Қырғызстанның астанасы Бішкекте “Шыңғыс Айтматов — Түркі әлемінің болашағы” атты форум өтті. Анкарада орналасқан Шыңғыс Айтматов институтының қамқорлығымен және Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен бұл форумға “ТҮРКСОЙ” Халықаралық мәдениеті ұйымы, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты, Түрік Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA), Шетелдегі түркілер мен ағайын халықтар басқармасы (YTB) және Юнус Эмре институты (YEE) қолдау көрсетті.



Форумға жазушының оқырмандары, ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, академия қызметкерлері мен университет студенттері қатысты. Шара манасшы Рыспай Исақовтың “Манас” жырынан үзінді оқуымен басталды.

“ТҮРКСОЙ” ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев Шыңғыс Айтматов институтының алғашқы іс-шарасы жазушының отаны Қырғызстанда өткізілгенін атап өтті.

Шыңғыс Айтматов институтының мақсаты мен миссиясы туралы баяндаған С.Раев: “Шыңғыс Айтматов институты құтты болсын!” – деді.
Сондай-ақ ол: “Шыңғыс Айтматов институтының құрылуына ұйытқы болған бауырлас Түркияға, ел тарихында маңызды рөл атқарған, түрік халқының мақтанышы – МХП төрағасы Девлет Бахчелі мырзаға және оның сенімді серігі, Түркия Мәжілісінің депутаты, профессор Ильяс Топсакалға шын жүректен алғысымызды және құрметімізді білдіреміз”, – деп сөзін қорытындылады.
Ержан Уайс
«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас кеңесшісі
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері