыңдап тұр! – деп саңқылдай жауап берді. «Досов» деп айтқанда бәрі жасып, төменшіктеп қалады.

– Ә-ә, Елубай, мен ғой, – аудандағы милиция бастығы ағаң. Міне, жанымда Хасан отыр. Қайдасыңдар? А-а… жақсы болған екен жолға шыққандарың. Шаран ақсақал ауырып, ауруханада жатыр дейді. Махмудтың келіншегі босанып, ұл тауыпты! Таң атқалы Хасан соны хабарла деп жанымда отыр.

Қиқ-биқ деген рацияны өшіріп, радионы қосты. Тұңғышы дүниеге келген Махмуд серейген екі қолы ұшатын құстай жайылып, қырық мың қалмаққа жеке қарсы шыққан батырдай тау қопарардай қорылға басып, былқ етпейді-ау…

Адамдар бір-бірімен байланып қалған-ау. Міне, бұл сапарында осы бір алтын құрсақ жарының арқасында қаншама жақын туыстар тапты? Қандай асыл жандар десеңізші!

Радиода «Алатау» әнін шырқаған әнші дауысы жүрегін елжіретті. Сәл сыртқа шықса Алатауын аңсап, сағынады да тұрады.

«…Иә, бұл жолмен кімдер жүрмеді десеңізші?! Мына балаларым аман болса бұл Мінәшімнің ауылына екі ортаны шаң қылып, осы жолмен әлі талай-талай келерміз», – деп әнді ыңылдаған милиция старшинасы Елубай көгерген кәртөшкедей домбыққан оң көзінің астын сипап, арт жағында отырған бала-шағаларына бұрылып, мейірлене қарап қойды.

Алматы – Өскемен тас жолына шыққан құдалар керуені алыстан сағынта қол бұлғаған абыз Алатауына қарай бет түзеді.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Желтоқсан, 2020 жыл.

Алматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *