ҚОШ БОЛ, МЕДИАКЕҢІСТІК МАЙТАЛМАНЫ

Өмір-өзен
631 Views

Белгілі саясаттанушы, қазақ журналистикасының, медиакеңістіктің майталманы, «Sakhara» республикалық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Бас редакторлар клубының вице-президенті Кенжеболат Махмұтұлы Жолдыбай 71 жасқа қараған шағында ауыр науқастан кейін дүниеден өтті.

Кенжеболат Махмұтұлы 1951 жылы Қарағанды облысы. Жезді қалашығында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған.

«Құрмет» ордені (2006), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10жыл» (2005), «10 жыл Астана» (2008) мерекелік медальдары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» белгісі (2009), Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласы бойынша Алғыс хатымен (2010) марапатталған.

К. Жолдыбай «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті ретінде отандық ақпараттық кеңістікті дамытуға белсене ат салысты. Клубқа басшылық еткен 2 жыл ішінде ауқымды істерді жүзеге асырып, Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексінің» қабылдануына өзінің қомақты үлесін қосты. Клуб жұмысын жүйелендірді.

Ақпарат саласындағы уәкілетті ведомствода, «Казахстанская правда» республикалық газетінде, «Қазақстан» РТРК және «Қазақпарат» ақпараттық агенттігінде жинақтаған мол тәжірибесі Клубты жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етті. Клубтың беделі артып, масс-медиа мойындайтын қоғамдағы маңызды азаматтық институтқа айналды.

Маңызды мемлекеттік саясатты насихаттауға, билік және БАҚ арасында тиімді қарым-қатынастар орнатуға, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты аса өзекті мәселелерді талқылауға, Кеден одағы шеңберінде атқарылып жатқан интеграциялық үрдістерге қолдау көрсетуге мұрындық болды. Журналистердің қарымды қызметтерін қамтамасыз етуге орай маңызды ұсыныстар берді.

Бойындағы бар білім, тәжірибесін, күш — қуатын еліміздің ақпарат саласын дамытуға арнады. Асыл азамат қазақ руханиятына мол үлесін қосып, әлеуметтік желілердегі көрегендік ойларымен, БАҚ-тағы байыпты толғамдарымен оқырман қауымды тәнті етіп отыратын еді.

Кенжеболат Махмұтұлы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, өзіне тән қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен кез келген адамды баурап алатын жан еді.

Медиакеңістік әлемінің жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Иманыңыз жолдас болсын, бақұл болыңыз, журналистика тарланы!

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *