«Кітап – білім бұлағы». Осы орайда танымал тұлғалардың кітап туралы дәйексөздері көңілге қонымды дер едік. Атап айтқанда, Шығыс поэзиясы жеті жұлдызының бірі – Әлішер Науаи: «Кітап –ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына»; Абай Құнанбайұлы: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық білім – кітапта, Ерінбей оқып көруге»; Асқар Сүлейменов: «Жақсы кітап – ұлттың антологиясы»; Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана»; Шерхан Мұртаза: «Мәдениеттің мәйегі – кітап», – деп бекер айтпаған сыңайлы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын елге айналамыз», – деп Ұлттық кітап күнін белгілеп берген болатын. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 маусымдағы №522 Қаулысымен егемен елімізде жаңа мереке «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» дүниеге тұғын. Бұл Қаулы 2024 жылғы 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген. Осылайша бұл мереке биыл алғаш рет кең көлемде аталып өтіп отыр.
Бұған қоса-қабат Мемлекет басшысының: «Кітап оқу – рухани кемелдіктің қайнар көзі», «Ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», – деген даналық сөздері де біздің жадымызда жатталып қалған. Бұл – кітапқа деген құрметтің, ұлттық ой-сана мен мәдениеттің тағы бір жарқын көрінісі. Осылайша ұлттық кітап күнін белгілеу ұсынысына қолдау білдіріп, оны мазмұнды, нәтижелі өткізу керектігін тілге тиек еткен тұғын.
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ізгілікті де игілікті бастамасымен Ұлттық кітап күні мерекесіне орай «Мәртебелі кітап» атты арнайы апталық өткізілді. Мақсат – Мемлекет басшысының Ұлттық кітап күнін жариялау туралы бастамасына орай кітап оқуды насихаттау, жастарды кітап оқуға баулу, зияткер ұрпақты тәрбиелеуге сүбелі үлес қосу болатын.
16 сәуір күні Арбат демалыс аймағында «Мәртебелі кітап» апталықтың ашылу салтанатына орай алғашқы мерекелік іс-шара өткізілді. Оған зиялы қауым өкілдері –қаламгерлер, баспагерлер, кітапханашылар, оқырмандар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Баспа үйлері мен кітап дүкендерінің кітап жәрмеңкесі, көрме-сатылымы («Атамұра», «Әлия», «Білім», «Жебе», «Кітап-Аманат», «Қасиет, «Қасым», «Отбасы хрестоматиясы», «Раяна», «Шикула и К» «Шың» баспалары мен кітап сататын «Білім», «Books_Shymkent_bestseller», «Dora», «InterPress Distribution», «Меломан», «Flip» дүкендері) ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылар кітап жәрмеңкесі мен көрмелерді, инсталляцияларды тамашалады.
Алдымен Мемлекет басшысының Ұлттық кітап күнін жариялау туралы бейнеролигі көрсетілді. Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Увайдуллақызы Ундасинова сөз сөйлеп, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, кітап оқуға шақырды. Жазушы, драматург, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қаласы бойынша өкілетті өкілінің орынбасары, Қазақстанның Құрметті журналисі Захардин Қыстаубаев құттықтау сөз сөйледі. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Қарсақбайқызы Сейітованың бейнеқұттықтауы жұртшылық назарына ұсынылды. Журналист, «Қызмет» баспасының редакторы, «Серпіліс» қоғамдық қорының президенті Бейсенкүл Нарымбетова құттықтау сөз сөйледі. «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншілері – Ақжол Өсербай, Маржан Ерлан, Бекзат Сәкенұлы ән-күйден шашу шашты. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университеті мәдениет және өнер факультетінің бірінші курс студенттері, №29 жалпы орта білім беретін мектебі мен «Талант-2» мектебінің оқушылары әдеби композиция орындады.
Қаламгерлермен сыр-сұхбат ұйымдастырылып, жаңа кітаптардың тұсауы кесілді, әдеби талқылаулар өтті. Ақын Нұрхан Сұлтанбайұлы Сәменбеттің (Топанби) «Үкікөз» және «Күн сәждесі» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Жазушы, драматург Захардин Қыстаубаев, фантаст жазушы Сарманбай Исақ, сатирик, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сабырбек Олжабай, сатирик, Қазақстанның Құрметті жазушысы Мұхтар Шерім кітап авторына шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде Нұрхан Сәменбет сөз сөйлеп, оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншілері – Ернар Тоқтасын, Жандос Әшірбек ән-күйден шашу шашты.
17 сәуір – «Қаламгерлер мен өлкетану күніне» орай Шымкенттегі жасөспірімдер кітапханасында түске дейін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университетінің аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек пен магистр Әзімбек Исабекпен жүздесу өтті. Түс қайта ақын, Физули атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Құрал Көмек оқырмандармен кездесті.
18 сәуір – «Кітапхана түні» – Nightquest акциясының аясында Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ғұлама ғалым Әбу-Насыр Әл-Фарабидің 1155 жылдық мерейтойына орай арнайы кеш өтті. Оған кітапхананың көпшілік іс-шаралар секторының басшысы Айгерім Төребайқызы модераторлық жасады. Қаламыздағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері мен Назарбаев зияткерлік білім беру жүйесінің химия-биология бағыты бойынша оқытатын мектеп оқушылары қатысты. Түнгі кітапхана қонақтары Әлемнің Екінші Ұстазы атанған ғұлама бабамыздың еңбектері мен трактаттары бойынша сұрақтарға жауап беріп, көңілді тапсырмалар орындады. Екі топқа бөлінген жастар өзара білім бәйгесіне түсіп, оқыған кітаптары жайлы ой бөлісіп, жарыс көрігін қыздыра түсті. Айрықша белсенділік танытқан жастарға кітапхана директорының Алғыс хаты табыс етілді. Кешті қорытындылаған кітапхана директорының орынбасары Асылзат Оспанқызы Арыстанова оқырмандарға құтхана есігі қашанда ашық екенін айта келе ілім-білім іздеген жандар үшін мұнда барынша қолайлы мүмкіндіктер қарастырылып отырғанын жеткізді.
19-20 сәуір – «Weekend. Book. Vibes» күндеріне орай Орталық және Кең баба саябақтарында зияткерлік демалыс ұйымдастырылды. Шымкенттегі балалар кітапханасының ұжымы өткізген таңертеңгілікте балақайлар ашық аспан астындағы Әдеби дәмханада кітап оқуға қатысты. ТалқыLike рөлдік оқу шарасы өтті. Кітапқа байланысты фильм көрсетілді. «Әжемнің ертегілері» тыңдалды. «Балалар әлемінде» балақайларға арналған ертегілер, сурет салу, шығармашылық бұрыштар жұмыс істеді. Ертегілер әлеміне саяхат жасалды. Кітап клубтары кездесуінде «Кітап талқы» үйірмесінің мүшелерімен танысып, пікір алмасып, Кітап әлеміне бірге саяхат жасау – керемет рухани демалысқа айналды.
21 сәуір – «Кітап. Тарих. Шежіре» күнінің аясында Абай атындағы саябақта Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен арнайы мерекелік іс-шара өтті. Оған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университеті, Жұмабек Тәшенев атындағы университет, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты саз колледжінің оқытушылары мен студенттері мен №15, 29, 45, 87, 93, 101 жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері мен оқушылары белсене қатысты. Кеш барысында ән-күйден шашу шашылып, өлеңдер оқылды.
Бүгінде кітап оқимын деген адамға мүмкіндік мол. Жаңа кітаптарға, сирек және құнды кітаптарға, 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялануына байланысты кітап көрмелері ұйымдастырылды. Мақсат – жұмысшы мамандықтары жайлы білімді насихаттау, жастарға кәсіп таңдауға көмектесу, еңбекке, өзін-өзі дамытуға және жетілдіруге деген қызығушылығын арттыру болатын.
22 сәуір – «Кітап – достық амбассадоры» күніне орай Александр Сергеевич Пушкин атындағы Шымкент қалалық әмбебап кітапхана ұжымы арнайы іс-шара өткізді.
Апталық аясында 22 сәуір – «Кітап – достық амбассадоры» атты Ашық есік күні өтті. Оны Александр Сергеевич Пушкин атындағы Шымкент қалалық әмбебап кітапханасының ұжымы ұйымдастырды. Шараның Құрметті қонағы – профессор, әдебиеттанушы ғалым, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құлбек Ергөбек мазмұнды құттықтау сөз сөйлеп, жастарды кітап оқуға шақырды.
Іс-шара барысында шет тіліне аударылған Қазақстан авторларымен кездесу өтті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі С.Сейітовтың ағылшын тіліне аударылған «Drone Show» деп аталатын тырнақалды романының таныстырылымы ұйымдастырылды. Кітап авторы оқырмандарға өзінің әдеби-көркем туындысының қалай жазылғаны жайлы баяндап берді. Сондай-ақ, «Кітап – ең құнды сыйлық» қайырымдылық акциясы негізінде «Мейірім шуағы» оңалту орталығында, №1 оқушылар сарайында, Маржан Тасова атындағы дарын мектебінде өткен мәдени-көпшілік іс-шараларына белсене атсалысқан оқырмандарға кітаптар сыйға тартылды.
Мерекелік іс-шара «Күй сандық» домбырашылар оркестрінің орындауындағы «Есіл нұра» күйімен ашылды. «Авангард» би тобы «Смартфон орнына – кітап таңдайық» атты флешмоб ұсынып, поэзия сүйер жастар ашық микрофон форматында әдеби композициялар орындады. Шара аясында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан ақпараттық қолдау көрсетілді.
«Кітап – достық амбассадоры» атты Ашық есік күні – тек бір күндік мәдени шара емес, ол – жастардың санасына кітаптың мәртебесін сіңіретін, ұлт руханиятын жаңғыртатын маңызды қадам болды.
23 сәуір – Апталықтың жабылу салтанатына орай Шымкенттегі Арбат демалыс аймағында республикалық «Amanat» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Жүз сұраққа – жүз кітап» атты арнайы акция өткізіп, марапаттау рәсімі ұйымдастырды.
Түс қайта Александр Сергеевич Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Мәртебелі кітап» апталығының жабылу рәсімі өтті. Аталмыш апталықтың қорытынды шарасы «Үздіктер салтанаты» деген атаумен ұйымдастырылды. Кешке зиялы қауым өкілдері – ақын-жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері, кітапханашылар мен қала тұрғындары, белсенді оқырмандар қатысты.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Увайдуллақызы Уңдасинова жиналған қауымды мерекемен құттықтап, кітапхана қызметкерлері мен үздік оқырмандарға Алғыс хат табыстады. Іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілетті өкілі Момбек Әбдіәкімұлы, жазушы Бақтыгүл Ауданова, денсаулық сақтау ісінің үздігі Т. Әлжігіт, ардагер ұстаз, ақын Гүлзинат Шерімбет өз сөздерінде кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталып, ізгі тілегін білдірді. Кеш мәдени бағдарламамен жалғасын тауып, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншілері әсем әуенді әндерден шашу шашты. Мектеп оқушылары әдеби- композициялық қойылымдар ұсынып, көрермен көңілінен шықты.
23 сәуір – Ұлттық кітап күні мерекесі биыл бүкіл еліміз сияқты Шымкентте де алғаш рет кең көлемде тойланды. Осыған орай біздің Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университетінің студенттерімен шағын сұрақ-жауап ұйымдастырдық.
1).Танымал тұлғалардың кітап жайлы қандай дәйексөздерін білесіздер?
- Абай Құнанбайұлы:
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге».
- Әбіш Кекілбаев:
«Адамды адам еткен – кітап,
Адамзат еткен –кітапхана».
- Әлішер Науаи:
«Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына».
- Шерхан Мұртаза:
«Мәдениеттің мәйегі – кітап».
- Асқар Сүлейменов:
«Жақсы кітап—ұлттың антологиясы».
- Әселхан Қалыбекова:
«Кітап – адамның серігі ғой. Ақымақты ақылды, ақылдыны данышпан етеді».
2). Өз шығармаларына Ана, әйел тақырыбын арқау еткен қаламгерлер кім?
Жүсіпбек Айтауытов («Ақбілек»), Ғабит Мүсірепов («Ұлпан», «Ананың анасы», «Өлімді жеңген ана», «Ер ана»), Сәбит Мұқанов («Сұлушаш», «Ботагөз»), Спандияр Көбеев («Қалың мал»), Мұхтар Шаханов («Танакөз» поэмасы).
3). Қазақ тілінде тұңғыш жазылған романды білесіз бе?
Міржақып Дулатов («Бақытсыз Жамал»).
4).Абайдың нешінші қара сөзі білім мен ғылымға арналған?
- қара сөзі.
5). Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына қай қаламгерлердің шығармалары еніп отыр?
Жазушы Тәкен Әлімқұлов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов.
6). Шымкенттегі «Бір қала – бір кітап» акциясына қай жазушының туындысы таңдалған?
Жазушы Захардин Қыстаубаевтың «Тұман» романы.
7). Әлем жазушыларының 200 томдық шығармалар жинағына енген қазақ қаламгері кім?
Мұхтар Әуезов.
8). Қазақтың бес арысын атаңыз?
Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов.
Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университеті Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, қаржыгер,филолог, педагогика ғылымының магистрі.
Шымкент қаласы.