АТАҢНАН МАЛ ЕМЕС, ТАЛ ҚАЛСЫН!

Білім Мәселе
818 Views

Құрметті оқырман, өздеріңізге берген уәде бойынша біздің редакцияның атынан Түркістан қаласындағы Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ – Түрік университетіндегі орын тапқан жағдай туралы қысқаша баяндама жасайтын ойымыз бар.

Бір аңызды негізге алсақ, ертеде Қошқар ата әулие тоғыз жолдың торабында тұрған, аптап ыстықта қалған, аптасына жеті күн уілдеген желден азап шеккен Түркістан қаласының тұрғындарына қара суды жеткіземін деп, інісінің қолына таяқ ұстатып, жерді сызып баруға пәрмен берген еді. Сол сызықтың орнына судың арнасын жүргізбек ол інісіне тек артына қарамай жүргенін талап еткен. Алайда жас бала ойға батып, бір рет жалт қараған болатын. Сол заматта жан тапсырып, судың да арнасы сол орында аяқталады. Байғұсты жерлеген орын Субурған мазары деп аталады. Ол Шымкенттегі Бекжан базарының маңайында алыстан менмұндалап тұр.

Содан бері неше жыл, неше ғасыр өтсе де ежелгі өркениет ортасы — киелі Түркістан қаласының тұрғындары ауыз судың рахатына толығымен бата алмай жүр. Енді облыс орталығы статусын алғалы барша мәселелер қолға алынып, шешімі табылар деген үмітте жүрміз. Иншалла! Солай болғай.

Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1993 жылы Ясауи атындағы аты шыққан университеттің жанынан Ботаника баудың негізі құралған болатын. 2018 жылға дейін талай еңбектің арқасында Республикамыздағы алғашқы да, жалғыз да мамандырылған бау фитоинтродукциалық ғылыми – зерттеу орталыққа айналып, оның даму барысындағы жұмыстарға белсене араласқан студенттердің және магистранттардың арасынан бір доктор және оннан астам магистрлер шықты. Бұл орталық жалғыз болып өндірісті қолға алған. Мұндағы өндірілген жүздеген түрлі көшеттер аптап ыстыққа шыдас беретін ассортиментке жатады. Ал бүгінде сол тілләмен бағаланатын баудағы нәзік көшеттердің арасында қауындар және қарбыздар домалап жатыр…

Қайраң елім ай…

О баста осы баудың негізін қалаушысы болып, биология ғылымының докторы Құлахмет Байжігітов азамат танылған еді. Арғы бабасының мұратына берік, артындағы ұрпағының алдында жауапкершілігі мол пенде мырзалығын танытып, осындай өзінше ерекше климаттағы өңірге пайдасы бар өсімдіктерді ойлап тауып, оларды мәпелеп өсіріп, енді адам еткенінде атақты университеттің басшылығының солақайлығынан шырылдап қалған бөбектерінен алыстап қалды. Ежелгі алып керуен сарайға шеттен жеткен зиярат жасайтын жұртты саясына алатын өсімдіктер көктей солып қалатын болды ау!

Ғалым Байжігітов мырза бұл жағдайға жай қарамастан, бірқатар әрекет жасап та көрген. Министр Аймағанбетовке де шағымданып көрді. Алайда жауаптарындағы келтірілген мәліметтер істің оңалуына еш ықпал етпей тұр.

Сонда бақша өнімдеріне қазақтың кең даласында осы баудан басқа орын табылмай қалған ба? Жоқ әлде атасының таяғын алып шығатын баланың жоқ болғаны ма?! Абдрасилов мырза, ұйқысынан қалған, терін төккен мамандардың орнын кімдер басып қалды? Жаңа кеңестің 12 мүшесінің жетеуі шеттен шақырылған екен. Олардың бар ақылы қауын егумен ғана шектеледі ме? Қауын піскен Қазаннан кейін Қара күз келетін әдеті бар емес пе? Сол кездегі жауыннан соң Арыстан қарабасты қарлы бұлттарды да айдап алдына салады. Шаруаның кетпенге сүйеніп, тепкілеген жерін қара суықтан қорғайтын жасыл желек орынды болмас пе еді? Шымшық сойса да, қасап сойсын деген бабам. Қауын, қарбызды шаруаға бер. Ал ғалымға берілген міндет – ғалымнан қалған көшеттерді жеткізу. Оларды баптап өсіру. Оларды кең даламызға егіп, айналамызды көркемдету. Планетамыздың өкпесі – орман мен бау екенін оқушы бала да біледі. Тек мектеп қабырғасында жүрген бала ғалымның жетістігін игере алмайды. Өкімет сол жасыл желектің болашағына талай қаражат бөлетіні өтірік емес. Ал елден салық есебіне алынатын сол ақшаны игеріп, көзін табатын біз сенген мамандардың тірлігі көзге көрінеді ме?

Е-е, қайраң елім-ай…

Баяғы Қошқар атаның арманы – Түркістанға су жетсе, арықтардың жағасында талдар бой көтерсе, сол талдардың көлеңкесінде шаршаған жұрт дәрет алып, сусынын қандырса деген ой еді… Қауынның қай бір көлеңкесі бар еді…

Бүгінде Абдрасилов депутат боламын деген үмітте жүр екен. Өзі басшы болып тұрған білім ордасында ұлағатты ұстаздардың наразылықтарын арқалап, ол арманға жете ме, әлде жетпей ме, ол уақыттың еншісінде.

(Жалғасы бар).

Али АКПАР.

P.S. Құрметті оқырман. Бұл материал аспаннан салбырап түскен жоқ. Осыойымызды туғызған негіздер бар. Барша құжаттардың көшірмелері редакцияда. ОндаРектор мырза мен Доктор мырзаның фамилияларынан бөлек барлық фигуранттардың аты– жөні, және лауазымы көрсетілген. Сіздерді диалогқа шақыра отырып, газеттіңкелесі санында пікірлеріңізге қоса толықтырылған статья шығаруға міндеттеме аламыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *