ҚАЛА ТЫНЫШТЫҒЫ ҮШІН ШЫМКЕНТТІК ПОЛИЦЕЙЛЕР КҮНІ-ТҮНІҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

Қоғам Құқық
494 Views

Соңғы уақыттары түрлі жағдайда ойын жасындағы кішкентай бүлдіршінінен кездейсоқ жағдайда көз жазып қалған ата-аналардың полицияқызметкерлеріне алғыс айтуы жиіледі. Қоғамдық тәртіп мәселесі бойыншашағымданушылар да азайған. Бұл ретте, әрине, Шымкент қаласының Полициядепартаменті Жергілікті полиция қызметінің еңбегін ерекше атап өту керек.

Қазіргі кезде қалада 68 учаскелік полиция пункті бар. Онда 369 учаскелік полиция инспекторлары қызмет етеді.

«Қаладағы тұрақты тіркелген халықтың саны 1 миллионнан асып, қызмет көрсету аумақтарында әлі де 100 учаскелік полиция инспекторлары қажет болып отыр. Бұл көрсеткіш ішкі-сыртқы миграциялық үрдістерді есепке алмағанда, әр учаскелік полиция инспекторы 2300 тұрғынмен қызмет атқару тиіс. Алайда бұл көрсеткіш әр учаскелік полиция инспекторына 2900 тұрғыннан келуде», — дейді Шымкент қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов (суретте).

Қаламызда қылмыстарды, алдын алу және болдырмау үшін Шымкент қаласының ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметі апта сайын жұма және сенбі күндері профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізіп тұрады. Осындай ұйымдасқан іс-шаралардың арқасында Шымкент қаласында соңғы 3 айда қылмыстық құқық бұзушылықты 28,6 пайызға (3548-ден 2533-ке дейін) азайған.

Шымкент тұрғындарын алаңдататын келесі бір мәселе – бөтеннің мүлкін ұрлау. Қылмыстың бұл түріне тосқауыл қою мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Зерделеп көргенде қала аумағында тіркелген жалпы барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың 34,0%-ы осы мәселеге байланысты екені анықталған. Қылмыстың осы түрі көп орын алатын аумақтар сарапталып, оны болдырмау жұмыстары назарға алынды. Нәтижесінде учаскелік полиция инспекторлары мен криминалдық полиция қызметкерлерінен түнгі мобильді топтар құрылып, бірлескен іс-шаралар атқарылып жатқанын көріп жүрміз.

Нәтижесін айтайық: бүгінде Шымкент қаласында бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы 15,7%-ға төмендеген (1023-тен 862-ке). Ал пәтерге ұрлыққа түсу 5,6% (269-дан 254-ке), мал ұрлығы 70,6%-ға дейін азайыпты.

Жергілікті полиция қызметі жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау мәселесінде де қырағы.

«Жалпы қаладағы мектептердің ішіндегі ең көп оқушылардың саны 1400 баладан асады. Осы мектепке ішкі істер органдары бұйрықтарының талабына сәйкес 1 мектеп инспекторы бекітілген. Бүгінде 152 мектепте 138  инспекторлары қызмет атқаруда.

Біздің қызметкерлер мектептегі жеткіншектер мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Осы мақсатта орта білім беру орындары орналасқан жердегі жаяу жүргіншілер жолағында таңғы сағат 07:40-тан 08:30-ға дейінгі және түскі сағат 12:30-дан 14:30-ға дейінгі уақыт, оған қоса кешкі сағат 18:00 уақыт аралығында мектеп инспекторлары жол қозғалысын сақтау үшін бақылау жұмыстарын күшейтеді.

Көрсетілген уақыттан басқа кезде мектеп инспекторлары азаматтардың арыз-шағымдарын қараумен айналысып, қаланың жасөспірімдерін тәрбиелейін деп жүргенде, өздерінің балалары қараусыз қалып отырғанын ескергеніміз дұрыс шығар деп отырмын.

Осыған қарамастан қаладағы жасөспірімдермен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, ювеналдық полиция инспекторлары мектептердегі оқу уақыты аяқталысымен кешкі сағат 22:00-ден түнгі сағат 06:00-ге дейін ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында, түнгі ойын-сауық және көңіл көтеру орындарын тексеріп, анықталған фактілер бойынша тиісті заңды шаралар қабылдауда.

Жалпы жасөспірімдер арасында орын алатын қылмыстардың алдын алу мақсатында, тәрбиелік жұмыстарды отбасынан бастап мектеп қабырғасында жүргізу қажеттілігін ескере отырып, осы мәселе бойынша полицияның рөлі ең соңғы шара екенін атап өткім келіп отыр. Себебі бізге дейін психологиялық және педагогикалық іс-шаралардың тиісті жүргізілуіне аса назар салу қажет деп ойлаймын», — дейді полковник Ұлықбек Тұрғұнұлы.

Айта кетейік, жалпы профилактикалық іс-шаралардың қамтамасыз ету мәселесі де учаскелік полиция инспекторларына жүктеледі. Ағымдағы жылда олармен Ішкі істер органдары есебіне 1728 тұлға профилактикалық есепке алынған. Олардың тарапынан қылмыстарға бармау үшін мекен жайы мен жұмыс орыны бойынша қадағалау жұмыстар жүргізіліп тұрады.

Шымкенттегі Жергілікті полиция қызметінің жыл басынан бергі жұмыстарына тоқталып өтсек, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынаста құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында 1545 азаматқа «қорғау нұсқамасы» шығарылыпты. Ал құқық бұзған тұлғаға қатысты 101 азаматқа ерекше талап қойылған. Қорғау нұсқамасын бұзған 46 тұлға әкімшілік жазаға тартылыпты. Атқарылған профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыстар 25,0 пайызға азайған.

Мұндағы айтпағымыз, отбасылық дау-дамай, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде де азаматтардың негізгі қорғаны полиция қызметкерлері екенін еске салу.

«Қауіпсіз қала» дегенді естуіңіз бар ма? Шымкент полиция департаменті үнемі осындай іс-шара өткізіп тұрады. Мақсаты – түнгі ойын-сауық орындарында спирттік ішімдік ішіп, қала тұрғындарының мазасын алып, көшеде өзгелерге тиісіп, немесе өзгелердің соққысына жығылып, одан қалса жол апатына ұшырап жатқандардың санын азайту. Осы «Қауіпсіз қала» іс-шарасының аясында 523 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қоғамдық орында мас халде болған немесе спиртік ішімдікті ішкені үшін 1095 тұлға жазаға тартылыпты. Тағы 26 азамат мәжбүрлі түрде емделуге жолданған. Міне, осындай дамылсыз және ұдайы атқарылып жатқан еңбектің арқасында мас халде жасалған қылмыстар 25,6 пайызға төмендеген.

Қаламыздағы криминогендік ахуалы нашар аумақтарда бүгінде автопатрульмен қамтылған. Күндіз-түні осылай қырағы бақылау нәтижесінде жыл басынан бері 71 319 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 190 қылмыс әшкерленген.

Жол-патрульдік полиция полкімен жол ережесін бұзғаны үшін 64 184 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, мас халде айдағаны үшін 243 тұлға жазаға тартылған.

– Жалпы, Шымкенттегі ЖПҚ-не тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер жиі шағымдана ма? Құқық бұзушылықтың (қылмыс) бұл түрі көбейіп бара ма, әлде азайды ма, нақты статистиканы білу мүмкін бе? – деп сұрадық біз Ұ. Мылтықовтан.

– Бізде ұдайы «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» іс-шарасын және әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өткізіліп тұрады.

Сонымен қатар, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, ІІО-на «азаматтардың арыз-шағымдарын тіркеу журналына», сонымен бірге  «ақпаратты есепке алу кітабына (АЕК)» түскен хабарламаларды ұдайы түрде бақылау жүргізіліп, мекен-жайлары бойынша тексеріліп, сауықтыру жұмыстары жүргізілуде.

Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 118 адам әкімшілікке жауапкершілікке тартылды. Тұрмыста зорлық-зомбылыққа ұшыраған жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1545 тұлғаға қатысты «қорғау нұсқамасы» қойылды.

Бұдан басқа, полицияның ұсынысы бойынша, отбасының тынышын алған 101 адамға сот арқылы ерекше талаптар белгіленді.

Жалпы, Шымкент қаласында жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас мәселесіне қатысты 3654 арыз-шағымдар тіркелді. Оның 1511-і отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты, — дейді Шымкент қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ұлықбек Тұрғұнұлы.

Біз Жергілікті полиция қызметімен танысып, атқарып жатқан жұмыстар мен нәтижесіне тоқталып, оны түртіп алып жатқанда онда «Жасөспірім», «Бала және отбасы», «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізіліп жатты. Яғни жұрт жұмысынан қайтып, тыныш қана демалып жатқанда Шымкенттің құқық қорғаушылары тынымсыз еңбек етіп жатты. Олар кешкі және түнгі уақытта ойын-сауық орындарындағы ата-анасының бақылауынсыз жүретін балаларды анықтап, ата-аналарына тапсырып жүрді. Бір жарым мыңға жуық жасөспірімнің түнгі уақытта көшеде жүргені, 69 баланың ойын-сауық орындарында отырғанын анықтады.

Қысқасы, Шымкент полициясы күндіз де, түнде де тынымсыз еңбек етуде. Шырайлы шаһар, үшінші мегаполистің миллионнан астам тұрғынының тыныш өмірі, жайлы ұйқысы үшін құқық қорғаушылар қашанда қызмет үстінде. Олар Шымкентті шынында да қауіпсіз қалаға айналдырмақ.

Зерек ДҮЙСЕМБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *