Арзу ГУРБАНОВА, Шымкент қалалық Әзербайжан этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, Академик М.Сапарбаев институтының оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты: «ТҮБІМІЗ БІР ТҮРКІ ХАЛЫҚПЫЗ»

Қоғам
941 Views

— Арзу Арифқызы, қазақ пен әзербайжан халқының арасындағы ұқсастық бар ма? Салт-дәстүрі мен менталитетіндегі ерекшеліктерді байқайтын боларсыз?

— Қазақ халқы да, әзербайжан ұлты да мұсылман халқы болғаннан кейін тәрбие жағынан ұқсастықтар бар. Түбі бір түркі халқымыз ғой, қанымыз бір, сондықтан ең алдымен қонақжайлылық, ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет көрсету секілді әдет-ибадан тұратын болмысымызда ұқсастық басымдау келеді десем болады. Салт-дәстүрлердің ішінде келін түсіру, қыз ұзату жөн-жоралғы, кәде-сый жасау жағында ұқсастық байқаймын.

— Бакудегі туыстарыңызға сапарлап тұрасыз. Ол жақта қоғамның ауызбіршілігі қандай? Өзге ұлт өкілдерінің бірлігі туралы айтсаңыз?

— Баку туризмі және экономикалық өсімі жағынан алға шыққан қалалардың бірі. Халқы да меймандос, кең пейілді, бірліктің туы астында бірге өмір сүріп келеді. Көбінде кавказ ұлтының өкілдері тұратындықтан, Қазақстанға қарағанда көп ұлтты мемлекет қатарына жатқыза алмаймыз. Дегенмен, әзербайжандықтар өз ана тілін ерекше құрметтейді. Басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ілтипатын сеземін.

— Сіздің қазақ тіліне деген ерекше құрметіңізді сезінеміз. Алқалы жиындарда, басқосуларда тек қазақ тілінде, тіпті шаршы топтың алдына шығып сөйлеушілерден қазақ тілін талап етіп жүргеніңіз тәнті етті. Қазақ тілінің майын тамызғанда кей қазақтың қыз-жігіттерін сүріндіресіз. Өзіңіз қазақы ауылда өстіңіз бе?

— Иә, бала кезден қазақ мектебінде, қазақ ауылда тұлымшағым желбіреп Созақтың топырағында туып өстім. Қазақ тілі мен әдебиетімен сусындадым. Тілге деген жанашырлығым осыдан бастау алады. Кейде қоғамдық көлікте келе жатып мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етіп қалатыным сондықтан. Қазір Мардан Сапарбаев институтында оқу-әдістемелік бөлімді басқарамын. Институт президенті Гүлшара Сапарбаеваның қолдауымен үштұғырлы тіл турасында еңбектер әзірлеп жатырмыз.

— Ендеше еңбегіңізге сәттіліктер тілейміз!

Қ. ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *