АЛАШТЫҢ ҚОС АРЫСЫ

Таным Тарих
1 336 Views

Исламәлемінде «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – ПірБекет» деген қанатты сөз қалған. Ол бекер айтылмаса керек. Мыңдаған ғасырлартарихы бар бұл қасиетті мекен 360 әулиенің отаны. Олар бір қазақ қана емес,бүкіл Түркі дүниесін қорғап, желеп-жебеп келеді. Ежелден құт-береке қонғанжерде елім, қазағым деп еңіреп өткен ірі мемлекет қайраткері Жалау Мыңбайұлы, көзінің тірісінде қазақтың абызы атанған Әбіш Кекілбаев, ұлты, діні басқа болсада қазақ халқына өмір бойы бас иіп, құрметтеп өткен украин суретшісі ТарасШевченко бастаған жақсы мен жайсаңдардың, ұлт қайраткерлерінің ізгілікті іздерісайрап жатыр. Ер-азаматтың үш жұрты: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұртыболады. Бүкіл Түркі дүниесінің көсемі атанған Мұстафа Шоқайдың Маңғыстаужерімен туыстығы, рухани байланысы тереңде жатыр. Бір қазақ қана емес, бүкіл түркілердіңтәуелсіз ел болуын армандаған, сол үшін өмір бойы күресіп өткен тұлғалы азаматқазақтың белгілі руларының бірі – Адайға жиен болып келеді. БольшевиктерМұстафаның басына 1000 000 рубль тігіп, өміріне үлкен қауіп-қатер төнгендеЖалау Мыңбайұлының бастаған нағашыларына арқа сүйеп келуі – осыны аңғартады.

Мұстафа ШОҚАЙ
Жалау МЫҢБАЙҰЛЫ
Жалау Мыңбайұлы (сол жақтағы екінші қатарда үшінші ) Иосиф Сталинмен біргебольшевиктер партиясының кезекті съезінде, 1926 жыл.

Маңғыстау облыстық Мәслихатының төрағасы, Алаш зерттеуші Жаңбырбай Матаев бастаған шығармашылық топ Ақтау қаласынан 160 шақырым қашықтағы Форт-Шевченкоға бет алдық. Патша заманында Форт-Александровск Кеңес дәуірі кезінде Форт-Шевченко атанған елді мекен бүгінгі таңда Түпқараған ауданының орталығы болып саналады.

Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров бастаған ағайындар бізді жылы қабылдап, үстел басында Маңғыстау түбегінде үлкен тарихи орны бар ауданның тарихы, Мұстафа Шоқай мен Жалау Мыңбайұлы үлкен қайраткерлігі, ізеттік пен адамгершілікке толы қарым-қатынасы, туыстығы туралы әңгіме қозғалды.

1918 жылы қаңтар айында Қоқан қаласы талқандалғаннан кейін Мұстафа Шоқай бастаған Түркістан автономиясының басшылары бас сауғалап Орынбор қаласына келеді. Осы жылдар тұсында Алаш (Қазақ) Автономиясы жариялаған Орынбордағы ІІ Жалпы қазақтық съезге қатысып, Ол «Алашорда» қозғалысының төрағасы Әлихан Бөкейхан басқарған үкіметтің мүше құрамына кіреді. Большевиктер Мұстафа Шоқайды ең басты жау санап, басына қыруар қаржы тігеді. Мұндай жағдайда тек шетелге асудан басқа амалы қалмаған Мұстафа 1918 жылдың қақаған қысында ең әуелі Торғай жеріне келіп, сосын Орал қазақтарының арасында болып, Гурьев уезінің жері арқылы Маңғыстауға келеді.

Осы сапарымызда бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға, егеменді ел болуымызға үлкен үлес қосқан көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлы оқыған қазақ-орыс мектебінде болып, ұлт қайраткерінің өмірін баяндайтын құжаттармен, суреттермен, әр жылдары жарық көрген мақалалармен таныстық. Есімі бүкіл қазаққа белгілі ұлт қайраткерінің көзі тірісінде пайдаланған тұрмыстық бұйымдары көзімізге ерекше ыстық көрінді.

Бүгінгі таңда мұражайға айналған бұрынғы қазақ-орыс мектебінде небір ғұламалар шәкірттерге білім берген. Солардың бірі – көрнекті ғалым, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі Салық Зиманов.

Аудан орталығындағы Жалау Мыңбайұлы атындағы гимназия Маңғыстау облысындағы үлгілі мектептің бірінен саналады. Білім ордасында көрнекті Мемлекет қайраткерлерінің өмірін баяндайтын шағын мұражай жұмыс істейді. Ұстаздар мен шәкірттер ұлтым деп еңіреп өткен тұлғаның әрбір затын, құжатын, сирек кездесетін құжаттары мен суреттерін қастерлеп, көздерінің қарашығындай сақтап келеді. Мұнда Мұстафа Шоқай және Жалау Мыңбайұлының жолдастығын, сыйластығын дәлелдей түсетін құнды құжаттар да кездеседі.

Жалау Мыңбайұлы 1916 жылы Тұзшылар кәсіподағының төрағасы болады. 1917-1919 жылдар аралығында жас қайраткер Уақытша өкімет органының азық-түлік бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдары Фортта тұңғыш Қызыл рота атты жасақ құрады. Сонымен қатар Уездің Маңғыстау уезі атынан Жалау Қоқан автономиясымен болған келіссөзге делегацияны басқарып барады. Осы кезде Жалау Мыңбайұлы Қоқан Республикасының басшысы Мұстафа Шоқаймен танысып, достасып кетеді.

Мектеп мұражайында 1921 жылы сол кездегі Александровск фортынан Мұстафа Шоқайдың жары Марияның Бакуге қалай аттанғаны туралы құжаттар да өте құнды.

Мұстафа Шоқайдың Маңғыстау түбегінен шетелге асып кетуі туралы әртүрлі болжам бар. Жергілікті жазушы Сейсен Демеубай өзінің «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты тарихи кітабында қазақтың ертеңін әріден ойлайтын көрнекті Мемлекет қайраткері Мыңбайұлы және Үстірттің ұлтжанды азаматы Иманғазиев жол бастап, Мұстафа Шоқайды Үстірт үстіндегі Жүзадым жерінде жатқан нағашы атасы Құнанорыс Адай Айтыманның ескі бейітіне апарып, рухына құран бағыштап, садақа бергенін жазады.

«Жалау Мыңбайұлы» қоғамдық қорының төрағасы Жеңіс Есқалиев зиялы азамат Әділхан Аманжолов бастаған топ Форт-Шевченкода біраз аялдаған соң, қарт Каспийдің жағасындағы бой көтерген

Ақтау қаласының көрікті орындарымен таныстық, сан-мыңдаған жылдардың тарихы мен құпиясын тереңге бүгіп жатқан Каспий теңізінің кешкі көріністерін тамашаладық.

Бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының болашағы мен ертеңіне арнаған, сол үшін отқа да, суға да түскен көрнекті мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаевтың еңселі ескерткішіне барып тағзым еттік, аруағына құран бағыштадық.

Сөз орайы келгенде көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлы туралы бірнеше құнды деректерді айта кеткен жөн.

Жалау Мыңбайұлы 1924 жылдың аяғында Орал губерниялық атқару комитетінің председательдігіне жоғарылатылды. Орталық Атқару комитеті мен Орталық партия комитеті 1925 жылы Бүкілқазақстандық V съезде Жалау Мыңбайұлын Қазақстан Орталық Атқару комитетінің председательдігіне сайлайды. Қазақстан басшылығына келгенде Жалау небәрі 33 жаста еді. Ақмешіт қаласында өткен қазақ кеңестерінің V съезінде, яғни 1925 жылғы 19 сәуірде Жалау Мыңбайұлы қол қойған құжат негізінде Қырғыз автономиялы республикасы аталып келген ел Қазақ республикасы болып өзгертілді. Қазақ үшін туған азамат қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, ел шекарасын нақтылауға еңбек сіңірді.

Астана Ақмешітке қоныс аударып, Қызылорда атанған соң, көп ұзамай Қазақстан Өлкелік партия комитетінің хатшысы болып Филипп Исаевич Голощекин келеді. Ол Мәскеудегі орталықтың өкілі, соның орындаушысы, Қазақтың ұлттық мемлекеттік мүддесі оған мүлдем жат нәрсе болды.

Голощекин бірде Жалау Мыңбайұлын кабинетіне шақырып алып, жедел түрде ортадан жоғары шаруашылығы бар қазақтардан бастап, байлардың малдарын сыпырып алып, дүние-мүлкін кәмпескелеуге ұшыратып иелерін жер аударуға тапсырма береді. Жалау Голощекиннің аяр саясатына да шыдамдылық көрсетіп, бұл істің орындалуын келесі жылдың көктемі туғанша кідірте тұруды өтінеді. Голощекин Жалаудың айтқандарына құлақ аспай балағаттап, «контрсың, өкімет пен партия саясатына қарсы шықтың, ұлтшылсың» деп жер-жебіріне жетеді. Айтқан уәжін тыңдата алмай, оның үстіне жеке басына балағат естігенге шыдамы таусылған Жалау Мыңбайұлы Голощекинді құлақ шекеден бір ұрып, ұшырып түсіреді. Бұл әңгіме Москваға дейін жетіп, Сталин Жалау Мыңбайұлын тез арада Мәскеуге келуіне бұйрық береді.

Мәскеуге келген Жалау Мыңбайұлын Сталин жеке қабылдап, оның Голощекинді ұруының себебін сұрағанда, Жалау саспастан: «Оның берген тапсырмасының арты неге соқтырарын, оның айтқанын жасасақ малды да, халықты да қырып алатындығымызды түсіндірсем, тыңдамай, өзімді балағаттап, дөрекілік көрсетті, сол себепті ұрдым», – деп жауап береді. Осы кездесуде Жалау Сталинге: «Қазақ өлкелік партия комитеті басшылығына ұрда-жық Голощекиннен басқа адам жоқ па?» деген ойын ашық айтады. Осы кездесуден кейін Мәскеу Жалау Мыңбайұлы Гурьев округі атқару комитеті төрағасы қызметіне ауыстырылады.

Жалаудың журналистік кәсіпке деген қызығушылығы Адай уездік ревкомын басқарып тұрған кезінде басталды деуге негіз бар. Сол кезде өлкеде газет шығаруға талпыныстар жасалып, өмірге келген алғашқы баспасөз үндері қолжазба түрінде шығарыла бастайды.

Жалау Мыңбайұлы қаламы ұшқыр журналист-тілші ретінде орталық органдар болған «Советская степь» және «Степная правда» басылымдарына өткір мақалалар жазып тұрды.

1926 жылы мамыр айында елді елең еткізген «Ауыл тілі» газеті Қазақ өлкелік партия комитетінің және Қазақстан Атқару комитетінің органы ретінде жарық көре бастады. Бас редакторы Жалау Мыңбайұлы, орынбасары Бейімбет Майлин, әдеби хатшысы Міржақып Дулатұлы бекітіледі.

Жалау Мыңбайұлы алғыр, биік парасатты азамат болуымен қатар, тамаша әнші де еді. Ол 1923 жылы Орынбор қаласына барған бір сапарында белгілі саз зерттеушісі А.Затеевичке жолығып, өзі орындай отырып, «Ақбөкен», «Ақтан» әндерінің үшінші түрлерін, «Жуасқоңыр», «Қараторғай» әндерін нотаға түсірткен. Жалау Мыңбайұлы Маңғыстау ән-күйлерін әлемдік өнер қазынасына қосуға айтарлықтай үлесін қосқан зиялы азамат.

1928 жылы Жалау Мыңбайұлы Гурьев округі атқару комитеті төрағасы қызметіне ауыстырылып, Гурьев елдің тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көріп, қиын-қыстау кезде халқына көмек қолын созады. Бірақ Сталин мен Голощекиннің қол шоқпарлары қызмет істеуіне мүмкіндік бермейді. Сол кездері қазақтың маңдайы жарқыраған бірнеше азаматтарының үстінен Алашордашылар деген айыптар тағылып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатты. Алашордашылардың жендеттері және ойдан шығарылған жалалар жабылды. Үлкен рухани соққы алған Жалаудың денсаулығы әлсіреп, қатты ауруға шалдығады. 1929 жылы оған жалғыз ұлы Ескендірдің қазасы қосылады. Елі үшін ерінбей еңбек еткен арыстай азамат 1929 жылдың қараша айында небәрі 37 жасында дүниеден озады.

Жалау мен оның жұбайы Күміс Ескендір атты ұл, Алтын және Раушан есімді қыздар сүйді. Өкінішке орай, асыл жандардың ұрпақтары өмірден ерте кетті. Ұлт қайраткері Жалау Мыңбайұлының жақын туысы Дәуіт Нұркенов Ақтау қаласында тұрады. Атақты мұнайшы-инженер бүгінде құрметті еңбек демалысында.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, Алаш қайраткері Жалау Мыңбайұлының ескі бейітін қайта қарайтуда Жалаудың ұрпағы, Маңғыстау облыстық Мәслихатының депутаты Бердіқожа Боранбаев үлкен азаматтық танытты.

Сол күні кеш болғанына қарамастан, Шопан ата, Баян, Темір әулиелердің Оғыланның басына зиярат етіп, Бекет атаның кесенесіне түнеп, ертелеп 60 шақырым қашықтықтағы Мұстафа Шоқайдың нағашысы Айтыманның кесенесіне аттанып кеттік. Мемлекет қарамағындағы Айтыманның кесенесі Маңғыстау түбегіндегі айшықты әсем салынған кесененің бірінен саналады. Үстіртке тән әсем болып келетін қазақтың қолөнер туындылары, айшықты ою-өрнектері көрініс тауып, оның сәулетін аша түседі.

Мұстафа Шоқайдың нағашы атасы Айтыман осы өңірдің бай адамдарының бірі болыпты. Ол кісінің аузы дуалы, парасатты, адал да әділ, қолы ашық, жомарт жан болғандығын Үстірттегі ағайындар осы күнге дейін жыр етіп айтады. «Жігіттің жақсы болуы нағашысынан» демекші, Мұстафа Шоқай нағашы атасын құрмет тұтқан. Басына қиын-қыстау күндер туғанда нағашы жұртына арқа сүйеп, ел ардақтысы Жалау Мыңбайұлы бастаған жақсы мен жайсаңдармен бірге келіп, Айтыман атасының рухына құран бағыштап, садақа беруі осыны аңғартса керек.

Арада қанша уақыт өтсе де Түркі дүниесінің ұлы тұлғасы – Мұстафа Шоқайдың сол сапары ел есінде, халық жадында.

Осы қауіп-қатерге толы күндерде Жалау Мыңбайұлы бастаған топ 1919 жылы Мұстафа Шоқайды Красноводск арқылы Ашхабадқа аман-есен жеткізіп, Бакуге аттандырғандығы туралы Мұстафа Шоқай Ташкент қаласында тұратын досы Архангельскийге 1922 жылы 12 мамырда Париж қаласынан хат жолдайды.

Мұстафа Шоқайдың өз қолымен жазылған айғақтарда Маңғыстауға 1918 жылғы қараша, желтоқсан айларында және 1919 жылдың көктеміне дейін болғаны дәлелдей түседі. Шоқайды теңіз арқылы шығару қауіпті болған соң, көктем шыға құрлық арқылы құпия түрде жолға жиналуына Мыңбайұлы мен Иманғазиевтің еңбегі ерен, олар үлкен ержүректік танытты.

Қолдағы бар деректер осылайша алуан-алуан сырлар шертеді. Қалай болғанда да, Мұстафа Шоқайдың басына қара бұлт үйірілгенде Алаштың арыс азаматы Жалау Мыңбаев бастаған Адай ағайындардың үлкен ағайынгершілік көрсетіп, үлкен сапарға аттандырғаны тарихи шындық, тарихи ақиқат.

Оны Мұстафа Шоқайдың мына жүрек жарды өлеңінен айқын аңғаруға болады.

Мекен еткен Маңғыстаудың түбегін,

Адай елі адал екен тілегің.

Қысылғанда жігер беріп жаныма,

Қиналғанда сендерге арқа сүйедім.

Жалбырап бір жақсы күтіп алдыңдар,

Қиын сәтте маған құшақ жайдыңдар.

Адал тілек, ақ ниетпен аялап,

Алыс жолға аттандырып салдыңдар.

Қала алмадым, қалар қандай шарам бар,

Аңдушым көп, басқа қандай амал бар?!

Барлығын да сездірмеген, көтерген,

Адайлар-ай, Адайлар-ай, Адайлар!

Қайран елім қалды артымда қарайлар,

Көкірегімде үміт, күдік, алаң бар.

Ақ тілегін, пәк жүрегін сыйлаған,

Адайлар-ай, Адайлар-ай, Адайлар!

Көтерілер біздің қашан жалаулар,

Азаттықтың таңы қашан арайлар?!

Ақ тілекпен аттандырған сапарға,

Адайлар-ай, Адайлар-ай, Адайлар!

Қазақ көгіне күндей жарқырап көтерілген, құйрықты жұлдыздай ағып өткен Жайлау Мыңбайұлы өмір сүрген аз ғұмырында соңында мәңгі өшпейтін жарқын іздер қалдырды. Жалындаған жас қайраткер Жалау Мыңбайұлы саналы ғұмырында қазақ ұлтының ары мен намысы бола білді, еліміздің жарқын болашағы мен ертеңі үшін күресіп, ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Сұлтанбек Қожановтармен тығыз достық байланыста болып, елі үшін жанын пида етуден қорықпай, қызмет атқарды.

2023 жылы «1920-1930 жылдарда Түркі әлемі және Жалау Мыңбайұлы» атты Халықаралық конференция Түркияның астанасы Анкарада болып өтті. Жалау Мыңбайұлының 130 жылдығына арналған жиынның Анкарада өтуі бекер емес. Өйткені, қазақтың біртуар азаматы халқымыздың қиын-қыстау кезеңінде Алаш Орда үкіметі және арыстарымен ғана емес, Түркі дүниесімен тығыз байланыс орнатып, ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен тұлға.

Маңғыстау облысы әкімдігі атынан келген өкіл Маңғыстау облысының Мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілқайыр Байпақов сөз сөйлеп, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың Байрам университетінің ректоры Юсуп Текенге құттықтау ашық хатын табыстап, киелі өлкенің шежіресі туралы баяндаған құнды кітапты сыйға тартты.

Халықаралық конференцияда Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан және басқа да елдердің ғалымдары баяндама жасап, Алаш қайраткері Жалау Мыңбайұлының Түркі дүниесіне сіңірген еңбегіне үлкен баға берді.

Маңғыстау облыстық Мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев шараның маңыздылығына тоқталып, оған белсенді қатысып, қолдау көрсеткен шетелдік және қазақстандық баяндамашылар мен Алаштанушы ғалымдар қазақ елінің тұлғалы, Мемлекет қайраткері Жалау Мыңбайұлының мұрасын насихаттауға қосқан үлесі үшін арнайы төсбелгімен марапатталып, иықтарына қазақтың ұлттық шапаны жабылды.

Анкарада өткен Халықаралық конференцияға Жалау Мыңбайұлының ұрпақтары қатысып, айтулы шараның өз дәрежесінде өтуіне үлкен үлес қосты.

Бір қазақ ұлты ғана емес, бүкіл Түркі дүниесінің ертеңін ойлап, басын бәйгеге тіккен Мұстафа Шоқайды Жалау Мыңбайұлы өмір бойы қастерлеп өтті.

Жұлдыздай ағып өткен қазақтың қос қыраны саналы ғұмырларын қазақтың Тәуелсіз ел болуына арнады, соны армандады, бірақ, сол арайлы таңды көре алмай кетті. Дегенмен, жанқиярлық еңбектері еш кеткен жоқ, арайлы Тәуелсіздікті кейінгі ұрпағы қарсы алды. Егеменді ел болдық. Қазақтың аспан түстес туы Біріккен Ұлттан Ұйымында желбіреп, Қазақстанды бүкіл әлем таныды.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *