ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛЫНА 1 МЛН. ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКА ШЫҒАРЫЛАДЫ

Қоғам
625 Views


Түркістанда «Artel» компаниясы 1 млн.-ға дейін газ плитасыншығарады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Өзбекстанғажасаған іссапарында белгілі болды. Облыс әкімінің Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкхуджаевпен өткен кездесуі барысында Қазақстан мен Өзбекстанбірлесіп тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын ашу туралы келісімге келді.

Көрші ел инвесторлары Түркістанның индустриалды аймағында газ плиталары мен су жылытқыш құрылғыларын өндірмек. Жоба аясында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Техника бағасы да тұтынушы үшін қолжетімді болмақ. Түркістан облысының әкімі жобаны жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтты.

«Достық қатынастарға негізделген Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастығы нығая түсуде. Бүгінгі жоба біраздан бері талқыланып келген. Бұл бірлескен жұмыстың басы ғана. Жалпы, Өзбекстандық инвесторлар Түркістан қаласына бірнеше өндіріс орнын ашуға қызығушылық білдіріп отыр», – деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.

«Artel» компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады. Айта кету керек, өткен жылдың соңында компания өкілдері Түркістан қаласына келіп, өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері және индустриалдық аймақтағы инвесторлар үшін жасалынған мүмкіндіктермен танысқан болатын.

Сонымен қатар, Өзбекстан еліне сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Чиназ ауданында болып, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында бой көтерген тоқыма өнімдерін шығаратын ірі тігін фабрикасының ашылу рәсіміне қатысты. Өмірзақ Естайұлы тігін индустриясын дамытып, шалғай жерлерде қажетті жұмыс орындарын құратынын жоба жетекшілерін облыс атынан құттықтады. «Qojakent Textile» компаниясы қысқа мерзім ішінде үкіметаралық өнеркәсіптік кооперация шеңберінде Түркістан қаласында тігін фабрикасын іске қосқаны белгілі.

МАШИНА ЖАСАУ САЛАСЫНА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛМАҚ

Түркістан облысының басшылығы жаңа технологиялық шешімдер мен экономиканы ғана емес, өңдеу өнеркәсібін, атап айтқанда, автомобиль жасау саласын дамыту бойынша озық әлемдік тәжірибені енгізуге ерекше мән беруде. Машина жасау саласына инвестиция тарту мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев бастаған арнайы жұмыс тобы Ресей Федерациясының Челябі облысына жұмыс сапарымен барып, «УРАЛ» автомобиль зауытының өндірістік нысандарымен танысты.

«Урал» автомобиль зауыты мен «Урал» АЗ сауда үйінің басшылығымен кездесу барысында Түркістан облысында «Урал» брендімен жүк автомобильдері мен арнайы техниканы құрастыруды ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланды.

«Көп жылғы тәжірибені, сондай-ақ автомобиль зауытының айрықша имиджін ескере отырып, біз оларды өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысу үшін Түркістан қаласына шақырдық. «Урал» компаниясының өкілдері жоғары қызығушылық таныта отырып, ағымдағы жыл ақпан айының екінші жартысында біздің өңірге жұмыс сапарымен келуге шешім қабылдады.

Сонымен қатар, біз Челябі облысы губернаторының орынбасары Ковальчук Егор Викторовичпен кездесу өткіздік. Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен жиын кезінде біз өңірлеріміз арасында сауда-экономикалық қатынастар орнату мәселелерін ортаға салдық», – дейді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.

Ресей-Қазақстан қатынастары көптеген салаларда қарқынды дамуда. Бұл сапар Түркістан өңірінде машина жасау саласының дамуына жаңа серпін берді. Негізгі мақсат екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және Челябі облысымен тығыз сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуға бағытталған.

БИЫЛ ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖОЛДАР ЖАҢАРАДЫ

Түркістан облысы Төлеби ауданында биыл «Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бағдарламасына сәйкес, 21 елді мекендегі 28 көшенің 42 шақырым жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жопарланған. Жол құрылысы саласына ауданның бюджеті есебінен 642 млн. 163 мың теңге қаралған.

Сондай-ақ, аудан бойынша 5 ауылдық округтің 14,4 шақырымды құрайтын 14 көшесіне тас төсеуге 34,7 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Бірінші Мамыр және Абай елді мекендерінде 17 жобаны 345 млн. теңгеге қаржыландыруға ұсынылды. Ал, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 514 млн. теңгеге 9 жоба қаржыландырылмақ.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Төлеби ауданында ғимараттардың қасбетіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Өткен жылдан өтпелі бірқатар ауқымды жобалар жалғасын табуда. Ленгір қаласын абаттандыру жұмыстарына 233 млн. теңге қаржы қаралған.

Атап айтқанда, Ленгір қаласы Төлеби-Қапал батыр көшелерінің қиылысындағы шатқалды және бірқатар көшелерді абаттандыру жұмыстарын аяқтауға аудандық бюджеттен қаражат қарастырылған. Шахта Тогус елдімекеніне ашық футбол және баскетбол алаңшалары мен стелла орнатылмақ.

Таскешу елдімекеніндегі және Астана көше-сіндегі көпірді ағымдағы жөндеу көзделген. Сон-дай-ақ, полиция қызметкерлеріне арналған фронт-офис ашылмақ. Онда тұрғындар ішкі істер органдарына қатысты сауалдарына жауап алып, арыз-шағымдардың қаралуын қадағалай алады.

Ленгір-Алатау жолы бағытындағы Жаңаұйым елдімекенінен кіре берісте орналасқан бас қақпа жаңарып, Қосағаш ауылынан 2,1 шақырымға суағар (лоток) орнату көзделген.

Сонымен қатар, құны 2 млрд. теңге болатын Жоғарғы Қасқасу елдімекенінің 4,7 шқ., Кенесарық елдімекенінің орталық көшесін және Зертас елдімекеніндегі Шомшақты және Спатай-Андас көшелерін абаттандыруға жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, салалық басқармаларға қаржыландыруға ұсынылды.

Аудандағы 5 ауылдық округте 11,6 шқ. аяқжол салу қарастырылуда. Оның ішінде Қаратөбе ауылдық округінің Майбұлақ елдімекені, Тасарық ауылдық округі Тасарық, Жамбыл елдімекендері, Аққұм ауылдық округіндегі Жаңаұйым елдімекені, Киелітас ауылдық округі, Киелітас, Жыланбұзған елдімекендері және Жоғарғы Ақсу ауылдық округі Мәдени елдімекенінде кестеге сәйкес аяқжол төселеді.

Төлеби ауданының 6 елдімекенінде түнгі жарық орнатуға 95,7 млн. теңге қаралды. Аудан көлемінде және Ленгір қаласында 25 дана бейнебақылау орнатуға 74,4 млн. теңге қаржы қарастырылған. Ленгір қаласының автобекет маңына және Көксәйек елдімекеніндегі аудандық ауруханасының жол бойына бағдаршам орнатуға 15,6 млн. теңге қаржы бөлінді.

АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Түркістан қаласында тұрғын үй сату орталығы ашылды. Орталық неке сарайының ғимаратында орналасқан. 7-20-25 ипотекалық бағдарламасы жайлы толық мәлімет берілетін арнайы сайт және ақпараттық орталықта азаматтар соңғы ақпараттар мен мемлекеттік бағдарламалармен таныс болып, баспана алуға өтініш бере алады.

Наурыз айының басында Түркістан қаласындағы 16 көпқабатты тұрғын үй тапсырылады. Пәтердің шаршы метрі 180 мың теңгені құрайды. Орталықтың ашылуына қатысқан Өмірзақ Естайұлы жауаптыларға нақты тапсырма берді. Баспаналы болуға ниетті әрбір азаматтың өтінішін жүзеге асыруға күш салуды міндеттеді.

Бетті дайындаған

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *