ЖУРНАЛИСТ ПЕН БЛОГЕРДІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Мерей Қоғам
1 471 Views

Төртінші биліктің өкілі саналатын БАҚ өкілдері қоғамның барометрі болып келді. Бүгінгі ақпарат майданында әлеуметтік желі белсенділеріде бой көрсетіп, қоғам ішінде орын алған, көзге түсетін мәселелерді көрсетіп, қоғамназарын аудара бастады. Дегенмен, көпке топырақ шашпақ емеспіз, блогерлердің дедеңгейі әрқандай. Аңдамаса елді адастыратын, ақпарат беру тәсілі жағынандеңгейі төмен әлеуметтік желі белсенділері қаптап барады. Медианарықта«Дәстүрлі журналистика мен блогосфера арасында бәсекелестік бар ма? Сіздіңшежурналист пен блогердің айырмашылығы қандай?

Қайсысының бәсі жоғары? Халық кімге сенеді, шынайы әрі нақты дереккөздер қайсысында басым?» деген сауалдарды еңбек жолын кәсіби журналистикадан бастаған бұл күнде ел алдында жүрген, ел абыройына айналған тұлғаларға қойып көрдік. Ендеше, олардың пікірлерін оқиық.

Дархан МЫҢБАЙ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңес төрағасы:

БАСПАСӨЗДІҢ ОРНЫ ДА, РӨЛІ ДЕ АЙРЫҚША

– Журналист пен блогерді салыстыруға болмайды, екеуінің де аудиториясында, ақпаратты беру мен көпшіліктің оны қабылдау процесінде айырмашылық бар. Бүгінгі медианарықты ақпаратты кім бірінші берсе, сол ұтады. Алайда, аналитикалық сараптау, талдау жағынан бәрібір блогосфера журналистикадан оза алмайды. Әлеуметтік желі белсенділері қалайда ақпаратты тез жазуға, оны жариялауға асығады. Газеттің форматы ақпаратты тақырыпқа ұластырып, зерделеп, өзекті мәселені жан-жақты талдап, тереңінен қарауға тырысады. Сондықтан блогер мен журналистердің оқырманы да, көрермені де екі бөлек деп айтуға болады.

Егер салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, газетте тек тексерілген, көз жеткізілген ақпарат қана жарияланады және үлкен жауапкершіліктің жүгімен дайындалғандықтан сенім бар. Ал әлеуметтік желідегі ақпараттың растығына күмәнмен қарайсыз. Сондықтан баспасөздің орны да, рөлі де айрықша.

Қазіргі ақпарат майданында халық журналист кім, блогер кім ажырата алмай қалып жатса, бұл уақытша нәрсе. Уақыт бәрін өз заңдылығымен теңшейді.

Айгүл ҚАПБАРОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист:

ЖУРНАЛИСТИКА ӨЗ ТҰҒЫРЫН ЖОҒАЛТҚАН ЖОҚ

Техника қарыштап дамыған сайын ақпарат беру тәсілі, жалпы журналистика трансформацияға ұшырады. Қазір әлемнің кез-келген нүктесінен әрбір адам ақпарат бере де алады, тарата да алады. Қоғамның дәл ортасында жүріп, кәсіби журналистік мамандығы жоқ болса да, дер кезінде ақпарат беретін адам қазір блогер деп аталады. Дегенмен, дәстүрлі журналистика ақпаратты електеп өткізеді. Бәрібір халық ресми ақпарат көздеріне сенеді. Бұл күндері әлеуметтік желілер журналистикаға қосымша ретінде ақпараттар таратып келеді. Сондықтан бүгінгі журналистке қояр уақыттың талабы – жедел, әрі нейтрал түрде ақпарат бере білуі керек. Қаншама ақпарат тасқыны орын алса да, әлі журналист қоғамды сенімді ақпараттармен қамтамасыз ете алады. Бірақ, берген ақпаратынан бөлек әрі қарай оқырманға, көрерменге өз ойын таңу дұрыс емес.

Қазіргі заманда адамдар ақпаратталған, яғни қоғамда болып жатқан жаңалықты сол замат көріп, естіп, біліп отырады. Бұл ақпараттарды қорытуға әр адамның өзіндік пікірі, көзқарасы бар. Мәселен, әлеуметтік желіде бастапқы адам қандай комментарий қалдырса, басқалары ізінше жапа-тармағай сол пікірде коммент жазып кетеді. Бұл біржақты көзқарас және дұрыс емес. Біржақтылықпен қоғам алға жылжи алмайды. Сондықтан әрбір адамның азат ойы, пікірі сақталуы керек. Өз ойын жұртқа таңып, көпшілікті өз ығына өңгеріп әкету қате.

Ағылған ақпараттардың арасында журналист өзінің дәстүрлі жолын сақтап келе жатыр. Мүмкін жеделдік жетіспейтін шығар… Бәлкім, ақпаратты дер шағында құзырлы органдардан ала алмауы қолбайлау болатын шығар. Сондықтан ақпараттық технология дамыған заманға сай әрбір мемлекеттік мекеме журналист сұраған әрбір ақпаратты жылдам беруге дағдылану қажет. Кейбір мекемеден ресми ақпаратты алу үшін басшылыққа хатпен шығуға тура келеді, хаттың жауабы келем дегенше ол ақпарат өзектілігін жоғалтады. Ақпарат кешіккен сайын жалған ақпараттар, фейктер таралып кетеді.

Блогерлер көбінесе ақпаратты эмоциямен беруге күш жұмсайды. Өз парақшам өз еркім дейді де ұлттық мәселені де қозғайды. Көбінде болып жатқан жайтты өз эмоциясымен береді. Журналистикада журналистік этика бар. Болып жатқан жайтқа журналист көңіл-күйі қосылмайды. Сондықтан журналистика өз тұғырын жоғалтқан жоқ.

Алдағы күндері БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізілмек. Расын айтқанда, медианарықта телеөнімдер рейтинг қуамыз деп бәсін төмендетіп алғандары да бар. Әрине, тым арзан бағдарламаларды көру, көрмеу қабылдау, қабылдамау әр көрерменнің өз еркінде, өзінің талғамы. Бұл күнде көрермендердің талғамы өскен. Сондықтан, рейтинг үшін жасалатын даңғаза бағдарламалар жас ұрпаққа зиян. Оларда әзірге ой таразысы мен ой елегінен өткізетін фильтр жоқ. Сол себепті, БАҚ туралы Заңның жаңа өзгерістеріне енгізілетін баптарында осы мәселелер қаралатын болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *