АДАМЗАТҚА – ӨМІРЛІК БАҒДАРШАМ

Руханият
1 029 Views

Ұлы Абай – біреу! Бірақ Абайға әркім өз Абайым деп қарайды. Менің Абайым да – өз Абайым.

Ол: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат рақым – ойлап қой,» – дейтін Абайым.

Осыны білген – есті емес, біліп есіне сақтап, солай болу үшін өзінің бойындағы ой кеселдерін жеңіп, олардан арылған адам – есті.

Өсек айтып күн жоғалтпай – талап қыл, жалқауланбай еңбек ет, өтірікшіл болма – терең ойла, мақтан қума – әр нәрсенің шек-шамасын біл – осыларды есте ұстасаң, мал бітеді, оны желге шашып, ысырап етпей, қайырымдылыққа жұмса. Хәкім Абайым маған осылай дейді.

Қазір мен мектеп оқушысымын. Бұларды көрер өмір әлі алда. Ал Абайды танып-білуім әзірше тек оқулықтардан оқығандарым ғана.

Жақында жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінен екі әңгімесін оқыған едім. Шынын айтсам, Абай көзімен оқыған қызық екен: әрі түсінесің, әрі есте қалады.

Біріншісі – «Қара жердің құшыры», екіншісі – «Елес». Екеуінде де кеселді мінезділердің тағдыр тәлкегіне ұрынғаны баяндалады. «Қара жердің құшыры» әңгімесінде қанағат пен рақымнан жұрдай шенеунік Ахмет ажал құшады. Бұл – қоғамның ондайларға шығарар өкімі сияқты шешім.

«Елес» әңгімесінде тәп-тәуір дарынды суретші Миятхан мақтанға салынып, ысырапшылдыққа, өтірікке бой ұрады да, тұрмыстан да, өнерден де айырылып тынады. Алайда автор Миятхан сияқтыларға қол созып, өлтіртпей, өмірге қайта бетін бұрады. Бұл турасында ұлы Абайдың «Адамды сүй бауырым деп» деген биігінен қарап, дұрыс болғанын ойладым.

Ахмет те, Миятхан да – мен үшін аға буын. Менің замандастарым қайтер екен деп толғанам.

Жақсы мен жаманға сыншыл көзбен қарайтын жастар өсіп келеді: Олар биліктен де, байлықтан да кісімен іскерлік, кішіпейілді қарым-қатынас болуды артық санайды. Олар – өсек, өтірік, мақтангершілік, ысырапшылық, жалқаулық кеселдерінен аулақ буын.

Біз – Тәуелсіздік ұрпақтарымыз! Нарықтық өмірімізде талап, еңбек, білім мен даналық, үнем мен қанағат, рахым мен қайырымдылық – өмір саясатымыз!

Осыны жазамын! Осыған сенемін және сендіремін. Біздің рухани әлеміміз – Абай арман еткен бес асыл іске ұмтылады, бес кеселді дұшпандықтардан арылуға сертін ұстайтын болады. Ұлы Абай даналығын жаңа қоғамымыздың талаптары биігінде болуымызды бағдарымыз санаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абай өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, тілі, рухы көрініс табатынын ерекшелеп көрсеткенде халықтың рухани біртұтастығына қол жеткізуді межеледі емес пе!

Бұлар менің замандастарымның рухани сипаты боларына сенемін!

Сөз асылың іздесең, мінез асылын іздесең – Абайды оқы дейтін Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бұны айтқанда, жасы небәрі жиырмаларда ғана екен! Менің де айтарым – осы!

Абай он сегіз мың ғаламға ашық. Мен де өз Абайыма бағдарымды әлемдік өркениет құндылықтарымен байыта түсуге ынталымын.

Әсіресе, американдық Дейл Карнегидің ойларын ұнатамын.Оның «Достарды қалай табу және адамдарға қалай әсер ету керек?»деген еңбегін оқыдым. Онда басқа адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасаудың құпиялары айтылады.

Алайда бұл үшін Абай айтқандай, адам бойында көркем мінез бен өзін-өзі басқаратын естің байлауы мықты болуы шарт. Сондықтан менің әлі де көп оқып, айтар сөзім көп болады деп ойлаймын.

Жантолы ТІЛЕУІМБЕК,

Ыбырай Алтынсарин атындағы

№159 гимназияның 11 сынып оқушысы.

Алматы қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *