ЕРЕНДІГІ МЕН КЕМЕЛДІГІ ЖАРАСҚАН ҰЛАҒАТ ҰСТЫНЫ ЕДІ

Өмір-өзен
501 Views

Оңтүстік – әлемге дамыған химия өнеркәсібімен де танымал өңір. Өлкеде бұл сала бойынша бірнеше кәсіпорын ашылды. Міне, осындай химия өнеркәсібі өркендеп тұрған кезде қажетті мамандар даярлау да күн тәртібіне қойылды. Біз айтқалы отырған химия ғылымының ірі өкілі – Әбдімұса Мұратұлының ұстаздық еңбегі осы кезге дөп келді. Ташкент мемлекеттік университетін 1960 жылы, ал Қазақстан Ғылым академиясы Химия институтының аспирантурасын 1968 жылы бітірген Әбекеңнің теориялық сауаты орасан, білім қоры мол еді. Қазақ химия-технология институтында оқытушы болған жылдары бойындағы білім қорын еркін пайдаланды. Әрі сол жылдары оқу орнында Әбдімұса Мұратұлы секілді өз ісіне жан-тәнімен берілген ұстаздар шоғыры қалыптасты. Олар алдынан дәріс алған жастардың кеудесіне болашақ мамандығына деген біліммен бірге ертеңге деген сенімді де еге білді. Бүгіндері зейнеткерлік жасқа ілінген сол шәкірттердің бәрі дерлік осы бір студенттік жылдарын, ондағы оқытушыларды сағынышпен еске алып отырады.

Туған өлкесіндегі білім ордасынан ғылыми-ұстаздық тәжірибе жинаған Әбдімұса жан-жақтан шақырулар алады. Білімдіге қайда да болсын өріс кең ғой. Әулиеата өңіріне қадам басқан Әбекең Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында дәріс оқыды, доцент болды. Одан кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің Жезқазған бөлімшесінде кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін атқарды. Жамбылдағы институттың Семей қаласындағы филиалында да жауапты қызмет атқарды.

Қанша жерден шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолдың биігіне шығып, жан-жағына барлай қарап, табысына шаттанғанымен, өзі туып-өскен қасиетті Арыс өңіріне деген алаулы сағыныш оны осы өңірге тартты да тұрды. Әбекең Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне осылай оралды. Өткен ғасырдың аяқ шенінде, жаңа ғасырдың басында осы білім ордасына кафедра меңгерушісі болып келді. Одан кейін Қазақ-өзбек инженерлік-гуманитарлық университетіне ректор болып тағайындалды. Елдегі нарық жағдайына сай ашылған мемлекеттік емес білім мекемелеріне білімді де білікті басшылар қажет болды. Мұндай жауапкершілікті жан-жүрегімен түсіне білген Әбдімұса Мұратұлы П.Капица атындағы халықаралық сыйлықтың иегері атанды. Осылайша отандық ғылым төрінен өз тұғырын таба білген азамат химия ғылымының докторы, профессор атанды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымы, сондай-ақ Ресей педагогика және психология ғылымдары академияларының академигі атақтарын иеленді.

Мұндай биікке самғау ұлт болмысын бойына түгел сіңірген перзенттердің ғана қолынан келсе керек. Өйткені Әбекең әл-Фарабидің: «Ұстаз аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік нәрін сеуіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек адам болу керек» деген қағидалы сөзін өмірінің басты ұстанымы етті. Ұлы бабамыздың трактаттарында атап-атап тұрып көрсеткен қасиеттерден ауытқымауға тырысты. Әбекеңнің бүкіл саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнауы осы сөзімізге дәлел болса керек.

Иә, Әбекең жарты ғасырдан астам ғұмырын білім беру саласына арнады. Психологтардың пайымдауынша, қоғамдағы қайнаған іс-әрекеттердің арасында жүретін адамдар белсенділер қатарына жатады. Өйткені олар күнделікті ағымдағы қызмет, жұмыстарынан тыс, айналада болып жатқан жаңалықтар мен жақсылықтарды, өзгерістерді қабылдап қана қоймай оны өз тарапынан жүзеге асыруға да ұмтылады. Ал Әбдімұса Мұратұлы отандық химия өнеркәсібінің өркендеу жолына қарап отырып, оның болашақ мамандарын даярлауға деген ниетін нақты іске айналдырды. Оның бәрі, түптеп келгенде, ұлтжандылықтан туған ізгілікті іс-әрекеттер еді. Оның туып-өскен жеріне деген шексіз махаббатынан туындаған үлкен бастамалары өңірдің және осында тәжірибе алмаса келген шетелдік қонақтармен сырласу, сыйласу барысында озық үлгілерге деген ықыласын тудырды. Әбекең шетелдің білім стандарттарын отандық қалыпқа енгізуге батыл қадам жасап, еңбек қазанында қайнай түсті.

Осы тұста Әбдімұса Қуатбековтің жоғары арнайы білім ордасын ашумен қатар оның жұмыс ырғағын ұйымдастырудағы біліктілігі сөзімізге нақты дәлел бола алады. Әбекең елімізге нарық дәуірінің аяқ басуымен қатар зәрулігі арта түскен халыққа білім беру қызметінің көзін таба отырып, осынау мол қазынаны толықтыруға бар білімі мен біліктілігін арнады. Осылайша қысқа уақыт ішінде Халықтар достығы университетімен бірге Ақсукент көпсалалы колледжінің шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейтті. Бұл оқу орындарында ел шаруашылығына қажетті маман даярлауды жолға қойып, оларға қажетті материалдық-техникалық базаны аса жоғары деңгейде қалыптастырды.

Осы оқу орындарын құрудың теориялық және практикалық жолдарын терең меңгерген Әбекең ұйымдастырушылық қабілетімен қатар құрылтайшы ретінде де елге де, әлемге де кең танылды.

Ғалымның өмірбаяндық дереккөзінде әртүрлі саланы терең зерттеген іскерлігін айғақтайтын мәліметтерде есеп жоқ. Соның ішінде Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының Семей қаласындағы филиалында, Қарағанды политехникалық университетінің Жезқазған филиалында болған жылдары жинақтаған мол тәжірибесін Оңтүстік Қазақстан аймақаралық «Қайнар» университеті мен Қазақ-өзбек инженерлік-гуманитарлық университетін басқарған кезде жарқырата көрсетті.

Халықтар достығы университетінің құрылтайшысы-президенті ретінде еліміздегі ғылым мен білім беру саласына қатысты мемлекеттік бағдарламаларды басшылыққа алып отырды. Сала министрлігінің арнайы тізімінде көрсетілген аса қажетті де білікті мамандарды даярлау барысында жаңа технологияларды оқу-өндірістік мақсатқа өндірудің жаңа жобаларын іске асырды. Ұстаз-ғалым жастарға тәлім-тәрбие беруде барлық мақсат-мүддесін ұлт болашағына бағыттады. Оның астарында Әбекеңдегі мінез сұлулығы, азаматтылығы, парасаттылығы жатты.

Ол басшылық лауазымындағы беделімен ғана емес, оқытушы-профессор ретінде де университет ұжымына білімді де зерделі, үлгілі де өнегелі зиялы қауым болуға жетелеп отырды. Ал, мұндай таңдауды құрамы бар білім ордасына талапкерлерді жарнамалап шақырып жатудың қажеттілігі де шамалы еді. Өйткені, онда әлемнің, таяу шетел және ТМД елдерінің жетекші оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен, түрлі ұйымдармен іскерлік қарым-қатынас орнатылды. Оқу-тәжірибе алмасудың асқан үлгілері қалыптасты.

Туған жеріне, өскен еліне деген перзенттік парызын ешқашан естен шығармаған адал ұл келешек ұрпақты да сондай адал болуға тәрбиеледі. Бұл орайда Әбекеңнің тәлімгерлік қасиеті өз арнасын тауып жатты. Оның ел болашағы жайлы айтқан әр сөзі жүректі жарып шығатын. Мұндай ойлы толғауларын, жан тебіренісін баспасөзге жариялаумен бірге іс-жүзінде де дәлелдей білді.

Әбекең оқу орнына түсуге әлеуметтік жағдайы көтере бермейтін қаншама отбасынан шыққан жас өрендерге көмек қолын созды. Оларға арнайы білім грантын бөліп,студент атанған соң да мұқтажын өтеуді өз мойнына алды. Жас буынның туған елге, туған жерге деген ыстық ықыласын патриоттық сезімге айналдырудағы тәлімгерлік үлгісін осылай танытты.

Әбдімұса Мұратұлы аса қарапайым жан болды. Осы қарапайымдылығын қайырымдылығы мен мейірімділігі көмкеріп, оны ерекше нұрландырып тұратын. Мұндай қамқорлық, әдетте, дана көңілден, ізгі ниеттен туады. Ойымызды грек данышпаны Платонның сөзімен шегелесек: «Қамқорлықты сөзінде де, ісінде де боямасы жоқ адамдар ғана жасай алады» деген екен. Ал, халық даналығы: «Өзгенің иығына жапқан шапан, өзіңді де жылытады» дейді. Шынында да, жақсылық жасау, жылағанды жұбату, мұқтажға көмек беру, жетім-жесірлерге, қараусыз қалған балғындарға қайырымдылық жасау Қуатбековтің күнделікті дағдысына айналған тіршілігі еді. Осындай азаматты өзіміз білетіннен де жақынырақ тану үшін онымен сыйлас болған ел ақсақалдарына, көнекөздерге жолыққанды жөн көрдік. Олар әңгімелескенімізде кейіпкеріміздің, тіпті, балаң шағынан-ақ тым зерек болғанын пайымдадық. Ол пікірлесу, әңгімелесу кезінде әр адамның жүзінен сыр аулап, маңызды сөзге тартып, жағдайын білуге тырысып, ол адаммен кейінде хабарласып тұрады екен.

Міне, сол бір қасиеті бекемделе келе Әбекең Арыс қаласы, Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне өкіл атасы ретінде танылды. Ондағы балалардың мұқтаждықтарын шешіп беріп, қуаныштарына ортақтасып жүрді, жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы да Әбекеңсіз өткен емес.

Үй-күйі жоқ жалғызілікті отбасына танымаса да баспана салып беріп, қоныстойының қуанышын бөліскен де осы Әбекең еді.

Тәуелсіздікке қол жеткелі ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етіп, ерендік пен тереңдік, кемелдік пен кеңдік көрсетіп, тектілігін танытып келе жатқан азаматтың бірі әрі бірегейі де осы Әбдімұса ағамыз еді.

Әйтсе де, Әбдімұса Мұратұлының өмірдегі жеңісін де, жемісін де айшықтаған Шымкент қаласындағы Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университеті мен Ақсукент көпсалалы колледжі және оның Сайрамдағы филиалында жасалған жаңашылдықтар болатын.

Туған жерді түлетудегі перзенттік парызын жете ұғынып, оны өмірінің соңына дейін адал атқара білген үлкен жүректілігі кімді де болса тәнті етсе керек. Арналы Арыс жағасындағы кішкентай ғана ауылына заманауи сәулет үлгісінде мешіт тұрғызған имандылығы өз алдына бір әңгіме.

Балалар алаңын гүлге бөлеп, абаттандыру шараларымен қоса олардың білімге ұмтылысы мен құлшынысын арттыру мақсатында кітапхана ашқан еңбегі – келешектің көркін бүгіннен тани білген көрегендігін танытса керек. Әрине, бұл іс-шараларды жүзеге асыру үшін толассыз ізденіс, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілгені сөзсіз. Бұл жерде Әбекеңнің уақытпен санаспайтын талапшылдығы, бейнеттен қашпайтын іскерлігімен қатар қолына алған істі озық сапада атқаруға деген жауапкершілігі көрініп тұр.

Қоғамдағы жаңалықтарға жанашырлықпен араласатын Әбекеңнің өз өмірі де мәуелі бәйтерекке айнала білді. Ол кісінің тәлімін алған ұл-қыздары мен немерелерінің білімділігіне, заман талабына сай іскер де қабілеттілігіне қарап көңіл тояды.Осыдан-ақ Әбдімұса Қуатбековтің шәкірттердің алдында ғана емес, ұрпақ өсіру, оны тәрбиелеуде де ұстаздық қалыптан танбайтындығын байқайсыз. Оның бір салада бүкіл ғұмыр бойы еткен еңбегі өзгелерге өз ұстанымының тұрақтылығын, кәсіпке іңкәрлігін, мұратқа адалдығын танытты.

Ал, ғылыми орта Әбдімұса Мұратұлын химия ғылымының кәсіби маманы ғана емес, өзіндік мектебін қалыптастыра білген академик ретінде қадір тұтты. Оның тұлғасы іргелі жоғары оқу орнының негізін қалаған, іргесін бекіткен білікті ұйымдастырушы-басшы ретінде биіктей берген еді. Олай дейтініміз, әлемдік ғылыми коммуникацияға тоқсаныншы жылдары араласқан ол дүниежүзілік ғылыми ортада зерттеу еңбектерімен танылып, профессор атанды.

Ал, қарапайым қауым үшін сахи, қайырымды, мейірімді, жаны жайсаң, көңіліне түйгені көп парасатты жан болды. Елін, туған жерін сүйген ұлтжанды тұлға, сыйлы замандас, ардақты аға, халықтар достығының беріктігін нығайтушы дәнекер еді. Елімізде өркениеттің дамуына, отандық ғылымға қалтқысыз еңбек еткен тұлға.

Ғылымда айшықты із қалдырып, химия саласының дамуына қомақты үлес қосумен қатар, лайықты ізбасарлар тәрбиелеуі сол саланың жаңаруына, кемелденуіне серпін беруге деген дарабоз келбетін көрсетсе керек.

Баяны жоқ дүние-ай. Көргені де, бергені де мол Әбдімұса Мұратұлы тірі болғанда фәнилік жүрісіндегі 80-ші көктемінде көрген болар еді-ау. Кейде оның өзі іргетасын көтерген білім ұяларын аралап жүргендей көрінетіні бар. Еңселі ғимараттың бөлмелерін ашық дауыс, кіршіксіз күлкілерімен жаңғыртып жатқан шәкірттердің даусына көңілің толқып тұрып, солардың арасынан Әбдімұса аға жылы жымиып алдыңнан шыға келетіндей көрінеді. Қашанда кішіпейіл де парасатты қалпынан танбайтын азаматтың мәңгілік мекеніне – ұлы кеңістікке сіңіп кеткеніне көңіл сенбейді.

Иә, ісі мәңгілік жанның өзі де, есімі де жадымызда.

Сіз қасымыздасыз, Әбдімұса аға!

*   *   *

Қорыта айтқанда, Ә. Қуатбековтың 80-жылдығына орай Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру шаралары қолға алынып жатыр. Заманауи талаптарға сай мамандар даярлау мәселесіне қатысты және Ә.Мұратбекұлының осы сала бойынша қалдырған өнегелі тәжірибесі туралы ой-пікірілеріңізді университет әкімшілігіне жолдауға болады.

Есенәлі ОМАР,

Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *