1998-2018: ЖИЫРМА ЖЫЛДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР

Білім
968 Views

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі білім беру жүйесіне көптеген реформалар мен өзгерістер енгізілді. Соның бірі – жекеменшік жоғары оқу орындарының ашылуы дер едік. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған университеттер мен институттардың кейбіреулері өскелең заман талабына ілесе алмастан жабылып қалды. Сөйтіп ел арасында түрлі жағымсыз әңгімелердің өрбуіне себепкер болды.

Ал профессор-оқытушылар құрамы сайдың тасындай іріктелген, студенттер жастары білім мен өнерге ыстық ықыласпен ұмтылғандары өздерінің ағартушылық-педагогикалық жұмыстарын жүйелі жалғастырып келеді. Міне, сондай ел сенімін ақтаған ұйымшыл ұжымдардың бірі әрі бірегейі – Шымкент қаласындағы Инженерлік-педагогикалық Қазақстан Халықтар достығы университетінің құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Қаншама талантты түлектер шығарған бұл жоғары оқу орнының абырой-беделі күн санап артып келеді. Бүгінде мұнда 7 мыңға жуық студенттер мен магистранттар тәлім-тәрбие алуда. Олар 30 бакалавриат және 14 магистратура мамандықтары бойынша білім алып жүр. 30 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір ананың баласындай тату-тәтті тіршілік етіп, білім нәрімен сусындауда.

Арыс қаласындағы жетімдер үйінің түлектеріне айрықша қамқорлық көрсетіп, олардың жоғары білім алып шығуына жәрдемдесіп келеді. Қытай еліндегі Шыңжан жоғары оқу орнымен, Ресейдің Мәскеу қаласындағы Халықтар достығы университетімен, И. М. Губкин атындағы мемлекеттік мұнай және газ мамандарын даярлайтын университетпен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатылған. Мұнда ауыз толтырып айтарлықтай тағы басқа да жағымды жаңалықтар өте көп екен.

Аталмыш жоғары оқу орнының мерейлі мерейтойымен шынайы құттықтап, олардың ұрпақ тәрбиелеу жолындағы педагогикалық қызметтеріне толағай шығармашылық табыс тілегіміз келеді. Осыған орай біз аталмыш жоғары оқу орнына барып, ондағы басшылармен, профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен сұхбаттасып қайтқан болатынбыз. Енді соны Сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Нұрлан ҚУАТБЕКОВ, университеттің вице-президенті, техника ғылымының кандидаты, профессор:

– Біздің Халықтар достығы университетінің құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде университет көп жетістіктерге жетті. Материалдық-техникалық базасы нығайды. Кезінде жұмысты кішкентай ғана ғимаратта бастаған болатынбыз. Жыл санап студенттердің саны арта түсті. Жақында арнайы аккредитациялаудан өттік.

Алдағы уақытта қалада «Шымкент сити» атты жаңа кешен бой көтермек. Сол жерден университетімізді ашсақ деген ойымыз бар. Өзіміздің мемлекетаралық келісімшарттарымыз бар. Біз студенттерімізді шетелге жіберіп, ал олар осында келіп оқиды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Ресей астанасы – Мәскеудегі Халықтар достығы университетімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Ғылыми және студенттік аккредитациялаудан өткенбіз. Бірқатар шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқанбыз.

Бүгінгі таңда университетімізде 7 мыңдай студент тәлім-тәрбие алуда. Соның ішінде бірнеше бакалавриат және магистратура мамандықтары бар. Студенттер мен магистранттардың терең де сапалы білім, тәлімді тәрбие алуына университетіміздің құрылтайшысы Әбдімұса Мұратұлы Қуатбековтен бастап қатардағы оқытушыға дейін тікелей жауап береді. Біз ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға қайырымдылық көмек көрсетуді өзіміздің басты парызымыз деп санаймыз. Арыс қаласындағы жетімдер үйін қамқорлыққа алып, оларға демеушілік көмек көрсетіп келеміз. Жыл сайын сондағы орта білім алған түлектерді университетімізге оқуға қабылдаймыз. Оларды тегін оқытумен қатар жатақханамен, тамақпен қамтып отырамыз. Стипендия төлейміз. Оқуын бітірген соң жұмыспен қамтамасыз етеміз.

Әбдімұса ҚУАТБЕКОВ, Шымкент қаласындағы Инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университетінің құрылтайшысы, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, химия ғылымының докторы, профессор:

– Студенттеріміздің басым бөлігін тегін оқытамыз. Оларға стипендия төлейміз. Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ екені баршаға белгілі. Сол себепті қазіргі таңда жастар оқу керек, білім алу керек. Үздік оқыса, тәртібі үлгілі болса, ертең білімді де білікті маман болып шығады. Бүгінде жақсы оқығысы келетін, ынтасы бар қыз-жігіттер көп. Профессор-оқытушыларымыз әрбір студентпен, магистрантпен жүйелі жұмыс жасап, олардың ертеңгі күні ел игілігін еселейтін маман болып шығуы жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Әбдіжәлел АҚКӨЗОВ, университеттің бірінші және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, филология ғылымының кандидаты, доцент:

– Университетімізде қазіргі таңда 7 мыңға жуық студент білім алып жатса, олар 30 бакалавриат бағдарламасы бойынша оқып жүр. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламасы бойынша, яғни магистратурада 14 мамандық бойынша магистранттар дайындаудамыз. Күндізгі бөлімде оқып жатқан студенттердің саны қазіргі статистикалық есеп бойынша 3600-дей болып отыр. Соның ішінде егемен елімізде тіршілік ететін 30 ұлт пен ұлыстың өкілдері бар. Олардың ұлты, тілі мен діні бөлек болғанымен, мүддесі, мақсаты бір. Біздің Қазақстанымыздың қарыштап дамуына, алдыңғы қатардағы өркениетті 30 елдің қатарына қосылуына олар да өзіндік сүбелі үлесін қосуда.

Оқу процесі барысында тек білім ғана берумен шектеліп қалмай, ғылым бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Көптеген студенттер ғылыми-тәжірибелік конференцияларда белсенділік танытып жүр. Сонымен қатар университетіміздің қыз-жігіттері қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шараларға тұрақты түрде қатысып отырады. Былайша айтқанда, олардың алдына қойған басты мақсатының бірі – «Туған жер» бағдарламасын жүйелі іске асыру болып табылады. Сонымен қатар оқу барысында мемлекеттік тіл – қазақ тіліне басымдық беріліп келеді. Бұл үрдіс сонау университет қалыптасқан күннен бастап іске асырылуда. Елбасының кезекті Жолдауында айтылғандай, рухани жаңғыру бағытында көптеген игілікті іс-шараларды жүзеге асыруды ойластырып отырмыз. Салт-дәстүріміздің жақсы жақтарын өзімізге қабылдап, жаңғырту арқылы жастар тәрбиесін жетілдіруге өзге ұлт пен ұлыстың өкілдері де өз үлесін қосуда.

Бүгінгі таңда жоғары оқу орнымыз Шымкент қаласындағы басқа да жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Әсіресе, білім саласында академиялық ішкі ұтқырлық бойынша басқа да оқу орындарына барған студенттеріміз өздерінің білімін жетілдіріп жүр. Бірлесе отырып сапалы білім негізін қалауда. Басқа жоғары оқу орындарының студенттері біздегі академиялық ұтқырлық бойынша толық тәртіпке бағынып, осы жердегі болып жатқан іс-шараларға толыққанды қатысуда. Сонымен қатар сыртқы академиялық ұтқырлық бойынша шет мемлекеттерде, шекаралық аймақтағы білім жүйесі қандай дәрежеде екенін аңғартады. Бізді бір қырымыздан танытып жатқан сыртқы академиялық ұтқырлық Қытай еліндегі Шыңжан жоғары оқу орны, Тәжікстанның Петикент қаласындағы жоғары оқу орны, Ресейдегі Халықтар достығы университеті және И. М. Губкин атындағы мемлекеттік мұнай және газ салаларының мамандарын даярлайтын университетпен өзара әріптестік қатынастарды нығайтып келеміз. Сонымен қатар магистрант жастарымыз шетелге шығатын іс-тәжірибеде де университеттің алға қойған мақсаты мен стратегиялық жоспарына сәйкес өзіндік зерттеулер жүргізіп жүр. Шет мемлекеттердегі шекара аймақтық жоғары оқу орындарының жақсы тұстарын біз өзіміздің тәжірибеге енгізу мақсатында бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Білім мен ғылым бағыты бойынша ондағы жұмыс қалай жүріп жатыр, осы бағыттарға баса назар аударамыз.

Жалпы өздеріңізге мәлім, Елбасының Жолдауында айтылғандай, «Цифрлы Қазақстан» стратегиялық жоспарын құрып, оны іс жүзіне асырып отырмыз. Әрине, бұл тек қана бүгінгі жүргізіліп жатқан іс-шара емес, Елбасының «Қазақстан–2050» бағдарламасы қабылданғалы бері біз жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі экономика қарыштап дамып жатқан кезде бір орында тоқтап қалуға болмайды. Ескі жүйенің жақсы жақтарын біз жадымызда сақтап, еліміздің төрткүл әлемдегі озық 30 елдің қатарына ену үшін біз де өз үлесімізді қосудамыз. Құрылтайшылар тарапынан жасалып жатқан жағдай көңілімізден шығады.

Еліміздегі білім саласы бірнеше рет реформалауға түскенін бәріңіз жақсы білесіздер. Енді осы реформалардың бізге тигізген жақсы жақтарын атап өткім келеді. Алдымызға қойған талаптардың ең бастысы – университетіміздің материалдық-техникалық базасын нығайту болып табылады. Бұл бағытта құрылтайшылар тарапынан қаржы-қаражат бөлініп, бүгінгі заманауи талаптарға сай келетін ғимараттар тұрғызылып, студент және магистрант жастарымыздың қолданысына беріліп отыр. Техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттерге жағдай жасау мақсатында заманауи зертханаларды жабдықтауға да қаражат бөлуде. Мысал үшін органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығы бойынша зертханалық жұмыстарды жүргізу өте күрделі процесс. Бұл мамандық Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде және бізде ғана бар. Сол сияқты радиотехника, электроника, телекоммуникация мамандықтары бойынша зертханалық жұмыстардың күрделілігіне байланысты осы бағытта Ресейдің өндіріс орындарымен келісе отырып, бірқатар зертханалық жабдықтауға да қаражат бөлініп отыр. Мәселен, жоғары оқу орнын бітіруші түлектерді қазіргі Үкіметтің алға қойып отырған бағдарламасы бойынша жұмыс берушімен тығыз байланыста атқарып келеміз. Әрине, оқу жоспарын жылдық жоспарлау бағытында жұмыс берушілердің де пікірімен санасамыз. Бүгінгі таңда өндіріске барған кезде қажетті пәндерді оқыту, жұмыс берушілердің тарапынан да ұсыныстар болады. Кеңес құру арқылы, сол кеңесте талқылап, бекітіп, екіжақты келісім арқылы меморандумдарда іске асырамыз. Университетімізді бітірген түлектер жұмыс берушілер тарапынан жұмыспен қамтылады. Біз маман дайындаймыз, ал олар сол маманды бейімдеп жұмысқа қабылдайды.

– Бүгінгі таңда университет бітірген мамандарыңыздың қаншасы қайда жұмыс істеп жүр?

– Бүгінгі таңда біздегі 30 мамандықтың ішінен көп сұранысқа ие болып отырған радиотехника, электроника, мұнай өнімдерінің және органикалық заттардың химия технологиясы мамандықтары, сонымен қатар банк жүйесінде де біздің біраз студент жастарымыз жұмыспен қамтылған. Сосын мемлекеттік жергілікті басқару мамандығы облыстық әкімдіктің қатаң бақылауында. Әкімдік қызметкерлері студент жастармен жиі кездесіп, мемлекеттік қызметтің өзіндік талаптарымен, кодекс, заңдарымен таныстырып, студенттермен қосымша семинарлар өткізіп отырады. Бұл салада да бір-екі студенттерімізді атап кетуге болады. Ауылдық жерлерге барып, жұмысқа орналасқандар да аз емес. Сонымен қатар біз өңіріміздегі елді мекендерге сараптама жұмыстарын жүргіздік. Қазір кадр тапшылығы сезілуде. Атап айтқанда, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, география, физика, математика мамандықтары бойынша мамандар аз. Осы кадрлық тапшылықтарды шешу мақсатында облысымыздағы аудан-қалалардағы білім бөлімдерімен тығыз байланыс орнату жөнінде келісімшарт мәтінін дайындап, оны іске асыру да басталып кетті. Мұнда Елбасының алға қойған талаптарының бірі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Осы бойынша жергілікті әкімдіктермен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында да кешенді жұмыстар атқаруға біз өз үлесімізді қосудамыз.

Бүгінгі таңда үштұғырлы тілге байланысты жоспарға сәйкес барлық топтарға орыс тілі, шет тілі оқытылады. Бүгінгі таңда информатика, физика, биология секілді бірқатар пәндерді ағылшын тілінде оқытуды бастадық. Алғашқы қадамдар оң нәтижесін беруде. Сонымен қатар алдымыздағы жоспарымыздың бірі – латын әліпбиін меңгеру. Бұл бағытта да біз ұжымға Елбасы бекіткен латын әліпбиінің жаңа үлгісін таныстыру жұмыстарын жүргізудеміз. Сонымен қатар Оңтүстік өңіріндегі лингвист ғалымдарын шақыртып, осында басқосулар өткізу жоспарланған. Біздің қолымыздан келген түсіндіру жұмыстарының бәрін жүйелі жүргізіп отырмыз. Латын әліпбиін 2025 жылы енгізуге өзіміздің үлесімізді қосудамыз. Сонымен қатар облысымыздағы, қаламыздағы жастар комитеттерімен, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасымен біріге отырып жүргізіліп жатқан іс-шаралар арқылы біздің университет алдыңғы қатардағы оқу орындар қатарынан көрінуде. «Жастар альянсы», «Жасыл желек», «Туған жер», тағы басқа да ізгілікті де игілікті іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеміз.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының шығуына байланысты қандай жұмыстар атқарып отырсыздар? Осылар туралы айта кетсеңіз.

– Әсіресе тарихшы, филолог мамандар көп жұмыстар атқарып отыр. Елбасымыздың алға қойған мақсатында рухани жаңғыру құрғақ жаңғырыққа айналмасын дейді. Дәстүр-салтымыздың өзімізге тиімді жақтарын зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Бұл бағдарламаның бәрімізге берері мол. Біз келешек ұрпаққа не бере аламыз? Сананы тазалау, жаңа форматтағы адамды қалыптастыру, адами капитал – міне, осы бағыттарда жүйелі жұмыс жасаудамыз. Кейбіреулер сананы бірден қалай жаңартып жібереміз деп шатасады. Адам күндеп, айлап, жылдап еңбек етуі керек. Әрине, біз 70 жыл бойы компартияның нұсқауымен жүрдік. Аға буын, орта буын өкілдері болып саналатын біз сол тәрбиені көргеннен кейін санамыз уланып та қалған. Мұны жасыра алмаймыз. Ал келешек ұрпақты жаңа форматтағы, санасы жаңғырған, жақсы жаққа қарай тәрбиелеуіміз керек. Дамыған 30 елдің қатарына енуіміз үшін қандай жұмыстар жүргізуіміз керек? Әрине, шет тілін терең меңгерген, әлемнің кез келген еліне барып жұмыс атқаратын, шетелден келген азаматтармен тең дәрежеде иық тіресе отырып пікір алмасатын жастарды тәрбиелеуіміз керек. Жастар – біздің ертеңгі күнімізге құйып отырған инвестициямыз. Елбасының Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқып келген студенттеріміз бен магистранттарымыз бүгінде еліміздің игілігі жолында қызмет етіп жүр. Біз де дәл сондай жастарымызға терең де сапалы білім беруіміз керек. Осыны жан жүрегімен сезінген профессор-оқытушыларымыз әркез ізденімпаздықпен еңбек етіп келеді.

Ұлбосын ҚАЙЫРБЕКОВА, филология және тілдер кафедрасының меңгерушісі:

– Біздің Оңтүстік Қазақстан өңірінен бүкіл әлемге танылған ғалым Мейірбек Оразұлын бәріміз жақсы білеміз. Түркітанушы ғалым «Кембридж университетінің жыл адамы» атанған. Осы кісінің шәкірті ретінде қазақ тілінің қалыптасып дамуы, өркендеуі жолында іздемпаздықпен жұмыс істеп, осы кафедраның жұмысын жетілдіріп келеміз. Біздің қазіргі міндетіміз – бәсекеге барынша қабілетті білімді де білікті мамандар дайындау болып табылады. Өскелең заман талабына сай студенттерімізге терең де сапалы білім, тәлімді тәрбие беру жолында бұдан былай да ізденімпаздықпен еңбек ете беретін боламыз.

Камалдин УСМАНҰЛЫ, химия және биология кафедрасының профессоры:

– Студенттерге лекция өткеннен соң олармен зертханада тәжірибелік жұмыстар жүргізілуі керек. Себебі жүз рет естігеннен бөлек, өздері қолмен ұстап, жасап көрсе, мол мәлімет алуға болады. Студенттер флашметр аппаратында судың сілтілікке ме, қышқылдыққа ма енетіндігін анықтай алады. Сұйықтық 6-дан төмен көрсететін болса, онда ол қышқылдық, ал 6-дан жоғары болса, сілтілік нәтижесін көрсетеді. Секциональмен біз қышқылды сілтілерді анықтаймыз. Ал қышқылдың сілтілігін анықтау үшін титраван жасаған жөн.

Ұлпен СҮЛЕЙМЕНОВА, гуманитарлық-педагогикалық факультеттің деканы, кафедра доценті:

– Жаһандану мәселесіне орай университеттің алға қойған мақсатына сай мамандарды даярлау жолында көп еңбек етудеміз. Мұндай дәрежеге қол жеткізуі – біздің құрылтайшыларымыздың, осы университетте білім беретін ұстаздарымыздың еңбегі. Студенттерімізді бәсекеге қабілетті етіп шығару, елімізге қажетті мамандарды алпауыт компанияларға жіберіп, білімі мен біліктілігін арттырып келеміз. Мысалы, «Петро-Қазақстан» секілді еліміздегі мұнай өңдеу саласындағы ең ірі компаниялардың біріне біз оларды өндірістік тәжірибеге апарып, бар білгенімізді үйретіп келеміз. Тәжірибе жүзінде біраз нәрсе үйреніп келген студенттер әрине заман талабына сай білім алғылары келеді. Осындай қондырғыларды алу арқылы бәсекеге қабілетті студенттерді даярлап отырмыз. Мұнай саласындағы алпауыт кәсіпорындардың бәрі де білімді де білікті мамандарды ғана жұмысқа қабылдайды. Сол талаптарды орындау мақсатында біз өзіміз өтетін сабақтарымыз бен тәжірибелерімізді жүйелі жүргізіп келеміз. Үлкен зертханаларымызда өткізілетін сабақтардың бәрі де қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Өзге де жоғары оқу орындарының зертханаларынан еш кем түспейді. Зертханаларымыз, спорт залдарымыз, медпункт пен асханаларымыз студенттер үшін жүйелі жұмыс істеп келеді.

Қамбарбек МОЛДАБЕКОВ, мұнай және газ зертханасының меңгерушісі:

– Керосиннің жалынын анықтайтын аппаратпен студенттер де жұмыс жасай алады. ТБЗ-ПХБ аппаратымен мұнай өнімдерінің лап ету температурасын анықтайды. Тағы бір аппаратпен дизель отынының қату температурасы, лайлану температурасы, керосиннің лайлану температурасын анықтайды. Бұл аппаратты 45 градусқа бұрған кезде таймері жұмысқа қосылады. Дабыл қатқандығын білдіреді.

Қалғанат СЕЙІТҚАСЫМ, оқытушы-магистр:

– Біздің құрылыс мамандығының зертханасы соңғы заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. 2015 жылы Ресейдің Челябинск қаласына арнайы тапсырыс беріп, ондағы аппаратуралармен зертханамызды қамтыдық. Зертхана негізгі үш бағыт: геодезия, геотехника, құрылыс салалары бойынша жұмыс істейді. Бір бөлімде геодезия мамандығы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіледі. Теодолит және нивелир құрылғыларымен құрылыс нысандарының көлденең және тігінен олардың түзу болу керектігін және орналасу көрсеткішін анықтаймыз. Литвиновтың далалық зертханасы арқылы студенттер өндірістік жағдайдағы құрылыс салынатын топырақтың қасиеттерін анықтай алады. Осы екі аппаратура өте қолайлы әрі ешқандай да артық шығындарды қажет етпейді. Өндіріс орнында тұрып-ақ тікелей топырақтың қасиеттерін анықтай береміз. Басқа да компьютерлік сыныптарымыз бар. Онда автокад және дархикадты үйретеміз. Біздің студенттеріміз жұмыс берушілердің өскелең талабына сай заманауи білім алып жүр.

Дінмұхамед НАРЫМБЕТОВ, ағылшын пәні оқытушысы:

– Қазіргі таңда біздің университетіміздегі 2 шет тілі мамандығының студенттері заман талабына сай жабдықталған лингофон кабинеттерінде білім алуда. Бұдан бөлек бейне аудиториялар бар. Онда тек мамандыққа қатысты мәліметтерді ғана өтеміз. Жалпы, Елбасы алға қойып отырған үштұғырлы тіл бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыру жолында жүйелі жұмыстар атқарып келеміз.

Темірхан МАХАРОВ, студент:

– Халықтар достығы университетінде оқып жүргеніме қуаныштымын. Себебі мұнда сапалы білім, саналы тәрбие береді. Біздің болашаққа деген ұмтылысымызды одан әрі дамыту мақсатында өте көп іс-шаралар бар. Сол үшін де ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегіне дән ризамыз.

Балнұр АСҚАРҚЫЗЫ, шет тілі мамандығының І-курс студенті:

– Бұл жоғары оқу орнында ең алдымен адамдармен араласуды үйрендім. Мұнда жастардың білім алып, өнермен, спортпен шұғылдануларына мол мүмкіндік жасалған. Бірнеше клубтар жұмыс істейді. Соның бірін айта кететін болсақ, жақында Түркістан қаласынан жалпы республикалық дебат турниріне қатысып келдім. Сол жарыста республика бойынша үшінші орын иелендім. Соның бәрі осы Халықтар достығы университетінде беріліп отырған сапалы білімнің арқасы деп есептеймін. Себебі бізде әлеуметтану, шет тілі және тарихи тұлғаларды да оқытатын неше түрлі пәндер өтеді. Екі шет тілі мамандығы бойынша тәлім-тәрбие алып жүрмін. Біздің университетімізде ағылшын және неміс тілдерін оқыту жақсы жолға қойылған. Осында сапалы білім алудың арқасында сан түрлі белестерді бағындырып отырмын. Осы орайда біздің құрылтайшыларымыз бен ұстаздарымызға үлкен алғысымды білдіремін.

Нұрмұхамед ЖАҚСЫЛЫҚ, І-курс студенті:

– Радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығы бойынша білім, тәлім-тәрбие алып жүрмін. Өткізілетін сабақтар барысында зертханада көптеген жұмыстар жасаймыз. Бұл университетке біздің мамандығымызға сәйкес керекті заманауи құрал-жабдықтарды әкеліп қойылған. Вольтметр, амперметр, тұрақты өлшеу құралдары бар. Ұстаздарымыз бізге олардың әрбірімен қалай жұмыс істеуімізді жалықпай үйретіп келеді.

Бетті дайындаған Қуанышбек БОТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *