ҚАЗАҚ СЫНЫНЫҢ САРДАРЫ

Мерей Тұлға
213 Views

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма

ҚАЗАҚ СЫНЫНЫҢ САРДАРЫ
балалар әдебиеті сынын да назардан тыс қалдырған емес

Әдебиеттанудың ауыр саласының бірі – сын. Алғысы аз бұл «телімге» екінің бірі ғана емес, мыңның бірі қадам баса қоймайды. Оның үстіне бұрынғыдай сынды шығармаға берілген баға емес, авторға «шабуыл» деп қабылдайтын мына заманда осы тірлікті шаршамай-шалдықпай алып келе жатқан сыншы Құлбек Ергөбектің елге сіңірген еңбегі ересен.
Автордың «АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ БАЛА ДЕГЕН…» қазақ балалар әдебиеті мәселелеріне арналған көлемді еңбегі исі қазақ өркениетіне қосылған құнды қазына.

Ендігі ойларымызды филология ғылымдарының кандидаты Айткүл Досыбаеваның кітап кіріспесіндегі жазбаларымен әдіптеп отырамыз. Кітаптың алғысөзінде айтылғандай: «Адамның бір қызығы бала деген…» — қазақ балалар әдебиетінің тарихын түрік халықтарына ортақ алтын тамырдан арна тарта әңгімелейтін, әдебиеттің қызық та, қиын саласының көп жылдық жетістік, кемшілігін ақ-адал саралайтын, бүгіні, алдағы ділгір мәселелерін орайымен толғайтын толайым толғақты ойлардан тұратын жұлын-жүйкесі бүтін жүйелі еңбек, бір тақырыпта туған желілі тұтас кітап.»
«БӨБЕК ДЕП, ӨБЕКТЕП…» деп аталған алғысөзде айтылғандай, кітап 4 бөлімнен тұрады.
«Тәрбие басы – тал бесік» аталатын бірінші бөлімде – қазақ балаларын бағзыдан тәрбиелеп келе жатқан фольклорлық «Бесік жыры», «Тақпақ», «Жұмбақ» секілді халықтық әдебиет пен балалар әдебиетіне ортақ жанрлардың қазақ жағдайындағы жай-күйін түрік халықтарына ортақ сипатта қарастыруымен қымбатты.
«Балалар әдебиетінің бағбаны» аталатын екінші бөлімде Ө.Тұрманжанов, Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, Ж.Смақов, Ә.Дүйсенбиев, М.Жаманбалинов, Қ.Мырзалиев, Қ.Баянбаев, Ж.Кәрібозин, Н.Әлімқұлов, С.Әлімқұлов, Молдахмет Қаназ сынды балалар әдебиеті қаламгерлері шығармашылық портреті. Балалар әдебиетінің классигі (негізін салушы дейтініміз де бар) Өтебай Тұрманжановтың шығармашылық портреті мейлінше кең, адамдық және жазушылық тағдырды мол қамтып әңгімелеген, шығармаларын толымды талдаған, өз алдына бір монография дерлік дүние.
Сыншының бұл еңбегі, көркем әдебиетке жақындатсақ, шағын «Өнегелі өмір» (ЖЗЛ) деректі-ғұмырнамалық деректі туынды, ғылымға баласақ, монография секілді бір тындырымды, қызықты дүние.

Өзге балалар ақын, жазушылары жайындағы эссе-портреттері түрі шағын болуына қарамастан, байтақ мазмұнды – бұл монографияға беріспес қызықты, сауапты (балалар әдебиетін бізде ескере бермейді ғой) дүниелер. Француз әдебиет сыншысы Робер Андре, — Андре Моруаның биографиялық романдарын аса жоғары бағалай тұра, Моруа романистке қарағанда, Моруа сыншы көп ақын-жазушы тағдырын саралауымен Моруа-романистен қызықты-дейтін. Құлбек Ергөбектің өзара сабақтас екі жүйе портреттік эссе және монографиясын саралағанда біз де осындай пікір сабақтаған болар едік.
Үшінші бөлім — «Балалар әдебиетінің бақшасында» деген атпен жинақталған топтама мақалалар жинағы. Бір тақырыптағы, бір жанр туындыларын жинақтап жүйе бойынша жасалған талдау, жазылған зерттеу мақалалар. Сыншы қазақ балалар әдебиетін тақырыптық, жанрлық тұрғыдан саралай талдайды. Балалар әдебиетін бұлай жанрлық жүйемен келіп, балалар поэмасы, балалар әңгімелері, повестері дегендей етіп талдау – қазақ балалар әдебиеті сынында үрдіс болмаған. Бұл да сыншының балалар әдебиетіне әбден мамандануынан туындап отырған елгезектік.
«Адамның бір қызығы бала деген…» (төртінші бөлім) ұлттық тәрбие туралы ойлардан бас құраған публицистикалық мақалалар. Көрнекті әдебиет сыншысының еңбегі тақырыптық тұрғыдан тұтас, жазылу мәнері жөнінен жүйелі, сазды нақышпен сырласып, сынасып отырып жазылған біртұтас құнды дүние.
Құлбек Ергөбек осы биігіне қалай қол жеткізді? Балалар әдебиетінің сыншысы болып қалыптасу сыры? Оның өзі айтады: «Мен балалар әдебиеті сыншысы болып қалыптасар ма едім, жоқ па, егер тамаша балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев мені Қаз ҰМУ-дың филология факультетіне оқуға түсіріп, үйінде жүргенде балалар ақындарымен таныстырып, олардың өлеңдерін оқытып баулымаса?» – деп. (Осы еңбекте.)
«Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, сыншының көркемдікпен кестелеген көрікті ойлары осы ауқымды еңбегіндегі жазбаларынан айқын аңғарылады. Онда автордың өзіне кезек берелік:
*Қазақта балалар әдебиеті болған ба?
Қазақта балалар әдебиеті бар ма?
Бірдің ғана емес, көптің көңілінде жүрген түйткілді бұл жауапсыздық сұрағына зор жауапкершілікпен жауап беруге тура келеді. Ол үшін әдебиеттің өмірден нәр алатыны секілді, қазақ тұрмысынан тамыр тартып, қазақтың отбасылық салт-дәстүріне барлау жасай отырып, жауап іздеп көрелік.
Атам қазақ бала өсіру, баланы текті тәрбиемен баулу мәселесіне өмірлік мұрат биігінен қараған халық. Бүгінгідей «Мәңгілік ел»-деп түбі түскен шелектей даңғырап, ділде жоқ, істе жоқ — тілде ғана «рухани жаңғырып» уақыт өткізбеген халық қазақ. Этнология, оған демография ғылымын қосып, қос ғылым көзімен қарасаң, қазақтың ұрпақ тәрбиесіне ұлттық мұрат (ұлт жаугершілікте жойылып кетпесі үшін, ұлт жаугершілік жойқын шабуылдарға тойтарыс беріп, бейбіт күнде өсіп-өнуі үшін) тұрғысынан келіп, ұдайғы берік ұстаным етіп тіршілік кешкенін көрер едіңіз.
Әлқисса, ұлт басы – жұптасу. Қазақта ешбір ата баласына тегін екен деп тексіз жердің қызына құда түсіп, қалың төлеп (беріп), ия тегін қатын алып бермеген. Баланың жайын әкенің ойлағаны өз алдына, атасы, әкесі ойлаған, қамын күні бұрын жеген баланың. Енді келіп, әке ата жолын жалғап, ата салтын ұстап, өз баласына қызды текті жерден айттырып, алып бермек амалында тіршілік кешеді, кемел келешектен үміт етіп, солай іс қылады. Бұл – аталар институтының ең алғашқы ұстанымы! Келешекті ойлаған, ұрпақтың
асыл тектен жаралып, асылтекті жатырда жатып, алтын бесікке тербеліп өсуін ойлаған елдің амалы. Ұрпақтар амалын осылай кең пішіп, кемел ойлаған, оны жеке отбасынан тұтас ұлтқа ұстаным ретінде таратып, дәстүрге айналдыра білген халықтың тұқымы азбаса керек-ті. Бұл – бір.
Ата үмітін немереге, әке үмітін ақылды балаға жалғап мазмұнды-мағыналы ұрпақ өсіру жауапкершілігі дегеніңіз жан-жақты ойластырылған, сан-саланы қамтитын тұтас қиямет тәрбие, қиямет тәрбиені беретін — ұлттық мектеп. Әңгімені баласына қыз айттыру салтынан бастап отырмыз ғой, әрине. Бұл да жөн. Бірақ, балаға әке қыз айттырғаннан бұрын, немереге ата қыз айттырып, баланың тұңғышын кемпір-шал бауырына басатын әдет бар емес пе? Құдалық басы әкеден емес, атадан басталады сөйтіп. Қазақ тұрмысындағы бұл ерекшелік бізді еріксіз ұлттың негізінен полигамдық (көпнекелілік) табиғатына бастайды. Көпнекелілік бүгінгі таңда айтылып жүргендей, егер еркек екі әйел алар болса, әйелдің екі күйеуі болуға тиіс деген бейәдептік ұзын шаш, келте ақылдың сөзі, ұлтымызды, жұртымызды, оның дамыған дәстүр, ұстанған салтынан жырақ кетіп қалғанымыздың айқын көрінісі. Ол мәңгүрттік. Осы келеңсіз жайлардан кейін, амал жоқ, қазақтағы көп некелілік жайынан сөз қозғауға тура келеді. Қазақта көпнекелілік қалай жүзеге асқан? Ол мынадай жүйеде жүзеге асады.
Ат жалын тартып атқа мінуге жараған 13-тегі бала азамат атанады. «Он үште отау иесі». Енді, ол азаматты үйлендіруге болады. Менің ағам, сатирик Көпеннің, әкесі — Әмірбекті бауырына басқан Тәтігүл (Ергөбектің інісі – Бәйгөбектің перзент көрмеген жесірі) әжеміз он үш жасында үйлендіргенін алға сала айтайын. Ағамызға он үш жасында Тәтігүл ана Тұмар есімді өзі құралпы қызды айттырып, қалың төлеп алып берген… Демек, азамат он үш жасынан үйлене береді. Үйленгенде қалыңдық таңдайтын, айттыратын –Ата. (Ата жарық дүниеде жоқ болса, мүмкін әже, мүмкін әке дегендей). Бұл он үштегі азаматтың өз таңдауы емес, Ата таңдауы! Он үште – отау иесінің мәні міне, осында.
*Қазақ бала тәрбиесіне ерекше жауапкершілікпен қараған, жауапкершілікпен қарап, ұрпақ тәрбиесінің үдебарасынан шыға білген. Басқасын былай қоя тұрып, дүние есігін іңгәлап өлеңмен ашатын перзент жас атауларына қараңызшы. Ардақты атамыз, аяулы анамыз бір жасқа дейінгі перзентті «Бопа» атымен жалпы атап, ұлды «Бөбек» деп бөлектеп, қызды «Бөпе»деп бәпелепті. Қазақ балалар әдебиетінің бір атасы дерлік Өтебай Тұрманжанұлында ұлды «Бөбек» атап, бөлекшелеп жырға қосу бар. Ескінің сарқыншағы ғой, қанша айтқанда, ескі өмір салтын біледі дә.
Бір жасының өзінде «Ақбауыр» атап, «Тапыл-тыпыл» деп қимылға кіргізіп (жауырыны жабысып қалмауы үшін қол-аяғын созып), «Тәй-тәйлеп» жүргізудің амалына кіреді ата-ана. Азан шақырып қойған ныспыдан соң сәбилерді осылай әрекетке бастайтын, еркелетіп бәпелеп бағатын атаулармен «тәрбиелей» бастайды. Әрине, тәрбиенің бұл түрін бесікке салып, «Бесік жырын» айта жүріп жүзеге асырады. Сұлтанмахмұттың «Сүйемін Анам тілін, Бесікте жатқанда берген білім» дейтіні осы жәйттерден туады. Екі жастан аса
«Сәби» аталып, ұл-қыз парқына қарай, «Тапыл» (ұл), «Апыл» (қыз) болып кете барады.
Қыз баланы екі жасында «Бүлдіршін» деп атаушылық та бар. Үш жасында ұлды «Балдырған», қызды «Жәудір» атаған да атам қазақ. «Жәудірді» бұл күнде қыз баланың есіміне айналдырып жіберді халқымыз. Төрт жастағы ұлды «Балауса», «Нұрай», «Құми, Сағыр», қыз баланы «Бөпенай», «Құралай» атаса керек. Бес жастағы ұл балаға «Балжұмыр», қыз балаға «Үкілай» есімдері беріледі дейді халық жады. Орайында С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов жарыса жазатын Ұмсын сұлудың қызының есімі «Үкілай» болатын. Кермиық кербездің өзі еді. Солтүстікке Сәбит ізімен сапарлағанда көргенім бар. Кемпір кісі. Соның өзінде қалампыр иісі киімінен аңқыған сәнқой кісі еді, жарықтық. 1970 жылы Алматыда «Үкілай» есімді қызбен танысқаным есіме түседі. Демек, «Жәудірдің» де, «Үкілайдың» да тарихи негізі болғаны ғой. Бірінші мүшел он үш жас, соңғы мүшел – сексен бес жас қазақ мөлшерінде. Алғашқы мүшелдегі ұл — «Зәулімше», қыз — «Раңқай» аталатынын айтып алалық. Ал, осы екі аралықта қазақтың перзентіне берген атаулары тіпті көп-ақ.
Құлақ түріңіз. Жеткіншек, Балғын, Балжұмыр, Өспірім, Айын, Айым, Айбике, Қызғалдақ, Қызанақ, Майса, Өрен, Бала, Балақай, Еркебұлан, Көркемтай, Қарға, Айрауық. (құс атауымен), Шаңбоз, Құмай (тазы аты), Бүрлен (жеміс атымен) болып кете барады. Бағзыда қазақ ұл, қыз перзентін әрбір жас мөлшеріне қарай осылай атап, еркелетіп баққан. Келе-келе оның бірі архаизмге айналып, тұрмыста қолданыстан қалан, енді бірі сәбидің азан шақырып қояр төлесіміне айналып тіршілік кешіп жатыр, енді бірі құс, хаюанат атына айналып, баланы еркелету, мәпелеу, бәпелеу қызметінен айырылған атаулар. Табиғат заңы, даму үдерісіндегі оң, теріс үрдіс жемісі.
*Қазақтың тарих қойнауында қалған тұрмыс тіршілігі тұнып тұрған тәрбие! Қазақтың бала тәрбиесін өзге ұлт-ұлыс, тіпті өзге мемлекеттермен салыстырып қарасаң көбінен мойны озы жатады. Олай болса, әлгі тұнып тұрған тәрбие – тарихи тағылым болып шыға келеді. Осының баршасын жинақтап айтсақ, тәрбие басы – сол халықтың руханияты! Халық руханиятының құрамдас бөлігі – балаларға арналған руханият!
Әлгі сәби баулу сөздерін тектен текке алға тартып отырған жоқпыз. Бала тәрбиелеу руханиятына баспалдақ еткіміз келіп отырғаны. Бала тәрбиелейтін құралды – балалар әдебиеті атайды әлемде. Біздің ұлтымыз да атын атап, түсін түстеп, балалар әдебиеті деп әдемілеп бипаздап атап жатпаса да – балаларға рухани уыз боларлық руханиятты жасаудайын жасап баққан. Ол арғы бабатүріктен «ариадна арқауын» бір үзбей, желілеп алып келген, өзара ыдырағанда да жаңарған тұрмысына сай жаңалық қосып үзбей жалғап алып келе жатқан жалпытүріктік негіздегі байтақ руханият. Оны бүгінгі күні – балалар әдебиеті атаймыз әспеттеп, аса құрметтеп. Қазақ балалар әдебиеті, өзбек балалар әдебиеті, әзірбайжан балалар әдебиеті, қырғыз, түркмен, татар, башқұрт, саха, алтай балалар әдебиеті деп түрік ұлт-ұлыстарына жіктеп сөйлейміз. Тарихи тамырына ой жіберіп тектеп танып, салалап, саралап жіктеп талдаймыз ол әдебиетті. Қай ұлт алтын қайнар – ортақ түріктік фольклордан қандай қазына алды, оны қалай дамытты, осы орайдағы олардың ортақ тағдырлас тақырыптары, ортақ сарындары қандай, кейінгі бөлек дара кешкен тағдырынан түйген сабағынан туындатқан айырым ерекшелігі неде? Арғы тамыр -тарихы бір, тағдыры ұқсас сабақталатын, кейінгі тағдыры өзіндік айырмашылықпен басқаша басталған, адасқан ұлдай бүгін түпотаны – Түрікстанға айнала бастаған – Түркістанға алаңдап қарайтын, жалпытүріктік интеграцияға тартылғысы келетін бүгінгі түрік дүниесі ғалымдарын міне, осындай сұрақтар мазалайды. Бүгінгі сан-сала руханиятыңды алтын қайнарға бастай жөнелетін бір арна – балалар әдебиеті.
Айтылған жайлардан тобықтай түйін: қазақта балаларды тәрбиелейтін рухани қазына болған. Демек, балалар әдебиеті болған! Айтылған жағдаяттардан ой түйсек, қазақтың байырғы балалар руханияты жалпытүріктік руханиятан арна тартады. Түрік жұрты Түркістанды қазаққа қалдырып, бір-бірінен енші алысып, жан-жаққа тарам-тарам болып тарап кеткенде қазақ өзінің дербес балалар әдебиетін жасап, балалар тәрбиесін қалыптастырды. Қазақ балалар әдебиеті бар. Болған. Бола береді. Өйткені, ұрпағынан үміт күтпейтін ұлт, жұрт болмайды. Бала болған жерде – балалар тәрбиесі бірге жүреді. Балалар тәрбиесінің көркем құралы – балалар әдебиеті!
*Соған қарамастан, әдебиеттің көп жағдайда назардан тыс қала беретін бір саласы – балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті – кішкентайлардың үлкен әдебиеті екенін ескере бермейміз бір өкініші. Ересектерге арналған туындыны балалар оқи бермейді. Өйткені, ойлау машығы өзге, қиял қабілеті орасан, қабылдау мүмкіндігі бөлекше. Балалар — Адамзат қоғамының тұғыры. Қазақ баласы — Қазақ қоғамының тұғыры! Бала тәрбиесі қандай – қоғамың да сондай! Бала келешектің адамы. Балаға арнап көркем шығарма жарату келешекке жұмыс істеу. Қоғамның ертеңгі күніне «инвестиция» құю. Бірақ, көбіміз ой-
лайтындай, балалар әдебиеті оңай олжадан емес. Балалар әдебиетін жасау – қиынның қиыны. Бала жазушысы болып қалыптасу әй, қиын, әй қиын! «Балалар жазушысы болып әзелден жаратылу керек» (В.Г.Белинский). Сондықтан балалар жазушысына ерекше құрметпен қараған жөн. Жалпы, балалар әдебиетін ұлт тәрбиешісі деп қарасақ жарасады. А.Байтұрсынұлының «Бар жақсымыз – балаларға!»-дейтіні де сондықтан. Есесіне балалар әдебиетін әлемге кең танылған ірі қаламгерлер мойындай бермейді. Осындай жағдайда
балаларға әдебиет жасамау – оларды көзге ілмеу, елемеу болып табылады. Бүгінгі балаларды елемеу – қоғамның ертеңін ескермеу. Ертеңін елеп, ескермеуден асқан салғырттық болмайды Адамзат баласында!. Бүгінгі енжарлық, салғырттық – ұлт бойынан күні ертең алапат зардап болып сопаң етіп шыға келеді. Сондықтан, өркениетке жетемін деген ел, өзін-өзі сыйлайтын халық балаларға жағдай жасайды, балалардың рухани қазына-байлығына ерекше зер салады, балалар қаламгерін қадірлеп бағады.
«Бізде балалар әдебиеті бар ма?» – деп күдіктенетіндер көп-ақ. «Жоқ» – деген сөз –еріншек елпінің, жеңілтек желпінің жауапсыз сөзі. Әдебиетке дегенде ернінің ебі бар, ебі барың не, айтулы қаламгерлердің өзі осындай ағаттыққа жол беріп жатады кейде.
Жазушылар одағының «Жылды қорытындылайтын» жиынында балалар әдебиетінің жай-күйінен баяндама жасап тұрған балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың өзі әдебиетті үлкендерге, балаларға деп бөлуге қарсымын дегенін өз құлағымызбен естігеніміз бар. Өкінішті. Әрбір ұлт «бізде балалар әдебиеті бар» – деп ойлауы, солай деп білуі шарт. «Жоқ» болса, оны жасау керек. Адамзаттың баладан өсетінін біліп отырып, баланы елемеу, оның рухани азығына салғырт қарау – білімсіздік болады. Қандай қоғамда да, қандай жағдайда да – балаларға қажетті әдебиет азды — көпті жасалады.
Қоғам дамуы, өркениет өрісіне орай бірде аз, бірде көп болуы, көркемдік сапасына қарай кей шығарма жақсы, енді бірі жасық болуы әбден мүмкін. Ал, тәрбиеден ада-күде бойын аулақ салатын, бала тәрбиесінен тыс тұратын қоғам болмайды. Балалар әдебиеті әрбір қоғамда осындай қажеттіліктен туындайды. Бірте-бірте қалыптасып, халықпен бірге бірде ілгерілеп дамып, кейде кенжелеп қалып отырады.
Қазақ балалар әдебиеті де қазақ қоғамымен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан рухани игілік! Балалар әдебиеті ертеректе еуропалық кейбір елдердегідей арнайы салаға жүйеленіп жазылмауы мүмкін. Бірақ, сол халық, сол ұлттың мол рухани қазынасына аралас жүреді. Аралас жүріп те балғын бөбек, бүлдіршін жасты сұлулыққа құштарландыратын, отансүйгіштік, ерлік рухына ұмтылдыратын тәрбиешілік қызметін жасай береді.
Бұл орайда, әу бастауын фольклордан бастап арна тартатын балалар әдебиеті әрбір ұлттың «рухани уызы» (К.Матыжанов). Уыз ембеген сәби – бала болып жарытпайды. Уыз ембеген бала – ұлттың ұстыны, қоғамның уығы болып шаншыла алмайды. Рухани уыз – қай халықта да фольклордан бастау алады.
*Балалар әдебиеті – белгілі бір ұлт әдебиетінің бастау бұлағы. Олай болатын себебі, бала – адамзаттың алғашқы саналы жемісі. Кез-келген әулет баладан өседі. Әулет дәулетке (ұлтқа) айналады. Әулет тұтас қоғамды құрайды. Қандай бала – сондай қоғам. «Человечество будет таким, какими мы выростим своих детей»-дейтін Наталя Сац. (Соғыс жылдарында Қазақстанға ығысып келіп, алғаш жастар театрын құрған Н.Сац.) Олай болса бала – қоғамның басты байлығы. Өсемін деген ұлт ұрпағын өсіреді. Ұрпағын көбейтеді. Өсемін деген қоғам бала деп өбектей білуі керек.
Келешекті ойлаған мемлекет — балаларға жағдай жасауға тиісті. Өйтпеген жағдайда қоғам келешегі күңгірт. Олай болмаған жағдайда – ұлт келешегі үмітсіз. Олай болмаған жағдайда мемлекет келешегі де болмайды. Біздегідей қоғам мемлекетке емес, мемлекет қоғамға, қоғамның бүгінгі баласына қызмет етуі керек. Бұл түптеп келгенде, қоғамның ертеңгі болашағына қызмет ету деген сөз! Балаға не керек? Алдымен, ана сүті, аздан кейін бала тағамы, әрі қарай қажетті қорек. Ол шүкір біздің қоғамнан табылады. Біз айтып отырған жағдай саналы адамның баласына ғана емес, санасыз хаюанатқа да тән. Ал саналы адам баласына (ұрпағына) рухани уыз керек. Руханият қай жастағы адамға да қажет. Ал, біздің кішкентай келешегімізге тек рухани уыз керек. Өйткені, кішкентай бөбек өзіне қандай руханият игілігі керегін өзі талғай, өзі таңдай алмайды. Оны талғап, таңдап беретін ата-ана, тіпті тұтас қоғам болуы керек.
Оны баршаға бірдей тілмен әдебиет атаймыз. Әдебиет жалпы ұғым. Оның ішінен біздің балғын жасқа талғап ұсынарымыз – балалар әдебиеті аталады.
КЕЛЕШЕК ПЕН БЕРЕШЕК атты тақырыпта Қазақстан Жазушылар одағында жасаған баяндамасында Құлбек Ергөбек былайша түйін сөз өрнектепті:
Балалар әдебиеті – кішкентай бөбектердің үлкен әдебиеті. Алайда үлкен әдебиет жайында ұғым кішкентай, түсінік шарғы. «Е, қойшы балалар әдебиеті деген не тәйірі?» – деп мұрын шүйіріп қараймыз. Пернелей айтсақ бұл кішкентай бөбекке: «Е, қойшы бұл боқмұрын адам болар деймісің?» – деп қарайтын қазақи надандыққа пара-пар.
Бір жай ақиқат: бала – келешек. (Баланы келешек тұта алмасақ бүгінгі кісілігіміздің-тірлігіміздің бұты бес тиын). Балалар әдебиеті – келешек әдебиеті. Біз ертеңнің ер-азаматына берешекпіз. Біз баланы тәрбиелейтін келешек әдебиетіне қарыздармыз. Соңғы жылдары М.Әуезовтің «Ел болам десең бесігіңді түзе!» – деген сөзін ойлы-ойсыз көп айтатын болдық қой. «Бесікті» түзеудің бір жолы – бесік жырын түзеу. Бесік жыры– балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті – бесік жыры.
… Қыл-қысқасы, қазақ балалар әдебиеті – келешек әдебиеті. Келешек әдебиеті алдында бәріміз де берешекпіз. Парыз-қарызды ұмытпайық, ағайын! 1993 ж. (
Қарайтып жазған біз М.Т.)
Құлбек Ергөбектің «АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ БАЛА ДЕГЕН…» қазақ балалар әдебиеті мәселелеріне арналған көлемді еңбегі ұлт келешегін ойлаудан туған концептуалды, тұщымды, ұлт руханияты үшін аса қымбат туынды. Осы елдің келешегін шешетін жас ұрпақтың әдебиетін майдан қыл суырғандай етіп талдап-таразылаған дүниесі додаға түсіп отыр. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты саралайтын сарапшылар – комиссия мүшелері осы бір ЕРЕН ЕҢБЕКТІ әділ бағалап, ҰЛТҚА КЕРЕК кітапты — мұқым қазақ өркениетіне қосылған құнды қазынаны қастерлесе екен демекпіз.
Ел боламыз десек бесікті түзейік. Бесікті түзеу үшін балалар әдебиетіне мән берейік. Оған мән беру үшін осы салаға ғұмырын арнаған ғибратты ғалымға құрмет көрсетіп, ақ-адал еңбегіне әділ баға бере көтермелейік!

Ой өрнектерін жинақтаған
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *