АДАЛ ЕҢБЕК БАҚЫТҚА ЖЕТКІЗЕДІ

Руханият Тұлға
135 Views

Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары алып одақтан бөлініп шыққан елдер үшін оңай болған жоқ. Сол қиын-қыстау уақытта мектеп бітірген тұстастарымның жоғары оқу орнына түсіп, білім алуы да алмағайып еді. Кеңестік кезеңнен қалған оқуға қабылдау емтиханынан біліп тұрсаң да, «көңілі түспеген» комиссия мүшесінің сені «қағып» тастайтын «тоқпағы» әлі үстемдігін жоймаған тұғын. Бұл пақырың да жергілікті жердегі институтқа жылда барып, түсе алмай жүріп, жыл аралатып, Сарыарқаның төріндегі Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне тәуекел етіп құжат тапсырған-ды. Бір қызығы, бүгінгі талай түлектің түн ұйқысын ұрлаған ҰБТ-ның енді қолданысқа енген кезіне тап келдік. Аумағы атшаптырым аудиторияда аң-таң күйде отырмыз. Жаныма ауылдың қарапайым, қарадомалақ баласы жайғасқан. Сол Қарағандының тумасы, сырбаз, білетіні көп, ұстамды екені сол сәтте-ақ байқалған. Сынақтың үстінде қысқа-нұсқа танысудың мезіретін жасаған болдық. Әйтеуір, екеулеп отырып тест сұрақтарына бір-бірімізге білгенімізше көмектесіп отырып жауап беріп шықтық. Қысқасы, нәтижесінде студент атандық…
Бұл жігіт кім дейсіз бе? Сол кездегі студент деген атаудан бүгінде атағы алты Алашқа жайылған Төлен Тілеубай еді. Журналист, публицист, «Ақпарат саласының үздігі», әлеуметтік ғылымдар магистрі, «Astana aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы, Қазақстан Журналистер одағы және «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Төкең бұл мәртебеге қалай жетті? Өзіндік ұстанымымен, жанкештілігімен, еңбекқорлығымен, білім-білігімен, парасат-пайымымен, етінің тірілігімен жетті. Өкініштісі сол, қызығы мол студенттік кезеңнің тек бір жылын ғана бірге оқыдық. Бірақ, сол бір жыл ішінде оның өнерлі, сөзге шешен, білімді, мотиватор, ізденімпаз екеніне, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт екеніне куә болдық. Оның таңдауы журналистика саласы еді, сол мамандыққа ауысып кетті. Ал біз филолог болып шыға келдік, бірақ нанымыз осы БАҚ-тан бұйырыпты. Танымайтын, білмейтін қалаға келгенде ең алғашқы жаныңа жақын тартқан адамың кейін де көңіліңнен кетпейді екен. Екеуміз екі қалада жүрсек те, әлі де әріптестік, достық байланыстамыз. Бүгінде елордада еңбек етіп жүрген Төкеңмен телефон арқылы хал сұрасып, жол түскенде табан тірейтін бауырға айналды.
Азуын айға білеген Американы көріп келген Төкең дос – мамандығына, ісіне адал жан. Қаламының қалтасында құр босқа жатқан күні жоқ, үнемі ақ парақтың үстінде жорғалап жүреді. Шаршамайды, шалдықпайды, есесіне елдік, ұлттық мүдде жолындағы талай тақырыптың түйінін тарқатып, бұқараның базынасын биліктің құлағына жеткізіп келеді. Айта берсең, сөз көп. Басқасын былай қойғанда, Төлен Тілеубайдың Президенттің шешім қабылдауына түрткі болған мақалаларына ғана тоқталайықшы.
«Қазіргі заманғы құлдық» («Ақ жол Қазақстан» газеті, №9, 11 қазан, 2002 жылы), «Қазақстанда құлдың құны – 1000 S» («Жас қазақ» ұлттық апталығы, №45, 16 қараша, 2007 жыл), «Адам саудасы – құлдықтың қайталануы» («Жас қазақ» ұлттық апталығы, №34, 7 қыркүйек, 2012 жыл), «Тірі тауар» немесе Қазақстанда адам саудасы қандай дәрежеде?» («Астана ақшамы» газеті, № 56, 12 мамыр, 2018 жыл), «Тірі тауар» бизнесі қызып тұр» («Astana aqshamy» газеті, №68, 27 шілде, 2023 жыл).
Нәтижесінде 2023 жылы 1 қыркүйекте 8-ші сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда адам саудасымен күресу үшін арнайы заң қабылданады» деп мәлімдеді. Ал биыл 22 наурызда Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлдады.
«Наурызды жаңаша тойлау» немесе төл мерекемізді балаларға жақындатудың жолдары бар ма? («Астана ақшамы» газеті, №34-35, 22 наурыз, 2018 жыл), «Наурыздың насихаты мен нақ сипаты» («Astana aqshamy» газеті, №32, 20 наурыз, 2019 жыл), «Балалар Наурызға неге қызықпайды?» («Астана ақшамы» газеті, 21 наурыз, 2023 жыл). Ал, нәтижесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында («Егемен Қазақстан» газеті, 5 қаңтар, 2021 жыл) «Халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп жазды Президент. Биыл Наурыз мейрамы «Наурызнама» деген жаңаша форматпен 10 күн тойланды.
Төлен Тілеубайдың елордалық басылымда жарық көрген өткір сұхбаты биліктің назарына бірден ілікті. Қараңыз: «Сәуле АЙТПАЕВА, сенатор: Баланы қорғауды туғаннан бастау керек («Астана ақшамы» газеті, №64, 31 мамыр, 2018 жыл). Нәтижесі: 2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді.
Одан әрі айтсақ, «Киік атуға мораторий жариялайық» («Astana aqshamy» газеті, 27 қазан, 2020 жыл), «Заң күшейтілгенмен, жауыздық жойылмайды» («Astana aqshamy» газеті, 22 қазан, 2020 жыл), «Байқоңыр қазаққа сор болып тұр, қайтейік!» («Аbai.kz» порталы, 5 сәуір, 2021 жыл), «Екі аяқты айуанмен арпалыс» («Астана ақшамы», №5, 17.01. 2019 жыл), «Браконьерге тыйым бола ма?» («Astana aqshamy» газеті, 30 қараша, 2023 жыл).
Нәтижесі: Бұған дейін киік атып ұсталған адамға 300 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 3 жылға бас бостандығынан айрылатын еді. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілгеннен кейін, елімізде заңсыз киік атқан және бекіре тұқымдас балық аулаған адам 12 жылға дейін түрмеге қамалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы қызметін атқарған кезінен бастап браконьерлікке қарсы аяусыз күрес жүргізуді назарда ұстап келеді. 2019 жылдың 18 қаңтарында қазақтың батыр ұлы Ерлан Нұрғалиевтің жақындары мен туыстарына көңіл айтып, твиттердегі парақшасында: «Ерлан Нұрғалиев еліміздің қасиетті жануарын қорғап қаза тапты. Иманды болсын! Бұзақылар мен олардың жақтаушылары жазасын алуы тиіс. Батырымыздың ерлігі ел есінде мәңгілікке қалады» деп жазды. «Ерлан Нұрғалиевтің ісі» және «Қаныш Нұртазиновтің өлімі» сияқты оқиғалардан кейін халыққа Жолдауында Үкіметке браконьерлік қылмыс үшін жазаны қатайтуды тапсырды. Заңнама қаншалықты күшейтілді дегенге келейік. Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекске қасақана ауыр және аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша түзетулер енгізілгені мәлім. Мәселен, киік атып ұсталған браконьердің қаруы, автокөлігі, мүлкі кәмпескеленеді. Заңсыз аңшылық пен балық аулау «теріс қылық» деген санаттан орта дәрежедегі қылмысқа ауыстырылды. Ескі заң бойынша, заңсыз аң аулағандар 40 тәулікке қамалатын болса, бұдан былай бір мәрте браконьерлікпен айналысқандар да түрмеге қамалады. Жүйелі түрде браконьерлікпен айналысқандарға (6 жылға түрмеге қамалады), ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандарға (10 жыл түрмеге қамалады) бөлек-бөлек жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ заң жобасын жасаушылар табиғат қорғаушы инспекторларды құқық қорғау қызметкерлерінің санатына қосты, яғни оларға зорлық көрсеткендер заң бойынша 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қылмыстық кодекстің 339-бабы толық жетілдіріліп, жаза күшейтілді. Мысалы, айыппұлдар көлемі 7 575 000 теңгеден 17 675 000 теңгеге дейін ұлғайды…
Бұл бастылары ғана, ал Төлен Зәрубайұлының баспасөзде, интернетте, әлеуметтік желілерде көтерген 20-ға жуық мәселе бойынша Мемлекет басшысы шешім қабылдағанын айта кетейік. Мұның өзі журналистің жанкештілігін, кейбір әріптестердей әйтеуір келіп-кетіп уақыт өткізбей, өз ісіне жүрдім-бардым қарамайтынын, ең бастысы, мамандығына адалдығын айғақтайды. Оны өзі де бір сөзінде айтқаны бар. «Өмір бойы бақытты болғың келсе – адал бол! Менің өмірлік ұстанымым, кредом осы! Мен тәуелсіз журналиспін. 20 жылдан асатын кәсіби тәжірибемде үнемі тәуелсіз басылымдарда қызмет еттім. Журналист ретінде қалыптасуым студенттік шағымнан басталды. 1-2-курста оқып жүргенімде мақала, сұхбаттарым, публицистикалық шығармаларым «Қарағанды университеті», «Азия-Транзит», «Шипагер», «Орталық Қазақстан», «Взгляд» газеттерінде жарияланды. Кәсіби еңбек жолым 1999-2001 жылдары Қарағандыда шыққан «Сана» атты тәуелсіз апталықтан бастау алды. Елімізге танымал еркін ойлы, өткір жазатын журналистердің бірі Жұмабике Жүнісова бас редакторым болды. Әр жылдары «Ақжол Қазақстан», «Алтын орда», «Жас қазақ үні», «Жас қазақ» сияқты республикалық тәуелсіз басылымдарда қызмет еттім.
Тәуелсіз журналист қараша халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды. Не жазсам да, ойлы оқырманға ақиқатты білу, азат ойды жеткізу құқығын қастер тұттым. Туған ұлтына адал қызмет ету дегенді – таңдаған мамандығыма, өмірлік ұстанымыма адал болу деп түсінемін. Меніңше, кәсібіңе адалдық – ұлтыңа деген адалдық. Әрбір жазған шығармамда ұлттық мінезім, намысым ап-анық көрініп тұрғанын қалаймын. Қолыма қару-қаламымды ұстап ұлттық мұраттарға, елдік мүдделерге қал-қадерімше үлес қосып келемін. Бірақ… осындай қасиеттерім кейде сәтсіздіктерге алып келеді. Бірнеше рет республикалық басылымдарға бас редакторлыққа ұсынылдым. Өтпедім. Бұл да сәтсіздік шығар! Бұған біреуді кінәлаудан аулақпын! Жасыратыны жоқ, қазір басшылық қызметке тағайындаған кезде кәсіби шеберлігіңе, озық тәжірибеңе, қабілет-деңгейіңе қарап емес, тамыр-таныстықпен, рушылдық-жершілдікпен, жоғары жақтың ұсынуымен қояды. Мұндай әділетсіздікке жаным қас! Бірақ «бастық болмадым», «басшылық қызметте жолым ашылмады» деп еш уақытта еңсемді түсірген емеспін. Шындықты, әділдікті, адалдықты қалайтын адамның жолы әрқашан ашық болатынын білемін. Өмірдің әр сәтінде ұсақ-түйектің өзінде шыншыл болуды қалайтын адаммын! Өз басым екіжүзділікті, жарамсақтықты, көлгірсуді өте жек көремін! Өмірдегі арман-мұраттарыма аярлықпен жеткім келмейді!» дейді ол.
Міне, адал еңбектің артында бақыт тұратынын, сол бақыттан айырылып қалмау үшін өмір бойы тынымсыз еңбек етуді жадынан шығармайтын Төленнің баспасөзде жүргеніне де ширек ғасырдан асып барады. Оны былай қойғанда, ердің жасы – 50-ге толып отыр. «Кәсіби журналиске ең қажетті қасиеттің бірі – имандылық. Имандылыққа арлылық, адалдық, намысшылдық, батылдық, әділдік, шыншылдық сияқты қасиеттердің бәрі кіреді» деп ой толғайтын Төлен Тілеубайұлының курстас досы, ғалым, айтыс ақыны Айтбай Жұмағұл: «Арамызда әлі де болса өз адал еңбек, маңдай терімен еліне елеулі, халқына қадірлі болып, адалдықтың ақ жолынан тайынбай, ақ адал өмір сүріп жүрген жақсы адам, адал достың барына шүкір етесің. Дүние осындай аз ғана адал жандардың ниетіне сақталып тұрған сияқты. Сондай абзал жан, адал дос, қарымды қаламгер, жақсы журналист, атпал азамат Төлен Зәрубайұлы ердің жасы 50-ге толып отыр. Төлен екеуміздің достығымыз 1995 жылы Бөкетов университетінде студент болып жүрген кезден бастау алады. Ауылда бірге ат шалғымен шөп шауып, талай думанды кештерді, қызықты сәттерді бірге кешірдік. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» дегендей, қиындығы мен қызығы бірге жүрген дәуірді бірге кешіп, бірге өткізген күндер естен кетпес. Төлен, сенің орның әрқашан төрден болатынына сенемін. Сені Алла адал еңбегің мен адал жүрегің үшін абыройыңды асырып, дәрежеңді өсіріп келеді. Біз сені сыйлаймыз, жақсы көреміз! Жүз жаса, отбасыңа Алланың нұры жаусын!» деп жүрек жарды сөзін арнаған екен. Бұдан артық қандай баға беруге болады?
Әкем «Адалдың аты арымайды», «Шалқайғанға шалқай – ол Пайғамбар ұлы емес, еңкейгенге еңкей – атаңнан қалған құл емес» дегенді жиі айтушы еді. Осы екеуінің адамгершіліктің басты принципі екенін түсіндім! Ендеше, өзінің Құдай берген талантын, қабілетін үнемі қамшылап отыратын досыма мерейлі белесінде шығармашылық табыс, денсаулық тілеймін, Төке!

Нұржан ӘБЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Халық» газетінің бас редакторы.
Қызылорда қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *