АБАЙ АУДАРМАСЫНЫҢ ӘЛЕМІ: «АЛЫП АБАЙ» КІТАБЫ ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТЫМЫЗҒА ҚОСЫЛҒАН АСЫЛ ҚАЗЫНА БОЛДЫ

Мерей
9 Views

Ақыл-ойымыздың асқағы, данышпан хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы өткен жылы еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекеттік деңгейде кеңінен аталып өтті. Әсіресе, ақынның туған өлкесі Абай өңірінде он күнге созылған ауқымды мәдени-ғылыми шаралар ұйымдастырылып, ел руханиятына тың серпін берді. Мерейлі жыл аясында Абайтану ғылымына сүбелі үлес қосатын бірқатар еңбектердің тұсауы кесілді. Солардың ішінде қазақ әдебиеті үшін айрықша мәнге ие Абайдың аудармашылық қырын кешенді талдаған жаңа зерттеу еңбегі жарық көрді.

Желтоқсан айының бесінші жұлдызында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі абайтанушы-ғалым Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай. Конгениальность. Congeniality» атты көлемді еңбегінің тұсаукесері өтті. Бұл кітап тұтас Абай аудармашылығын толық қамтып, бұрын-соңды қарастырылмаған бағыттарды жан-жақты талдаған іргелі зерттеуге айналды. Бұған дейін бұл салада тек 1954 жылы жарық көрген Зәки Ахметовтің «Лермонтов и Абай» еңбегі ғана бар еді. Ол еңбекте Абайдың Лермонтовтан аударған шығармалары сараланса, жаңа кітапта Пушкин, Лермонтов, Крылов, Гете, Шиллер, Байрон, Мицкевич, Дельвиг, Полонский, Бунин және басқа да көптеген авторлардың барлық аудармалары тұтас қамтылған. Бірде-бір өлең назардан тыс қалмады деуге де болады.
Зерттеудің қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көруі Абайдың аудармашылық мұрасын әлемге танытуға жасалған маңызды қадам болды. Тұсаукесер барысында автор Абайды қазақ халқының ерекше құрметпен «Абай атамыз» деп атауы ақынға деген сүйіспеншіліктің дәлелі екенін атап өтті.
«Абай туралы толғанғанда бір жай таң қалдырмай қоймайды. Біз «Абай атамыз» деп сөйлейміз. Сөз мәніне үңілсек, бұл – ғажап құбылыс. Бүкіл халықтың бір ақынды «ата» деп атауы әлем әдебиетінде сирек», – деді қаламгер Сауытбек Абдрахманов.
Ғалым кітаптың жазылуына түрткі болған ойымен де бөлісті.
«Кандидаттық диссертация Пушкиннің аудармалары туралы болды, онда Абай туралы негізінен қозғалады. Одан кейін докторлық диссертацияда аудармалар кеңейтілді, онда да Абай аудармалары, басқа аудармалар туралы айтылады. Бірақ бәрібір жеке кітап күйінде жасауға осыдан бес жыл бұрынғы Қарағандыдағы конференцияда айтқан сөзім және конференциядан кейін екі-үш адамның маған айтқан әңгімесі қозғау болды. Онда мен: «Егер Абай бірде-бір жол өлең жазбаса; егер Абай қара сөздер жазбаса; егер Абай тек қана аудармамен шұғылданған болса, біз бүгін ұлы аудармашы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өтіп жатар едік», – дедім. Расында, Абай тек қана аудармашы болса да, ұлы тұлға болып қалар еді. Біздің кітаптың мақсаты – осы ойды дәлелдеу, осы ойды нақты лингвистикалық талдау арқылы жеріне жеткізіп айтуға тырысу», – деді автор.
Тұсаукесерге қатысқан ғалымдар зерттеудің құрылымдық ерекшеліктеріне тоқталды. Филология ғылымдарының докторы, ақын Жанат Әскербекқызы:
– «Кітап «Төлтума және телтума», «Жыр жарысы», «Сарындастық салтанаты», «Мысал мектебі», «Асыл айшықтар», «Тәржіме тағылымы» деген тарауларға жіктеліп, әр тарауда тақырыбына сәйкес талдаулар топтастырылған. Алғашқы тарауда поэзия аудармасының қиындығы мен қызығы бұрынғы-кейінгі мысалдар арқылы дәйектеліп, автордың өзіндік көзқарас-пайымы ұсынылса, «Жыр жарысы» тарауы Пушкин туындылары мен Абай аудармасы арасындағы мінсіз үйлесім, суреткерлік қырағылық пен ұсталықты танытуға бағытталған. «Евгений Онегин» романының аудармасына зерттеу призмасынан жіті үңіліп, Абай қолтаңбасын айшықтай көрсетеді. Зерттеушілік көзқарас салқын пайыммен ғана тұйықталып қалмайды. Автор қаламгер ретінде өзі сезіп, түйсінген көркемдік тетіктерді дөп басып, теориялық пайымды танымдық өріске шығарады», – деді.
Ғалымдардың пікірінше, бұл еңбек – Абайтанудағы жаңа кезеңнің бастауы. Абайдың әлем әдебиетімен терең байланысын, рухани болмысын, аудармашылық биігін дәлелдейтін ғылыми оқиға ретінде бағаланды. Абай – біздің руханиятымыздың алтын қазығы. Хакім атамыздың жүрегі жылы, ақылы нұрлы, қайраты ыстық «толық адам» концепциясы – бүгінгі жас ұрпақтың жолбасшысы болуға тиіс деген пікірлер де назардан тыс қалмады.
Шынында да, бүгінгі қоғамда Абайды құр дәріптеп қою жеткіліксіз. Оны терең түсіну, зерделеу, зерттеу – ұлттық деңгейдегі міндет. Бұл жолда ғалымдардың жүйелі еңбегі төл руханиятымызды жаңа белеске көтеретіні сөзсіз. «Алып Абай» кітабы – қазақ сөз өнерінің қуатын, ұлттық танымның кең тынысы, Абай аудармашылығының шеберлігін айғақтайтын құнды еңбек.
Шағын материалымызды ел газеті «Егемен Қазақстанда» шыққан ғалым-қаламгер Сауытбек ағамыздың «Абай жолы адастырмайды» атты мақаласындағы мына жүрекжарды толғаныспен түйіндегіміз келеді: «Абай бәрін де айтып кетті. «Адам бол, мал тап» – тап осы төрт сөзде өмір сүрудің бар кілті, яғни жүрегіңді ұстаудың жолы да, шаруаңды ұштаудың жолы да тұрған жоқ па?
Абайымызды тұқыртқысы келетін, Абайымыздан айырғысы келетін күштер болған, бар және алда да бола береді. Абай – халықтың, ұлттың балама атауы. Абайға шабуылдың астарында («Абай өмірде болмаған» деген сандырақ сөздің, «Абай атынан ол шығармаларды басқалар жазған» деген алжыған әңгіменің тасқа басылғанын мына шыққыр көздің көргеніне көп уақыт өте қойған жоқ) халыққа, ұлтқа, ділге, тілге шабуыл жататынын, Абай ардақтаған достыққа, Абай шақырған бірлікке сына қағу жататынын ұмытпайық.
Абайсыз жұрт – абайсыз жұрт. Абайсыз жұрттың да, абайламайтын адамның да адасуы оңай.
«Абай – бізге Құдайдан берілген адам. Мұндай терең, алдын көргіш, данышпан адам бұрын туған жоқ. Біз Абай жолынан ажырамауымыз керек» (Мекемтас Мырзахметұлы).
Біз халқымыз сол жолға, Абай айтатын ғаділет жолына түскеніне, Әділетті ту етіп ұстағанына тәубе дейміз.
Абай жолы адастырмайды».
Бұдан асырып айту мүмкін емес-ау. Адамзаттың Абайы руханиятымыздың шамшырағы болып ғасырлардан ғасырларға жете берсін!

Әсемай РИНАТҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *