Сатира – жай ғана күлдіру үшін туған жанр емес. Оның түпкі мақсаты – қоғамдағы кемшілікті әшкерелеу, адамды түзеу, ұлттың мінезін сауықтыру болып табылады. Нағыз сатириктің қаруы – күлкі, ал көздегені – шындық.
Қазақ сатирасына көз салар болсақ, Абайдың ащы мысқылынан бастау алған бұл үрдіс кейін Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров сияқты қаламгерлердің шығармаларында жаңа белеске көтерілді. Олар қоғамның кемшілігін күлкі арқылы көрсетіп, халықты сергектікке шақырды. Яғни, бүгінгі қазақ сатирасының көксегені: күлкі емес – түзелу, әжуалау емес – жаңару, адамды кемсіту емес – қоғамды кемелдендіру. Осы дәстүрді бүгінгі прозада өзіндік қолтаңбасымен жалғап жүрген қаламгерлердің бірі – Доқтырхан Тұрлыбек.
Оның «Дайрабайдың «көкесі» атты әзіл-сықақ әңгімесі сырт қарағанда жеңіл оқылатын күлкілі оқиға секілді көрінгенімен, тереңіне бойлаған сайын оның ұлттық мінездің, адамгершілік ұстанымдардың және достықтың қадірін танытатын шығарма екеніне көз жеткіземіз.
Шығармадағы негізгі тартыс – Таймас есімді кейіпкердің орта жастан асқан шағында әйелін тастап, жас тоқал алуға ниеттенуінен басталады. Бұл – бүгінгі қоғамда да жиі кездесетін әлеуметтік құбылыстардың бірі. Жазушы мәселені құрғақ насихатпен емес, әзіл мен мысқылдың күші арқылы жеткізеді. Таймастың ойын өзгерту үшін арнайы жолға шыққан Дайрабай мен Құрмаштың әрекеттері қазақы достықтың ерекше үлгісін көрсетеді. Олар досының кемшілігін дейміз бе, қателесуін дейміз бе, сыртынан сөз етпейді, қайта бетіне айтып, адасқан жерінен қайтаруға тырысады.
Туындыда әсіресе, Дайрабай бейнесі ерекше назар аудартады. Ұзақ жыл басшылық қызмет атқарып келген оның туған жеріне оралғаннан кейін де мансапқа әбден үйреніп қалған мінезінен арыла алмауы – шынайы суреттелген. Автор бұл мінезді әжуалау арқылы биліктің адам психологиясына әсерін де көрсетеді. Ал, Құрмаш болса – қарапайым халықтың табиғи болмысын сақтаған, сөзге шешен, ойы сергек кейіпкер. Екі мінездің қатар берілуі шығарманың композициялық тұтастығын күшейтіп, диалогтарды табиғи әрі әсерлі етеді.
Суреткердің тағы бір басты ерекшеліктерінің бірі – диалог құру шеберлігі. Кейіпкердің әрбір сөзі мінезді ашып қана қоймай, қазақ қоғамындағы қарым-қатынас мәдениетін, әзілдесу дәстүрін де айқын көрсетеді. Әсіресе шығармадағы «көке» сөзінің бірнеше мағынада қолданылуы ерекше көркемдік жүк арқалайды. Бір жағынан ол – құрметтің белгісі болса, екінші жағынан жағымпаздықтың символына айналған. Осы арқылы автор бүгінгі қоғамдағы жалған сыйластық пен мансапқорлықты өткір әжуалайды.
Күлкі – шығармада мақсат болмайды, бірақ күлкі арқылы адамды түзеу, ойландыру мақсаты алдыңғы қатарға шығады. Таймастың райынан қайтуы – моральдық жеңіс. Оның әйелін тастау ниетінен бас тартуы – достық сөзінің, ағалық ақылдың және өмірлік тәжірибенің жеңісі. Бұл тұста жазушы қазақ қоғамында ақыл айтудың ең тиімді жолы – бұйрық емес, әзілмен жеткізілген шынайы сөз екенін аңғартады.
Доқтырхан Тұрлыбектің тіл өрнегі де шығарманың көркемдік қуатын арттырып тұр. Автор жергілікті сөз қолданыстарды, халықтық мақал-мәтелдерді, бейнелі тіркестерді табиғи қалпында пайдалана отырып, оқырманды оқиға ортасына еркін енгізеді. Әңгіме тілінің жеңілдігі оның идеялық салмағын кемітпейді, керісінше оқырманға терең ойды жеңіл жеткізудің үлгісін танытады.
«Дайрабайдың «көкесі» – қазіргі қазақ қоғамындағы отбасы құндылығы, достық жауапкершілігі, ұлттық мінез және мансап психологиясы туралы салмақты ой айтқан туынды. Жазушы оқырманын юмордың мүмкіндігін толық пайдалана әрі күлдіре отырып тәрбиелейді, ойландыра отырып қорытынды жасатады. Бұл – сәтті сатираның басты белгісі.
Сөйтіп, Доқтырхан Тұрлыбектің «Дайрабайдың «көкесі» – әзіл-сықақ жанрының мүмкіндігін кеңейткен, ұлттық юмордың табиғатын сақтай отырып бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін көтерген көркем туынды. Оның құндылығы – күлкінің артында үлкен өмірлік сабақтың, адамдық жауапкершіліктің және қазақы тәрбиенің жатқандығында. Осындай қасиетімен бұл туынды – қазіргі қазақ прозасындағы мазмұны терең, көркемдік қуаты жоғары әзіл әңгімелердің қатарынан лайықты орын алады.
Сондай-ақ, жазушының «Майор» әңгімесі де – бір адамның тағдырын суреттей отырып, тұтас бір кезеңнің психологиясын, қызметтің адам мінезіне қалай әсер ететінін және туған топырақтан қол үзген жанның рухани өзгерісін көркем бейнелейді.
Туындының негізгі кейіпкері – Құлтай. Ол әскери қызметте «майор» шеніне дейін көтерілген азамат. Алайда туған ауылына оралғаннан кейін бұрынғы қарапайым Құлтай емес, өзін өзгеден жоғары қоятын, орысша сөйлеуді мәртебе санайтын, әскери тәртіпті бейберекет кез-келген жерде қолданатын адамға айналады. Жазушы осы өзгерісті әсірелемей-ақ табиғи әрекеттер арқылы ашады. Құлтайдың «приказ береді», «майор айтты» деген қалыптан шықпауы – оның әскери қызметті өмір салтына ғана емес, мінезіне де айналдырып алғанының белгісі. Бұл – қоғамда кездесетін «мансап психологиясының» көркем көрінісі. Оның өзін өзгеден ерекше ұстауы – оқырманды күлдіргенімен, астарында ащы мысқыл жатыр.
Жазушының сатиралық шеберлігі – ауыл адамдарының бейнесінен де айқын байқалады. Олар Құлтайды бірде мақтап, бірде сыртынан күлкі етеді. Қазақы ортаға тән аңғалдық, әзілқойлық пен кек сақтамайтын кеңдік шығармаға ұлттық реңк береді. Әсіресе ауыл ақсақалдарының сөздері мен диалогтары халықтық юмордың табиғатын дәл танытады. Әңгімедегі күлкі ешкімді қорлау үшін емес, шындықты айту үшін қызмет етеді. Мұндағы негізгі идея «атақ – адамның өзінен биік тұрмауы керек» деген ой. Егер қызмет адамды қарапайымдылықтан айырса, онда оның рухани жұтаңдауы басталады. Құлтай туған жеріне келгенімен, туған ортасының табиғи болмысынан алыстап кеткенін өзі де аңғармайды. Автор осы арқылы оқырманын ұлттық тәрбиеден қол үзбеудің маңызын еске салады.
Шығармада тілдік ерекшелік те бірден өзіне назар аудартады. Автор жергілікті сөз өрнектерін, қазақы қалжыңды, мақал-мәтелге жақын тіркестерді ұтымды пайдалана отырып, әңгімені шынайы өмірдің өзінен алынғандай әсер қалдыртып, диалогтардың табиғилығы кейіпкерлердің мінезін ашып қана қоймай, шығарманың динамикасын күшейтеді.
Ең маңыздысы, Доқтырхан Тұрлыбек бұл туындысында мансаптың адам болмысын өзгерту қаупін ғана емес, қазақы қарапайымдылықтың өміршеңдігін де көрсетеді. Ауыл адамдарының табиғи қалпы мен Құлтайдың «жасанды майорлығы» арасындағы қарама-қайшылық шығарманың негізгі тартысын қалыптастырады. Осы тартыс арқылы автор күлкі мен ойды қатар өрбітеді…
Доқтырхан Тұрлыбектің «Өлген жылым кейінірек жазылады…» атты әңгімесі – жинақтағы ең өткір әлеуметтік сатиралардың бірі. Бұл шығарма бүгінгі әдеби ортада сирек сөз болатын, бірақ бәріне таныс құбылысты, яғни жалған мадақ пен қолдан жасалған бедел мәселесін көтереді. Автор жеке бір адамды емес, қоғамда қалыптасқан психологиялық ахуалды сын нысанына айналдырады.
Бұл әңгіменің композициялық құрылымы қарапайым болғанымен, идеялық салмағы ауыр. Экспозицияда оқырман жас ақынның айналасындағы әсіре мақтау мен орынсыз марапаттауға куә болады. Алғашында мұның бәрі қалыпты құбылыс секілді көрінеді. Алайда, оқиға өрбіген сайын мақтаудың шынайы өнерді емес, жалған беделді қалыптастыратын құралға айналғаны байқалады. Яғни, композицияның даму желісі сыртқы оқиғадан гөрі кейіпкерлердің сөздері мен әрекеттеріне негізделген. Жазушы тартысты қақтығыс арқылы емес, қоғамдық психологияны ашатын диалогтар мен ишаралар арқылы өрбітеді. Мұндай тәсіл шығарманың сатиралық қуатын арттырып, авторлық ойдың табиғи шығуына мүмкіндік береді.
Әңгіменің басты көркемдік тәсілі – ирония. Кейіпкерлердің мақтау сөздері сырттай «құрмет» болып көрінгенімен, шығарманың ішкі құрылымында олар ащы мысқылға айналады. Автор ешкімді ашық келемеждемейді. Керісінше, орынсыз дәріптеудің өзін сөйлетіп, оның күлкілі әрі қауіпті сипатын оқырманның өзіне аңғартады.
Сондай-ақ, туындыда «гротеск» элементтері де байқалады. Яғни, жас ақынды шектен тыс дәріптеу, оның аз ғана еңбегінен «ұлы құбылыс» іздеу – өмірдегі құбылыстың әдейі үлкейтілген көрінісі. Бұл әсірелеу шындықтан алшақтау үшін емес, керісінше, шындықты айқынырақ көрсету үшін қолданылған.
Автордың айтарлықтай тағы бір ерекшелігі – оның көркемдік детальды ұтымды пайдалана білуі. Әңгіменің атауына айналған «Өлген жылым кейінірек жазылады…» деген сөйлем кездейсоқ алынбаған. Бұл – бүкіл шығарманың идеялық кілті. Автор осы бір ғана сөйлем арқылы «жалған даңқтың» баянсыздығы, адамның өз атына өзі мас болу психологиясы және уақыттың бәріне төреші екенін ескертеді. Мұндай деталь шығарманың финалын есте қаларлықтай етіп, композициялық тұтастығын күшейте түседі. Әңгіменің тілі де сатира табиғатына сай. Жазушы ауыр публицистикаға ұрынбай-ақ жеңіл юмордың астына терең әлеуметтік ой жасырады. Сондықтан оқырман алдымен күледі, кейін сол күлкінің астарынан бүгінгі әдеби ортадағы ащы шындықты көреді. Яғни, бұл шығарманың көркемдік құндылығы – оның белгілі бір адамды емес, қоғамдық құбылысты нысанаға алуында. Әңгіме әдеби орта туралы болғанымен оның көтерген мәселесі тек өнермен ғана шектелмейді. Жалған бедел, орынсыз мадақ пен қолдан жасалған атақ қоғамның кез-келген саласында кездесетін құбылыс. Сондықтан шығарма – уақыттың шындығын бейнелейтін «әлеуметтік сатира» деңгейіне көтеріліп, оқырманын сүйсінтеді.
Ал, енді Доқтырхан Тұрлыбектің «Қарғалар неге қарқылдайды?» әңгімесіне келер болсақ, бұл – астарлы сатираға құрылған шығарма. Жазушы әңгімені күнделікті өмір көрінісінен бастап, бірте-бірте әлеуметтік ойға ұластырады. Композициялық тұрғыдан алғанда, шығарма шеңберлі құрылымға негізделген: басында оқырманды қызықтырған «қарға» образы соңында мүлде басқа идеялық деңгейде ашылып, әңгіменің тұтас көркемдік жүгін арқалайды.
Туындының экспозициясы қарапайым тұрмыстық ситуациядан басталып, автор оқырманды бірден өткір сынға жетелемейді. Керісінше, күнделікті әңгіменің табиғи ағысы арқылы оқырман назарын өзіне тартады. Бұл – сатирадағы психологиялық дайындық тәсілі. Осы қарапайым бастау кейінгі әлеуметтік тартыстың негізін қалайды. Оқиға өрбіген сайын әңгіменің композициялық шиеленісі күшейе түседі. Кейіпкерлердің әңгімесі арқылы қоғамдағы таныстық, жемқорлық, жауапсыздық, мансапқорлық секілді құбылыстар біртіндеп ашылады. Автор бұл мәселелерді публицистикалық ұранмен емес, кейіпкерлердің табиғи диалогы арқылы көрсетеді. Сондықтан шығармада өмір шындығы көркем шындыққа айналған. Әңгіменің ең басты көркемдік табысы – символдық образ. Автор қарғаны жай құс ретінде алмайды. Яғни, қарға – қоғамдағы рухани былғаныштың метафорасына айналған. Оның қарқылы – әділетсіздікке үнсіз көнген ортаның пайда үшін арын айырбастаған адамдардың үнін елестетеді. Осы тұрғыдан алғанда, әңгіменің атауы шығарманың «негізгі идеялық кілті» қызметін атқарады. Жазушы қарғаға кейіптеу элементтерін де дарытады. Қарғаның қарқылы жай табиғи дыбыс емес, қоғамдағы келеңсіздіктерге «пікір айтып тұрғандай» әсер қалдырады. Осы арқылы табиғаттағы құбылыс пен қоғамдық құбылыс қатар қабысып, сатираның көркемдік қуаты арта түседі. Тіпті шығармадағы ирония да сәтті қолданылған. Кейіпкерлердің кейбір сөздері сырттай қарағанда әзіл секілді қабылданғанымен олардың астарында ащы мысқыл жатыр. Автор ешкімді тікелей айыптамайды. Ол оқырманын күлдіре отырып, сол күлкінің астарындағы шындықты өзі тануға жетелейді. Бұл – Доқтырхан Тұрлыбек сатирасының басты ерекшеліктерінің бірі. Композициялық тұрғыдан алғанда, әңгіменің шарықтау шегі қарға бейнесінің символдық мәні толық ашылған тұсқа сәйкес келеді. Осы сәттен бастап оқырман әңгіменің қарға туралы емес, адам туралы, қоғам туралы екенін ұғынады. Ал, финалдағы қысқа әрі ұтқыр түйін шығарманың идеялық салмағын күшейтіп, оқырман санасында ұзақ сақталатын әсер қалдырады. Бұл – артық түсіндірусіз аяқталатын сәтті композициялық шешім. Жазушының тілінде де сатираға тән көркемдік тәсілдер мол ұшырасады. Диалогтардың табиғилығы, халықтық сөйлеу мәнерінің сақталуы, астарлы әзіл мен дәл таңдалған деталь шығарманың көркемдік деңгейін көтерген. Әсіресе қарға образының символға, ал оның қарқылының әлеуметтік метафораға айналуы – әңгіменің ең сәтті көркемдік табысы.
Қорыта айтқанда, «Қарғалар неге қарқылдайды?» – жеке бір оқиға туралы емес, бүгінгі қоғамның моральдық ахуалы туралы шығарма. Автор қарғаның қарқылын табиғаттың үні ретінде емес, қоғамның ар-ұжданына қойылған көркемдік сұрақ ретінде ұсынады. Сондықтан, әңгіменің идеялық қуаты да, композициялық тұтастығы да осы символдық жүйеден бастау алады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: Доқтырхан Тұрлыбек юморының өзгешелігі – күлкінің сыртқы әсерінде емес, оның ішкі мағынасында. Жазушы ирония, астар, метафора, символдық деталь сияқты көркемдік амалдарды шебер пайдаланып, қарапайым өмір көріністерінен адам болмысының күрделі қырларын ашады. Ондағы ұлттық дүниетаныммен сабақтасып, қазақ прозасындағы сатиралық-юморлық дәстүрдің бүгінгі тынысын танытады. Сондықтан біз сөз еткен суреткердің шығармалары әдебиеттанушылық тұрғыдан да, көркемдік ізденіс жағынан да арнайы зерттеуді қажет ететін құнды туындылардың бірі деуге толық негіз бар.
Гүлсара БАЙДАНОВА,
әдебиеттанушы
Тараз қаласы