«ШЫНАР» БҰЛАҚТЫҢ БАСЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕ

Өмір-өзен
1 520 Views

Түлкібастан ел анасы атанған Шынар Дүйсенбайқызының дүниеден озғаны туралы хабар келгенде Алматыда шелектеп жаңбыржауып тұр еді. Көзінің тірісінде біздің заманымыздың Домалақ анасына айналған асыл жанды аяулы ананы жоқтағандай табиғат та ағыл-тегіл жылап тұрғандай болды. Талай-талай жақсылар мен жайсаңдар ат басын бұрып, ақ дастарханнан дәм татқан,бір Түркібасы ғана емес, бүкіл оңтүстік өңіріне белгілі қарашаңырақ туралыдеректі туынды жазып жүргенімде өмірден көргені мен түйгені мол, қабағы ашық,жаны жайдары, жүрегі мейірім мен ыстық ықыласқа толы Шынар ана өз өмірі ментағдыры, отбасы, өскен-өнген ұрпағы ағайынның татулығы мен бірлігі туралыалуан-алуан әңгіме шерткен болатын. Жүректен шығып, жүрекке жетіп жататынтуындың кейіпкеріңнің көңілінен шығып жатса – араласып, сыйласып, тонның ішкібауырындай жақын болып кетесің. Мен тамырын тереңге жайып, жайқалып өскен шынарағашындай отбасының қуанышына талай рет ортақ болдым.

Есімі бүкіл Қазақстанға белгілі азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы Қайрат Айтбай інім көкелеп, сыйлап тұрады, үнемі хабарласып тұрамыз. Талай-талай игі істерді бірге жүзеге асырдық. Шынар апам да мені туған бауырындай жақсы көретін, әр барғанымда мейірім-шуағын төгіп, қуана қарсы алушы еді…

Сондықтан да оралмайтын сапарға аттанған әзиз жанмен қоштасып, қабіріне бір уыс топырақ салу – менің парызым мен борышым болатын-ды. Шынар ананың қайтыс болуы – бүкіл әлемді әбігерге түсірген коронавирус індетімен тұспа-тұс келіп, не ұшақ ұшпайды, поез бен автобустар да қаңтарылып жүрмей қалды. Қайрат бауырымның қайғысын жеңілдетпек болып, телефон соғып, көңіл айтудан басқа шара қалмады.

Қайрат інім нағыз азамат қой! Кездескен қиындықтарға қарамастан, ардақты анасының қырқын Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы қаласында өткізді. Алматыдағы «Текемет» мейрамханасында өткен Шынар апамыздың қырқына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнер саңлақтары, ғалымдар қатысып, Қошқарбай мен Қайратқа көңіл айтып, қайғыларын бөлісіп жатты.

Қайрат ініммен жиі-жиі хабарласып тұрдым. Анасына деген перзенттік махаббатқа бүкіл адамзат баласын үрей құшағында ұстап отырған коронавирус індеті еш тосқауыл бола алмады. Қайрат басшы болып, туыстары мен достары қосшы болып, ауылдың маңайындағы күтімсіз жатқан бұлақтың көзін ашып, айналасын абаттандыру және көріктендіруді қызу қолға алды. «Ватсап» арқылы келген фотосуреттерге қарап отырып, шын көңілден риза болдым. Көптен бері шөп-шалам басып, бітеліп қалған бұлақтың көзі ашылып, айналасы таспен өрнектеліпті. Зәмзәм суы бұрқылдап шығып жатқан бұлақтың басына айналдыра ыңғайлы етіп, ағаш орындық орнатылыпты. Яғни мұнда келушілердің су ішулеріне, демалып дұға оқуларына, іштей ізгі тілек тілеуіне барлық жағдайлар жасалған. Халық қалауымен «Шынар» бұлағы атанған бастаудың айналасына ағаш пен талдың түр-түрімен бірге жеміс ағаштары отырғызылыпты. Аумағы жарты гектарға жуық жерді алып жатқан бұл ашық жер көп ұзамай-ақ жайқалған бау мен бақшаға айналмақ.

«Мың рет естігеннен гөрі, бір рет көрген артық» демекші, атқарылып жатқан игілікті істерді өз көзіммен көруге асықтым. Індеттің беті қайтып, жол ашылғанда, Түркібасқа сапарға аттандым. Темір жол бекетінде осы елдің белді азаматтарының бірі – Отан бауырым қарсы алып, таңертеңгі шайдан соң, Орынбай қарияның үйіне соғып, көңіл айттым. Осыдан бір жарым жыл бұрын ғана келгенде ақсақал ширақ еді, ауру мен қайғыдан кәдімгідей шөгіп кетіпті, мені танып, иегі кемсеңдеп, көңілі босады…

Қайрат және бір топ Түркібастық ағайындармен сағат 11:00-де «Шынар» бұлақтың басында кездесуді алдын-ала ойластырып қойған болатынбыз. Отан екеуіміз, бұлақтың басына жарты сағат бұрын ерте келдік. Жан-жағы абаттандырылып, көріктендірілген, айналасына тал-терек, жеміс ағаштары отырғызылған әулие бұлақ сұлулық болып тұнып тұрған тау етегіндегі әсем табиғаттың көркін аша түскендей. Жер астынан шымырлап шығып жатқан бастаудың суы ару қыздың бота көзіндей мөлдірейді. Іштей дұға жасап, суынан дәм таттық, бал татиды. Арнайы тақташаға жазылып қойған сөз біздің назарымызды өзіне еріксіз аударды. Онда Шынар ананың: «Бісіміллаһир рахманияр рахим дей отырып, үш жұтып, демала ішіңіз. Суды әрқашан да дәл осылай асықпай отырып, демалып, үш-үш жұтымнан ішу керек. Жұтқан сайын дұға жасап, тілегіңізді айтып отырыңыз. Болашақта парасатты, ел сыйлаған, жұрт мойындаған игі істерге бейім, жауапты істерге дайын болуға ниетіңіз болса – осыны ұмытпаңыз. Әркез келіп, Шөлтөбедегі аруақтарға дұға ретінде құдіреті күшті Раббым Алладан рақым сұрап, құран түсіріп, әулие бастаудан су сіңіріп, денеңізге сіңіріп отырсаңыз, дұғаңыз әрдайым қабыл болып орындалады» – деген сөздері жазылыпты.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» демекші, «Шынар» бұлақтың басына жақында ғана тағайындалған Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт өзімен бірге бірнеше ауылдың әкімдерін, белгілі азаматтарын ертіп келді. Қазақта «Түсі тәуірден түңілме» деген сөз бар. Жаңа әкімнің жүзінен жылылықтың шуағы төгіліп тұр. Табыса келе бұл бауырымыз қазақтың белгілі жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың ұлы болып шықты. «Түркі қағанаты да алауыздықтан, дүниеге таластан тоз-тозы шыққан. Сыртқы жауларға сыр алдырғандықтан сөйткен. Көкбөрі бәрінен биік тұрар еді. Түлкібас – Түлкібас емес, Түркібас күйінде қалар еді» деп ащы шындықты айтып, қарлығашша шырылдаған Мархабат Байғұт ағамыз. Белгілі жазушының ұлы болғандықтан елдің тарихын, туған жердің қадір-қасиетін жақсы білетін әкім ініміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жасалып жатқан игі істерге ризашылығын білдіріп, туған жерге туын тігіп, көптеген жасампаз істердің ұйытқысы болып жүрген ел азаматы Қайрат Айтбайға алғысын жеткізіп, өзгелерге үлгі-өнеге ретінде сөйледі.

Сөз орайы келіп тұрғанда мыңдаған жылдық тарихы бар, Батыс Түркі қағанатының жазғы ордасы болған қасиетті жердің тарихи атауын қайтару жөнінде әңгіме қозғалды.

– Бұл көкейтесті мәселе күн тәртібінен түскен емес. Түлкібас ауданын Түркібас ауданы етіп өзгерту мәселесі 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Мәслихатында оң шешімін тауып, Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігіне жіберілген болатын. Ауданның тарихи атауын қайтаруға құзырлы орындар да қарсы емес. Амандық болса, бүкіл қазақ халқын толғандыратын айтулы жай жақын арада шешімін тауып қалады деп сенім артып отырмыз», – деді аудан әкімі ағынан жарылып.

Облыстың аты Түркістан болып өзгеріп жатқан соң, аяқ астына оралмай қоя тұрыңдар деп, бұл маңызды мәселені кейінге қалдырғаннан да хабарымыз бар. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген. Ең бастысы – ел үміті, халық үміті орындалса екен. Бұл кешегі дүркіреп өткен қайсар батыр Бауыржан Момышұлының, ақиқаттың алмас қылышы атанған Шерхан Мұртазаның арманы еді.

Айтпасаң сөздің атасы өледі «Сыбырлағанды құдай да естиді» демекші, ел үміт артып жүрген кейбір азаматтар ауданның атын Түркібас емес, Ақсу-Жабағылы деп қойған дұрыс болар еді деген пікір айтып жүр. Әрине, Ақсу-Жабағылы қасиетті жер, бірақ Түркібас атауының жөні бөлек. Бұл бүкіл түркі дүниесі үшін қасиетті де қастерлі атау. Олай болса, тарихқа қиянат жасауға болмайды. Осыны ұмытпайық, ағайын! Тарихымызды бұрмалау онсыз да жетіп жатыр. Тағы да қателесіп, болашақ ұрпақтың алдында масқара болып жүрмейік.

«Шынар» бұлақтың басында Қайрат бауырым әкесі Орынбайдан, көне көзді қариялардың аузынан естіген керемет аңыз-әңгіме айтты. Бұл оқиға ертеректе болса керек, Батыс-Түркі қағанатының негізін қалаған Дәу бабамыздан қалған қасиетті жерді күші де, саны да әлдеқайда басым дұшпан жаулап алмақ болады. Оларға қарсы тұратын түркілердің күші әлде қайда кем болатын. Елдің тағдыры қыл үстінде тұрды. Не істеу керек? Тәуелсіздікті сақтай алмау – кешірілмейтін күнә, сүйекке мәңгі кетпейтін таңба салу, ұлыңды құл, қызыңды күң ету – жер бетінен жойылып тарих қойнауына кету. Бұған жол беруге болмайды. Елді, туған жерді қасықтай қаның қалғанша қорғау қасиетті борышың мен парызың. Ел ақсақалдары бір төбенің басына жиналып, алдағы болатын соғыс туралы кеңес өткізеді.

– Жауды жеңетін бір жол бар, – дейді бір қария. – Соны пайдаланайық.

– Ол қандай жол дейді ақсақалдар шу етіп.

– Өздерің де білесіңдер, таудың етегіндеі жер астында үлкен көлдің көзі бар. Қалың қолды жау бізге мұздай қаруланып бет алғанда, көлдің көзін ашып жіберейік. Қатты аққан топан су жауды шайып өтіп, көбісін тұншықтырып өлтіреді, аман қалғандарын естерін жимай жатып, қырып саламыз.

– Су – тілсіз жау. Дұшпанды жеңеміз деп жер ұйығынан айырылып қалмаймыз ба? Елігі елеңдеген, жолбарысы жорытқан, көкбөрісі ұлыған, аюлары айбат көрсеткен, сансыз жеміс ағаштары сыңсып өскен таңғажайып жасыл орманды алқап жойылып кетпей ме? – дейді бір қария қарсы шығып.

– Әрине дейді әңгімеге беделді рубасы араласып. – Түркібастай қасиеті де киелі сұлу жерді табу қиын. Оның үстіне мұнда Дәу бабамыздың бейіті жатыр. Біз отырған жер Батыс-Түркі қағанатының жазғы ордасы болған. Осының бәрі біз үшін баға жетпес қымбат дүние. Бірақ, Тәуелсіздігіміздің құны одан да қымбат! Не ел боламыз, не бордай тозамыз!

– Сіздің айтқаныңыз өте дұрыс дейді көреген бір қария – Бір Алла қолдап, ең бірінші елімізді, халқымызды дұшпан қаһарынан сақтап қалайық, қалғанын көре жатармыз. Басымыз аман болса – кең байтақ түркі жерінен бізге бір мекен табылар.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» демекші ел ақсақалдары бір тоқтамға келіп, жер астындағы үлкен көлдің көзін ашу жөнінде ұйғарым жасайды.

Күші мен көптігіне мастанған дұшпан әскері лап бергенде, түркілер көлдің көзін ашып, төмен қарай долдана аққан су қойдай-қойдай дәу тастарды домалатып, жаудың есін жидырмай, мыңдаған әскерін қырып салады. Не істерін білмей есеңгіреп қалған дұшпан әскеріне Дәубабаның ұрпағы – түркілер атойлап шабуылға шығып, жау әскерін жойып жібереді. Осылайша біздің ата-бабаларымыз жеңіске жетіп, ел есін жиған соң, жер асты көлдің көзін жабу міндеті тұрады. Бұл оңай шаруа емес еді. Оған бүкіл халық болып жұмылып, белсене кіріседі. Тастарды ешкінің жүні, жылқының қылы мен құйрығы қосылып иленген балшықпен қалап, үстіне киіз күйдіріп басады. Осының нәтижесінде жер асты көлінің көзі ашылмастай етіп бекітіледі. Бұл іс аса құпия ретінде сақталып, санаулы ғана адам білетін болады. Олар бұл жөнінде ешкімге тіс жармау туралы бір-біріне серт берісіп, ант қабылдайды. Өйткені, бес саусақ бірдей емес. Кейбір пиғылы жаман жандар көлдің көзін ашып жіберіп, елге, жерге орасан зор апат әкелуі әбден мүмкін еді.

Алланың құдіретімен жер астынан өз көзін тауып, Жуалы, Түркібас және Сайрам аудандарының аймағынан бастау болып шығып, шымырлап ағып жатқан бұлақ сулары сан ғасырдан бері елге нәр, береке-ырыс беруде. Айтулы өңірдің Мыңбұлақ деп атануы да сондықтан. Бұл туралы деректер Қытай, Араб, Парсы елдерінде кездеседі. Сонау алыстап кеткен VII ғасырда жазылған бұл жазбаларды Дәу бабаны жан-жақты зерттеген орыстың атақты ғалымы, академик Вертольд, қазақтың жиһангер-ғалымы, Ресей жағрапия қоғамының мүшесі Шоқан Уәлиханов өз еңбектерінде нақтылай түседі. Кемербастау, Күмісбастау бұлақтарының тарихы VII ғасырмен, түркілер дәуірімен сай келетінін кезінде көрнекті жазушылар Шерхан Мұртаза, Мархабат Байғұт, белгілі ғалымдар Мекемтас Мырзахметов пен Мырзатай Жолдасбековтер өз ғылыми еңбектерінде жан-жақты жазды.

Жердің терең қатпар-қатпар қойнауынан көзін тауып, алға ұмтылып, бастау алып, бүлкілдеп шығып жатқан мың бұлақтың бірі – ел анасы Шынар апамыздың өзі кәусар суын ішкен, кішкентай перзенттері ауырып қалғанда қасиетті суымен емдеп жазған әулие бұлақ. Аз уақыттың ішінде әзиз жанды ардақты ана Шынар атындағы бұлақ халықтың жиі ат басын бұратын киелі орынға айналды. Дүниеде кездейсоқтық деген болмайды, бұлақтың Шынар ананың есімімен аталуы – Жаратқан иеміз Алланың қалауы, халықтың тілеуі еді. Бір кездері қараусыз қалып, айналасын шөп-шалам басып, көзі бітеле бастаған бұлақтың көзін ашып,көріктендірудегі мақсаты не еді? Бұл жөнінде әзиз анасы туралы жазған толғауында Қайрат бауырымыз әрбір жүрекке жеткізіп, тебірене қалам тербеді. Бұл адамның өмірге келу, өмір сүру жолдарымен бақилыққа барар ақиқат қабірін сипаттайтын біртұтас композиция. Оның әрбір шешімінде үлкен философиялық ұғым, терең ой жатыр. Тал бесіктен, жер бесікке дейін деген осы болар.

Менің қуанатыным: уақыт өте «Шынар» бұлағы қасиетті де қастерлі киелі жердің біріне айналады. Ұл-қыздары еккен тоғыз шынар ағашы аспанға қол созып өсіп, жан-жағына көрік береді, ыстық аптапта көлеңкесі адамдарға сая болады, отырғызылған тал-терек ну орманға айналады, жеміс ағаштары өз өнімін беріп, елді қуантады. Шынар анамыздың бұлағы өзенге құйылып, дарияға айналады, ал, дария өмір-өзен! Оның ағысы тоқтамайды, өмір жалғаса береді. Яғни, Шынар анамыздың өмірі – мәңгілік. Өйткені, оның соңында ізгі жүректі ұрпағы бар, туған жерге тағзым ететін, ана махаббатын ардақтайтын ұл-қыздары бар, ізгілігін, жақсылығын ұмытпайтын елі, халқы бар.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Түркістан облысы,

Түлкібас ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *