Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті құрамындағы Академиялық инновациялық институтының құрылғанына биыл он жыл толып отыр. Заманауи оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы өскелең жас ұрпаққа терең де сапалы білім беру жолында ізденімпаздықпен еңбек етіп келеді. Мұнда тәлім-тәрбие алып жүрген студент жастар сан түрлі деңгейдегі білім, өнер, спорт бәйгелерінен жүлделі орындарды иеленіп жүр. Осы бір мерейтой қарсаңында біз аталмыш жоғары оқу орнының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Ермахан ҚЫСТАУБАЕВ мырзамен сұхбат құрған едік. Төменде соны оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
– Ермахан Ибадуллаұлы, биыл Сіздердің жоғары оқу орындарыңыздың құрылғанына он жыл толады екен. Осыған орай мерейтойларыңызбен құттықтай отырып, сұхбатымызды білім ордаларыңыздың қысқаша тарихынан бастасақ дейміз.
– Шымкент қаласындағы Академиялық инновациялық университеті 2008 жылдың 2 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінде тіркеуден өтіп, АБ сериялы № 0062184 шектеусіз мемлекеттік лицензия иеленіп, инновациялық бағыттағы жоғары оқу орны ретінде ашылған болатын. Біздің жоғары оқу орнымыз 1937 жылы қаланған Оңтүстік өлкесіндегі тұңғыш жоғары білім ордасы, 1954 жылы Шымкент педагогикалық институты, 1993 жылдан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институты базасында мұрагер болып құрылған. 2012-2013 оқу жылдан бастап жоғары оқу орындарын оңтайландыру процесіне байланысты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінде тіркеуден өтіп, 2012 жылы 13 тамыздан бері АБ сериялы № 0142761 шектеусіз мемлекеттік лицензия иеленіп, Аймақтық әлеуметтік инновациялық университеті құрамында Академиялық инновациялық институты болып жұмысын жалғастырып келеді. Университет 2017 жылғы 15 мамырда 2022 жылғы 13 мамыр мерзіміне дейін институционалдық аккредиттеуден өткен.
Жоғары оқу орнымызды есімі республикаға белгілі білім, ғылым, спорт, қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жарылқасын Керімбекұлы Оңалбек басқарады. Бүгінде Академиялық инновациялық институтта үш факультет, тоғыз кафедра бар. Әскери дайындық кафедрасы жұмыс істейді. 36 мамандық бойынша жоғарғы білімді бакалаврлар және 21 мамандық бойынша магистрлер дайындалуда. 200 профессор-оқытушы 9000 студент жастарға тәлім-тәрбие беру жұмыстарымен шұғылдануда. Арнайы жабдықталған компьютерлік кластардағы барлық компьютерлер толығымен интернет желісіне қосылған және институт ғимараттарында Wi-Fi жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар студенттерге орыс, ағылшын тілдерін жете меңгерту мақсатында институтта лингофондық кабинет жұмыс істейді.
Заман талабы – әрбір адамзат баласының өз құқығын дұрыс білуден басталатыны айқын құбылыс. Осы мақсатта институтта криминалистика кабинеттері, заманауи үлгідегі сот залы, білімді тәжірибемен ұштастыру мақсатында биология, химия, информатика, физика және психология зертханалары, тігін және ағаш өңдеу шеберханалары жұмыс істейді. Институттың бес оқу ғимараты бар. Онда студенттік жатақхана, мәжіліс және спорт залдары, кітапхана, дәрігерлік пункт, асхана орналасқан. Кітапханамыз бакалавриат студенттерге, магистранттарға және профессор-оқытушылар құрамына сапалы ақпаратты ажырата алуына көмектесіп, кітапқа деген құрметі мен сүйіспеншілігін қалыптастыруда. Университет басшылығы кітапхана қорын жаңа оқулықтармен толықтыру мақсатында жыл сайын 3,5 миллион теңге қаржы бөліп отырады.
– Институттарыңыздың өзге жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі неде?
– Біздің миссиямыз – Оңтүстік аймақтың әлеуметтік жағдайын, инновациялық әлеуетін көтеру мақсатында білім, ғылым және тәжірибе арасындағы өзара байланысты дамыта отырып, қоғам мен бизнестің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын бәсекелестікке барынша қабілетті білікті мамандар даярлау үшін терең де сапалы білім беру қызметін ұсыну болып табылады. Инновациялық бағыттағы білім ордасы Қазақстан Республикасы деңгейі жоғары оқу орындарымен терезесі тең дәрежеде жұмыс жасайды. Білім беру үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жүргізіледі. Институтта жоғары білікті мамандар дәріс береді. Олардың 60 пайызы академик, ғылым докторлары мен кандидаттар, доценттер мен профессорлар, Халықаралық, мемлекеттік жүлделердің иегерлері, әлемге белгілі ғалымдар, көптеген ғылыми заңдар мен болжамдарды ашқан ұлағатты ұстаздар.
Жарылқасын Керімбекұлы Оңалбек – педагогика ғылымының докторы, профессор, Академиялық инновациялық институтының президенті. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі тарапынан 2013 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының грант иегері, «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісінің иегері, Кентау, Түркістан қалаларының Құрметті азаматы, «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» мерейтойлық медалімен, «Оқу ісінің үздігі» және Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгілерімен марапатталған. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты.
Ермахан Ибадуллаұлы Қыстаубаев – техника ғылымының кандидаты, доцент, Академиялық инновациялық институттың директоры, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалімен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2014 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының грант иегері.
Нағызбек Ордабайұлы Ордабаев – педагогика ғылымының кандидаты, профессор, «Сырттай және қашықтықтан оқыту» факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 1996-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қызмет атқарған, «Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру» туралы заңының дүниеге келуіне өзінің сүбелі еңбегін қосқан.
Жақсылық Шурабекович Юсупбаев – ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, доцент, аға оқытушы, «Өнер және спорт» факультетінің деканы. 2016 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Сүттібай Серманизұлы Серманизов – техника ғылымының докторы, профессор, бірнеше ғылыми жобалардың авторы, 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының «Жылдың ең үздік ғалымы» атанып, «Алтын қыран» сыйлығымен және Дипломмен марапатталған.
Тілеуберді Қоңырауұлы Рисимбетов – ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақ халық «Экология» Академиясының академигі, бірнеше оқу процесінде жоғары оқу орындарында қолданылатын оқулықтардың авторы.
Махалбай Ускенов – экономика ғылымының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2009 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының грант иегері.
Тілеуқабыл Жақсылықұлы Нұрымбетов – экономика ғылымының докторы, профессор бірнеше мемлекеттік ғылыми жобалар грантының иегері.
Қуандық Мейрамбайұлы Шекербеков – аға оқытушы, 2016 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері.
Аққоңыр Нұрділләқызы Жылысбаева – химия ғылымының кандидаты, доцент, «Жаратылыстану» кафедрасының меңгерушісі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2009,2015жылдары – «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының грант иегері.
Айгүл Елемесқызы Қыдырбаева – ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, доцент – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2018 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының грант иегері.
– Осында тәлім-тәрбие алатын студент жастардың арасынан сан түрлі білім, өнер бәйгелері мен спорт сайыстарында топ жарып жүргендері көп шығар.
– Білім ордамыздың студенттері Халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда биіктерден көрініп жүр. Атап айтатын болсақ, Сымбат Қыдыр – жоғары оқу орындарының арасында өткен «Көктем аруы – 2016» байқауында, Сабина Бегімбет – 2016 жылы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің дәстүрлі байқауында Бас жүлдені; Аида Адақова – «Тілдарын – 2017» қалалық байқауында бірінші орынды; Сабит Ябаев, Ерғали Ешбаев – Халықаралық дәстүрлі ән байқауында, Ерсултан Абдрахман – Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Ұлы даланың абыз ақыны» атты аймақтық жыр мүшәйрасында, Сабина Бегімбет «Кәнеки, тілім, сөйлеші!» атты облыстық байқауында екінші орынды; Қаламқас Сейілхан – облыстық «Арай-2016» жас эстрада әншілері байқауында, облыстық «Бозбала мен бойжеткен – 2017» байқауында Қасымжомарт Мамедәлі және Мадина Абдрашова үшінші орынды иеленіп, оқу орнымыздың мерей-мәртебесін асқақтата түскен. «Тұран» студенттер би тобы да өздерінің тамаша өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүр.
Институт студенттердің білімін дамытуға, ғылыммен айналысуға, өнермен, спортпен шұғылдануға, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуға, болашақ жолын айқындап, көзқарасын қалыптастыруға, жалпы адами капитал саналатын технологиялар ғасырының замандастары ретінде жан-жақты толық жағдайлардың жасалғанын баса айтуымыз керек. Студенттеріміз таланттарды айқындайтын Халықаралық, республикалық, облыстық бірқатар байқаулардың биігінен көрініп жүр. Сондай-ақ, құқықтану мамандығының студенттері облыстық, республикалық олимпиадаларға белсене қатысып келеді. Былтыр «Құқықтық – мемлекет құрудағы қылмыстық заңнаманың өзектілігі» атты республикалық олимпиада ұйымдастырғанбыз.
2008 жылы Шымкент қаласында өткен «Біздің авангард» жас дизайнерлер мен модельерлердің Халықаралық байқауында оқытушылар – Б.А. Досанова, Б.Е. Жорабекова, Н.Ж. Миржибаеваның «Асыл мұра» атты киім жиынтығы Бас жүлдені жеңіп алды. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 2009 жылы өткен «Менің Отаным – Қазақстан» атты жас суретшілердің байқауында Д. Яковлев екінші орынды еншіледі. «Қала және дизайн – 2009» атты республикалық жас дизайнерлер байқауында «Дизайн» кафедрасының студенттері – Елена Ким, Александр Либих «Балалар ойын алаңы дизайны», ал Бекназар Альжанов «Қоғамдық көлік аялдамасының дизайны» аталымдарының сыйлықтарымен марапатталған.
Біздің спортшы студенттеріміз де талай биік белестерді бағындырып жүр. Бағлан Іңкәрбек – фристайл-акробатикадан Бүкіләлемдік қысқы Универсиада чемпионы (Астана мен Алматы, 2017), Сергей Емельянов – ескек есуден Әлемнің бес дүркін чемпионы (Беларусь, 2016), Арман Оспанов – ережесіз жекпе-жектен Әлемнің үш дүркін чемпионы, қол күресінің шеберлері – Сейфулла Нұрқалықов (Жапония, 2005, Ұлыбритания, 2006) пен Жазира Ақпаева – (Италия, 2008, АҚШ, 2010) Әлем чемпионы, Талғат Ақтаев (Польша, 2015), Нұрдәулет Айдархан (Малайзия, 2015), Талғатбек Рстембек (Малайзия, 2015), Олжас Әндешпаев (Ұлыбритания, 2006) – Әлем чемпионатының жүлдегерлері; Ерік Мирзаев (Өзбекстан, Ташкент, 2009), Ғани Малбасов (Иран, 2010) – Азия чемпиондары, Бағдәулет Тұрманов – Азия чемпионатының жүлдегері (2008), таэквондошы Феруза Ергешова (магистр) Азия чемпионы (2010), Лондон Олимпиадасына қатысушы (Ұлыбритания, 2012), ауыр атлеттер – Майра Файзоллаева ауыр атлетикадан Азия чемпионатының қола жүлдегері (Таиланд, 2015), Еуропа кубогының қола жүлдегері (Италия), Дина Бауыржанқызы каратэ-до-дан Азия чемпионатының жүлдегері (Жапония, Ногая, 2015); Асқар Абдуллаев – бокстан жастар арасындағы Азия чемпионы; Назерке Алимбетова – еркін күрестен Қазақстан Республикасы ашық чемпионатының қола жүлдегері (2017); Людмила Исаева, Сана Анарқұлова, Медет Анарқұлов – волейболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшелері (магистр, 2012-2014) болған.
– Оқу процесі қалай жүргізіледі? Студент жастарға қандай жеңілдіктер жасалған? Талантты түлектеріңіз жайында не айтасыз?
– Институтта жетім балалар үшін 100 пайыз, жартылай жетім балалар үшін 50 пайызға дейін, көпбалалы отбасылардың перзенттері үшін 30 пайыз, Үздік диплом, Үздік аттестатпен бітіріп келгендер үшін 10-20 пайыз аралығында оқу төлемақыларынан жеңілдіктер жасалған. Бізде облыс әкімінің жолдамасы бойынша оқуға түскендер мен құрылтайшы грантының иелері тегін оқиды. Оқу төлемақысын бірден толық төлегенде 10 пайыз, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 100 балдан жоғары жинағандар – 10 пайыз, 120 балдан жоғары жинағандар – 20 пайыз көлемінде күндізгі оқу түрінде оқитын студенттерге жеңілдіктер жасалған.
Жоғары оқу орнымыздың түлектері еліміздің түкпір-түкпірлерінде өз салалары бойынша жемісті қызмет атқарып жүр. Атап айтатын болсақ, облыс және қалалық әкімдіктерде, Ұлттық қауіпсіздік және салық комитеттерінде, ішкі істер басқармасында, қаржы саласында, компаниялар мен фирмаларда, сонымен қатар орта, арнайы орта және жоғары оқу орындарында еңбек етуде. Академиялық инновациялық институтында бакалавриаттар мен магистранттар даярлау бойынша Академиялық инновациялық институтының бәсекеге қабілеттілігі оның бай, үнемі жаңартылып отыратын материалдық-техникалық базасымен, оқу және тәрбие процестеріне ақпараттық-техникалық инновацияларды енгізу саласындағы уақыттан оза отырып дамуға бағдарланушылықпен айқындалады. Жоғары білікті мамандар даярлау мақсатында Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетінің Академиялық инновациялық институты Мәскеу мемлекеттік ашық университетімен (Ресей), Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен (Шымкент қаласы), Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен (Түркістан қаласы) келісімшарт бойынша бірлесіп қызмет атқаруда. Білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған Халықаралық байланыстардың болуы, әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялану, сапалы мамандар даярлауға ықпал ететін факторлардың бірі болып саналады. Біздің оқу орнымыздың әріптестері географиясының ауқымы өте кең, академиялық ұтқырлық бойынша Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, тағы басқа мемлекеттерінің оқу орындарымен келісімшарттар түзілген. Болашаққа сенімді қадам басу – білікті маман, білімді ұрпақ тәрбиелеуден басталады деген қағиданы ұстанған жоғары оқу орны Халықаралық байланысты нығайту арқылы әлем университеттерінің озық тәжірибелерін білім беруде оқу үрдісіне енгізуде.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің Үшінші бастамасында: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деген болатын. Осыған орай 2018 жылдың күзіне таяу оқу ордамыздың студенттеріне 300 орындық жатақхана пайдалануға берілетін болады.
– Жақында Сіздердің жоғары оқу орындарыңызда тест орталығы ашылғанын естіп қалдық. Қуаныштарыңыз құтты болсын!
– Рақмет! Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 5 наурыздағы №85 бұйрығымен Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің Академиялық инновациялық институт базасында Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункті ашылып отыр. Бізде биылдан бастап Шымкент қаласындағы бірқатар мектептердің түлектері жоғары оқу орнына түсу үшін тест тапсыратын болады.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Әбдісаттар ӘЛІП.