Өмір бір орнында тұрған жоқ. Техникалық, технологиялық қарқынды даму адамзаттың ақыл-ойын артта қалдырып, пенделік болмысын жаңаша қалыптастыруда десем, шындықтан алыс кете қоймаспын. Бұл жақсы ма, жаман ба? О жағын дөп басып айту қиын. Алайда, басқасын қайдам, жақсылық атаулының шамшырағындай жарқырап тұруға тиіс мәдениет саласы заман ағымына ілесе алмай, зымыраған экспресс көштің соңында шаң жұтып, салпақтап келеді-ау деймін. Демек жалпы жағдай жылдар бойы тазартылмай, көң-қоқысқа көміліп жататын, сонысымен бей-берекет тірліктің өлшеміне айналған, көзден кетсе де, көңілден өшпеген атам замандағы Авгий патшаның ат қорасына ұқсап-ақ тұр емес пе.
1.ЕУ, ҚҚ, АБАЙДА НЕ ӘКЕҢНІҢ АҚЫСЫ БАР?
Иә, тақырып дөрекілеу шықты. Алайда бұл лап еткен ашудың салдары емес, жылдар бойы жүйкені әбден жұқартқан тоғышар іс-әрекеттердің улы жемісі. Солай. Ал «қы-қы» деп, кекештеніп отырғаным – Қуандық Қасымов. «Ол кім еді?» дерсіз. Шымкенттегі Шанин театрының маңдайалды режиссері. «Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты» деген өзі ерекше мақтаныш тұтатын шоң атағы бар. Өтірік күле де, жылай да алады. Бір сөзбен шиырғанда – әртіс.
Әртіс болу оңай ма? «Депутаттардың бәрі әртіс, солардың ішіндегі шын әртісі мен ғана» деп, Сұлтанбаев айтпақшы, Құдайбергенмен әріптес болу кім үшін де аз ризық емес қой. Басқаларға солай шығар, Қасымовтың көңілі бұған тоғаймады. Биік ұшуды армандады. Драматорг… әлде дермотург… Құрғырға тілім келер емес. Мақсаты, қазақша айтқанда, әртістікке қоса жазушы да болу еді. Құдай бермегенді кімнен тартып аларсың? Аңсаған бақыт құсы қолына қонбай шаршатты. Сонда да алған бетінен қайтпады. 2015 жылы ғайыптан тайып, айы оңынан туды. Жамбылдың облыстық театрында өкпесі қысылып жүрген оны Шымкенттегі академиялық театр бас режиссер қызметіне шақырды.
Басталды!
Кімнің бағын ашпаған бұл Шымкент! Келісімен бас режиссердің атағы дүркіреп берді. Оу, Қасымов! Еу, Қасымов! Онсыз театрдың таңы атып, кеші батпайды. Талап күшті. Қазақ жазушылары өнер ордасының маңынан жүре алмайтын күйге түсті. Сахнаға әлемдік деңгейдегі классика керек! Қайдан? Шымқалада Шекспирлер қаптап жүр деймісіз?
«Қой, өзім кіріспесем болмас».
Табылған ақыл.
Ұзамай сенсациялық туынды жарқ етіп, Оңтүстіктің күңгірт аспанын жарқыратып жіберді.
Пьесаның атауы: «Желсіз түнде жарық ай».
Авторы: Абай Құнанбаев.
Туынды Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына арналады.
Жанры: әдеби музыкалық толғау.
Қоюшы режиссер, әрине, халықаралық сыйлықтың лауреаты.
Қуаныш-шаттықтан театрдың түңлігі желпілдеп тұрды.
Алақайлаған жарнама!
Аузы дуалылардың жүректен шыққан құттықтаулары! Шоу премьера!
Осы жұрт қызық. Басшылар күткен аншлаг болмады. Көрермен жиналмады. Есесіне ЗҚ деген біреу сын айтты:
«Абай пьеса жазған емес, – деді ол кесіп-пішіп. – Әлдекім түкке тұрғысыз шимай-шатпағын өткізу үшін ұлы ақынның атын пайдаланып отыр. Аты-жөні жоқ топырлаған кейіпкерлердің концлагерь тұтқындары сияқты №1, 2, 3… деп, белгіленуі несі? Алуан тақырыптағы он-сан шығармалардан ретсіз, бас-аяқсыз, үзіп-жұлқып алынған үзінділер бір тақырыпқа топтасып, сюжет түзіп тұрған жоқ. Әр сөйлем мен әр шумақ оқылған сайын ән шырқалады. Бұл не, хор капелласының концерті ме? Ең сұмдығы сахнада не істерін білмей сапырылысып, шулаған топтың ортасында әркімге бір жалтақтаған Абай жүр. Үстінде – қып-қызыл костюм, мойнында – бабочка. Оу…»
Көрерменнің сын ескертпесіне құлақ асу орнына мәдениет сарбаздары ширығып, мұздай қаруланып, қарсы шапты. Қалың қол қоя ма? Әне-міне дегенше «сын айтқыштың» сахнада жап-жақсы жүріп жатқан «Аспиранттың ақ шымылдығы» атты пьесасы репертуардан сызылып тасталды. Бұған қоса бас қолбасшының өзі ұнатып, жоспарға енгізуге уәде еткен «Егіздің сыңары» драмасы шұғыл әрі құпия түрде талқыға салынып, тас-талқан етілді. Автордың өліп кетуі де мүмкін-ді, Құдай қаққанда Көркемдік кеңестің белді мүшелері жазушы-драматург М.Байғұт пен ақын журналист Ү.Алтаева ол ойран-топырға қатыспады. «Басқалардың сөзі кім, өзі кім?» деді ме, қырыққа қарсы шыққан жалғыз қыңыр Абайды да, өзін де ақтау әрекетін жалғастыра берді.
Екі тарап өліспей беріспеуге бекінгендей…
Уақыт деген мықты елші әрі емші бар ғой. Араға сол түсті. «Битке өкпелеп, тонымды отқа тастаймын ба? Ол болмас» деген бейбақ жазушы ескі өкпені ұмытып, 2017 жылы театрға «Айтбай – Мария» пьесасын ұсынды. «Жаманның ашуы басы жерге жеткенше» дегендей, театрда кек сақтап жүргендер жоқ емес екен. Солардың ықпалы дағы, театр бүгінгі күнге дейін пьеса тағдырын шешу былай тұрсын, авторына бір ауыз жауап жазуды да мақұл көрмеді. Сол баяғы үйреншікті бағытпен жар жағалап тарта берді. Тіпті лағып кетті. Шоң сыйлықтың лауреаты болса, Абай мен Құдайға дейінгі кеңістікте жұлдыздай жарқыраған талай тұлғалардың тағдырына орынсыз-жөнсіз араласып, тарихи таным мен шындықты бұрмалайтын күлді-бадам дүниелерді ұялмай-қызармай көрерменге ұсынудан танбады. Академиялық театр ақиық ақын М.Мақатаевтың да, өзі атын иемденген қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Ж.Шаниннің де өмір шындығын жалмауыз кемпір туралы ертегінің сорабына салып, әбден қойыртпақтады. Аталмыш театрдың сахнасынан Құдайдың кәдімгі пендеден артып бара жатқан ештеңесі жоқ образын көру үйреншікті, құлақкесті жағдайға айналды…
Айтылған жай-жапсар «жабулы қазан – жабулы» күйінде қалмады. Жиналыстағы сөз, баспасөз беттеріндегі мақала, хат арқылы да мәдениетке, идеологияға жауапты шен-шекпенділерге жетіп жатты. Олар саусақ ұшын да қимылдатпады деп, айта алмаймыз. Шығарып салма жауаптар да, ауыс-түйістер де болды. Бірақ бұндай бетінен қалқулар өнер ұжымының бағыт-бағдарын, бітім-болмысын өзгерте алмады. Академиялық драма театр хор капелласына ұқсап, музыкалық комедия бағытына бұрылып, о бастағы бітім-болмысынан, табиғатынан, қолтаңбасынан, стилінен адасып, тарихи шындықты ертегіге айналдыру әдетін күшейтіп, ең бастысы көрермендерін жоғалтып, авторларын мансұқ етіп, арнасынан қиғаштап, жайылып барады.
Шыдамның да шегі бар. ЗҚ сотқа жүгінді. Осы арадан нағыз қызық басталды. Күлесің де, жылайсың да. Театр деп осыны айт!
(Жалғасы бар).
Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ
P.S. Үндінің Ананди келін туралы киносындай ұзаққа созылатын тізбекті материалдарды Захардин Қыстаубаевтың фейсбуктегі парақшасынан оқи аласыздар:
Орынбор коронавирусы қазақтардың ағзасында 100 жыл қалай сақталған?
Қуырдақтың көкесін сотқа жүгінгенде көресің.
Мың өліп, мың тірілсең де Шымсұлуды толық түсіну қиын.
Менің кейіпкерлерім. Айтбай кім? Мария ше?