АЛАШТЫҢ АТПАЛ АЗАМАТЫ

Билік Тұлға
1 115 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысының әкімі болып тағайындалған Өмірзақ ЕстайұлыШөкеев жұмысқа бел шеше кірісті. Биылғы ақпан айының аяғында жаңа облыстыңтізгінін ұстаған ол ә дегеннен іскерлік қырымен таныла білді. Облыстың бұрынғы әкіміЖансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың тұсында шаруасы шатқаяқтаған «Шатқал»бағдарламасының тиісті талап деңгейінде орындалмауы салдарынан отырғызылғанқымбат бағалы ағаштап қурап, миллиондаған теңге желге ұшқаны жадымызда.

Тәуелсіз де егемен еліміздің рухани астанасын түрлендіру, әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттыру, мәдени-гуманитарлық жақсарту жолында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы кең құлаш жайған. Шағын және орта бизнес салалары кеңінен өрістей түскен. Жаңа облыстың туристік әлеуетін көтеру мақсатында ауыз толтырып айтатындай жұмыстар жүзеге асырылуда. Түркістанның төл тумасының басшылығымен бар болғаны бес айдың ішінде атқарылып отырған қыруар жұмыстарды бас бармақпен бағалауға болады. Оның тікелей бастамасымен жүзеге асқан ізгілікті де игілікті тірліктерді көздерімен көріп отырған облыс жұртшылығы өздерінің шынайы ризашылық сезімдерін білдіруде.

Біз бүгін әңгіме арқауы етіп отырған Өмірзақ Шөкеев – жай әкім ғана емес, қайраткер дәрежесіне көтерілген Алаштың атпал азаматы. Мәскеуде жоғары білім алған. Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласының әкімі болған. Үкіметте басшылық қызмет атқарған. «Самұрық Қазынаның» жұмысын жақсы жолға қойған. Түркістан деп аталатын тарихи облыстың тізгінін қолына ұстағалы бері де тек қана жақсы қырымен ғана танылуда. Ел басына күн туған қысылтаяң шақта да қиыннан қиыстырып жол таба білген білікті басшы, мықты экономист, ұтымды ұйымдастырушы деуімізге толық негіз бар.

Өмірзақ Естайұлының ұйымдастырушылық және іскерлік қарым-қабілетінің арқасында көне де мәңгі жас Түркістан қаласы ғана емес, күллі облыс жаңарып, жаңғыра түсуде. Түркістан облысында 2019 жылдың жарты жылдығына өнеркәсіп өнімінің көлемі 5,1 пайызға артып отыр. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі 4,7 пайызға артқан. Жалпы өңірлік өнім өсімі 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда – 4,8 пайызды құрады. Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс 41-сессиясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Облыс басшысының ұйымдастырушылық және іскерлік қарым-қабілетінің арқасында өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 138 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласынан кейін екінші орынды еншілеп тұр. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 133,7 млрд. теңгені құрап, 39,6 пайызға артты. Бұған Түркістан қаласының құрылысы әсер етіп отыр.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысында облыста 70,8 млрд. теңгеге 207 жоба қарастырылған. Бүгінгі таңда 9,1 млрд. теңгені құрайтын алты жоба екінші деңгейлі банктермен мақұлданып, қаржыландырылуда. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы өңірлер арасында көш бастап тұр.

Өңір басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тоғыз бағытқа негізделген тапсырмаларға жеке-жеке тоқталды. Алдағы атқарылатын жұмыстар, жоба, жоспарлардың көкжиегін айқындады. Өзіне берілген тапсырмаларды сапалы орындау үшін бес орынбасары мен аппарат басшысын жауапты етіп бекітіп, әрқайсысына міндеттер жүктеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау, ел табысын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, елді баспанамен қамту, білім беру, медицина, өңірлерді өркендету және өзге де мәселелер жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Біз инвестиция көлемін ағымдағы жылы 20 пайызға арттыруымыз қажет. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жиһаз, тамақ, тоқыма салалары бойынша іске асырылатын жобаларды көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруымыз керек. Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытатын боламыз. Ауыл шаруашылығы жер телімдеріне аудит жүргізуді және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды, бюджет қаржысын қадағалауды, мемлекеттік мекеме басшыларының жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын. Жалпы, әрбір тапсырманың орындалуы бойынша қадамдық жол картасы әзірленіп, тапсырманың орындалу мерзімі, атқарушы органдар мен олардың жауапты мамандары бекітілетін болады. Бұл тапсырмалардың орындалуын тікелей бақылауда ұстаймын», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Сессияда кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Қайнар Абасов пен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев Арыс қаласындағы жағдай тұрақтанғанын айтып, өңір басшысының ұйымдастырушылық қабілеті мен жұмысына оң баға берді. Мұндай іскер басшы облысты он айналсақ та табылмасы анық.

Шынтуайтында да Өмірзақ Естайұлы тоғыз жолдың торабындағы қалада орын алған жарылыстан кейін жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз тірліктер атқарып отырғанына жұрттың бәрі куә. Өзі бас болып, қасына кеңесшісін, басқарма басшыларын қосып алып, Арыста қона жатып, зардап шеккен қаланы ретке келтіру, жөндеу жұмыстарының барысын жіті бақылауда. Шартты түрде 17 секторға бөлінген қаладағы бүкіл жұмысты қатаң қадағалауда. Осы орайда ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министрі Асқар Маминнің тапсырмаларын бар ынта-шынтасымен жүзеге асыруға аянбай атсалысуда. Қаладағы оқ-дәрі қоймасында орын алған жарылыс салдарынан зақымданған үйлерді ретке келтіру, жөндеу, қала берді жаңасын салып беруді барынша қысқа мерзімде, яғни 1 тамызға дейін бітіру жолында тер төге жұмыс істеп жүрген жандарға толыққанды жағдай жасау, еңбекақы мен өтемақы төлеу, гуманитарлық мақсатқа бөлінген азық-түлік пен киім-кешектің бөлінуін бақылау сынды ұшы-қиыры жоқ тірліктердің барысын жіті қадағалау оңай шаруа еместігі түсінікті. Зақымданған әр үй, ондағы шатыр, есік-терезе саны түгелдей есепке алынған. Қазыналы қариялар мен балалардың демалысын да ұтымды ұйымдастыруда. Бүгінде 500-ге жуық оқушы Елорда мен Бурабайдың баурайында тынығуда. Енді демалушылардың жалпы санын төрт мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұған қоса-қабат Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жиындар мен басқосуларға қатысу, облыс аудандары мен қалаларында жұмыстарды саралау, оларға баға беріп, алдағы міндеттерді айқындау да аса маңызды екені белгілі. Міне, осындай, қым-қуыт, қарбалас шаруаларды атқару үстінде тындырымды тірліктерімен танылған басшының қарым-қабілетіне ел-жұрт дән риза. Қатаң қадағалау мен темірдей тәртіптің арқасында күні ертең-ақ Арыстың ажарланып, бұрынғыдан да гүлдене түсетініне бек сенімдіміз.

Облыстық мәслихаттың сессиясына қатысушылар облыс әкімінің жұмысына оң бағаларын беріп, Рухани астананы түлету бағытындағы жұмыстардың талапқа сай толыққанды атқарылатынына бек сенім білдірді. Қысқа қайырып айтқанда, халық қалаулылары, жалпы ел-жұрт ризашылық білдірген білікті басшының жұмысы жүйелі екені даусыз. Түркістанды түрлендіріп, Арысты ажарландыруға атсалып отырған оның елеулі еңбегі көңіл сүйсінтеді. Ол Елімен бірге, халқымен қоян-қолтық жүйелі жұмыс жасап келеді. Жаңадан құрылған облысты дамытуға серпін беріп отырған Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің ширақ қимылына, абыроймен атқарып отырған тынымсыз тірліктеріне біз де толағай табыс тілеп қаламыз.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *