«ALTYN KÙZ – 2020»: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Экономика Қоғам
560 Views

Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені жалпы өңірлік өнімінің 20 пайызын құрайтын облыстың негізгі саласы болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өткен болатын. Алға азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту міндеттері қойылды. Ағымдағы жылы бұл бағыттарда Түркістан облысы аграрлық саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Осыған орай, жылдық ауыл шаруашылығының сапасын сараптау, саралау мақсатында, Түркістан облысы әкімдігінде жемісті жылдың жетістіктері паш етілген биылғы «Altyn kùz – 2020» мерекесі өтті.

Мерекелік шараға ауыл шаруашылық еңбеккерлері, шаруа қожалық төрағалары мен аудан қала əкімдері қатысты. Алғы сөз алған облыс əкімі Өмірзақ Шөкеев барша аграрлық сала еңбеккерлерін жылдық қорытынды мерекемен құттықтап, салада жоғары нəтиже көрсеткен аудан-қала əкімдеріне жəне еңбек озаттарына арнайы марапаттарды табыс етті.

«Ауыл шаруашылығын дамыту бұл – стратегиялық маңызды бағытымыз саналады. Пандемияға байланысты кедергілер болғанымен, биылғы жылы қол жеткізген жетістіктеріміздің көрсеткіші жоғары. Алдағы уақытта да жаңа технологияларды қолдана отырып, ауыл шаруашылығы саласын ілгері дамытуымыз қажет. Осы орайда, аймақтағы балық шаруашылығының үлесі республика бойынша 70 пайызын құрайтынын атап өткім келіп отыр. Сала мамандарының еңбекқорлығы бүкіл елді таң қалдыруда», – деді аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев.

Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласының еңбек озаттары мен үздік нəтиже көрсеткен аудан қала əкімдері арнайы марапаттарға ие болды. Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің «Алғыс хатымен», Мақтаарал, Жетісай аудандарында төтенше жағдайды қалпына келтіруге қосқан үлесі үшін Мақтаарал аудандық «Ветеринариялық қызмет» кәсіпорнының басшысы Омархан Нұрашов марапатталды. Апат кезінде 931 бас ауыл шаруашылығы жануарларының өлекселері шығарылып жойылды. 445,3 гектар аумақ залалсыздандырылып, ветеринариялық қауіпсіздік сақталды.

Ал ауыл шаруашылығының барлық көрсеткіштерін орындауда Қазығұрт ауданы көш басынан көрінді. Ауданда жалпы өнім көлемі 39,5 млрд.теңгені құрап, 4,7 млрд. теңгеге артқан. Егіс көлемі 4,1 мың гектарға артып, 8,37 гектарға жылыжайлар салынған. 500 гектарға жаңбырлатып суғару технологиясы ендірілді. Екінші орынға Отырар ауданы лайықты деп танылды. Мұнда жалпы өнім көлемі 22,9 млрд.теңгені құрап, 4,5 млрд.теңгеге артқан. Негізгі капиталға 1,5 млрд.теңге инвестиция тартылып, 3360 бас асыл тұқымды аналық ірі қара мал шет елдерден импортталған.

Облыс бойынша алғашқы шептен көрінген Сайрам ауданында жалпы өнім көлемі 73,7 миллиард теңгені құрап, 6,9 млрд.теңгеге артқан. Негізгі капиталға 2,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тамақ өнеркәсібіне 630 миллион теңге инвестиция тартылған.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылдан 17 мың гектарға артып, 846,1 мың гектарға орналастырылды.

Егістікті әртараптандыруға сәйкес:

– масақты дақылдар 18,8 мың гектар артып, 250,5 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 11,0 мың гектар артып, 212,7 мың гектарға – көкөніс, бақша 1,7 мың гектар артып, 120,5 мың гектарға орналастырылса, тиісінше мақта дақылы 5,5 мың гектар қысқартылып, 125,8 мың гектарға егілді.

Масақты дақылдар тікелей егу әдісімен 1,5 мың гектарға егіліп, өткен жылдан үш есеге артты. Технология жұмыс күшін азайтып, еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруға мүмкіндік берді.

75 мың тонна 500 түрлі минералды тыңайтқыштар 50 пайыз жеңілдікпен тауар өндірушілерге жеткізілді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 16 теңгеге арзандатылған бағамен 76,2 мың тонна жанар-жағар май босатылды.

Жаңадан 929 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, техника паркін жаңалау үлесі бес пайызға жетті.

Нәтижесінде, масақты дәнді дақылдар түсімділігі 1,2 ц/га. артып, 20,5 ц/га.-дан 513,2 мың тонна өнім жиналды.

Дәндік жүгері түсімділігі 4,3 ц/га. артып, 51,0 ц/га.-дан 231,7 мың тонна өнім жиналды.

Көкөніс, бақша, картоп дақылдарының түсімділігі 26,7 ц/га. артып 239,4 ц/га.-дан 3,1 миллион тонна өнім жиналып рекордттық көрсеткішке қол жеткізілді. 726,9 мың тонна өнім Ресей, Украина, Белоруссия және басқа да сырт елдерге экспортқа жөнелтілді.

26,3 ц/га.-дан 331 мың тонна шитті мақта жиналып, тоннасына 160 – 165 мың тенгеден 18 мақта өңдеу зауыттарының 166 қабылдау бекеттері арқылы қабылданды.

1,5 жылға жететін 3,9 млн. тонна мал азығы дайындалды. Мал азығының сапасын арттыру мақсатында құны 1,1 млрд. теңге құрайтын қуаттылығы сағатына 25 тонна құрама жем өндіретін үш жаңа кәсіпорындар іске қосылды.

Облыста жеміс-жидектің көлемі 20,1 мың га., жүзім 10,1 мың га. құрайды. Жаңадан 442 га. қарқынды баулар отырғызылып, жалпы көлемі 3,1 мың га. жетті. Қарқынды алма бауларынан гектарына 25 тонна, жүзімнен 15 тоннадан өнім алынды.

Су үнемдеу технологиялары 6,0 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 24,0 мың гектарға жетті. Оның ішінде тамшылатып суғару әдісі 21,1 мың га., жаңбырлатып суғару әдісі 2,9 мың га. құрады.

Жылыжайлар 79 га. салынып, жалпы көлемі 1 193 га. құрады. Жылыжайлардың негізгі бөлігі Сарыағаш, Ордабасы, Келес, Қазығұрт аудандарының үлесінде. Республикада жылыжайлардың 67 пайызы облыстың еншісінде.

Агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру мақсатында «Бір алқаптан жылына екі-үш өнім алу» бағытында 128 ауыл округте 5,2 мың гектарды құрайтын 2000-ға жуық жобалар жүзеге асырылып, 220 мың тонна өнім өндірілді.

Мемлекет басшысының жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану тапсырмасына орай, үйіргелік жерлерді игеру қолға алынды. Бұл көп балалы аналардың, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың табысын арттырып, өмір сүру деңгейін көтеруге серпіліс берді.

Нәтижесінде, 287 жоба жүзеге асырылды. Әр отбасы 850 мың теңгеден табыс тапты. Оның ішінде, «Еңбек» бағдарламасымен жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мемлекеттік гранты есебінен 105 жоба қаржыландырылды.

2019 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Бөген, Қошқорған су қоймалары, Қараспан, Арыс, Түркістан магистралды каналдары және Қараспан су торабы республикалық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке алынып, мамандандырылған «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, 34 техникалармен қамтамасыз етілді.

Ағымдағы жылы мекеме Қараспан магистралды каналында механикалық тазалау және Түркістан, Арыс магистралды каналдарында дамбы көтеру жұмыстарын жүргізді.

«Түркістан», «Қараспан» магистралды каналдарының бойындағы иесіз, жекеменшік және коммуналдық меншіктегі 97 ішкі каналдарды орталықтан басқару мақсатында «Тұран-су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның балансына қабылданды. Бүгінгі таңда, мекеменің өз қаражаты есебінен Ордабасы ауданында ұзындығы 51 шақырымды құрайтын 23 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 8580 гектар жердің ағын сумен қамтамасыз етілуі жақсарды.

Бұдан бөлек, 15 каналға күрделі жөндеу жұмыстары және бес нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Салдарынан 41 336 гектар жердің ағын сумен қамтамасыз етуі жақсарып, 719 гектар жер қайта айналымға қосылды.

Жыл сайын вегетациялық кезеңдегі туындайтын Мақтарал, Жетісай өңірлерінде ағын су тапшылығын шешу мақсатында, арнайы делегация Өзбекстан Республикасында іс-сапарда болып, «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы шілде айында 80 м3/сек., тамыз айында 70 м3/сек. су жеткізуге келісімге келіп, облыстың оңтүстік өңірлерінде ағын су тапшылығы оңды шешімін тапты.

«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында 195,4 млн.м3. ағын су тапшылығын шешу үшін ірі су нысандары құрылыстары жүргізілуде. Атап айтқанда:

1. «Түркістан магистральдық арнасын күрделі жөндеу» жобасы. Каналдың 18 шақырым бөлігін бетонмен қаптау жұмыстары жүргізіліп, биылғы жылдың өзінде 11 млн.м3 су үнемделді. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде 60 млн.м3 су үнемделеді және қала аумағында сегіз шақырым каналдың ұзындығы абаттандырылып, демалыс аймағы, веложолдар салынады.

2. «Сыйымдылығы 18 млн.м3 Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу жобасы.

Үлкен бөгет құрылысы 12 метр биіктікке көтерілді. Шағын бөгет және дренаж призмасы толығымен салынды. Келер жылдың қаңтар, ақпан айларының өзінде су қоймасына 10 млн.м3 су жиналады.

3. «Қосымша 34,7 млн.м3 ағын су беретін 134 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру» жобасы. 42 дана тік ұңғыманы қалпына келтіру толықтай аяқталды, жұмыстар жалғасуда.

4.«Шошқакөл көл жүйесін жаңғырту жөніндегі іс-шаралар кешенін салу». Бөгет 22 шақырым ұзындыққа көтеріліп, жұмыстар жалғасуда. Жобаны іске асыру Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, шағын-орта бизнесті және туризмді дамытуға жол ашылады.

5. «Арыс-Түркістан магистралдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы.

Жоба техника-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптама қарауына енгізілді. Соған орай, Түркістан магистралды каналына 80 млн.м3 ағын су қосымша жеткізіледі.

Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы аясында 11 мың гектар алқапты жаңбырлатып суару технологиясын ендіру көзделген. Бүгінгі таңда, Кентау қаласы «Шаға» ауылдық округінде 2000 га. жаңбырлатып суғару технологиясы ендірілді.

Технологияның тиімділігі: дақыл түріне қарай ағын суды екі-үш есеге үнемдеп, өнімділікті екі-төрт есеге арттырады. Сондай ақ, азық-түлік белдеуі аясында құны 23,5 млрд. теңгені құрайтын алты серпінді инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

1. «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС-нің «1 200 басқа арналған заманауи тауарлы-сүт фермасын құру» жобасы;

2. «SPK-Sauran» АШӨК-нің «829 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, мал азықтық дақылдар өсіру» жобасы;

3. «SPK-Sauran» АШӨК-нің «10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын құру» жобасы;

4. «Kaz Agro Project» ЖШС-нің «Жылына 20 мың тонна құс етін өндіру» жобасы;

5. «Turkistan Fruit» ЖШС-нің «400 га. қара өрік отырғызу» жобасы;

6. «Ынтымақ Агро» ЖШС-нің «бір мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру» жобасы.

Ауылдағы кооперациялық желіні дамыту және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Егіс алаңынан – сауда қатарына дейін» пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл бағытта Үкімет резервінен бір млрд. теңге қаржы бөлініп, төрт қайта өңдеуші кәсіпорындарға 809 млн. теңге несие берілді. 573 тонна ірі қара мал еті, тауық еті және сүт өнімдері қол жетімді бағада сауда нүктелері арқылы халыққа ұсынылуда.

Мал шаруашылығында мал мен құс басы орташа бес-алты пайызға, өнімі алты-жеті пайызға артты. Республика бойынша ірі қара мал санының 14, ұсақ малдың 22, жылқының 12, түйенің 15 және өндірілген еттің 12, сүттің 14 пайызы өңірдің үлесінде.

Шетелден мал басын импорттау бойынша 7892 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу жобалары мақұлданып, 2891 басы облысқа жеткізілді.

Ірі қара аналықтың 36 пайызы асыл тұқымды бұқамен түрлендіріліп, қатысу үлесі жөнінен Республикада екінші орынды иеленді.

Ұсақ малдың 49,7 пайызы асыл тұқымды қошқарлармен түрлендіріліп, Республикада бірінші орынды иеленді.

Түйе шаруашылығын дамыту іс-шарасы аясында 4125 бас түйе сатып алынды. Оның ішінде: қаржы ұйымы арқылы үш агроқұрылым 1255 бас, өз қаражаты есебінен 56 агроқұрылым 2870 бас сатып алды. Тиісті кезеңде түйе саны 16 пайызға артып, 34,1 мың басты құрады.

Ет экспортының әлеуетін арттыру бағытында Өзбекстан, Ресей елдеріне 5343,8 тонна сиыр еті, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Ресей елдеріне 301,1 тонна қой еті, Өзбекстан, Ресей елдеріне 33,8 тонна жылқы еті экспортталды.

Ресей, Украина, Өзбекстан елдеріне 13 тонна шұжық өнімдері және 1900 тонна құс еті Ресейге экспортқа шығарылды. Республикада ІҚМ етін экспорттау бойынша облыс алғашқы орында.

Облыста балық шаруашылығын дамытудың арнайы өңірлік бағдарламасы әзірленуде.

Тауарлы балық өсіруге жарамды көлдер саны – 134 бірлік, жалпы алаңы – 25475 гектарды құрайды. Оның ішінде 23 су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілді. Қосымша 21 су айдыны конкурсқа қойылды.

Бүгінгі таңда, өңірде балық шаруашылығымен 68 кәсіпорын айналысады, жылдық қуаттылығы 8,0 мың тоннадан астам. Тиісті кезеңге 2,3 млрд. теңгені құрайтын 5186 тонна тауарлы балық өндірілді, Республикада бірінші орынды алып, үлесі 21 пайызды құрады.

Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 15 түрлі аса қауіпті ауруларға қарсы 39,5 млн. доза вакцина ауыл шаруашылығы жануарларына және 400 мың доза құс тұмауына қарсы егіліп, эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығы қамтамасыз етілді.

2,5 млн. бас ірі малдар, 8,4 млн. бас ұсақ малдар және 95,2 млн. шаршы метр қора-жайлар мен жапсарлас аумағы және мал иірімдері кенеге қарсы өңдеу жұмыстары атқарылды.

Шикізат секторынан дайын өнім секторына өту бағытында қайта өңдеу кәсіпорындары ашу және модернизациядан өткізу жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Облыста 11 бірлік ет өңдеу, 22 бірлік сүт өңдеу, 22 бірлік жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Осы кәсіпорындар есебінен өндірілген еттің 25,6, сүттің 15,7, жеміс-көкөністің 5,3 пайызы қайта өңделуде.

Ағымдағы жылы Бәйдібек ауданында «Ақбастау-2050» Селолық тұтыну кооперативі «Қуаттылығы 55 тонна ет өңдейтін кәсіпорыны» іске қосылды. Қазығұрт ауданында «Қарқын 2030» ЖШС-нің «Жылына қуаттылығы үш мың тонна ет өнімдерін өңдеу», Сайрам ауданындағы «Южанка-5» ЖШС-нің «Жылдық қуаттылығы 1000 тонналық жеміс-көкөніс өңдеу» кәсіпорындары модернизациядан өтті.

Нәтижесінде қайта өңдеу көлемі 64,3 млрд. теңгені құрап, индексі 102,5 пайызға өсті.

Ағымдағы жылы қаржы институттары арқылы ауыл шаруашылығы жобаларына 34 млрд. теңге несие беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артты. 3698 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы бюджеттен 4,9 млрд. теңге бөлініп, Республикада үлесі 11,4 пайызды құрады. Нәтижесінде 1282 жоба қаржыландырылып, 1286 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Елімізде, әлемде орын алған пандемия жағдайында өнімді өткізу мәселелері және Өзбекстан Республикасы «Сардова» су қоймасындағы төтенше жағдайлар барысында шығынға ұшырған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін шұғыл қолдау шаралары жүзеге асырылды.

Себебінен өнім өткізу бағасының төмен болуына орай, қырыққабат еккен тауар өндірушілердің екінші өнімін егуін қамтамасыз ету үшін, ҚР Үкіметі резервінен жылдық 0,01 пайызбен 1,6 млрд. теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.

Мақтаарал, Жетісай аудандарының 11 елді мекендерінде 5,9 мың гектар егістік алқаптар су астында қалып, 1031 тауар өндірушілердің 1,2 млрд. теңге шығындары өтелді.

Өзбекстан мемлекетінен көмек ретінде жалпы 43 ауыл шаруашылығы техникалары, оған қоса 243,6 тонна тұқымдық шит жеткізіліп су басқан егістік жерлер қайта өңделіп, ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

931 бас ауыл шаруашылығы жануарларының өлекселері шығарылып, жойылды. 22 азаматқа тиісті құжаттандырылған 147 бас ауыл шаруашылығы жануарларына «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы 10,6 млн. теңге өтемақы төленді.

445,3 гектар аумақты залалсыздандыру үшін облыстық резервтен 41,1 млн. теңге бөлініп, ветеринариялық қауіпсіздік сақталды.

Ағымдағы жылы облыста 30 мыңнан астам агроқұрылымдарға 33 млрд. теңге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі соңғы он айда 635,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 18,5 млрд. теңгеге артты. Сәйкесінше еңбек өнімділігінің өсімі 107,3 пайызды құрады. Жыл соңына дейін жалпы өнім көлемі 720 млрд. теңгеге, нақты көлем индексі 104 пайызға жеткізіледі деп көзделуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *