Қазақстан Президенті Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына қатысты. Қарсы алу рәсімі аяқталған соң мемлекеттер басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары өтті.
Мемлекет басшысы саммиттің Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор екенін айтып, осы жалпыөңірлік маңызды басқосу алаңының алғашқы күндерінен бастап мұнда Арал теңізі мен Арал аймағының күрделі әлеуметтік-экономикалық, су шаруашылығы және экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті.
– Аралды құтқару қоры халықаралық деңгейде белсенді жұмыс жүргізуде. Соның арқасында Арал өңіріне әлемдік қоғамдастық пен халықаралық қаржы институттары тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп келеді. Біздің бірлесе жұмыс істегеніміздің арқасында бұл қор Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстары өңірдегі халықтардың ортақ игілігі екеніне тоқталды, сондай-ақ осы аймақтағы мемлекеттердің барлығы тиімді шешімдер іздестіріп, оңтайлы идеялар мен нақты жобалар ұсынып жатқанын айтты.
– Түрікменстанның бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының деңгейінде Арал аймағы елдеріне арналған БҰҰ-ның Арнайы бағдарламасын қабылдау мәселесі қарастырылуда. Тәжікстанның ұсынысы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2018 жылдан бастап «Су – орнықты даму көзі» атты халықаралық іс-қимылдың онжылдығын жариялады. Өзбекстан биылғы маусым айында Ташкентте Орталық Азияның халықаралық экологиялық форумын жоғары деңгейде өткізді. Қырғызстанның бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымдарының қолдауымен «Шу және Талас өзендерінің бассейндеріне арналған іс-қимылдардың стратегиялық бағдарламасы» әзірленді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның осы бағытта белсенді жұмыс атқарып жатқанын айтып, елдер делегацияларын биылғы 10-12 қазанда Астанада өтетін Трансшекаралық су ағыны мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясына мүше тараптар кеңесінің Сегізінші сессиясына қатысуға шақырды.
Қазақстан Президенті бірлескен іс-қимылдың арқасында қол жеткізілген оң нәтижелерге арнайы тоқталды.
– «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» ауқымды жобасын жүзеге асыру нәтижесінде Сырдария өзенінің төменгі саласындағы экологиялық жағдай елеулі түрде жақсарды. Солтүстік Арал қалпына келіп, онда судың деңгейі 2010 жылдан бері тұрақты түрде 42 метрлік көрсеткішті ұстап тұр. Судың тұздылығы төмендеп, теңіздің қоректік базасы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қалпына келуде. Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі микроклимат пен әлеуметтік жағдай жақсарды. Балық өңдейтін бірқатар кәсіпорын ашылып, олардың өнімі шетелге экспортталуда, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев шағын құрамда өзекті проблемалардың, ұйымның тиімділігін арттыруға және бірлескен күш-жігерді үйлестіруге бағытталған Халықаралық Аралды құтқару қоры міндеттерінің егжей-тегжейлі талқыланғанына назар аударып, Қазақстан ұсынған шараларға арнайы тоқталды.
– Қордың қазіргі институттарының негізінде Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастырушылық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру қажет. Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын басқару жүйесін автоматтандырудың, бөлудің, есепке алудың, мониторинг жасаудың, соның ішінде олардың сапасын жақсартудың уақыты келді. Қазіргі жағдайда Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру мәселесіне қайта оралудың маңызы зор. Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы комитетін елдеріміздің біріне тұрақты орналастыру мәселесін қарастыру керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу халықаралық ауқымдағы маңызды оқиға болып саналатынын және су ресурстары мен экология мәселелері бойынша өңірлік кооперация үдерісіне тың серпін беретінін атап өтті.
– Біз мұнда жаңа басымдықтар мен міндеттерді анықтадық. Орталық Азияның орнықты дамуы мен өркендеуі үшін бұл мәселелерді шешудің маңызы аса зор. Сондықтан, мұның бәрі біздің әрі қарай бірлесіп үйлесімді іс-қимыл жасауымызды талап етеді. Мен Қазақстанның әрқашан да өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде дәйекті әрі сенімді әріптес екенін және солай болып қала беретінін нық сеніммен айтқым келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Akorda.kz