ТӘУЕЛСІЗДІК САЯБАҒЫНА ТАҒЗЫМ ЕТУШІЛЕР КӨП

Қоғам
1 593 Views

Сегіз гектар аумақты алып жатқан Тәуелсіздік саябағы Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ашылғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі салтанатты түрде ашқан бұл саябақ қаланың Қабанбай батыр көшесіндегі төбенің жазығында орын тепкен. Саябақтың триумфтінің биіктігі – 15 метрлік, ені – 50 метрлік қақпасын аттаған тұста 1991 жылдан бергі елімізде орын алған тарихи маңызды оқиғалар тасқа қашалып жазылған. Кең аллеяның айналасына сан түрлі гүлдер отырғызылған. Әсем әуенді субұрқақ жұмыс істейді. Көлемі 5,8 гектар алқапты құрайтын аумаққа “Ел бірлігі” монументі орналасып, “Тәуелсіздік шежіресі” аллеясы салынды. Онда еліміздің әр жылдардағы жарқын тарихы мәрмәр тастарға ойып жазылған.

Саябақта көкейге елжандылық сезімін ұялатар тағы бір нысан – «Алтын шаңырақ» атты ел бірлігі Тәуелсіздік монументі. Елімізде мекен ететін барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің барельефі бейнеленген алып гранит тұғырдан 137 тік тіреуден тұратын композиция көтеріліп, шаңырақты ұстап тұр. Ондағы 137 тіреу еліміздегі 137 ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымақ пен бірлікті ту етіп, бітімгершілікте өмір сүріп жатқанын білдіріп тұрғандай. Саябақ құрылысының жалпы құны 680 миллион теңгені құрайды. Оның – 373,5 миллион теңгесі жергілікті қазынадан қаралса, қалғаны Елбасының «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында кәсіпкерлер қаржысымен жүзеге асқан.

Шымкенттіктердің тағы бір мақтан тұтар нысаны – «Жер-Ана» атты Тәуелсіздік монументі. Бұл сәулеткерлік композициялар туған жердің кеңдігін, бейбітшілік пен халықтар келісімін бейнелейді. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің қиылысында орын тепкен, биіктігі 34 метрді құрайтын бұл монументпен Тәуелсіздік саябағының арасын Мемлекеттік рәміздер алаңы мен ұзындығы 104 метрді құрайтын Алтын көпір жалғастырып тұр.

Егемен еліміздің үшінші мегаполисіндегі Мемлекеттік рәміздер алаңындағы нысанның әрбiр элементi сыр шертедi, ой тарқатады. Қазақстанның картасында мем­лекет құрау­шы елдiң өткенi мен бүгiнi, ұрпақтар са­бақтастығы жайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қанатты сөздерi жазылса, жанында тұрған жеті тұғырдың рәміздік мән-маңызы зор. Кең-байтақ туған жерiмiздi қорғап қалған най­заны елестетедi. Ел қауiпсiздiгiнiң қорғаны дегендi бiлдiредi.

Тәуелсiздiкке тағзым ең алдымен мемлекеттiк рәмiздерге құрмет көрсе­ту­ден басталатынын ескерсек, қашанда мұнда келушілердің қатары көптігін айқын аңғаруға болады. Шымкенттіктер мен қаламыздың қадірменді қонақтары Тәуелсіздік саябағына барып, тынығып қана қоймастан, Тәуелсіз де егемен ел тарихы жөнінде мол мағлұмат алып қайтатыны анық. Бұл жерді осылайша халқымызды отансүйгіштікке, ұлтжандылдыққа, патриоттық сезімге бөлейтін киелі орынға санайды. Мұның үстіне бұл саябақты құрғаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов бастаған бір топ азаматтар Тәуелсіз де егемен еліміздің Мемлекеттік сыйлығын иеленгені де абыройымызды асқақтатып, беделімізді биіктетіп, мерейімізді өсіре түсетіні айтпаса да түсінікті.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *