АЙГҮЛ ОРЫНБЕК ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ БІРҚАТАР ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫ АЙТТЫ

Ақорда Мәселе
686 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы болып өтті. Кеңес мүшесі Айгүл Орынбек Түркістан облысындағы бірқатар олқылықты жария етті.

Ол Президент Жолдауына тоқтала отырып, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын еске салды. «Дер кезінде «сөзден – іске» көшіп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен таныс қоғам белсенділерінен тұратын Ұлттық кеңесті құрдыңыз. Бүгінде кеңес өкілдері арқылы өңірлердегі өзекті мәселелерден хабардар болып келесіз. Бұл – кеңес жұмысының тиімділігі ғана емес, мемлекетіміздегі уақыт күттірмейтін түйткілді мәселелердің оң шешімін табуы үшін маңызы мол. Расында, Сіздің тәжірибеңізден жергілікті әкімдер үлгі алу керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біздің оңтүстікте халықтың үнін тыңдайтын, жергілікті жұрттың проблемаларын жақсы білетін қоғам белсенділерінің пікірі ескерілмейді. Сенсеңіз, атқарушы орган сол айтылған проблемаларды жоюдың орнына, керісінше бұл мәселені көтерген, халыққа жанашырлық танытқандарға қысым көрсетуде. Иә, сол мәселені көтерген өзіңмен алысып, актуалды мәселе жайында қалады», — деді ол.

Оның айтуынша, оңтүстік өңірінде шешімін таппай жатқан әлеуметтік проблемалар жетіп артылады.

«Ал мен білген мәселені, атқарушы билік өкілдерінің білмеуі мүмкін емес. Маған айтқан мәселенің, оларға айтылмауы да мүмкін емес. Ендігі жерде көзбояушылықты доғару керек деп ойлаймын. Немесе қызметтік құрылымдарды, ондағы басшылық құрамды қайта жасақтау қажет. Тағы бір шындық. «Бармақ басты – көз қысты» әрекеттер барлық өңірлерде кеңінен етек жайған. Мәселен, жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық әрі тәртіптік кеңестердің, комиссиялардың, ұйымдардың қызметі көңілімнен шықпайды. Не істеп, жатқандары да беймәлім. Жаттанды жиналысты ғана көреміз. Ақиқатты айтудың орнына жағымпазданып, сол шенеуніктердің шашбауын көтеріп жатыр-ау деген ойға қаласың»,- деді Айгүл Орынбек.

Бұл мәселені шешу үшін ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерін сол жергілікті комиссия құрамына қосуды ұсынды.

«Сонда Сіз бен біз атқарушы билік органдарында орын алған олқылықтардан хабардар болар едік. Сондай-ақ, бұл бастама арқылы сыбайлас жемқорлық тетіктері мен салалардағы салғырттықтың жолы кесілер еді», — деді ол.

Қоғам белсендісі Президент қолдауының арқасында орта кәсіптік білім беретін ұйымдарда оқитын аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан жасөспірімдерге мемлекет тарапынан қолдау үзілмей келе жатқандығын айтады.

«Алайда, Түркістан облысында бұл саланың өзі қып-қызыл бизнеске айналып кетті. Биыл облысымыздың алдыңғы қатардағы, базасы мықты бірқатар оқу орындары сенімгерлік басқаруға жекеменшікке берілді. Қазіргі кезде ондағы ұстаздар қудалауға ұшырап, мәртебесі аяққа тапталып жатыр. Ұлағатты жолды таңдағандардың ар-намысы мен абыройы осылайша тапталып жатқанда, білім беру жүйесі оңалады деп кім айтты? Бұған көз жұмуға болмайды. Қазақстанның болашағы баянды болуы осы білімді ұрпақтың қолында екенін ескерсек, дәл қазіргі шешуші сәтте білім жүйесінің тамырына балта шабылып жатыр деп мен ашық айта аламын. Бұл мәселелер — ұстаздардың жанайқайы мен ондағы білім ошақтарының тағдыры назардан тыс қалмайды деп сенемін», — деді Айгүл Орынбек.

Оның атап өтуінше, жергілікті басқару жүйесі лайықты жұмыс істесе, халықтың билікке деген сенімі арта түседі.

«Біздің өңір ауызсу, көгілдір отыны жоқ елді мекендер бойынша көш бастап тұр. Мәселен, ішер суының 1 литрін 2 теңгеге сатып алып отырған аудандар да бар. Әкімдердің есебін тыңдасаңыз, «Бәрі жақсы, бәрі керемет! Өмір ғажап!». Ал бұл көзбояушылықтың зардабын тартатын әдеттегідей халық. Бірақ, тұрғындарды тіршілік нәрінен тарықтыру – халыққа жасалған қиянат деп білемін. Түркістан облысындағы коммуналдық мәселелер мұнымен бітпейді. Облыстағы бірқатар аудандарда жылдар бұрын табиғи газ тарту үшін халықтың қалтасын қағып, теңге жиналған. Бірақ, ол ауылдарға көгілдір отын әлі күнге дейін жетпей келеді. Жергілікті жұртты жауыр еткен, мезі еткен мәселе осы», — деді қоғам белсендісі.

«Әділет – ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *