АЛАШ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН АҚЫН

Саясат Қоғам
515 Views

Өмір. Қоғам. Уақыт. Бұлар ешқашан бір нүктеде, бір қалыпта және бір деңгейде тұрмайды. Үнемі қозғалып-жылжып, кейде тіпті жұрт күткендегіден де, данышпан-сұңғылалар болжап-шамалағаннан да тез өзгеріп, жаңарып, құбылып шыға келеді. Ондайда күтпеген құбылыстың қыр-сырын қапелімде аңғара алмай, аңырып отыратынымыз да бар.
Қалың қазақтың түсінігі бойынша «Ноқтаға басы сыймайтын», кезі келгенде «Ақырып теңдік сұрайтын» бірді-екілі аға-апалар депутаттықтан қол үзгенде көңілде күдік, санада тұман, жүректе күмән пайда болды. Ұзамай халықтың сөзін сөйлейтін қадау-қадау қалаулылар бірінен соң бірі тұғырдан түскенде «Тәуелсіздіктің шынайы көрінісі болып табылатын ана тіліміздің, жалпы руханиятымыздың он-сан түйінді мәселелерін ендігі жерде биік мінберлерден қасқайып тұрып, күмілжімей, көлгірсімей, көрбілтелемей жер-жаһанға, баршаға жар салатын кім қалды? » деп те торыға бастағанымыз ұмытыла қоймас, сірә. Әсте естен шықпайды. Дегенмен уақыттың ұлы емші екенін де мойындауымыз керек шығар.
Уақыт құдыретіне таң-тамаша қалмасқа болмайды… Күні кеше ғана жел-дауыл шайқалта алмайтын алып бәйтеректердің тасасында көзге шалына бермейтін солқылдақ шыбықтар қалай тез жетіліп, көкке шаншылып шыға келген десеңізші.
Кезінде көптің Шер-ағасы, қаламгер Шерхан Мұртаза көкеміз шынтағын тірегенде Парламенттің биік мінбері сықырлап, майысқандай болып, төменшіктеп қалатын-ды. Ал бүгін сол мінберге замандасымыз, Қазыбек бауырымыз шығып, қолын артқанда, тіпті белі қайысқандай, екі бүктетіліп, майысқандай аянышты әсер береді. Қызық! Екеуі бір мәселені қозғап тұр. Екеуі де халық қалаулысы. Екеуі де жазушы-журналист. Мінберге не болған сонда ? Тозғаны ма? Қайдан! Биліктің жиһазы тозушы ма еді?! Билік жаңармаса да дүние-мүлкін үнемі сапалының сапалысына ауыстырып отырады емес пе. Әлде гәп екеудің салмақтарында ма? Олай емес, әрине. Қазақтың баласы үшін алдыңғы толқын әз ағалардың абырой-беделі әрқашан жоғары ғой. Біздіңше әлгі жұмбақтың шешуі уақытта, дәлірек айтқанда, ұрпақтар сабақтастығы мен жалғастығында жатыр.
Кешегі аталар, әкелер жайдақ атқа міне салып, қаптаған қалың қолға жалғыз шабатын жеке батырларға ұқсайтын. Солардан алысқа ұзай алмаған-ды. Ол заманда, тіпті күні кеше деуге болады, ата, әке және бала әр түрлі ойлап, бір жайды әрқайсысы өзінше түсініп, үшеуінің басы қосылғанда ортақ тілде кеңесе алмайтын. Ақсақалдың сөзін қарасақал шала ұғынса, қарасақалдың уәжін әлі мұрты тебіндей қоймаған жасөспірім мүлде қақпайтын да. Қазір… Құдая шүкір дейтін заманға жеттік. Ата, әке, бала бірыңғай ана тілінде ұғынысуға көшті. Тұжырым да, бағыт та, мұрат пен мақсат та бір. Бұдан былайғы уақытта үштіктің қатарына шөбере де, шөпшек те қосылары күмән туғызбайды. Қазыбек Исаның жанайқайы билікке, үкіметке осыны ұғындыра білді. Өйткені ол мінберге жалғыз шыққан жоқ. Бес қаруын алдын ала сайлап алғаны бірден көзге ұрды. Сөзі дәлелді, ұтымды әрі өткір шығуы үшін ол ұлы мен немересін куәлікке тартты. Қажет болса, аманатқа беріп кетуге де дайын сынды! Апырай…
Көкірек көзі ашық жұрт, бейнелеп айтқанда, оның оң жағында қапталдасып, жер тарпыған асау тұлпарды ауыздықтаған албырт жігіттің, сол жағында үзеңгі қағыстырып, қасқа тайға мінген періште баланың тұрғанын, жо-жоқ, шапқылап келе жатқанын көрді.
Сол жолы депутаттың не айтқанын толық баяндасам, ұзаққа кетеді, бұның үстіне оны көбіңіз естіген, оқыған боларсыздар, сондықтан қысқа қайырайын.
«1999 жылы, — деді ол, — ұлым «Әке неге бізде бәрі орысша?» деп сұрады.
«Тәуелсіздік алғанымыз кеше ғана. Алда бәрі қазақша болады, — дедім мен. – Осы сөзіме сонда өзім де сендім».
«Арада жағдай түпкілікті өзгермеген отыз жыл өте шықты, — деп жалғады сөзін ол. – Сұрақ қоюдың кезегі немереме жетіпті. 2022 жылы ол маған «Ата, неге барлығы әлі орысша?» деген сауал тастады. Менің тілім байланып қалды».
Нардың жүгін арқалаған, орақ ауыз, от тілді, дауылпаз ақын әлқиссамен шектелген жоқ. Ата заңымыздағы тілге қатысты батпырауық сияқты баптан бастап, тіліміздің барша проблемасын жіпке тізіп, оны шешудің жолдарын да нақпа-нақ көзге шұқып тұрып, жайып салды. Таратып баяндағанда үш-төрт том кітапқа арқау боларлық идея, тұжырымдарды жарты беттік мәтінге сыйғыза алды. Қысқасы иығында мінберді ғана емес, тұтас билік пен үкіметтің белін қайыстыратындай зілбатпан жүк барын көрсетті.
Жоғарыда емеурін танытып өткендей, Қазыбек Иса алыптардың тасасында, панасында, саясында көп жүрген де жоқ. Додаға ерте кірді. Жап-жас жігіттің депутаттық сайлауға түсіп, бабы келсе де, бағы жанбаған албырт кезеңдері көз алдымызда тұр. Биліктің «Шаш ал десе, бас алуға» ұмтылатын жергілікті жандайшаптары көп жыл бойы оның етегінен тартып, аяғынан шалумен болды. Бірақ қайсар жанды алған бетінен қайтара алмады. Бір қызығы, Қазыбек депутаттар корпусына ене салысымен-ақ көпшіліктің өзінен бекер үміттенбегенін, жағымпаз, шолақ белсенділер тобының өзінен босқа қауіптенбегенін дәлелдеп тастады. Базбіреулерге осының өзі-ақ бір депутаттық мерзімге жетіп-артылар азық болар еді. Қазыбек құлшына түсті, иығынан сырғыған бір жүктің орнына ендігісінде одан да ауыр екіншісін, келесіде – үшіншісін… артып алумен келеді.
Қазекең «Нар жолында жүк қалмас» дегенді кешегі Шер-аға, бүгінгі Қазыбек сынды белді, білекті һәм жүректі, бірегей болмысты азаматтарына қарата айтса керек.
Бұрындары Қазақстан атты ұлы теңіздің айнадай жарқыраған, шетсіз де шексіз, тып-тыныш айдынында айсыз түндегі шоқжұлдыздай менмұндалаған азын-аулақ кемелер көзге шалынатын. Бұның есесіне құмдауыт, саяз жағалауды бойлап, одан арқан бойы ұзамай, көбіне-көп ұйлығысып тұратын, өздерінше жүзгенсіген капитансымақтар көп болатын. Ұлы теңіз осылардың, осындайлардың ыңғай, бейіміне қарай өр мінезін былай жиыстырып, бір уақ қалғып кеткендей ме дерсіз. Майда, момақан толқындар тәртіпті октябряттар мен пионерлерге ұқсап, қатар бұзбай, бірін-бірі кимелемей, бір-бірінің қозғалысына килікпей, моншақтай тізбектеліп келіп, құмдақ жағалауға жеткенде бір шылп етіп, жантая кететін-ді. Ал анау көз ұшында, теңіз төрінде әлдеқайда асығыс жүзіп бара жатқан, әлдеқайдан суыт жүзіп келе жатқан кемелердің бос сайрандап жүрмегенін алыста отырсақ та, біз кәдімгідей сезінетінбіз. Олар теңізді ұйқысынан ояту үшін шарқ ұрып жүргендей көрінуші еді. Жағалаудан бекерден бекер соншама алыстап кете ме әйтпесе…
Бүгінде ұлы теңіз ұйқысынан оянған! Ол әдетінен тыс бұрқ-сарқ қайнап, тау толқындары лек-лек болып, көкке атылып, жойқын күшпен жолындағысын сыпыра жапырып келеді. Бірінен бірі биік, бірінен бірі қуатты тоғыз балдық асау толқындар құмдауыт жағалауды суда тұншықтырып, сонадайдағы жартас-құздардың етегін солқ еткізуді місе тұтпай, құзар басына шапшиды. Қаптаған қайықтардың көбісін жарға ұрып, лақтырып, шашып тастаған. Осылай боларын ертерек сезінген ол топтың азын-аулағы жел өтінен былайырақ жылжып, қазірше тыныш бұғаздарда бұғып отыр.
Толқын атқан айдын төрін жүрек жұтқан капитандардың кемелері бірте-бірте біржола иемденіп алардай.
Кеме келсе, қайық судан шығады ғой. Айтпақшы…
Қазыбек ақынның албырт, жас шағында Махамбетке арнап жазған жалынды жырының бір шумағы осы тұста өзінен өзі тіл ұшына орала берді:
Парызың бүгін өтелген,
Әр ізің жатыр жаңғырып.
Азаттық туын көтерген,
Ақынның жыры мәңгілік!
Бұл да ілгеріде бір еске салып өткен ұрпақтар сабақтастығының, жалғастығының шынайы көрінісі емес пе. Біздіңше, солай.

Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ
Шымкент қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *