(Алғыс, Алпыс, Амантай)
Белгілі ғалым Амантай Шәріптің бір нәрсенің ізіне түссе түп-тұқияннан өзіне дейін зерттейтін әдетін әріптестері жақсы біледі. Ол бірде қашанғы дағдысымен бар шаруасын ысырып қойып, Ұлы Отан соғысында қаза болған немесе хабарсыз кеткен боздақтардың дерегін іздеумен айналысты. Оған себеп болған жайт Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Ресей Қарулы Күштері архивтерінің материалдарын жарыққа шығарған www.obd-memorial.ru сайтының ашылуы еді. Соны естігендер баяғыда хабар-ошарсыз кеткен аталарының қай майданда соғысқанын еске түсіріп, жаппай жұмылып, интернетке үңілді.
Алайда ниетің дұрыс болғанымен атаңның ардақты есімі сайттан сопаң етіп бірден шыға келмейтін көрінеді. Қажетті мәліметке жеткенше көп күш жұмсау керек екен. Өйткені майданға аттанғандардың біразының аты-жөні кезінде түрлі себеппен өрескел бұрмаланып жазылған. Қате дегенің газет-журналдың көркі саналатын қазіргі кезеңнің өзінде мұндай жөнсіздік жиі ұшырасып жатқанда өкініші көп өткен заманға не жорық?! Ә дегеннен өрекпіген көңілі басылып, атасының дерегіне дөп түсе алмай, адасып қалған ағайынға көмек қолын созатын майталман маманның қажеттігі бірден-ақ сезілді.
Ол маман көп ұзамай табыла кетті. Компьютердің құлағында ойнайтын Амантай Шәріп бұл іске білек сыбана кірісті. Өзінің ғылыми пайымы мен берік логикасына сүйеніп, ата іздеудің мың-сан тәсілін қолданды. Сөйтіп, бәріміз шетімізден аталы болып, жырғап қалдық. Ол сенің атаңды тауып қана қоймайды, Ұлы Отан соғысы шежіресінің әр сәтінен сыр шертетін бірнеше басқа сайттарға кіріп, жақыныңның қай майданда қалай соғысқанын, зираты қай өлкеде жатқанын, ол зираттың іргесі қашан қаланғанын, боздақтың қазасы неден болғанын, жаудың оғы қай жерінен тигенін, ол үшін қаруластары қалай кек қайтарғанын, сол күні сенің атаңнан басқа кімдердің шейіт болғанын, жалпы осы шайқастың ақыры немен біткенін, қысқасы, бәрін-бәрін әп-сәтте анықтап береді.
Амантайдың фактілерді іздеу тәсілі сұмдық енді… Негізгі мәліметтерді айқындап, қолыңа ұстатып берген соң жанама деректердің өзін де жаныңа таудай етіп үйіп тастайды. Құдды бір филология ғылымының емес, ататану ғылымының докторы дерсің. Мәселеге бар болмысымен, бүкіл әлеуетімен, ынта-жігерімен кіріседі. Оның міндеті тек сенің өз атаңды анықтап берумен ғана шектелмейді. Одан кейін нағашы жағыңдағы аталарыңды, сосын қайын жұртыңдағы хабарсыз кеткен боздақтардың бәрін іздейді. Бұл тұрғыда «Атадан атаның айырмашылығы жоқ» деген аталы сөзді ұстанады. Оларды да жалықпай тауып алып, анықталған аталар галереясының жиынтық құжатын алдыңа көлденең тартады. Соған біз жүдә риза болып, бірде мынадай өлең шығардық.
Атаң сенің өлді ме,
Қара қағаз келді ме?
Күпі киіп үстіне
Тұтқынға әлде түсті ме?
Жау жағына өтті ме,
Жоқ боп әлде кетті ме?
Тар қапасқа қамалып,
Түсті ме әлде тепкіге?
Жүріп алмай бет алды,
Іздесеңші атаңды.
Анықтайды Амантай
Берсең болды батаңды…
«Табамыз ғой біз!», – дейді,
«Деректерін тіз!», – дейді.
Өз атасы секілді
Өліп-талып іздейді.
Компьютерге төнеді,
Саған көңіл бөледі.
Сен білмейтін деректі
Суырып ап береді.
Атаң неден өлгенін,
Ажал неден келгенін,
Қай мылтықтан оқ тиіп,
Кімдер оны көмгенін,
Қанша танк төнгенін,
Қанша ғұмыр сөнгенін;
Сол таң қалай атқанын,
Сол күн қалай батқанын,
Атқан оқтан шейіт болып,
Атаң қайтіп жатқанын;
Анықтайды Амантай,
Тіпті сенің атаңды
Қай немістің атқанын,
Ол немістің өзі де
Қай қарғысқа ұшырап,
Қай моланы тапқанын!
Ата тапқыш Амантайдың арқасында достарымыздың үш жұртын құрайтын, қанша жылдан бері дерегі белгісіз болып келген боздақтардың жерленген орны анықталды. Мәселен, белгілі Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының немере атасы Айнабектің зираты Орел облысының Свердлов ауданынан табылды. Іле-шала ұрпақтары сол өңірге жол тартты. Біздің әулетіміздегі екі-үш атамыздың дерегін де Амантай нақтылап берді. Басқа да аталардың мәліметтері үздіксіз жарыққа шығып жатты. Жеңістің 65 жылдығында бастаған ата іздеу дәстүрін Амантай кейінгі 70 жылдыққа дейін де тоқтатқан жоқ. Жақында ол журналист-ғалым Мұратбек Тоқтағазиннің тағы бір атасының дерегін сонау Беларусь елінің Витебск облысынан тауып берді. Сол елмен үнемі тығыз байланыс орнатып, онсыз да Минскіден шыр айналып шықпай, ілім-білімнің үлгісі мен үрдісін барлап жүрген Мұратбек Тоқтағазин енді осы өңірден ғылымға қоса атасын да іздемек.
Қай нәрсе болсын, ғылыми тұрғыдан ден қойып, тың дерек, елең еткізерлік жаңалық табуға ұмтылатын Амантай Шәріптің өзіндік жемісін берген бұл ісі де тағылымды деуге лайық.
* * *
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Амантай Шәріп алпысқа толды. Жақсы жетті. Табыспен жетті. Қазынасы молайып жетті. Майдан тарихының қалтарыс-бұлтарысынан өзі тауып берген талай арыстан жалды аталардың бүгінгі ұлағатты ұрпақтарының алғысы дарып, тілегі қабыл болған шығар…
Бауыржан ОМАРҰЛЫ.