АНДАС ДАТҚА

Тұлға
2 010 Views

Жуырда бір жазушы құрдасым телефон шалып:

– Нысанбек Төреқұлов ағамыз өзінің кітабында Андас би жайлы жазыпты. Көрдің бе? – деп сұрады.

– Андас өз заманында қатарластарынан мойны озық ел басқарған, болыс, би болған ақындығы мен шешендігімен аты шыққан айтулы тұлға, – дедім.

Екеуміз Андас би жайлы біраз пікірлестік. Іле-шала Нысанбек ағамның “Даланың дара ділмарлары” атты кітабындағы Андас би жайлы жазғанды қайта сүзіп оқып шықтым. Онда былай жазылыпты:

“Ілгеріде Бәйдібек бабаның бір баласы жылқылы бай атаныпты. Оның мыңғырған жылқылары түс-түсімен, үйір-үйір болып сонау Талас өзенінің басынан аяғына дейін созылып жатады екен.

Сол жылқылы байдың бір ұрпағы атасынан енші алып, Таластың төменгі сағасына қоныс аударыпты. Ол өзі Андас бимен замандас, туыстас, құрдас болса керек. Бірер жылдан кейін қасына 40 кісі ертіп, Андастың артынан іздеп барады. Оншақты күн қонақ болып, ағайын-туыстарды аралап, мал-жан, қоныс жайымен танысады. Қыс-қыстауын, жаз-жайлауын көреді. Дулат, Ысты, Ошақты ауылдарының ақсақал, игі жақсыларымен танысып, әңгіме-дүкен құрады. Өткен-кеткен талай шежірелерден сыр шертіледі. Еліне қайтар кезде Андас би әлгі замандасына қарап:

– Келген жерің уақ малға сая, жылқыға жал-жая екен. Бірақ, қара жолдың жағасы, өзен судың сағасы екен. Өрісің баянды бола қоймас, қой, елге – Жетісуға көшіңдер,– депті. Сонда жылқылы бай айтыпты:

– Мұның дұрыс қой, Андеке, – депті. Жылқым Жетісудың тау-тасты шатқалына сыймайды. Өрісім тартылды. Кәпірлер келіп, ірге тепті. Ал, бұл жақ болса кең дала, жылқым еркін жатады. Ауылым кәпірлерден аулақ болады. Енді жылы орнымды суытып, кері көше алмаймын.

Сонда Андас би айтыпты:

– “Судың басында отырған ел су ішеді, аяғында отырған ел у ішеді” деген, су аяғы құрдымға тозған ел отырады. Уыз ішкен руыңмен у ішсең де өлмейсің. Жетісуға көшіңдер, менің соңымнан еріңдер.

Туысқаны көнбей қасарысып отырып алыпты.

– Ендеше көнбесең сөзім тосылар, ақыретте басымыз қосылар, – депті де Андас би атына қонып, серіктерін ертіп Алатауды бетке алып жөнеп кетіпті дейді ел.

Алатаудағы атақты Андас бидің Әулиеата жеріне келгенін естіп Мәмбет би (Байзақ датқаның әкесі) “Маған соқпай кетпес, түбіміз бір Бәйдібектің баласы едік қой” – деп дайындығын жасай беріпті. Аз үй Шапыраштының тұрақтаған мекені Талас өзені бойындағы жаз жайлау екен. Қызылжардан шыққан Андас бір күнде Қаратау бауырындағы Билікөлдің сабатты, сазды шалғынына қаз-қатар тігілген ақ шаңқан үйлердің, үйір-үйір жылқылардың үстінен шығады.

“Бұл кімнің ауылы?” дегенде “Мәмбет датқаның ауылы” депті жолшыбай кездескендер.

Андастың келе жатқанын шабармандарынан күні бұрын естіген Мәмбет алдынан өзі шықпай, не басқа кісілерді жібермей, үйінде жата берген көрінеді.

– Андас кеп қалды, кеп қалды, – деп шабармандар мен сақадай сайланған жігіттер сасқанынан ақ ордаға бірі кіріп, бірі шығады. Ат тұяғының дүбірі құлағына жеткен Мәмбет тай шаптырым жердегі мама қазыққа тоқтамай, Андастың ат басын ақ ордаға бұра бергеніне көзі жеткен соң, тағат тауып орнында отыра алмай, ұшып тұрып кереге басындағы ілулі алмас қанжармен жабығын тіліп жіберіп, сығалай қараса керек. Есік алдына 30-40 адамымен келіп тоқтай қалған Андас (дауысы өте зор кісі екен) ат үстінде тұрған бойда: “Оу, кім бар?”, – деп дауыстағанда Мәмбет атып шығыпты. Сонда Андас “Мәмбетпісің, Мәмбетпісің, Мәмбетпісің”, – деп үш рет қайталап, аттан түсіп құшақтаса көріскен екен.

Кейін Мәмбеттің қасындағы дос-жарандары:

– Жарықтық датқа неге сонша дегбіріңіз кетті? Қоқанның бегіне де бүйтпеуші едіңіз ғой, – депті. Сонда:

– Менің жолбарысым үйдің іргесіне тығыла берген соң, жабықты тіліп жіберіп қарасам Андастың екі жағында екі қызыл жолбарыс жалаңдап келе жатыр екен. Бұдан кейін менде қайдан дегбір болсын? – депті.

Халық қастерлеген, иманды, әруақты қасиетті адамдардың киесі бір-біріне көрінетін шығар, кім білсін?!”

Үнемі ізденіп, дәлел-дәйектерін, бастау-көздерін қай жерден алғанын нақты жазып жүретін ғалым Нысанбек Төреқұлов ағамыздың бұл кітабында жазғанын оқып шыққаннан кейін өзімізде бар баяғыдан сақтап жүрген дәптерлерді ақтарып, Андас жайлы деректер іздестірдім. Ел іші – алтын бесік, таусылмас қазына, әңгіме – шежіренің алтын кені. Біздің елдің көкірегі дана, шежіреші қарияларынан жазып алған жазбаларымызды жариялаудың реті, кезегі келді-ау деп ойладым.

Андас жасынан өткір, алымды-шалымды ел басқарған, айтқанын өткізетін, дегеніне жеткізетін жан екен. Ташкентке бүкіл игі жақсыларды шақырып, дүйім елдің көзінше хан қасынан орын беріп, Андасты ерекше күтіпті. Қайтар кезіне арнайы жарлығымен датқа деген атақ беріп, үстіне алтынның буына ұсталған бұлғын тон, беліне алтын қылыш сыйлапты.

Ауылына келгеннен кейін Андас боз бие сойып, елінің ақсақалдары мен сүт бетіне шығарларын шақырыпты. Ет желініп, Құран оқылып, бата берілгеннен кейін Андас суырылып ортаға шығып:

– Уа, мен жақсы болсам, патшадай төбесіне көтеріп, егер мен еліме жамандық істесем, терідей сүйрейтін қасиетті ел-жұртым! Қоқанның ханы датқа деген атағын берді, алтын тонын арқама жапты. Осы жерде мына жайды айтайын деп отырмын жұртым. Әруағыңнан айналайын, Кәшке ханның тоғыз қырсаулы, тоқсан баулы туы Сұраншы ағамыздікінде тұр. Сұраншы ағам жау жағадан алса, не есіктен сығаласа атандай ақырып ел-жұртын бастап, сол қасиетті туды көтеріп жүр. Итиіп елімізге, жерімізге көз салғандар Сұраншы ағамыздың айбарынан именеді.

Батыр елі үшін туады

Бағлан жері үшін туады,

Ата тұрып ұл сөйлемес болар

Ана тұрып қыз сөйлемес болар,

Аға тұрып – іні жолын алмас болар

Өйтіп ұятқа қалмас болар,

Аға деген аспандағы – шырақ,

Ақ жайлау, алтын орда – тұрақ.

Бұл алтын тонды Сұраншы ағама жабамын.

Сөйтіп сол кісінің ақ батасын аламын! – деп сары ала алтын тонды Сұраншы батырдың арқасына жауыпты.

Тонды тіп-тік қойса алтынға суарылғандықтан нұры қызыл жалқын сан құлпырып құламай сол қалпы тұрады екен.

Сұраншы батыр өле-өлгенше Андас датқаның сөзін сөйлеп, қасында жүріпті, бұл інісін елден ерекше қатты қадірлепті.

Ботбай Сыпатай батырдың үш жүзге сауын айтқан атақты асында Андас датқа мен Кедейбай Сұраншының Ақтұяқ атын бәйгеге алып барады. Асқа Сиқым Батырбек датқа келеді. Қасында Майлықожа ақын бар. Батырбек датқа:

– Сүйінбай шырағым, жұпардай иісің шығады, тұлпардай дүбірің шығады, қане бес-алты ауыз сөзіңді естірт! – депті.

Сонда Сүйінбай:

Ат құйрығын бұлаған,

Қол жеткен жерін сұраған,

Егескен жауы жылаған.

Қызыл тілін безеген,

Найзасын тасқа еге ген,

Тұлпар мініп, ту алған

Мен Қарасай ұлымын, —

деп Қарасай батыр жайлы ұзақ дастан айтыпты.

Ас сегіз күнге созылыпты. Батырбек Андасты бүкіл игі жақсылардың алдында сынамақ болып:

– Андас шырағым, өткірлігің семсердей, сыншылдығың Күреңкейдей, айбарыңнан ел ығып, қорқақтар бұғып жүреді дейді. Хан қолынан атақ алған сен де датқа, мен де датқа. Сүйінбай ақынның көмекейінен бұлбұл сайрайды екен. Оған разымын. Ал, енді Андасжан мына бәйгеге айдалып бара жатқан жүйріктерді сынап көрші, – депті бар жақсылардың көзінше.

Алдынан шұбыртып өткен бәйге аттарын шолып шыққан Андас датқа:

Сыпатайдың күреңі белді екен,

Суыта білмеген шелді екен.

Қырғыздың сүлігі ашаң екен,

Құрсағы құрықтай босаң екен.

Шымкенттің Сұрқайы жалды екен,

Бөксеге қара ет жинаған санды екен.

Басқалары шобыр екен,

Шаң қабатын тобыр екен, —

деп тоқтап қалыпты.

– Ал, менің Көкмойын жүйрігім не болады? – деп айқай салыпты Батырбек датқа.

– Батеке, сүйіншіңізді дайындай беріңіз

Сөзімді босқа сатпайын деп едім,

Көптің көзінше айтпайын деп едім,

Біреудің сұғы, біреудің көзі болады.

Көкмойынның пырағы бар,

Бармақтай ғана құлағы бар,

Тоқсан екі шырағы бар.

Бағы ашылайын деп тұр,

Бауыры жазылайын деп тұр.

Ағып өтер жұлдыз дерсің,

Маңдайдағы құндыз дерсің

Бас бәйге Көкмойында болады.

Ақтұяқ алыстан шаршап кеді,

Жайлауды салқын аңсап келді,

Көкмойынмен үзеңгі қағысып, тістесіп Айтұяқ келер! –

депті Андас датқа сын айтып.

Андас датқаның айтқаны дәл келіп, Батырбек датқаның Көкмойын арғымағы бас бәйгені алады. Бас бәйгеге біреуінің өркеші қисық емес, 100 атан түйе, барлық мүлік-жиһазымен алты қанат ақ үй, тоғыз құндыз, тоғыз бесік жамбы беріліпті.

Ал, Сұраншының Ақтұяқ тұлпары екінші келіп, 100 жылқы алады. Ақтұяқты апарған Андас датқа мен Сұраншының баласы Кедейбай еді.

Бұл асқа келген жұрт Сүйінбайдың саңлақ ақындығын, Андас датқаның ат сыншылдығын ауыздан ауызға алып, абыройларын жер-жерге аспандатып әкетті.

Бекер адам ел басқармайды. Аумалы-төкпелі заманда бүкіл бір рулы елін желдің өтінен, жаудың бетінен аман сақтап қалу оңай шаруа емес. Андас датқа қоқанмен, қырғызбен де, кейін орыспен де терезесін тең ұстап сөйлескен, елінің ары мен барын ойлаған, болашағын болжаған парасат-пайымы мол көреген жан.

Әсіресе, сол дәуірде қырғыз-қазақ арасы ұдайы барымта, қарымта, ұрыс-керіс, қырғи-қабақ көп болған. Осындай жаугершілікте Сұраншы, Саурық батырлардың ерлігі өлшеусіз.

Шоқан Уәлиханов былай деп жазады:

“Орман Ниязбеков қазақ-қырғыз халықтарына тізесі батқан ұрыншақ, барымташыл адам болған. Ол Қастек, Қарақыстақ асулары арқылы Алатаудың теріскейіндегі қазақтарды зар жылатқан. Қолына түскен тұтқындарды Шығыс Түркістан мен Орта Азия базарларына күң-құл есебінде сатқан. Өзіне қарсы шыққан адамдарды жазалау үшін Қаскелең өзенінің жағасына дар ағашын орнатқан”.

1864 жылы 23 қаңтарда қырғыздың Солты руының бас манаптары Қоқым мен Шайбек бастаған барымташылар Сұраншы ауылына күтпеген жерден шабуыл жасап, бес жүз жылқыны алдыға сап айдап, Сұраншы батыр мен Андас датқаны тұтқындап әкетеді.

Ауылына жылқыларды айдап әкелген соң тұтқындардың кім екенін білмек болып Шайбек манап Андас датқаны алдына алдырыпты.

– Атаңның көрінде өкірген қу Шайбек! Сен өлексе аңдыған құзғын болсаң әне ана үйде қызыл шұбар жолбарыс Сұраншы батыр жатыр. Әлемді түгел уысында ұстамақ болған Әмір Темір де, Ескендір Зұлқарнай да бұл жалған дүниеден өтіп кетті. Алатаудың күнгей-теріскейін қатар жайлап жатқан тату-тәтті, құда-құдандалы ел едік. Өртті сөндіру үшін өртке қарсы от қояды. Аш қасқыр арланын талайды. Мұның не? Арыстан туған Сұраншыдай ерімізді тұтқында ұстап отырсың. Алда-жалда батыр намыстан жарылып өліп кетсе, қалың қазақ ат беліне қонбай ма, ата кегін қумай ма? Басындағы бағың кетер, иығыңдағы басың кетер, қорадағы қойың, қойныңдағы қатының кетер. Түйенің екі өркеші секілді тату ел едік, бір өркеші кесілсе түйе тірі қалмас. Осыны ойладың ба? Ат-шапан айыбыңмен, алдырған малымызды алдыға салып қайтармасаң қара жерден сен кеткенше көрімізде де тыныш жатпаспыз! – депті екі көзі қанталап, оттай жарқылдап.

Шайбек манап мөлиіп, сүмірейіп сұлқ отырып қалыпты да:

– Әй, Қоқымның тілін алған мен оңбаспын.

Өзен тауға қарай ақпас болар. Аңдасжан, Сұраншының тілін өзің тап, ат-шапан бізден! – деп кешірім сұрап Сұраншы мен Андасты алдындағы бес жүз жылқыға жүз жылқы қостырып беріп қайтарыпты.

Шайбек кейін:

– Сөйлегенде аузынан от шашып лапылдап, үйдің іші ып-ыстық болып, шүмектеп қара терге түсіп, берекем кетті. Қасиет қонған өжет семсер екен! – депті Андас датқа жайлы.

Тұлпарды тұлпар таниды, сұңқарды сұңқар таниды.

Ірі адамдардың араласатын адамдары да ірі болады. Осы орайда Андас датқа мен Сүйінбай арасындағы сыйластық, бір-бірін құрметтеуі, екеуінің ылғи ас, той, түрлі сапарға бірге шығуы көп жайды аңғартса керек.

Қырғыздың Орман ханына ас бергенде Сүйінбайды алып барған Андас датқа. Сүйінбай мұнда Орманның балалары – Үмбетәлі, Шарғынға жырмен жоқтау, көңіл айтады. Жыры қырғыздарға аса ұнап, Сүйінбай ақынға бір қыз, алты қанат үй, үш түйеге сыйлық артқызып, астына сәйгүлік мінгізіпті.

Көктем шығып, ел жайлауға көшіп бара жатқан кез екен. Саурық батыр, Андас датқа, Құртқа тәуіп үшеуі Сүйінбайдың сексен ширатылып, тоқсан тарқатылып айтатын ғажайып жырларын әңгіме етіп келе жатқанда ана жақтан алдарынан Сүйінбай көрінеді.

– Сүйінбайдың тапқыр ақындығын тағы бір сынап көрейік, осы үшеумізді бір ауыз өлеңге сыйдырып көрсінші, – деп келісіпті.

Келе амандасып, хал-жағдай сұрап үлгермей жатып Андас датқа:

– Сүйекең, үшеумізді сүйе ме екен,

Бүйідей әлде бізге тие ме екен.

Бір-ақ ауыз өлеңмен жауап берші.

Намысқа қарап жүріп күйеді екен? –

дегенде Сүйінбай табан астында:

– Андастың әділдігі жұртқа болар,

Үш жүздің бас тәуібі Құртқа болар.

Атадан артық туған Саурық батыр,

Қазақ пенен қырғызға тұтқа болар, —

деп бір-ақ ауыз өлеңмен үшеуіне баға беріпті.

Мұндағы Құртқа тәуіп – үш ғасырды көрген, өте ұзақ – 136 жыл жасаған атақты тәуіп, көріпкел әулие, білімдар емші, асқан оташы. Кезінде Шыбыл еліне би болған, қадірменді ақылман ақсақал. Қазір бейіті Жамбыл ауданындағы Шилібастау деген жерде, ол жерге игі істердің басында жүретін Қайрат Сатыбалды ініміз биік кесене тұрғызды.

Сүйінбай ақын қайтыс болып, әйелі Еңлік жоқтағанда асыл жарының қасында болған дос-жарандарын, есінде қалған елеулі оқиғаларды жоқтауына қосады:

Алғаш ақын болғаның,

Ақынбектің асында,

Жиырма бес жасыңда.

Қаңтарбай келді жиынға,

Сүйекем салды қиынға.

Қаңтарбай деген ақынды

Алдына салып айдады.

Сүйекем оттай жайнады,

Қарт бурадай шайнады.

Елуден өтіп келген соң

Байбосынның асында

Әлі төре, Диқанбай,

Ботбайдан шыққан Сыпатай,

Ақшадан шыққан Қазыбек,

Қызылбөріктен шыққан Атақұл.

Қасқараудан Керім бар,

Ораз деген бегім бар,

Дәуітәлі, Мәңке бар,

Сарыүйсінде Сары бар,

Ұлы жүздің бәрі бар.

Жантай деген ақынмен,

Айтыспаққа келгенде,

Андас келіп тоқтатты

Ертеңгі күні бесінде.

Сұраншы келді қырық кісі –

Ақтұяқ ат астында,

Қанжары бар жанында.

Жантай деген ақынды

Сөзбен оттай жайнады.

Әлі төре, Айғожа

Көкала атты бас қылып,

Сүйекемнің алдына –

Үш тоғыз әкеп байлады.

Ел аузындағы деректерге қарағанда Жантай ақынды Сүйінбай бұрын да бір-екі мәрте оңбай сүріндіріпті. Тағы да айтысамын деп кеу-кеумен ортаға шығарғанда Андас би айқай салыпты.

– Күштіні мойындамасаң – күпіршілік. Пышақ өз сабын кесе алмайды. Жантай сен ешқашан сұңқар Сүйінбайды жеңе алмайсың. Қане, Сүйекеңнің бәйгесін әкеліңдер, – дегенде Жантай домбырасын құшақтаған күйі қалың нөпір елдің арасына кіріп кетіпті.

Сүйінбай, Сарыбай би, Андас датқа – замандас, туыстас ірі тарихи тұлғалар.

Сүйінбай Сарыбай бидің бейітінің басында айтқан өлеңінде өзінің тел-қозыдай қатар өскен, сыйласып, құрмет тұтқан, қатарынан асып туған асыл бауырларын сағынғаны көрініп тұр:

Алпыстың алтауында Андас өлді,

Сарыбайды Екей шулап жерге көмді.

Қатарлас тең-құрбының бәрі кетіп,

Байқасам енді нәубет маған келді.

 

Жаттың ба жақсы жайға Сарыбайым,

Сен өліп маған түсті сары уайым.

Сен өліп, ең – ат шауып асың берді,

Мен өлсем неғылады Малыбайым?

 

Тел-қозыдай тел өскен ер, Сарыекем

Жалғыз тастап кеткені-ай бір Құдайым!..

 

Сарыбай Айдосұлы – 1821 жылы дүниеге келіп, 1890 жылы 13 сәуірде 69 жасында қайтыс болған. Жетісудың төбе биі, батыр.

Ал, Андас би Стамбекұлы Сүйінбай жырлағандай алпыс алты жасында қайтыс болван. Сүйінбайдан, Сұраншыдан кіші. 1825 жылы дүниеге келіп, 1888 жылы қайтыс болған, Суықтөбе бауырының етегінде өзінің атажұрты – қазіргі Аққайнар ауылы тұрған жерге жерленген.

Андас Стамбекұлы бірнеше мәрте бүкіл Шапыраштыға дөңгелек болыс сайланған, кейін жері, елі ұлғайғанда Есқожаға болыс сайланған.

Жетісу өлкесі орыстарға қарағаннан кейін елде санақ жүргізіліп, ел басшыларына сайлау өткізіп, ол хатталып, архивте сақтаған. Енді сол деректерге кезек берейін:

1865 жылы болыстардың құрамы жайлы құжатта былай деп жазылған:

 

Шапырашты – Есқожа

Есқожа – Тайторы

Тілеу – Жарылғап

Байтелі – Жәпек

Дәулет – Қошқар

Өтеп – Көшек

Төре тұқым – Болай-Бессары

Екей – Бәйбіше

Екей – Бидалы

 

Болысынай Андас Стамбекұлы

Старшыны Шымырбай Қойшин

Старшыны Ботбай Бердібеков

Старшыны Сақа Тайсарин

Старшыны Қожамқұл Кәтеков

Старшыны Бесторсық Итенов

Старшыны Албан Старықұлов

Старшыны Саржан Айдосов

Старшыны Қали Досанов

 

Жиыны – 998 түтін.

Екінші деректе Есқожа – Шапырашты: Төре тұқым – 200, Өтеп – 60, Көшек-140, Таңатар – 55, Бессары – 50, Сүйінбай – 25, Қошқар – 35, Тайторы – 150, Екей: Әлти, Қосай, Бәйбіше – 300, Бидалы, Жарымбет-?, Ошақты – 100, Қаңлы – 150 түтін.

Ал, 1866 жылғы деректе былай делінеді:

БОЛЫСТАР, АТАЛАР

Шапырашты Есқожа

Есқожа – Тайторы

Тілеу – Жарылғап

Байтелі – Жәпек

Дәулет – Қошқар

Өтеп – Көшек

Төретұқым – Болай – Бессары

Екей – Бәйбіше

Екей – Әлти – Қосай

Екей – Бидалы

Ошақты

 

БОЛЫСЫНАЙ, АУЫЛ СТАРШЫНДАРЫ

Андас Стамбеков

Шымырбай Қойшин

Ботбай Бердібеков

Сақи Тайсарин

Жұманқұл Қабеков

Бесторсық Итенов

Албан Саурықов

Саржан Айдосов

Сүйінбай Күсепов

Қали Дәулетов

Кигізбай

 

Алатау аймағының ел ағалары және халық саны жайлы 1868 жылғы мәліметте былай деп жазылып қалдырылған:

 

ЕСҚОЖА

 

Болысынай

Андас Стамбеков

 

Кандидат

Шынасыл Ақымбеков

Старшындар:

Қапсаләм Шоқанов

Қарашолақ Қарсақов

Ботбай Бердібеков

Сәке Бердібеков

Алпысбай Мұраталин

Шымырбай Қойшин

Алдаберген Тастанбеков

Бейсенбі Қапсалемов

Билер:

Нарбота Сасықбаев

Бесторсық Итенов

Сыпатай Саурықов

Меңлібай Қисықов

Нарен Жиенқарин

Жанқожа Тайсарин

Соңғы үшеуінің орнына

жаңадан сайланғандар:

Шыңқан Манабаев

Жүндібай Бұршақов

Әлеке Мырзабеков

 

Барлығы – 1650 түтін.

Есқожа: Өтеп-200, Көшек – 202, Жарылғап – 230, Жәпек – 220, Болай – 50, Қошқар – 40, Малғара – 10, Бессары – 58, Айқым – 7 (17), Әуез – 40, Құдайберді – 40, Тайторы – 201, Дәулет – 149, Төретұқым – 50; Таз – 72, Ысты-Құланшы – 81,

Барлығы: 1650 түтін (бұрын 1025 түтін болса, тағы да 625 түтін Есқожа, сондай-ақ 103 түтін Ысты қосылды).

Ізденгіш ақын Тортай Садуақасов “Назарбай би” атты (Астана, 2000 жыл) тарихи-танымдық жинағында көптеген құнды мағлұматтар жариялаған, тың мәліметтер келтірген, архив қойнауын ақтарып ел мен жер жайлы көп мәліметтерді ұсынған және оны ойлы тұжырымдап шыққан. Біз жоғарыдағы ел санағы жөніндегі деректерді осы кітаптан алып, Андас Стамбекұлыны ел жұрт алдындағы абырой-беделі, ел басқарушы тарихи тұлға екенін тағы да нақты дәлелдермен келтіріп отырмыз.

Ататегі, арыдан желі болып тартылған алтын арқау – ұрпақ жалғастығына көз салсақ – Андас Шапыраштының ішіндегі – Еміл – одан Есқожа, одан Тоқтар, одан Алтынай, одан Қарасай батыр. Қарасайдың төрт баласы болған: Әуез, Өтеп, Түрікпен, Көшек. Түрікпеннен – Түктіқұрт, Түктіқұрттан – Дәулет, Дәулеттен– Мырзабек, Кәшке, Нұрабай. Кәшкеден – Станбек, Станбектен – Андас. Андас датқа үш әйел алған: бәйбішесінен – Жантай, Ыбырайым, Жүніс, Оспан, тоқалынан – Әлжан, Рахым, үшінші әйелінен – Әбілқасым, Әбдіжапар, Әбдіхалық.

Жамбыл және оның туып-өскен ортасы жөнінде көп зерттеп “Жамбыл” атты роман жазған Сапарғали Бегалин: “Андас – Саурықтың інісі, өзі датқа, әрі ақын, әрі ел тірегі” – деп жазған.

Шынында да Андас – Сұраншы, Саурық батырлардың жақын інісі.

Сұраншы – Ақынбектің баласы, Саурық – Стамбектің ең үлкен ұлы. Ақынбек пен Стамбек – Қашкенің балалары.

Жоғарыда атап өткеніміздей Андас – жас кезінде Қоқан ханынан датқа атағын алған. Орыстар келгеннен кейін де ел билігінде болып өз елі мен жері үшін талай-талай басын бәске тігіп, желдің өтінде, қылыштың жүзінде ғұмырын өткізген жан. Орыс ұлықтары, генерал, ояздар Андаспен үнемі санасып, төрге шығарып, сый-сияпат ұсынған. Мәселен, Андас үшінші дәрежелі кафтан (шапан), Станислав лентасындағы кіші күміс медальмен марапатталған.

Заман ағымына сай елін, жерін сақтау үшін белін шешпей, би де болды. Батыр болып майданға да түсті, болыс, ел ағасы болып қабырғалы үлкен мәселелерді шешті.

Андас Стамбекұлы жайлы бар деректі тұтас жазуға бір мақаланың ауқымы көтермейді. Сарыбай биі мен Нарбота арасындағы дау, оған Андастың төрелік айтып тоқтатуы; қырғыздың Орман ханын тұтқынға алғанда Сұраншы батыр қатуланып қатты кеткенде Андастың араша түсуі; орыс жандаралы, ұлықтар Алатау аймағынан алым-салықты молайту жайлы жинағанда бар қырғыз-қазақтың игі жақсылары тосылып қалғанда Андастың суырылып шығып сөз сөйлеп, тығырықтан шығаруы тағы басқа мәліметтер келесі келелі әңгімемізге арқау болмақ.

Андас – денесі өте ірі, айбарлы, сөзді кесек-кесегімен түйдектете сөйлегенде ешкім қарсы беттей алмайтын, өз дәуірінің биік тұлғаларының бірі болды.

Кеңес өкіметі кезінде Андас датқа туралы мүлде айтқызбай, жазғызбай, тұқымдарын қудалауға ұшыратты.

Әруақ “жүз жыл жерде боламын, жүз жылдан соң елде боламын”– дейді екен.

Еліміз тәуелсіздігін алғалы арқардай айбарлы арыстарымызды еске алып, іздестіре бастадық.

Міне, соның бірі, бірі ғана емес бірегейі, елге пана, аға бола білген Андас датқа.

Тегіне тартып туған Андас атамыздың ұрпақтары арасында танымал ел ардақтылары көп-ақ. Социалистік Еңбек Ері, атақты ұстаз Құдыс Әбсеметов, генерал, заң ғылымдарының докторы Сләм Әпсеметов, ғалым Мэлс Әпсеметов, Жамбыл ауданы әкімінің бірінші орынбасары Мәркен Әпсеметов, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тұңғыш ұстазы Тәкура Алғадайқызы, ғылым докторы Жұмабай Жанбаев, полковник, ҚР Ішкі істер министрлігінің бөлім бастығы Құрман Ахметтаев, Жамбыл облысы әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Алмас Ахметтаев, Қаскелең автопаркінің бастығы, Наурызбай батыр қорының төрағасы Жарас Ахметтаев, Қапшағай қалалық мәслихатының хатшысы Қайрат Ахметтаев, шаруашылық ардагері Амангелді Дымбаев, ғылым кандидаты Төлеген Әбдіхалықов, ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкелері – Қанат Хамзин, Бекет Байғазиев, Мақсат Әбдіхалықов, Хоргос кеденінің бастығы Сырым Амангелдіұлы, тағы басқаларының есімін ерекше атауға болады. Атаға тартып артық туған ұл-қыздары Аққайнар ауылында Андас датқа бейітіне күмбез тұрғызды.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының құрметті азаматы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *